Accessibility links

Прокурор Сайрагүл Сауытбайды сот залынан босатуды сұрады


Сайрагүл Сауытбай сотта отыр. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.
Сайрагүл Сауытбай сотта отыр. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.

Қазақстан шекарасын бұзып өткен Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың сотында прокурор оны Қазақстан аумағынан шығармауды, жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатуды сұрады.

Жаркентте өтіп жатқан сотта прокурор Арзыгүл Имярова Сауытбайдың балалары Қазақстан азаматы екенін, осы елде тұратынын және балаларымен кездесуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ол осыған байланысты әрі Сауытбай қылмысын мойындағандықтан оған Қазақстаннан шығару жазасын қолданбауды сұрады.

Арзыгүл Имярова, Сайрагүл Сауытбай ісіндегі айыптаушы прокурор. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.
Арзыгүл Имярова, Сайрагүл Сауытбай ісіндегі айыптаушы прокурор. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.

"Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1 бөлігімен ("мемлекеттік шекараны заңсыз қасақана кесіп өту" - ред.) кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыру, бірақ оны шартты жазаға ауыстыру және алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын кесуді және сот залынан босатуды сұраймын" деді прокурор.

Прокурордан кейін сөйлеген Сайрагүл Сауытбай мен оның адвокаты Абзал Құспан прокурор сұраған жазамен келісетінін мәлімдеді.

Судья сот үкімі сағат 15:30-да оқылатынын айтып, үзіліс жариялады.

Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Қазақстан заңы бойынша, ол айыпты деп танылса, елден шығарылуы тиіс.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл Сауытбай "заң бұзуға мәжбүр болғанын" айтады

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстағанын хабарлаған.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG