Accessibility links

Прокурор Азаттық тілшісіне ҚДТ жайлы жазбауға кеңес берді


Ақтау қаласы прокуратурасының Азаттықтың Маңғыстаудағы тілшісі Сәния Тойкенге "заң түсіндіру" жайлы қағазы. 7 сәуір 2018 жыл
Ақтау қаласы прокуратурасының Азаттықтың Маңғыстаудағы тілшісі Сәния Тойкенге "заң түсіндіру" жайлы қағазы. 7 сәуір 2018 жыл

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бүгін Азаттықтың осы өңірдегі тілшісі Сәния Тойкенді "заңды түсіндіруге" шақырды.

Журналистке жұма күні кешке табыс етілген шақырту қағазында "№18473000031000 іске куә ретінде жауап беруге" сәуірдің 7-і күні сағат 10.00-ға облыстық ішкі істер департаментіне келуі тиіс екені жазылған болатын.

Азаттықтың Маңғыстау облысындағы тілшісі Сәния Тойкенді қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде полицияға шақырту қағазы. Ақтау, 6 сәуір 2018 жыл
Азаттықтың Маңғыстау облысындағы тілшісі Сәния Тойкенді қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде полицияға шақырту қағазы. Ақтау, 6 сәуір 2018 жыл

Сәния Тойкеннің айтуынша, сенбі күні белгіленген уақытта Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне барған онымен департаменттің экстремизммен күрес бөлімінің басшысы Рашид Қуандықов және Ақтау қаласы прокуратурасының өкілі Дауылбай Шелпеков әңгімелескен. Олар журналистке Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының 2018 жылғы наурыздың 13-і күні судья Р.Мәжитов шығарған Қазақстанда тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы шешіміне байланысты "заңды түсіндіруге" шақырып отырғандарын айтқан.

Тойкен өзіне танысуға берілген "Заңды түсіндіру" туралы қағаздағы "Сіздің әрекетіңізде сот шешімімен экстремистік болып табылатын ұйымның қызметіне қатысу белгілері бар екені байқалады" деген сөзге қандай да бір негіз бар ма деген сұрақ қойған.

- Әңгімеге қатысып отырған полиция лейтенанты Аслан Қойшыбаев маған: "Жоқ, бірақ Telegram мессенджеріндегі "ДВК активист" атты топта бар екеніңіз анықталды деп жауап берді, - дейді Сәния Тойкен.

Билік өкілдері оған тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын насихаттауға, материалдарын таратуға, ол жариялаған түрлі акциялар, шерулер өткізуге шақыруға тыйым салынатыны туралы ескертіп, жалпы аталған ұйым мен Мұхтар Әблязовтың іс-әрекетінен аулақ болуға кеңес берген.

- "ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікпен іс қозғалған адам туралы жазу - журналист ретінде кәсіби қызметім болса ше? Оны да жазбауым керек пе сонда?" деп сұрадым. Прокурор Дауылбай Шелпеков: "Мен сізге жазба деп отырсам, жазамын дейсіз ғой" деп жазғыра сөйледі, - дейді Сәния Тойкен.

Журналист прокуратураның өзіне "заңды түсіндіру" туралы қағазына қол қойғаннан кейін полициядағылар оны босатқан.

Наурыздың 13-і күні Қазақстан Бас прокуратурасы Астананың Есіл аудандық соты шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, әлі еш жерде тіркелмеген оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне тыйым салғаны туралы мәлімдеген. Бас прокуратураның қылмыстық қуғындау қызметінің басшысы Ерлан Абаев елдің бірнеше өңірінде ҚДТ белсенділеріне қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны туралы хабарлаған болатын.

XS
SM
MD
LG