Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ Ресейді тежеу үшін қуаты аз ядролық қару жасамақ

АҚШ әскери-теңіз күштерінің "Огайо" сүңгуір қайығы.
АҚШ әскери-теңіз күштерінің "Огайо" сүңгуір қайығы.

АҚШ әскери-теңіз күштері атомдық сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандарға орналастырылатын қуаты аз оқтұмсықтар дайындауға кіріскен. Бұл туралы Америка әскери-теңіз күштері институтының қызметі хабарлаған.

W76-2 деп аталатын жаңа оқтұмсықтың қуаты тротил эквивалентімен 6 килотоннаны құрайтын болады. Бұл кезінде Жапония қалаларына тасталған атом бомбаларының қуатынан үш есе аз. Жаңа оқтұмсықты қазіргі кезде "Огайо" тәрізді атомдық сүңгуір қайықтарындағы қуаты 100 килотоннаны құрайтын W76 термоядролық оқтұмсығы негізінде жасамақшы. W76 сияқты оның жаңа нұсқасы да Trident-2 зымырандарына орнатылатын болады.

Пентагон қанатты зымырандар үшін де осындай қуаты аз ядролық зарядтар әзірлеп жатыр. Сүңгуір қайықтар мен теңіз бетінде жүзетін әскери кемелерді осылармен қаруландыру жоспарланған.


Өткен айда АҚШ әскери-теңіз күштерінің вице-адмиралы Джонни Вульф қуаты аз ядролық оқтұмсықтар Ресейдің тактикалық ядролық әлуетін тежеп ұстау үшін тиімді құрал болады деп мәлімдеген. Бұған қоса Вульф Пентагонның платформалардың барлық түрін жарақтандыру үшін аса ұшқыр қару-жарақ жасауға жұмыс істеп жатқанын айтқан. Осындай қару түрінің үлгі нұсқасы Гавай араларында сынақтан өткізілген. Болашақта аса ұшқыр зымыран әскери бағдарлама аясында "Огайо" сынды атомдық сүңгуір қайықтарына да орнатылмақ.

Қазіргі уақытта АҚШ қарулы күштерінде тактикалық ядролық зымыран жоқ. Осыған байланысты америкалық әскерилер егер Мәскеу жергілікті сипаттағы жанжал кезінде қуаты аз ядролық қару қолданатын болса, АҚШтың оған жауап бере алмай қалатынын немесе Ресейге стратегиялық ядролық зымырандармен көлемді соққы беруге тура келетіні туралы айтқан. Ал стратегиялық ядролық қаруды қолдану жергілікті сипаттағы жанжалдың ғаламдық көлемге ұласып кетуіне апарып соғады. Ресми мәлімет бойынша, қазір АҚШ пен Ресей армияларында жиыны үш мыңға жуық ядролық оқтұмсық бар.

Былтыр желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Американың жаңа қауіпсіздік стратегиясын ұсынған. Онда Ресей мен Қытай АҚШ-қа қатер төндіретін негізгі елдер ретінде аталған.

Басқа да жаңалықтар

Зейнетақы қорынан тіс емдеуге ақша алу уақытша тоқтатылмақ

Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап зейнетақы қорынан тіс емдетуге ақша алуға өтініштер қабылдау уақытша тоқтатылады. Бұл туралы "Отбасы банкі" хабарлады.

"2025 жылдың 15 қыркүйекгінен бастап enpf-otbasy.kz платформасында зейнетақы қорындағы белгіленген межеден асқан ақшаны тіс емдеуге пайдалану бойынша өтініш қабылдау тоқтатылады. 15 қыркүйекке дейін қабылданған өтініштер бұрынғыша қарала береді. Қайта өтініш қабылдану басталатын уақыт қосымша хабарланады" деді "Отбасы банкі".

Банк бұл шешімнің себебін түсіндірмеген.

Бұған дейін қаржы мониторингі агенттігінің басшысы Жанат Еліманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, халық зейнетақы қорынан "тіс емдеймін" деп 200 миллиард теңгені негізсіз алғанын айтқан. Еліманов адамдар жекеменшік клиникалар арқылы "өтірік схемамен" зейнетақы қорынан ақша алған дейді.

Бірнеше жыл бұрын үкімет азаматтарға зейнетақы қорында жиналған ақшасы белгілі бір сомадан асса үй алуға, тіс емдеуге алуға рұқсат берген еді.

Халықты қорғау тетіктерін күшейту: Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыреті кеңейді

Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері даладағы өрт аймағында жүр (ТЖМ жариялаған фото)
Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері даладағы өрт аймағында жүр (ТЖМ жариялаған фото)

Қазақстан үкіметі Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өкілеттігін кеңейтті. 11 қыркүйекте ТЖМ сайтында шыққан ақпаратта министрлік енді аумақ қорғанысы мен эвакуацияны ұйымдастыруға, халықты қатер жайлы құлақтандыруға, арнаулы құралымдар құруға және әскери-техникалық саясатқа қатысуға құқылы деп жазылған.

Оған қоса ТЖМ қару-жарақ пен әскери техника айналымына бақылау жүргізіп, жаңа үлгілеріне техникалық талаптар әзірлейді. Әскери-патриоттық тәрбие, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстар да министрлік құзыретіне енгізілді.

Атап айтқанда, министрлік енді:

  • аумақтық қорғанысты жоспарлауға қатысады;
  • жұмылдыру тапсырмасы негізінде арнайы құралымдар құрып, оларды материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді;
  • халықты төнген қатер жайлы алдын ала хабардар ету және құлақтандыру жұмыстарын жүргізеді;
  • эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастырады;
  • азаматтық қорғау органдарының дайындық деңгейін арттырады;
  • әскери-патриоттық тәрбие жүйесін дамытуға атсалысады;
  • қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарға қатысады;
  • әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
  • қару-жарақ пен әскери техниканың айналымына бақылау жасайды;
  • жаңа үлгідегі қару-жарақ пен техникаға тактикалық-техникалық талаптарды айқындайды;
  • мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери тауарлардың сапасы мен сәйкестігін қамтамасыз етеді;
  • әскери ұлттық стандарттарды әзірлеуге және жаңартуға қатысады;
  • жабық әскери қалашықтар мен нысандардың тізбесін бекітеді;
  • азаматтық қорғау органдарының тұрғын үй комиссиялары жұмысының қағидаларын қабылдайды.


Үкімет қаулысына енгізілген толықтырулар ТЖМ-нің жауапкершілік аясын кеңейтіп, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы рөлін күшейтуді көздейді.

"Қазақстан халқына" қорының білім грантына ие болған 449 талапкердің аты-жөні жарияланды

Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті ғимараты алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Азаттық архивіндегі фото.
Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті ғимараты алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда әлеуметтік осал топқа жататын 449 талапкер "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры бөлген білім грантына ие болды. 11 қыркүйек күні қор сайтында грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

2025 жылғы 24 шілде күні қордың қамқоршылық кеңесі қабылдаған шешімге сай бекітілген грант саны 72 жоғары және орта білімнен кейінгі оқу ұйымдары арасында бөлінді деп жазылған сайттағы ақпаратта. Қор қарауына 70 оқу орнынан конкурс комиссиялары хаттамалары мен талапкерлер құжаттары ұсынылған, ал 2 оқу орнында Бағдарлама санаттарына сәйкес келетін талапкер болмауына байланысты грант бөлінбеген.

449 білім гранты мынадай санаттар бойынша берілген:

  • 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының балалары – 1 талапкер;
  • жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 135 талапкер;
  • мүгедектігі бар адамдар – 86 талапкер;
  • әлеуметтік аз қамтылған ауылды жерлердегі, шағын және моноқалалардағы отбасылардан шыққандар – 65 талапкер;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан тұлғалар – 162 талапкер.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең көп адам шығынына (ресми дерек бойынша, 238 адам мерт болған, оның алтауы қамауда азаптаудан көз жұмған) әкелген 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруға пәрмен берген.

Қордың дерегінше, кейінгі үш жылда 93 жоғары және орта білімнен кейінгі оқу орнынан 3859 адамға грант берілген. Ал биылғы грант иелерін қоса есептегенде, жиынтығы 4308 талапкер жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болған.

Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисон әлемдегі ең бай адам атанды

Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон
Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон

АҚШ-тағы Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон әлемдегі ең бай адам деген атаққа ие болды. Ол осы уақытқа дейін әлемдегі ең бай адамдар тізімін бір жылға дерлік бастап келген Илон Маскты басып озды, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

81 жастағы Эллисонның байлығы 10 қыркүйек күні Нью-Йорк уақытымен таңғы 10:10-да жарияланған Oracle Corp. компаниясының тоқсандық есебінен кейін бір күннің ішінде 101 миллиард долларға өскен. Есеп сарапшылардың болжамынан асып түсті және корпорацияның ары қарайғы өсімін көрсетті.

Осылайша Эллисонның жиынтық капиталы 393 миллиард долларға жетті. Бұл – Bloomberg миллиардерлер индексі тарихында бір күнде тіркелген ең үлкен өсім.

Эллисон Oracle акцияларының 41 пайызына иелік етеді және компанияның директорлар кеңесінің төрағасы әрі техникалық директоры қызметін атқарады.

Ал Илон Масктің байлығы қазір "небары" 385 миллиард доллар.

2025 жылы Украинада бейбіт тұрғындар арасында шығын күрт көбейген

БҰҰ-ның Украинадағы Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер саны 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайыз өскен. Қаза тапқандар саны – 17 пайыз, жараланғандар – 46 пайыз көбейген. Бұл туралы миссияның 10 қыркүйекте жарияланған есебінде айтылды.

Тамыз айында бейбіт тұрғындар арасында өзге қару түрлеріне қарағанда, қысқа қашықтыққа арналған дрондар шабуылынан өлгендер мен зардап шеккендер көбейген: 58 адам қаза тауып, 272 адам жараланды. Есепте бейбіт адамдар арасында қаза тапқандардың шамамен 72 пайызы майдан шебіне жақын аймақтарда, соның ішінде Донецк және Херсон облыстарында тіркелген деп көрсетілген.

Бұған қоса 2025 жылы Ресей әскері алыс қашыққа арналған қару түрлерін – зымырандар мен дрон-камикадзелерді жиірек қолдана бастаған. Олар алдыңғы шептен алыс орналасқан нысандарды көздеген. Бұл үрдіс тамыздағы үзілістен кейін қыркүйекте қайта жалғасты.

"Тамыздың басында алыс жердегі нысаналарға шабуылдар уақытша тоқтауы қала аудандарына қысқа мерзімге ғана тыныштық әкелді. Ал майданға жақын аймақтарда құрбан болғандар саны сол күйі жоғары болып қалды. Қыркүйек айының басында шабуылдар қайта жалғасып, Ресей Федерациясы зымырандар мен дрондарды рекордты мөлшерде көп қолданды деген хабар түсті", – деді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі мониторинг миссиясының басшысы Даниэль Белль.

БҰҰ мәліметінше, Ресей Украинаға ауқымды күшпен басып кіргелі бері кемінде 14 116 бейбіт тұрғын қаза тапқан, арасында 733 бала бар. Жараланғандардың жалпы саны – 36 481 адам, оның 2 285-і – балалар.

Польша аумағында ресейлік дрондар құлаған 16 орын анықталды

Польша аумағында дрондар құлаған жерді зерттеп жүрген әскери адамдар. 10 қыркүйек, 2025 жыл.
Польша аумағында дрондар құлаған жерді зерттеп жүрген әскери адамдар. 10 қыркүйек, 2025 жыл.

Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) мен Geoconfirmed жобасының еріктілері фото және бейнематериалдарды салыстыра отырып, 10 қыркүйекке қараған түні Польшаның әуе кеңістігін бұзып кірген ресейлік дрондар құлаған тоғыз нақты орынды анықтады. Бұдан бөлек, жергілікті БАҚ жариялаған деректерге сүйеніп, дрон құлаған тағы бірнеше орынды интерактивті картаға түсірді.

Польша премьер-министрі Дональд Тусктың мәліметінше, сәрсенбіге қараған түні 19 ресейлік дрон ел шекарасын бұзған. Олардың кемінде төртеуін әскерилер атып түсірген.

Ресей өз дрондары Польша әуе кеңістігіне кіргенін жоққа шығарды, алайда қорғаныс министрліктері деңгейінде консультация өткізуді ұсынды.

Ресей дрондары Польшаға түсті. НАТО қақтығысқа араласа ма? | Cоғыс жаңалықтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:10 0:00

Павел Дуров Франциядағы жаппай наразылықты қолдады

Полиция наразылыққа шыққандарды күшпен таратып жатыр. Тулуза, Франция, 10 қыркүйек, 2025 жыл.
Полиция наразылыққа шыққандарды күшпен таратып жатыр. Тулуза, Франция, 10 қыркүйек, 2025 жыл.

Сәрсенбі, 10 қыркүйек күні Францияның ондаған қаласында "Бәрін бөге!" деген ұранымен жаппай наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар билік саясатына, әсіресе әлеуметтік шығыстарды қысқартуды көздейтін жаңа бюджет жобасына қарсылық білдірді. Наразылық барысында кейбір көшелер мен жолдар жабылды.

Акциялар елдегі саяси дағдарыс аясында өтіп жатыр. Сейсенбі күні сенімсіздік вотумынан кейін Франсуа Байру үкіметі отставкаға кеткен еді. Қауіпсіздік күштері жол қозғалысын тез арада қалпына келтіруге тырысып, бірқатар жерде демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болды.

Парижде студенттер баррикадаға от қойып, өрт сөндірушілер шақырылған. Франция астанасында 100-ден астам адам ұсталды деген ақпарат тарады. Қақтығыстар Нант, Тулуза және Монпелье қалаларында да болған деген хабар бар. Жалпы ел бойынша наразылыққа 100 мыңға жуық адам қатысқан.

"Бәрін бөге!" қозғалысы әлеуметтік желілерде ұйымдастырылды. Қазір бастамашылар қатарында әсіресолшыл белсенділер басымдық танытып отыр, алайда қозғалыстың негізін әу баста оңшылдар қалаған. Екі тарап та президент Эммануэль Макронның саясатына қарсы. Сарапшылар бұл наразылықтарды Макронның президенттігінің алғашқы жылдарындағы "Сары күртешелер" қозғалысымен салыстырады.

Наразылықты Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров та қолдады. "Telegram-ның Францияда Макронның сәтсіз саясатына қарсы наразылық құралына айналғанын мақтан тұтамын. Сегіз жыл бойы халықпен санаспады, ал енді адамдар бос уәделерден әбден қажып, қарымта жауап беріп отыр", – деп жазды ол.

Дуровтың өзі қазір Францияда мессенджерді заңсыз мақсатта пайдалану мүмкіндігіне қатысты іс бойынша тергеуге тартылған.

АҚШ-та оқ тиіп жараланған белсенді Чарли Кирк ауруханада көз жұмды

Чарли Кирк
Чарли Кирк

АҚШ-тағы Turning Point USA атты консервативті студенттік ұйымның негізін қалаған әрі қоғам қайраткері Чарли Кирк 10 қыркүйекте Юта штатының Орем қаласындағы Юта Вэлли университетінде өткен шара кезінде оқ тиіп, ауыр жараланып, кейінірек ауруханада көз жұмды.

Мойын тұсынан оқ тиген Кирк ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп оның қазасы туралы хабарлады. Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында Киркті "барлық жағынан тамаша адам" деп атап, жұртты дұға етуге шақырды.

Чарли Кирк негізін қалаған ұйым да оның қазасын растады.

Университет өкілінің Reuters агенттігіне айтуынша, оқ көршілес ғимараттан атылған. Алғашқыда полиция оқ атқан адамды ұстады деген хабар тарағанымен, ұсталған басқа бір адам екені кейінірек анықталды.

Федералдық тергеу бюросы директоры Каш Патель Х әлеуметтік желісіне: "Юта Вэлли университетінде Чарли Киркке қатысты қайғылы оқиға жөніндегі хабарларды мұқият бақылап отырмыз. Ойымыз бен дұғамыз Чарли мен оның отбасы, сондай-ақ зардап шеккендермен бірге", – деп жазды. Оның айтуынша, агенттік қызметкерлері дереу оқиға орнына аттанған.

Кирктің жараланғаны туралы алғашқы хабар тарағаннан кейін АҚШ Конгресіндегі қос партияның өкілдері оған қолдау білдірді. Өкілдер палатасындағы демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис: "Саяси зорлық-зомбылық ЕШҚАШАН ақтауға жатпайды. Менің ойым мен дұғам Чарли Кирк пен оның отбасымен бірге", – деп жазды.

Бұл оқиғаны бұрынғы вице-президент, демократиялық партия өкілі Камала Харрис те айыптады.

Алайда консервативті көзқарастағы кейбіреулер демократтарды Киркке қарсы өшпенділікті қоздырды деп сынға алды.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода Кирктің үлкен аудитория алдында сөйлеп тұрған сәтінде қатты дыбыс естіліп, ол қолын тамағына апарғаны, қан шапши бастаған соң Кирк орындықтан құлап түсіп, жиналған жұрт жан-жаққа қашып, дүрбелең басталғаны көрінеді.

31 жастағы Чарли Кирк Дональд Трамптың негізгі жақтастарының бірі ретінде танылған. Ол былтыр қарашадағы президенттік сайлау кезінде жастар арасындағы қолдауды жұмылдыруда маңызды рөл атқарды. Кирктің университеттерде өткізген іс-шаралары әрдайым көп адам жинайтын.

Кирктің X желісіндегі парағына 5,2 миллион қолданушы жазылған. Ол көпке белгілі The Charlie Kirk Show подкастын және радиобағдарламасын жүргізді, сондай-ақ жуырда Fox News арнасындағы Fox & Friends бағдарламасына жүргізуші ретінде қатысқан.

Ол Дональд Трампты қолдайтын ең ықпалды консервативті инфлюенсерлер қатарында болды. Негізгі бұқаралық ақпарат құралдарын жиі сынға алып, нәсіл, гендер және иммиграция тақырыптарында өткір әрі кейде даулы пікір білдіріп жүрді.

Reuters дерегінше, 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылдан бері АҚШ-та 300-ден астам саяси астары бар зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Ал былтыр шілде айында Дональд Трамптың өзі Пенсильвания штатында өткен сайлауалды жиында жеңіл жараланған еді.

Қырғыз парламенті Жалал-Абад қаласының атауын Манас деп өзгерту туралы заңды қабылдады

Жалал-Абад
Жалал-Абад

Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенеш Жалал-Абад қаласының атауын Манас деп өзгертетін заң жобасын үш оқылымда бірден қабылдады. Бұл туралы парламент сайты хабарлады.

Шешімге қатысты түсініктемеде қала атауын өзгертуге "тұрғындардың өтініші себеп болғаны"жазылған.

"Жалал-Абад қаласына халық батыры, қырғыз халқын түрлі зұлматтардан құтқарған ұлы Манастың есімін беру – ұлттық идеологияны нығайту" дейді заң жобасының бастамашылары.

Kaktus.media сайтының жазуынша, депутат Акылбек Тумонбаев "басқа облыстың тұрғындары бұл ұсынысқа не деді?" деп сұрады. Ал мемлекеттік қызмет ісі мен жергілікті басқару агенттігінің директоры Құдайберген Базарбаев "пікірлер екіге жарылды, бірақ қолдағандар көп" деді. Депутат Миргуль Темирбаева қала атауы ресми өзгерген соң Манастың "хан үлгісіндегі" ескерткішін орнату керек деген ұсыныс айтты.

Қырғызстандық интернет сегментінде Жалал-Абадтың атауы өзгерген соң астана болуы мүмкін деген де талқы туындады.

ҰҚК шекарада атыс болды деген ақпаратты терістеді

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірін күзетіп тұрған сақшылар. Көрнекі сурет.
Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірін күзетіп тұрған сақшылар. Көрнекі сурет.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Жамбыл облысында шекарада атыс болды деген ақпаратты терістеді.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды” деп жазылған ҰҚК хабарламасында. Ведомствоның хабарламасын жергілікті ақпарат агенттіктері таратты.

Halyqstan телеграм-арнасының жазуынша, 10 қыркүйекке қараған түні үштер шамасында Жамбыл облысы Мерке ауданы “Мерке” шекара бекетінің қызметкерлері “шекараны заңсыз кесіп өтпек” болған үш ер адамды ұстаған. Олардың арасында “денсаулыққа ауыр зиян келтіру” баптары бойынша күдікке ілінген екі адам бар. Үшіншісі Тәжікстан азаматы болып шыққан. Бұған дейін кейбір дереккөздер атыс болғанын хабарлаған еді.

Informburo-ның жазуынша, тамыз айында шекара қызметі “шекараны бұзған” 39 шетел азаматын ұстағанын хабарлаған.

"Мерке" бекеті – Жамбыл облысы Меркі ауданының таулы өңірінде орналасқан.

"Мәңгі өмір сүруді" талқылаған Путинге "жасартатын құлпынай" таныстырылды

Ресей президенті Владимир Путинге "Сириус" ғылыми-технологиялық университетінде геномы өзгертілген өсімдіктің жаңа түрлері көрсетілді. Бұл жөнінде ТАСС жазды.

Жаңа өсімдік түрлері арасында зең ауруларына қарсы тұра алатын жүзім және құрамында табиғи антиоксидант - кверцетиннің мөлшері кәдімгі түрлеріне қарағанда 12 есе көп құлпынай да бар.

"Нәтижесінде міне мынадай жасартатын құлпынай пайда болды" деді Путинге өнімдерді таныстырған "Сириус" университетінің ғалымдар кеңесінің жетекшісі Роман Иванов.

3 қыркүйекте Пекиндегі әскери парад алдында Путин Қытай басшысы Си Цзиньпинмен өзге мәселелерден бөлек, адамның өмірін ұзартатын биотехнология мүмкіндіктері мен мәңгі өмір сүру ықтималдығы туралы талқылаған.

"Бұрын адамдар 70-ке әрең жететін. Қазір 70-те әлі баласың" дейді Си Цзиньпин. Ал Путин (видеода оның сөзінің қытай тіліндегі аудармасы естіледі) оған "биотехнологияның көмегімен органдарды шексіз алмастыра беруге болады.... адамдар көбірек өмір сүрген сайын жасара береді және тіпті мәңгі өмір сүре алуы да мүмкін" деп жауап береді. Қытай басшысы "тіпті осы ғасырдың өзінде адамдар 150 жасқа дейін өмір сүре алатындай деңгейге жете алады" дейді.

Мемлекет басшылары парадқа кетіп бара жатқанда тілдескен. Алайда олардың әңгімесінен бір үзінді тікелей эфир кезінде қосулы тұрған микрофонға жазылып қалған. CCTV өнімдерін пайдалануға құқығы бар Reuters төртминуттық роликті монтаждап, мыңнан астам халықаралық ақпарат құралына таратқан. Кейін Reuters қытайлық CCTV видеоларды пайдалану құқығын қайтарып алғанын мәлімдеп, видеоны өшірді.

Польша ресейлік дрондарды атып түсірді

Польшаның әуе қорғаныс күштері елдің әуе кеңістігін бұзған ресейлік дрондарды атып түсірді. Бұл жөнінде 10 қыркүйек таңертең Польшаның қарулы күштері жедел басқармасы хабарлады.

Мәлімдемеде Ресей Украина аумағына әуеден соққы жасап жатқан кезде "дронға ұқсас объектілер" елдің әуе кеңістігін бұзғаны жазылған. Поляк әскері оларды жою үшін қару қолданған. Әскери операция жалғасып жатыр және Биала-Подляска, Мазовецке, Люблин аймақтарының тұрғындарына үйде қалуға кеңес берілген.

"Бұл біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін агрессиялық қимыл" деп мәлімдеді Польша қарулы күштері ресми аккаунтында.

Польша билігіне сүйенген BBC-дің жазуынша, кейбір аумақта ресейлік дронның бөлшектері үйдің шатыры мен жеңіл көлікке құлап, бүлдірген.

Reuters агенттігі АҚШ азаматтық авиация басқармасына сүйене отырып, Польшадағы төрт әуежайдың жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Арасында Варшавадағы Шопен атындағы әуежай да бар.

Ресей қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді.

Ресейлік дрондардың Польшаның әуе кеңістігін бұзғаны жөнінде хабар бұрын да шыққан. Бірақ Reuters-тің жазуынша, Польша алғаш рет оларды атып түсірді.

Bloomberg: Еуроодақ Қазақстанға санкция салуды қарастырып жатыр

Еуроодақ Ресейге тыйым салынған бірқатар тауар түрлерін тасымалдағаны үшін Қазақстанға алғаш рет санкция енгізуді қарастырып жатыр. Бұл жөнінде Bloomberg жазды.

Еуроодақ бұған дейін "Ресейге тыйым салынған тауар түрлерін тасымалдауға қатысы бар" бірнеше қазақстандық компанияға салған. Басылымның жазуынша, енді тұтас Қазақстанға салынуы мүмкін. Мәселе белгілі бір жабдық түрлерін импорттауға тыйым салу жөнінде болып отыр. Одақтың сауда орындарының дерегінше, мұндай тауардың көп бөлігі сол күйінше Ресейге тасымалданып, Украинаға қарсы соғыста пайдаланатын қару өндірісінде қолданып жатыр.

Жалпы Еуроодақ 19-санкция пакетінде бірқатар ресейлік банктер мен энергетика компанияларына қарсы санкция енгізуді қарастырып отыр. Бұған қоса, ірі мұнай компанияларына да қатысты шектеу қою жоспарда бар.

"Біз Ресейді бейбітшілік келіссөзге баруға итермелеу үшін қысымды арттыруымыз керек. Қазір АҚШ-пен осыған күш салып жатырмыз. Ресейге көбірек қысым жасау үшін, санкция тиімді әрекет етуі үшін күш біріктіріп жатырмыз" деді Еуропа кеңесінің төрағасы Антонио Коста.

Еуроодақтың санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді. Бұған дейін Қазақстан билігі АҚШ пен Батыс елдерінің санкциясына іліккен елдегі кей компания жұмыс істемейтінін айтқан.

Тоқаев Израильдің Катардағы шабуылын айыптады

Дохада соққы жасалған аумақтан көтерілген түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.
Дохада соққы жасалған аумақтан көтерілген түтін. 9 қыркүйек 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің Катардағы шабуылын айыптады.

“Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді” деп жазылған Ақорданың хабарламасында.

Израиль әскері 9 қыркүйекте ХАМАС ұйымының (АҚШ, ЕО террорлық ұйым деп таныған) жоғарғы басшылары Катар астанасы Дохада болғанда шабуыл жасаған. Бұл – Израильдің Катар аумағындағы алғашқы операциясы.

Израиль мұны Иерусалимдегі терактіге жауап ретінде атаған. АҚШ бұл шабуылға қатысы жоғын мәлімдеді. Бірқатар елдер шабуылды айыптады. Қазақстанмен қатар арасында Түркия, Оман, Алжир, Ливан да бар.

Израиль ақпарат құралдарына сүйенген BBC-дің жазуынша, шабуылдың салдарынан ХАМАС-тың шетелдегі бөлімінің жетекшісі Халед Машааль қаза болған. Израиль оны 1997 жылы Иорданияда өлтірмек болған.

Зеленский: Путин Трампқа Донбасты "3-4 айда басып алатынын" айтқан

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның арнайы уәкілі Стив Уиткоффқа Донбасты "максимум төрт айда" толық басып алатынын айтқан. ABC News арнасына берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленский осылай деп айтты.

"Бұл жауынгерлік дайындығы мықты әскермен нығайтылған бөлік. Ол қамал сияқты...Егер әскерімізді әкетсек, ол тұтас Донбасты алады. Одан әрі қарай - Харьковке қарай 90 шақырым жылжымайды дегенге кім кепілдік береді? Ол әрдайым Харьковты алғысы келген" деді Зеленский.

Бұған дейін Путин 15 тамызда Аляскадағы екіжақты кездесу кезінде Трампқа Украина бойынша "бейбітшілік жоспарын" таныстырғаны жөнінде ақпарат шыққан. Ол жоспарға сәйкес, Украина Ресейге Донбастың басып алынған аумағын беруі керек, Кремль есесіне оған қарсы соғыс бастамайтыны жөнінде жазбаша хат береді.

"Ол президент Трамппен қатты кездескісі келді және Путиннің соған қол жеткізуі – қайғылы" деді ол. "Путин менімен кездескісі келмейді, бірақ АҚШ президентімен кездескісі келеді, ол әлемге өзінің кездесуінен сурет пен видеоларды көрсеткісі келеді" деді ол.

Ақ үйде 18 тамызда Зеленский және Еуропа басшыларымен келіссөзден кейін Дональд Трамп Украина мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуін ұйымдастыратынын айтқан. 3 қыркүйекте Путин Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін білдірген.

"Менің елімді ракетамен атқылап жатқанда Мәскеуге бара алмаймын. Бұл айдан анық болып тұрған нәрсе және ол мұны жақсы біліп отыр" деді Зеленский. Оның сөзінше, Путин мұны "уақытты созу үшін" айтып отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG