Accessibility links

Қытай Шыңжаңда "үлкен қасіреттің" алдын алғанын мәлімдеді


Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының Үрімжі қаласында мешіттің алдында күзетте тұрған Қытай қауіпсіздік қызметкері (Көрнекі сурет).
Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының Үрімжі қаласында мешіттің алдында күзетте тұрған Қытай қауіпсіздік қызметкері (Көрнекі сурет).

Қытайдың мемлекеттік БАҚ-ы 13 тамыз күні елдің батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында "үлкен қасіреттің" алды алынғанын хабарлады. Қытай осы арқылы БҰҰ комитетінің Қытайдағы миллиондаған этникалық ұйғырдың тағдырына "қатты алаңдаған" мәлімдемесіне бірінші рет реакция танытып отыр.

БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті 10 тамыз күні Қытайдағы бір миллион этникалық ұйғыр "экстремизммен күрес орталықтарында" қамауда, тағы бір миллион адам "саяси қайта оқыту" лагерлерінде күшпен ұсталып отырғанын мәлімдеген. Комитет Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы "жаппай тұтқынға алынғандар лагерін еске түсіретінін" айтады.

БҰҰ комитеті Шыңжаңда ұсталған ұйғырлар мен мұсылман азшылығы өкілдерінің көпшілігіне ешқашан да қылмыс бойынша айып тағылмағанын және сотқа тартылмағанын айтады.

Қытай Шыңжаңда "шабуыл жасауды жоспарлаған исламшыл содырлар мен сепаратистерден" қауіп төніп тұрғанын, олардың Шыңжаңды өз жері санайтын этникалық ұйғырлар мен азшылықты құрайтын қытайлықтар арасындағы шиеленісті ушықтыратынын мәлімдеген.

Global Times газеті 13 тамыз күні қытай және ағылшын тілдерінде жарияланған санында Шыңжаңдағы адам құқықтарының жай-күйін сынауды "аймақтағы жағдайды нашарлатып, тұрақтылықты шайқалтуға әрекеттену" деп атаған.

Басылым Қытай қауіпсіздік күштері Шыңжаңды "екінші Сирия немесе Ливия болудан сақтап қалғанын" айтады.

Түркі тілдес этникалық ұйғырлар Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының байырғы халқы саналады. Олардың көбі Қытай билігінің қысымынан бас сауғалап, Орталық Азия мен Түркияға кетіп қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG