Accessibility links

Астанада Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Астаналық белсенділер 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарына құран бағыштап отыр. Астана, 16 желтоқсан 2018 жыл.
Астаналық белсенділер 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарына құран бағыштап отыр. Астана, 16 желтоқсан 2018 жыл.

Желтоқсанның 16-сы, Тәуелсіздік мейрамы күні Астанадағы ең биік Қазақстан туы орнатылған алаңға келген бір топ белсенді 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарын еске алды.

Қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенділер тудың түбіне гүл қойып, құрбандардың рухына құран бағыштады.

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының жетекшісі, саясаткер Зәуреш Батталова 1986 жылы Алматыда және 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандар туралы: "Олардың көбі саясаттың не екенін де түсінбей қалды. Олар әділдік, Отан деген ұғымдарды ту еткен жастар болатын" деді.

Еске алу шарасына қатысқан астаналық Еділ Мәкен Тәуелсіздік мейрамы күнін бір жағы қуаныш, екінші жағынан қаза тапқандарды еске алатын азалы күн ретінде қабылдайтынын айтты.

Шара өткен маңда полиция, прокуратура өкілдері жүрді. Қарапайым киімдегі бірнеше адам еске алу рәсімін сырттан бақылап, телефон камерасына түсіріп алды.


Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG