ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан БҰҰ-да Қырым мен Донбастағы жағдайды қарауға қарсы болды

БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының күн тәртібіне «Украинаның уақытша оккупацияланған территорияларындағы жағдай» туралы мәселені енгізді. Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің хабарлауынша, мәселені қарауды 68 мемлекет қолдаған. Ал 13 ел – Армения, Беларусь, Бурунди, Венесуэла, Иран, Қазақстан, Куба, Мьянма, Никарагуа, Ресей, Сирия, Судан мен Филиппин қарсы дауыс берген.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Киевтің Батыс елдерімен бірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Донбастағы жағдай бойынша қарарын дайындағаны туралы мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, құжатта сепаратистер бақылауындағы территорияларға бітімгершілік және полиция күштерін енгізу, сонымен бірге жергілікті өзін өзі жариялаған билікті халықаралық әкімшілікпен алмастыру қарастырылған.
Киев Украинаның шығысындағы жекелеген аудандар мен Қырым түбегін уақытша оккупациядағы территориялар деп атайды. Ресей Қырымды 2014 жылы көктемде аннексиялап алған. Сол кезде Донбаста ресейшіл сепаратистер мен украиналық үкімет күштері арасында қарулы жанжал бастаған. Содан бері өткен уақыт ішінде мыңдаған бейбіт тұрғын мен украиналық әскери қызметшілер қаза тапқан. Киев Мәскеуді жарияланбаған соғыс жүргізіп отыр деп айыптайды. Кремль Украинаның шығысындағы қарулы жанжалға өз әскерінің қатысы барын жоққа шығарады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясы қыркүйектің 18-і күні Нью-Йорк қаласында жұмысын бастаған.
Басқа да жаңалықтар
Түркияда Grok чат-боты "Ердоғанды қорлағаны" үшін бұғатталды

Түркия билігі миллиардер Илон Масктың xAI компаниясы әзірлеп, X әлеуметтік желісіне (бұрынғы Twitter) кіріктірген Grok жасанды жады чат-ботын бұғаттады. Билік бұған чат-боттың қолданушылар қойған сұрақтарға берген жауаптарында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қорлайтын сөздер бар деген себеп айтты.
БАҚ мәліметінше, Анкара қаласының бас прокуроры бұл іске қатысты тергеу амалдарын бастауды бұйырған. Бұл – Түркияда жасанды жады көмегіне сүйенген чат-ботқа қатысты алғашқы бұғаттау шарасы болды.
Кейінгі күндері Grok-тың "мінез-құлқы" Түркиямен қатар АҚШ пен X платформасының орыс тіліндегі сегментінде де жұрт назарын бұрып жатыр. Желі қолданушылар чат-боттың антисемиттік көзқарас танытып, нацист диктатор Адольф Гитлерді мақтап-мадақтаған жазбаларына шағым жасағаннан кейін, Grok Х желісінде жарияланған өз жазбаларының бір бөлігін өшіріп тастаған.
Сонымен қатар, X әлеуметтік желісін қолданушылар чат-боттың Украинаға қарсы соғысты жақтайтын адамдармен диалог кезінде оларды қатты сынға алып, украинашыл белсенділер жиі айтатын сөздерді (мысалы, "ватник", "зетник" және т.б.) қолданғанын байқаған. Бұл орайда кейбір пікір иелері Grok өз ұстанымына нақты әрі қисынды дәлел-дәйектер келтіретініне назар аударған. Дегенмен, өзге диалогтарда чат-боттың Украинаны сынға алатыны да айтылған.
Чат-бот өзін "жаратқан" Илон Маскті және АҚШ президенті Дональд Трампты да бұған дейін бірнеше рет сынға алған. Сондайда олардың саяси қарсыластарының дәйек-уәждерін қолданғаны байқалған.
Бұған дейін xAI компаниясы Grok-тың мінез-құлқы саяси тұрғыдан орынсыз саналатын кей пікірлерді айтуына мүмкіндік беретіндей етіп жаңартылғанын хабарлаған. Алайда, өнімді әзірлеушілердің айтуынша, чат-боттың барлық жауабы кез келген жағдайда фактілерге сүйенуге тиіс.
Астанадағы қорғаныс университетінің атауынан Назарбаевтың есімі алынбақ

Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінің атауынан елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі алынып тасталуы мүмкін. Бұл туралы қазақстандық БАҚ "Ашық НҚА" порталында жарияланған тиісті түзетулер жобасына сүйеніп хабарлады.
Егер ұсынылып отырған өзгертулер қабылданса, осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталып келген әскери оқу орны ресми түрде "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті" деп аталатын болады.
Жоба 18 шілдеге дейін қоғам талқылауында болады.
Жұрт бұл түзетулерді елде жүргізіліп жатқан "елбасы мұрасынан арылудың", яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасын дәріптеу мен оның символикалық мұрасын жоюға бағытталған үрдістің жалғасына жатқызады.
2024 жылғы қаңтарда аталған университет аумағындағы 2020 жылы орнатылған Назарбаев ескерткіші алынып тасталған.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірінші президент пен оның төңірегіндегілердің ықпалы күрт әлсіреді. Сол уақыттан бері Назарбаев түрлі атақтары мен мәртебелерінен айырылды, кейде қоғам тарапынан өзге де мәртебелерін алып тастау туралы талаптар естіледі.
2023 жылдың ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Назарбаевтың саяси мұрагері ретінде, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңның күшін жоятын және Назарбаев пен оның отбасы иеленіп келген барлық артықшылықтарды алып тастайтын заңға қол қойған.
Ал 2025 жылдың маусым айында Мәжіліс депутаты мемлекеттік құжаттардан "елбасы" сөзін алып тастауды ұсынды.
Ақша жымқырды деп айыпталған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысының соты басталды

9 шілде күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотында Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Екеуіне мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккен жандарға қайырымдылық көмек ретінде жиналған қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.
9 шілдеде бұл іс бойынша сот басталатыны жайлы алдын ала хабарланған жоқ. Астана қаласы сотының баспасөз қызметі алдын ала сот отырысы басталғанын растады.
"Бүгін алдын ала сот отырысы өтті. Баспасөз қызметі ешкімге – жекелей де, ортақ чат арқылы да – шақыру жолдаған жоқ. Бүгін сотта түрлі өтініштер қарастырылып жатыр. Судья сот отырысы ашық не жабық форматта өтетінін анықтау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Шешім шыққан соң қосымша ақпарат беріледі", – деді баспасөз қызметі ресми хабарламада.
БАҚ айыпталушылар істі жабық режимде қарауды сұраған деп жазды.
Перизат Қайрат былтыр қараша айында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, күдікті Астанадағы төрт элиталық тұрғын үй кешенінен пәтерлер, сондай-ақ Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval маркалы автокөліктер мен қымбат бұйымдар сатып алған. Кейін оған қосымша, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Перизат Қайрат тергеу кезеңінде екі айға қамауға алынып, кейін оның мүлкі бұғатталды.
Айыпталушылар тарапы олардың тағылып отырған айыппен келісетіні не келіспейтіні жайлы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Перизат Қайрат ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуге кірісті. Ұсынылып отырған өзгертулер арасында мыналар бар:
- қайырымдылық қоры аккредиттеуден өтуге міндетті;
- төтенше жағдай кезінде қаражат жинауға рұқсат етілетін ұйымдарды әкімдіктер белгілейді,
- өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу.
"Мәскеуді бомбалаймын деп ескерттім". CNN Трамптың бұрын Путинге айтқаны жайлы аудионы жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамптың 2024 жылы сайлауалды науқан кезінде демеушілерімен өткізген жабық кездесуде айтқан сөзінің аудиосын америкалық CNN телекомпаниясы жариялады. Таспада сөзі жазылған Трамптың айтуынша, ол Ресей президенті Владимир Путинге егер Украинаға басқыншылық жасайтын болсаң, "Мәскеуді бомбалау" жөнінде бұйрық беремін деп ескерткен. Екеуінің әңгімесі Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасамай тұрған кезде болған сияқты.
Ақ үй бұл аудиожазбаға байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін осы аудиожазбаны журналистер Джош Доуси, Тайлер Пейджер және Айзек Арнсдорф та тыңдап, оның мазмұнымен танысқан. Мысалы, былтыр мамыр айында The Washington Post басылымы Трамп Путинге Мәскеуге шабуыл жайлы айтып, сес көрсеткен деп жазған. Трамп жеңіске жеткен 2024 жылғы сайлау туралы кітапта журналистер Трамптың демеушілермен кездесудегі әңгімесінің мазмұнын баяндаған еді. Алайда аудионың өзі алғаш рет жарияланып отыр.
Аудиотаспадағы әңгіме ауанына қарағанда, Трамп алғашқы президенттік мерзімі тұсында (2017-2021 жылдары) болған жағдайларды баяндағанға ұқсайды.
"Мен Путинге: "Егер Украинаға басып кіретін болсаңыздар, Мәскеуді бомбалап жайпап тастаймын. Басқа амалым қалмайды" деп айттым", – деген ол.
Трамптың сөзінше, Путин әлгіндей қатер шынымен бар деп санамайтынын айтып жауап қатқан, бірақ Трамптың ойынша, "шамамен 10 пайыз" сенген. АҚШ президентінің пікірінше, Мәскеуге шабуыл жасалуы мүмкін дегенге 5 пайыз сенімнің өзі Ресейді тежеп ұстауға жеткілікті болар еді.
Осы аудиотаспада Трамп Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинді де егер Тайваньға басып кіретін болса, Пекинге шабуыл жасалады деп ескерткенін айтқан. Трамптың сөзінше, Си де ол ескертуге "10 пайыз" сенген.
Дональд Трамп бұған дейін бірнеше рет: "Егер 2022 жылы мен президент болғанымда, Ресей Украинаға басып кірмес еді", – деп мәлімдеген. Ол 2022 жылғы 24 ақпанда басталған соғысқа сол кезде АҚШ президенті болған Джо Байденді кінәлайды.
Кремль бұл аудиожазбаның жариялануына байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.
АҚШ Украинаға қару-жарақ және өзге де көмек көрсетіп отыр, алайда Украинаға америкалық сарбаздарды жібермейтінін немесе басқадай жолмен әскери қақтығысқа тікелей араласпайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Байден әкімшілігінен айырмашылығы, Трамп әкімшілігі Ресейге қатысты риториканы біраз жұмсартып, бейбіт келісімге келу қажет екенін айтып жүр. Алайда кейінгі күндері Трамп Ресей президентін және оның соғысты тоқтатуға ниет білдірмей отырғанын қатаң сынға ала бастады. Сейсенбі, 8 шілде күні АҚШ президенті Ресей басшысын "бізге небір бос сөзді көп айтты", жылы шырай танытқанымен, бейбітшілікке қол жеткізу үшін дым бітіріп жатқан жоқ" деп сөкті.
Ресей өткен түні Украинаға жүздеген дрон және зымыранмен жаппай шабуыл жасады

Украинаның әуе күштері (УӘК) 9 шілдеге қараған түні соғыс басталғалы бергі уақыттағы ең көп зымыран мен дрон қолданылған жаппай әуе шабуылын тойтарғанын мәлімдеді.
УӘК мәліметінше, Ресей 9 шілдеге қараған түні Украинаны нысанаға алып, жиынтығы 741 әуе шабуыл құралын ұшырған. Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері олардың 718-ін жойғанын хабарлады.
Ресей қолданған құралдардың басым көпшілігі – шабуылдаушы дрондар, сондай-ақ зымырандар, соның ішінде "Кинжал" тектес дыбыстан жылдам ұшатын зымырандар да болған.
Украинаның бірнеше облысы шабуылға ұшыраған. Елдің батысындағы Волынь облысының орталығы Луцк қаласын шамамен 50 дрон нысанаға алған. Осы аймақтағы өндіріс орнында және гараж кооперативінде өрт шыққан, зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Киев, Запорожье, Житомир және басқа бірнеше облыс та шабуыл астында қалған. Киев облысында бір әйел жараланған, Запорожье облысында да бір әйел зардап шегіп, тұрғын үйлер қираған.
Херсон облысында Ресей шабуылдары салдарынан бір адам қаза тауып, 17 адам жараланған. Мұндай деректі Херсон облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Прокудин хабарлады.
Ресей армиясы бұл шабуылдар жөнінде әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Украина президенті Владимир Зеленский шабуылдардың салдары көрсетілген фотосуреттерді жариялап, Ресейге қарсы қысымды күшейтуге, соның ішінде санкциялар салуға тағы да үндеді.
Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас қазақстандық атанды

Алматының "Қайрат" футбол клубының 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчында Словенияның "Олимпия" командасының қақпасына гол соғып, осы турнирде гол соққан ең жас қазақстандық атанды. Оған қоса Сәтбаев осы жарыстың іріктеу кезеңдерінде гол салған тарихтағы ең жас ойыншылар қатарына енді.
Қазақстандық шабуылшы "Олимпия" қақпасына 16 жастан 331 күн асқанда (яғни 16 жас, 10 ай, 26 күн) гол соқты. Осылайша Еуропаның футбол клубтарының басты турнирі – Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас қазақстандық атанып отыр. Бұған дейін бұл рекорд 2014 жылы Тбилисидің "Динамосымен" болған ойында 18 жас 11 ай 16 күн толғанда гол соққан "Ақтөбе" командасының ойыншысы Абат Айымбетовке тиесілі еді.
Осы голының арқасында Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдері тарихындағы ең жас гол авторларының алғашқы үштігіне еніп отыр. Бұл тізімде бірінші тұрған Швеция ойыншысы Никлас Беркрот 16 жас, 6 ай, 4 күн толғанда гол соққан. Екінші орында – поляк футболшысы Влодзимеж Любаньски тұр (16 жас, 8 ай, 16 күн).
8 шілде күні кешке алматылық "Қайрат" клубының ойыншылары Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңі аясында Люблянада жергілікті "Олимпия" командасымен алғашқы матч өткізді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
16 жастағы Дастан Сәтбаев бұл жолы бастапқы құрамда алаңға шығып, бірінші минуттардан бастап ойынға араласты. Бұл оның еурокубок бәсекесіндегі алғашқы ойыны болатын. Матчтың бірінші бөлігі 0:0 есебімен аяқталды. Екінші таймның басында Дастан бәсекелестің қақпасына гол соқты. Алайда көп ұзамай словениялық ойыншылар қарымта бір гол салып, ойын тең аяқталды.
Бұл екі команда енді 15 шілде күні Алматының орталық стадионы алаңына ойынға шығады.
Лондонда "Вагнер" тапсырысымен өрт қойған үш адам айыпты деп танылды

Лондонның Орталық қылмыстық соты 8 шілде күні Ұлыбритания астанасындағы Украинаға көмек жөнелтілетін қойманы өртеу ісі бойынша күдікті үш адамға айыпталушыны кінәлі деп таныды. Бұл шабуыл Ресейдің "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының тапсырысы бойынша жасалған. Reuters пен ВВС-дің Орыс қызметі осылай деп хабарлады.
Сот алқабилері 23 жастағы Джейким Роуз, 20 жастағы Агнис Асмена және 23 жастағы Нии Менсаны тікелей өрт қойғаны үшін кінәлі деп тапты. Тағы екі айыпталушы – Пол Инглиш пен Дмитриюс Паулаускас ақталды. Енді бір күдікті – Эштон Эванс – террорлық әрекет туралы ақпаратты жасырды деген бір айып бойынша кінәлі деп танылып, екінші айып бойынша ақталды. Айыпталғандардың барлығы – Ұлыбритания азаматтары.
Өртті ұйымдастырғандар – 21 жастағы Дилан Эрл мен 23 жастағы Джейком Ривз – бұған дейін кінәсін мойындап, ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының тапсырысы бойынша әрекет жасағанын мәлімдеген.
2024 жылғы 20 наурызда Лондонның шығыс бөлігінде орналасқан, спутник байланысы арқылы интернетке жалғайтын "Старлинк" терминалдарын Украинаға жөнелтумен айналысқан қойма өртенген. Билік өкілдерінің бағалауынша, өрт салдарынан миллион фунт стерлингтің шығыны келген. Бұған қоса, сотта айтылғандай, Лондонда тұрып жатқан және Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы шыққан кәсіпкер Евгений Чичваркинге тиесілі мейрамхана мен шарап дүкеніне өрт қоюды және Чичваркиннің өзін ұрлап әкетуді де жоспарлаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысты тікелей орындаушылар жеке пайдасын көздеген болуы мүмкін, бірақ бұл қылмысты ұйымдастыруда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының мүддесі болған. Бұған дейін Ұлыбритания билігі "Вагнерді" террористік ұйым деп таныған.
BBC-дің жазуынша, топ жетекшісі Дилан Эрл – Ұлыбританияда шпионажға, диверсияға және шетелдік килігуге қарсы жаңадан қабылданған заң аясында сотқа тартылған алғашқы адам. Тергеу деректері бойынша, ол "Вагнер" өкілімен байланысқа шығып, соның нұсқауымен өрт қоюды ұйымдастырған.
Эрл мен Ривзге, сондай-ақ сейсенбі күні үкімі шығарылған тағы төрт адамға байланысты сот шешімі кейінірек жарияланбақ.
Ұлыбритания билігі Ресей мен онымен байланысты құрылымдарды ел ішінде де, шетелде де тыңшылық жасап, диверсия әрекеттерін ұйымдастырды деп бірнеше рет айыптаған. Ұлыбританияның ішкі барлау қызметінің басшысы бұған дейін ресейлік агенттер дүрбелең тудыруды көздейді деп мәлімдеген болатын.
Кремль бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, Лондон кез келген жағымсыз оқиғалар үшін Мәскеуге орынсыз кінә артады деп уәж айтқан.
Трамп Ресейге қосымша санкция енгізуі мүмкін екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 шілде күні Ақ үйде өткен үкімет жиынында Ресей президенті Владимир Путинге көңілі толмайтынын айтып, Ресей Украинадағы соғысты тоқтатуға ниет білдірмей отырғандықтан, оған қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Трамп Путинді "бізге небір бос сөзді көп айтты" деп сөкті. Трамп Кремль басшысы онымен қарым-қатынаста өзін "сыпайы" ұстайтынын, бірақ іс жүзінде одан "ешқандай мағына жоғын" айтты, өйткені, Трамптың сөзінше, адам көп қырылып жатыр.
Ресейдің кейінгі іс-әрекеттеріне байланысты не істемекшісіз деген сұраққа Трамп "азғантай тосынсый" жасауым мүмкін деп жауап қатты. Ол бір топ сенатор әзірлеген Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қарастырып жатқанын да айтты. Алайда, Трамптың сөзінше, ол құжатты қабылдау оның жеке пікіріне байланысты болмақ.
Бұған қоса президент АҚШ-тың Украинаға қару жеткізудегі рөлін тағы да атап өтті. Оның пікірінше, америкалық қарудың арқасында Киев қарсылық танытып, көпшілік ойлағандай 3-4 күнде жеңіліп қалған жоқ. Трамп жуырда Украинаға қорғаныс мақсатындағы жаңа қару-жарақ жеткізуді мақұлдағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, "Путин адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасамай отыр".
"Ол өте көп адам өлтіріп жатыр", – деді АҚШ президенті Ресей басшысы жайлы сөзінде.
Трамп бұл мәлімдемесін Пентагон "біз тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін және адам өлтіруді тоқтату мақсатында жұмыс істеп жатқан кезде, украиндердің өзін өзі қорғау қабілетін қамтамасыз етуі үшін" АҚШ Украинаға қосымша қару жібереді деп хабарлаған шақта айтты.
Axios басылымы сейсенбі күні Дональд Трамп әкімшілігіндегі өз дереккөздеріне сүйеніп, Ақ үй басшысы Украина президенті Владимир Зеленскийге Киевке "Пэтриот" әуе шабуылынан қорғану жүйесіне арналған 10 зымыранды дереу жөнелтуге уәде берген деп жазды. Бұл жөнінде Трамп пен Зеленский өткен аптада телефонмен сөйлескен кезде айтылған. Axios дереккөздерінің хабарлауынша, Трамп Зеленскийге қару жеткізудің басқа жолдарын табуға көмектесуге де уәде еткен. Атап айтқанда, Вашингтон Германияның АҚШ-та шығарылатын "Пэтриот" жүйелерін сатып алып, оларды ары қарай Украинаға бергенін қалайды дейді басылым.
- Шілденің басында Вашингтон кейбір қару түрлерін, соның ішінде "Пэтриот" жүйесіне арналған зымырандарды Украинаға жеткізуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл Киевті алаңдатып қойды.
- 2025 жылдың қаңтарында АҚШ-та билік басына қайта оралғаннан кейін Трамп Украинадағы соғысты тезірек аяқтауға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген. АҚШ әкімшілігі атысты тоқтатуға қол жеткізу мақсатында Ресеймен де, Украинамен де байланыс орнатқан. Алайда соғыс жалғасып жатқандықтан, әуелгі кезде Путинмен жақсы қарым-қатынастамын деген Трамп кейін Ресей басшысын да, Украина президенті Владимир Зеленскийді де сынға алды. Сейсенбі күні айтылған пікірлер – Трамптың Путинге қатысты ең қатқыл мәлімдемелерінің бірі. Содан бірнеше күн бұрын АҚШ пен Ресей президенттері телефонмен сөйлескен, алайда Трамптың айтуынша, соғысты тоқтату мәселесіне келгенде ол "әңгімеден ештеңе өнбеген".
Халықаралық қылмыстық сот "Талибанның" екі басшысын тұтқындау жайлы шешім шығарды

8 шілде күні Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Ауғанстанда 2021 жылдан бері билікте отырған "Талибан" исламшыл қозғалысының екі жетекшісін тұтқындау туралы ордер берді. Оларға елдегі әйелдерді жынысына бола қудалағаны үшін адамзатқа қарсы қылмыстар жасаған деген айып тағылып отыр.
ХҚС "Талибанның" рухани көсемі әрі Ауғанстанды іс жүзінде басқарып отырған Хайбатулла Ахундзада мен тәліптер құрған Жоғарғы соттың төрағасы Абдулхаким Хакканиді қамауға алу жөнінде шешім шығарған. Сот шешімінде бұл екеуі "Талибан" енгізген қатаң ережелерді бұзды деген желеумен ауған әйелдері мен қыздарына және "Талибан" қойған талаптарға сай келмеді деп есептелетін басқа да адамдарға қарсы қылмыстар жасады деуге негіз бар екені айтылған.
Ахундзада мен Хакканиді тұтқындау жөнінде ордер беру жайлы өтінішті ХҚС прокуроры Карим Хан 2025 жылы қаңтарда тапсырған. "Талибан" 2021 жылы Ауғанстанда билікке қайта келгеннен кейін әйелдердің құқықтарын күрт шектеп, өз іс-әрекеттерін шариғат талаптарына сай деп түсіндірген. Адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар, жергілікті тұрғындар, кей жағдайларда тіпті тәліптердің өздері де бұл ережелерді бұзған әйелдер қатаң жазаланатынын – соның ішінде адам өлтіру, азаптау, түрмеге қамау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактілері жайлы хабарлаған.
Ауғанстан формалды түрде Рим статутына қосылған ел болып саналатындықтан, ХҚС құқығы құзіреті оған жүре алады. Алайда ол келісімге Ауғанстанның бұрынғы үкіметі қол қойған, кейін билік "Талибан" қозғалысының қолына өткен. Прокурор Ханның мәлімдемесіне байланысты "Талибан" әзірге пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін ХҚС прокурордың ұсынысы бойынша басқа да мемлекет басшыларына, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путин мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындау жөнінде ордер берген.
Бұл соттың жұмысына әлем елдерінің көпшілігі қатысады, бірақ кей мемлекеттер ХҚС шешімін мойындамайды әрі оның қызметін ашық сынға алады. Ондай елдердің қатарында АҚШ, Ресей, Қытай және Израиль бар.
2025 жылғы 3 шілдеде Ресей "Талибан" қозғалысы жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Бұл шешімнің алдында Ресейде "Талибанға" қатысты бұрын қабылданған тыйымның күшін жойып, оны террористік ұйымдар тізімінен алып тастаған.
Түркия соты екі түркімен блогерін депортациялау жайлы шешім шығарды

Түркияның Самсун қаласындағы алғашқы сот инстанциясы екі түркімен блогерін — Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусовты депортациялау туралы шешім шығарды. Шешім 13 маусымда қабылданғанымен, адвокатты ол жөнінен тек 27 маусымда хабардар еткен. Мұндай ақпаратты адам құқықтарын қорғайтын Түркімен Хельсинки қоры (ТХҚ) таратты.
Қор қызметкерлері құжаттармен танысқаннан кейін, екі сот шешімінің бір-біріне тым ұқсас екенін, кейбір сөйлемдер тіпті сөзбе-сөз көшірілгеніне назар аударған.
Әлішер Сахатов халықаралық қорғау сұраған өтінішін 2023 жылғы 27 сәуірде берген. Кейін оған G-82 шектеу коды (Түрік Республикасы ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған әрекет – ред.) бойынша елге кіруге тұрақты тыйым салынған.
"Талапкердің Түркияда заңды түрде тұруға құқығы жоғы ескеріліп, оны депортациялау шешімі қолданыстағы заңға қайшы келмейді деп танылды. Сонымен қатар, талапкердің Отанына оралған жағдайда қатыгездікке немесе қудалауға тап болу мүмкін екені жайлы айтқан уәждері негізсіз деп танылды", – сот шешімінде осылай жазылған.
Абдулла Орусов халықаралық қорғау сұраған өтінішін 2023 жылғы 3 шілдеде берген. Оған да тура әлгіндей код енгізіліп, Түркияда заңды тұруға құқығы жоқ деген байлам жасаған. Оның ісі бойынша да түрік билігі "талапкер депортацияланған жағдайда өлім жазасына не азаптауға ұшырамайды я басқадай жамандық көрмейді" деген ұйғарым шығарған.
Түркімен блогерлерінің адвокаты Самсун қалалық соттың бұл шешімін Түркияның Конституциялық сотында дауламақ.
Биыл маусымның 25-26-күндері екі белсендінің өздерін депортация орталығында ұстау жайлы билік шығарған шешімнің күшін жоюды сұрап берген өтінішін сот түбегейлі түрде қанағаттандырмай тастады.
Бұған дейін, 3 маусымда, Азаттық Азия Өмер Фарук Гергерлиоғлу есімді түрік саясаткері әрі құқық қорғаушысы баспасөз мәслихатында Әлішер Сахатов пен Абдулла Орусовты депортациялаудың дереу алдын алуға үндеді деп хабарлаған.
"Түрікменстанда демократия жоғын күллі әлем біледі. Ал Түркия болса, оппозициялық түркімендерді Түрікменстанға қайтарады, оларды депортациялық орталыққа қамайды," – деп мәлімдеген Гергерлиоғлу.
Әлішер Сахатов YouTube желісінде Erkin Garaýyş ("Еркін көзқарас") арнасын жүргізіп, Түркиядағы отандастарының мәселелерін көтеріп, Түркіменстан билігін сынға алған. Ол 2018 жылы Түркияға әйелі мен балаларымен бірге қоныс аударған.
Абдулла Орусов әлеуметтік желілерде түркімен шенеуніктерінің билікті асыра пайдалану оқиғаларын әшкерелеп жүрген.
Сахатов пен Орусов биыл 28 сәуірде Түркияның Синоп қаласында ұсталып, Анкарадағы депортация орталығына жеткізілген. Turkmen.news басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, қамаудағы белсенділер Түркиядан баспана сұрағанын жазды. 5 мамырда оларға халықаралық қорғау көрсетуден бас тартылғаны туралы ресми хабарлама табыс етілген.
Түркімен Хельсинки қорының мәліметінше, Түркия билігі оларды "Шетелдіктер мен халықаралық қорғау туралы" заңның 54-бабының d) және i) тармақтарына сүйене отырып Түркіменстанға депортацияламақ.
Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Түркия билігін түркімен блогерлерін депортацияламауға үндеп, Түркіменстанда оларды азаптау және әділетсіз сотқа тарту қаупі барын айтқан.
Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік және Түркімен адам құқықтары бастамасы ұйымдары Түркіменстандағы құқықтар мен бостандықтар жағдайына арналған шолуында да белсенділерді елге қайтару қылмыстық қудалауға ұласуы мүмкін деп ескерткен.
Мәскеуде мигранттарға жүргізілген рейдтер барысында 500-ден астам адам ұсталған

Мәскеу қаласында құқық қорғау органы өкілдері "заңсыз миграцияны анықтап, оның жолын кесу" мақсатында хостелдер мен намазханаларда рейд жүргізген. Шара жөнінде Мәскеу қаласы бойынша Тергеу комитеті хабарлады.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде 500-ден астам адам тексеру үшін полицияға жеткізілген. Ресейге кіру және сол елде болу ережелерін бұзғаны үшін 30-дан астам адам әкімшілік жауапқа тартылып, Ресейден шығарылған. "Настоящее время" сайтының дерегінше, Мәскеуде ұсталғандардың бірі – іздеуде жүрген шетел азаматы екені анықталған.
Тергеу комитеті рейдтер қашан өткенін және қай елдің азаматтары елден шығарылғанын нақтылап айтпады.
2024 жылдың наурыз айында Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін, Ресей тергеу органдары ол қылмысқа күдікті ретінде Тәжікстанның бірнеше азаматын атаған соң, елде шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына қатысты саясат күрт қатайған. Бұған қоса, құқық қорғау органдары ұлтшылдық ұстанымдағы "Орыс қауымдастығы" ұйымының өкілдерімен бірлесіп, базарларда, мешіттерде, моншалар мен дәмханаларда үнемі рейдтер өткізіп тұрады.
Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінді

8 шілде күні Қазақстанның оңтүстігіндегі Жамбыл облысы аумағында жер сілкінісі сезілген.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы сейсенбі күні Астана уақытымен 14 сағат 30 минут 53 секундте тіркелген жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 334 шақырым қашықта болды деп хабарлады.
Орталық мәліметінше:
- Аса, Мойынқұм, Қордай, Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов ауылдарында және Қаратау қаласында – 2 балл;
- Тараз қаласы, Шу кенті, Сарыкемер, Төле би ауылдарында – 3 балл;
- Құланда – 4 балл;
- Меркеде – 5 балл болатын жерасты дүмпуі сезілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі дүние-мүлікке залал келгені немесе адамдар зардап шеккені жайлы ақпарат түспегенін айтты.
Пентагон өкілі АҚШ Украинаға қосымша қару-жарақ жөнелтеді деп мәлімдеді

АҚШ Украинаға қосымша қару-жарақ жібермек. Мұны 7 шілде күні кешке Пентагон өкілі Шон Парнелл мәлімдеді.
"Президент Трамптың нұсқауы бойынша, Қорғаныс министрлігі Украинаға өз-өзін қорғау қабілетін қамтамасыз ету мақсатында қосымша қорғаныс қару-жарағын жөнелтеді. Біз бейбітшілік орнап, адам өлтіру тыйылғанына қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деді Шон Парнелл.
Ол АҚШ әкімшілігі әлем бойынша қару жеткізу мәселесін "Америка бәрінен маңызды" стратегиясына сәйкестігі тұрғысынан бағалауды жалғастырып жатқанын атап айтты. Қандай қару түрлері жөнелтілетінін нақтылаған жоқ.
Дүйсенбі күні Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен кезде АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке қару жіберу ниеті барын мәлімдеген.
"Олардың өздерін қорғауға мүмкіндігі болуы тиіс", – деген Трамп, негізінен қорғануға арналған қару жүйелеріне басымдық берілетінін айтқан.
Бұған қоса ол Ресей президентінен көңілі қалғанын тағы да қайталап: "Мен президент Путинге мүлде разы емеспін", – деген.
Ресейде "Росгвардия" басшысының бұрынғы орынбасары тұтқындалды

7 шілде күні Ресейдің Тергеу комитеті "Росгвардия" басшысының бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-полковник Виктор Стригунов тұтқындалды деп хабарлады. Тергеу комитетінің дерегінше, оған қызмет өкілетін теріс пайдалану және аса ірі көлемде пара алу айыптары тағылып отыр. Стригунов тергеу изоляторына қамалған. Оның нақты қашан ұсталғаны туралы ақпарат берілген жоқ.
Комитет хабарламасына қарағанда, Стригуновтың үстінен қылмыстық іс Кемеров облысындағы оқу орталығы құрылысына бөлінген қаражатты жымқыруға байланысты қозғалған. Құрылысқа қатысты келісімшарт 2014 жылы жасалған, сол кезде жобаны Стригунов қадағалаған. Оқу орталығы сол күйі салынған жоқ, ал мемлекетке келген шығын көлемі – шамамен 2 миллиард рубль деп айтылып отыр. Бұған қоса Стригуновқа 2012-2014 жылдар аралығында коммерциялық ұйымдардың өкілдерінен 66 миллион рубльден астам пара алған деген айып тағылған. Стригунов өзіне тағылған айыпты мойындады ма, жоқ па, ол жайында ақпарат жарияланған жоқ.
Виктор Стригунов бұрын Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің бірқатар бөлімін басқарған. Кейін ішкі әскер "Росгвардияға" айналған соң Стригунов қызметін осы жаңа құрылымда жалғастырған. Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың Новосибирскідегі штабы Виктор Стригунов жайлы бір зерттеу жариялаған. Белсенділер Стригуновтың әйелінің иелігінде қымбат жылжымайтын мүлік барын айтқан.
2023 жылы Виктор Стригунов "Росгвардия" басшысы Виктор Золотовтың бірінші орынбасары қызметінен босатылып, оның кеңесшісі болып тағайындалған. "Росгвардия" Украинаға қарсы басқыншылық соғысқа қатысқанына байланысты Стригунов бірқатар шет мемлекеттердің санкция тізіміне енгізілген.
АҚШ "Хайят Тахрир әш-Шам" тобын террористік ұйымдар тізімінен шығарды

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі сириялық "әл-Нусра майданы" (кейінгі кезде "Хайят Тахрир әш-Шам" деп аталып жүрген) исламшылдар тобын шетелдік террористік ұйымдар тізімінен ресми түрде алып тастады. Бұл жөнінде 7 шілде күні АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады. Тиісті бұйрыққа мемлекеттік хатшы Марко Рубио осыдан екі апта бұрын, 23 маусымда қол қойған, ол сейсенбі, 8 шілде күні жарияланып, күшіне енбек.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім Сирияға қарсы осыған дейін салынған санкцияларды алып тастау жолындағы маңызды қадам деп бағаланып отыр. Бұған дейін президент Трамп аталған санкцияларды алып тастауға пәрмен берген.
"Әл-Нусра майданы" бұрын АҚШ пен өзге де көптеген елдерде террористік деп танылған "әл-Қаида" ұйымымен тығыз байланыста болған. Алайда кейінгі жылдары "әл-Нусра" өз атауын "Хайят Тахрир әш-Шам" деп өзгертіп, "әл-Қаидадан" іргесін аулақ салып, өзін Башар Асад режиміне қарсы тұрған негізгі оппозициялық күш ретінде көрсетіп жүр.
Былтыр желтоқсан айында Сирияда Асад режимін құлатқан кезде дәл осы топтың қарулы жасақтары шешуші рөл атқарды. Ал ұйымның көшбасшысы Ахмед әш-Шараа Сирияның уақытша президенті болып жарияланды. Ол мемлекетте зайырлы басқару жүйесін сақтап қалуға және Батыспен қарым-қатынасты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен бірге, қарулы топтар Сирия армиясының құрамына енеді деп айтылды.
Мұның алдында АҚШ билігі Ахмед әш-Шарааны терроризмге байланысты күдікті ретінде іздеуде жүрген адамдар тізімінен шығару жөнінде шешім қабылдаған еді.
Биыл мамыр айында президент Трамп Эр-Риядта Сирияның жаңа басшысы Ахмед әш-Шараамен кездесті. Сол кездесуден кейін Трамп Асад билігі кезінде Сирияға қарсы салынған санкцияларды алып тастау қажет деген. Еуропа одағы да Сирияға қарсы санкцияларды жою жайлы шешім қабылдап, елді ұзақ уақытқа созылған азамат соғысынан кейін қалпына келтіру ісіне көмектесуге ниет білдірген.
ПІКІРЛЕР