Accessibility links

Қалетаев: Жастар саясатына әлеуметтік мәселе деп қарау керек


Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысы. Шымкент, 13 сәуір 2018 жыл.
Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысы. Шымкент, 13 сәуір 2018 жыл.

Шымкенттегі Көрме орталығында Қазақстан Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ отырысы өтіп жатыр. Жиында дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев жастар арасындағы суицид, олардың денсаулығы мен білім алуы және жұмыссыздық мәселесі туралы айтты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жастар кеңесінің отырысына келген Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевпен көрмені тамашалады.

Дархан Қалетаев кеңесте өзі басқарып отырған министрлік жастар мәселесі бойынша әлеуметтік сараптама жүргізгенін, қорытындысы бойынша "ойланатын біраз мәселе барын" айтты. Оның сөзінше, Қазақстан жастарының денсаулық көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда нашар, 161 мемлекеттің ішінде 115-орында тұр.

- Жастар білімге құндылық ретінде қарамайды. Елдегі білім алуға ұмтылатын жастардың үлес салмағы 12,6 пайыз. Отан үшін қолына қару алуға дайын екенін айтқан жастар - 8 пайыз. Жастар өз күшіне сене алмайды, жұмысқа орналасу үшін қаражат пен "ағалардың көмегі" қажет деп білетін болған. Жастардың 28,8 пайызы суицидке бейжай қарайды. Әрбір алты жастың бірі суицид жасаған адамға түсіністікпен қарайтынын айтады. Бұл - дабыл қағатын факт, - деді Дархан Қалетаев.

Министрдің пікірінше, жастардың алдында тұрған басты мәселе - білім алып, жұмысқа орналасу және отбасын құру. Ол жастар саясаты - негізінен әлеуметтік мәселе екенін және оған әлеуметтік тұрғыдан қарау керегін айтады.

XS
SM
MD
LG