ЖАҢАЛЫҚТАР
Рейхерд пен Колмаков олимпиада финалына шықты

Фристайлдан қазақстандық Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков Пхенчхан олимпиадасының финалына шықты. Спортшылар 9 ақпанда могул бағдарламасы бойынша ерлер арасында сынға түсті. Рейхерд іріктеуде 3-нәтиже, Колмаков 7-нәтиже көрсетті.
Жарыстан кейін Рейхерд бүгін тек іріктеуден өтуді ғана жоспарлағанын, қиын элементтерді орындамағанын, толық күшін көрсетпегінін айтты.
Финал 12 ақпанда өтеді. 9 ақпан Пхенчхан уақыты бойынша таңертең қазақстандық могулшы Юлия Галышева әйелдер арасындағы іріктеуде 7-нәтижемен финалға шыққан.
Пхенчхандағы қысқы ойындар 9-25 ақпан арасында өтеді. Қазақстаннан 46 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті "Пхенчханда Сочидегі нәтижені қайталап, шама келсе жақсартуды көздейді". Қазақстан Сочиде бір қола алған.
Басқа да жаңалықтар
Ресей соты "Южуралзолото" активтерін мемлекет меншігіне алуға рұқсат берді

Ресейдің Челябинск қаласының соты "Южуралзолото" компаниясының негізгі меншік иесі Константин Струковқа тиесілі активтерді тәркілеуді сұраған Бас прокуратураның талабын қанағаттандырды. "Ведомости" басылымы бұл активтер мемлекет меншігіне алынады деп жазды. Сот отырысы жабық режимде өткен.
Сот шешіміне сәйкес, "Южуралзолото компаниялар тобы" акционерлік қоғамының бүкіл акциясы және "ЮГК басқарушы компаниясы" ЖШС-нің 100% үлесі мемлекет пайдасына алынады.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Константин Струков Челябинск облыстық заң шығарушы жиналысының депутаты бола жүріп, мемлекеттік қызметті кәсіпкерлік қызметпен қатар атқарған және содан жеке пайда тапқан.
"Коммерсант" газеті Струков өзіне тыйым салынғанына қарамастан, елден кетіп қалмақшы болған деп жазды. Алайда компания өкілдері ондай ақпаратты жоққа шығарды.
- Биылғы сәуір айындағы ресейлік Forbes басылымының миллиардерлер тізімінде Константин Струков 78-орында тұр. Оның байлығы шамамен екі миллиард доллар деп бағаланған.
- "Новая газета Европа" басылымы мен "Трансперенси Интернешнл – Россия" ұйымының дерегінше, соғыс басталғалы бергі екі жыл ішінде Ресейде 180 жеке меншік компания мемлекет бақылауына өткен. 2023 жылы Ресей билігі мемлекет иелігіне алу жөнінде 27 талап-арыз берген – бұл рекордтық көрсеткіш. Активтерді тәркілегенде көбіне мүлікті заңсыз иеленген және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды бұзған дегенді алға тартқан. 2023-2024 жылдары Ресей билігі жалпы құны бір триллион рубльден асатын активтерді мемлекет иелігіне алуға талпынған немесе көздеген мақсатына жеткен.
Медиа: Украинамен соғыста 118 мың ресейлік пен шетелдік қаза тапты

Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы басталғалы бері майданда 118 139 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан. Олардың қатарында келісімшартқа қол қойған кезде Ресей азаматы болмаған 28 елдің 523 азаматы да бар. Бұл туралы BBC, "Медиазона" және әскери шығындарды ашық дереккөздер арқылы есептеп жүрген еріктілер тобы дайындаған жаңа есепте айтылған.
Қаза тапқан шетелдіктердің ең көбі — Тәжікстан (72 адам) және Өзбекстан (66 адам) азаматтары. Олардың жартысынан көбі Ресейдің түрмелерінен майданға жіберілген. Олар көбіне "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясымен келісімшартқа отырған.
2023 жылдан бастап түрмеде қамауда отырғандарды әскер қатарына тарту ісімен Ресейдің қорғаныс министрлігі айналысып келеді. Адам құқықтарын қорғаушылардың дерегі бойынша, көбіне мигранттарға соғысқа қатысуға келіскені үшін Ресейге кіруге салынған тыйымды алып тастау, елден шығару туралы шешімнің күшін жою немесе жеделдетілген тәртіппен азаматтық алу секілді жеңілдіктер ұсынылады.
Қаза тапқандар арасында Непалдың 70 азаматы, Грузиядан шыққан 60-тан астам адам — негізінен өзін-өзі жариялап алған Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тумалары — және Украина азаматтығына ие 54 адам бар. Бұл украиндар негізінен 2022 жылдың ақпанына дейін Киевтің бақылауындағы аумақтарда тұрған, одан кейін қамауда отырғандар.
Ресей жағында соғысып жатқан Қырым, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының тұрғындары бұл есепке енгізілмеген және олар бөлек санат ретінде қарастырылады.
Қаза тапқандар тізімінде АҚШ азаматы Майкл Глосс та бар. Ол — қазіргі АҚШ Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директорының орынбасарының ұлы. Глосс әскери келісімшартқа 2023 жылдың қыркүйегінде қол қойып, 2024 жылдың сәуірінде көз жұмған.
Бұған қоса, Оңтүстік Корея барлау қызметінің бағалауынша, Ресей жағында соғысқа қатысқан шамамен 600 сарбаз — Солтүстік Корея азаматтары — қаза тапқан болуы мүмкін, алайда олардың жеке басы әзірге анықталған жоқ.
Бұл статистикада Украина тарапы мен Батыс елдерінің барлау мәліметтері пайдаланылмаған. Ресейлік мен шетелдік әскери қызметкерлер арасындағы шынайы шығын көлемі бұдан әлдеқайда көп.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 10 шілде күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескеннен кейін Ресей соғыста 100 мың адамынан айырылған деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Украинаның шығыны одан аз болғанымен, "өте елеулі" мөлшерде.
Мәскеу мен Киев өз шығындары туралы ресми деректі өте сирек хабарлайды.
Трамп алдағы дүйсенбіде Ресей жайлы маңызды мәлімдеме жасайтынын айтты

"Ресей жөнінде маңызды мәлімдеме жасаймын деген ойдамын", – деді АҚШ президенті Дональд Трамп 10 шілде күні NBC телеарнасына телефонмен сұхбат берген кезде.
Бұған қоса ол "Ресейден көңілі қалғанын" айтты.
Сұхбат барысында президент Трамп Ресейдің Украинаны нысанаға алған жаппай шабуылдары жалғасып жатқаны үшін Ресей президенті Владимир Путинді сынға алды.
Трамп Ресейдің энергетика ресурстарын сатып алып отырған мемлекеттерге қарсы санкциялар енгізуді көздейтін заң жобасын Конгрестің мақұлдағанын күтетінін айтты.
"Олар өте ауқымды әрі ауыр заң жобасын қабылдайды, алайда оны іске асыру не іске асырмау құқығы президенттің өзінде қалады", – деп нақтылады АҚШ президенті.
Бұған қоса президент Трамп НАТО елдерімен маңызды келісім жасалғанын хабарлады. Ол келісім аясында альянс елдеріне Украина армиясына жеткізу үшін америкалық қару-жарақты сатып алуға мүмкіндік берілмек.
"Біз НАТО-ға қару жөнелтеміз, ал НАТО бұл қаруды әрі қарай жеткізіп, оның ақысын төлейді", – деді Трамп.
Алматының іргесіндегі тауда хабар-ошарсыз кеткен студент жігіт өлі табылды

11 шілде күні таңертеңгі сағат 7:30 кезінде Алматы маңындағы таудан Нұрислам Ақылбек өлі табылған. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай қызметінің арнайы іздеу тобы, құтқарушылар, полиция, шекара қызметі өкілдері, еріктілер бірнеше күннен бері оны іздеп, тау шатқалдарын түгел шарлап шыққан еді.
Алматы қаласы бойынша ТЖД 18 жастағы студенттің сүйегі теңіз деңгейінен үш мың метр биік жерден, дронның көмегімен табылған деп хабарлады.
Туыстарының айтуынша, жас жігіт 2 шілде күні тауға баратынын айтып, содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Ол жоғалып кеткені туралы хабар полицияға 6 шілде күні түскен.
Марқұмның қазасының мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Зеленский Украинаның АҚШ-тағы елшісін ауыстыру ниетін барын растады

Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның АҚШ-тағы дипломатиялық миссиясының басшысын ауыстыру ниеті барын растап, қазіргі қорғаныс министрі Рустем Умеров елшілікті басқара алады деп мәлімдеді.
Зеленский мұны 10 шілде күні Рим қаласында Украинаға қолдау көрсетуге арналған конференция кезінде журналистермен болған әңгіме барысында айтқан.
Зеленский Украинаның Вашингтондағы елшісі Оксана Маркароваға атқарған қызметі үшін риза екенін, оның болашақтағы мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктерін өзімен талқылағанын айтқан. Маркарованың Украинада жұмысын жалғастырғанын қалайтынын білдірген Зеленскийдің бұл мәселеде "түпкілікті шешім қабылдау – Маркарованың өз еркінде" дегенін "РБК-Украина" агенттігі хабарлады.
Бұған қоса Зеленский, егер АҚШ-тағы Украина елшісі қызметіне қазіргі қорғаныс министрі Рустем Умеров тағайындалатын болса, бұл "Украина үкіметінде елеулі ауыс-түйіске" алып келетінін айтқан. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда елдің бүкіл бюджетін "соғыс" жұтып жатқандықтан Қорғаныс министрлігінің рөлі аса маңызды екенін айтқан. "Сол себепті бұл қызметтегі адам мықты әрі ең маңызды мәселелермен таныс болуы керек. Ол дегеніміз – Украина қарулы күштерін нығайту, ең әуелі қару-жарақ деген сөз. Сол себепті ойымда жүрген идеялардың бірі – Украинаның қорғаныс министрін ұсыну болатын", – деді Зеленский жаңа елші кім болатыны жайлы айтқан кезде.
Бұған дейін, осы аптаның басында Bloomberg агенттігі дереккөзге сүйеніп, Рустем Умеровпен қатар, Украинаның Вашингтондағы елшісі қызметіне ұсынылуы мүмкін адамдар арасында премьер-министр Денис Шмыгаль, вице-премьер Ольга Стефанишина және энергетика министрі Герман Галущенко бар деп хабарлаған. Агенттік дерегінше, Зеленский елші ауыстыру мәселесін АҚШ президентімен талқылаған.
Ресей билігі кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады

Ресейдің ішкі істер министрлігі Лондонда тұрып жатқан ресейлік кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады. Чичваркиннің деректері ІІМ-нің іздеу базасында пайда болғанын "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Чичваркинге нақты қандай айып тағылып отырғаны белгісіз, деп жазды "Медиазона". 2025 жылы наурызда Мәскеу қаласының прокуратурасы Чичваркиннің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін тергеу органдарына материалдар жолдағанын хабарлаған. Бұл іс Чичваркин "шетел агенті" ретінде заңда көрсетілген міндеттерін орындамағаны үшін қозғалмақ.
Евгений Чичваркин – Ресейде "Евросеть" деген атаумен танылған ұялы байланыс салондары желісінің тең құрылтайшысы және бұрынғы меншік иесі болған. Ол 2008 жылдың желтоқсан айынан бері Ұлыбританияда тұрып жатыр және қазір сол елде мейрамхана бизнесімен айналысады.
2022 жылы Ресейдің Әділет министрлігі Чичваркинді "шетел агенті" деп таныды. Министрлік Чичваркин саяси қызметпен айналысады және соған Украинадан қаржы алады деп мәлімдеген.
Биыл наурызда берген бір сұхбатында Чичваркин: "Украинаға қарсы соғыс болмағанда Путиннің режимі құлап қалған болар еді, енді соғысты тоқтату қиынға түседі, себебі Ресей билігі оны ұлттық идеяға айналдырып алды", – деп мәлімдеген.
АҚШ Украинадағы дағдарысты реттеудің "жол картасын" көргісі келеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 10 шілде күні Куала-Лумпурдағы АСЕАН қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумы аясында екіжақты кездесу өткізді.
Ақпарат агенттіктері кездесу 50 минутқа созылған деп хабарлады. Онда Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Иран мен Сирия төңірегіндегі жағдай, АҚШ пен Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын қалпына келтіру мәселелері талқыланған. Ресей жағы сонымен қатар екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін де қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Куала-Лумпурдағы кездесуде Лавров пен Рубио "қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге, Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты қалпына келтіруге, сондай-ақ екі ел халықтарының еркін байланысына жәрдемдесуге өзара ниетті екендерін растады" деп хабарлады.
Кездесу барысында Рубио Ресейдің Украинадағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен шешу мәселесінде икемділік танытпай отырғанына көңілі толмайтынын айтқан, деп жазды Reuters. Рубионың сөзінше, АҚШ бұл қақтығысты тоқтатудың "жол картасын" көргісі келеді. АҚШ НАТО-дағы одақтастарын өздеріндегі Patriot әуе қорғаныс жүйелерінің бір бөлігін Украинаға беруге көндіруге үміт артып отыр, деп мәлімдеген Рубио. Ол Лавровпен әңгімесін "ашық әрі маңызды" деп атады.
Бұған қоса Рубио өзіне Лавров Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде бұған дейін айтылмаған Ресейдің жаңа ұсыныстары жайлы әңгімелегенін хабарлады.
"Бұл жаңа әрі бұрынғыдан өзгеше болады деген ойдамын... Мұны бейбітшілікті қамтамасыз ететін шешім деп айта алмас едім, бірақ бұл – біз президентке жеткізетін тұжырымдама", – деп мәлімдеген Рубио. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы ол ұсыныстардың нақты мазмұны жайлы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Рубио мен Лавровтың келіссөзі Ресей Киевке кезекті рет ауқымды шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағаттан соң өтті. Шабуыл салдарынан кемінде екі адам қаза тапқан. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты жалғастырып отырған Ресейдің іс-әрекетін сөгіп, президент Владимир Путинді қатты сынға алған. Трамп Киевке берілетін әскери көмекті арттыру жоспары барын мәлімдеген.
Рубио мен Лавров мұның алдында биыл ақпанда Сауд Арабиясында кездескен, олар тұрақты түрде телефонмен байланысып тұрады. Малайзиядан кейін Лавров Ресей әскери ынтымақтастығын нығайтып жатқан Солтүстік Кореяға бармақ.
БҰҰ: Украинада маусым айында 232 бейбіт тұрғын қаза тапты

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бақылау миссиясы Украинада маусым айында бейбіт тұрғындар арасында болған адам шығыны мен зардап шеккендер жайлы шолуын жариялады. Бұл деректерге сәйкес, аталған айда Украинада кемінде 232 бейбіт тұрғын қаза тауып, 1343 адам жараланған.
Маусым айында 1575 бейбіт тұрғын қаза тапқан не жараланған, бұл 2022 жылғы сәуірден бері бір айда тіркелген ең көп көрсеткіш. Бір ай ішінде мұншама көп адам шығыны бұған дейін бір жылдай бұрын болған еді.
БҰҰ шолуында биыл маусым айында украин қалаларындағы тұрғын аудандарға зымырандар және дрондармен қашықтан жасалған шабуылдар азаматтық шығындардың негізгі себебі болғаны айтылған – барлық қаза тапқандардың 53% солар. Бұған қоса маусым айында Ресей күштері Украина аумағын нысанаға алып жіберген зымырандар мен ұшқышсыз жарылғыш құрылғылар саны 2024 жылдың маусымымен салыстырғанда он еседен артық көбейгені атап көрсетілген.
- Алдыңғы шепке жақын орналасқан аймақтарда тұратын бейбіт халық арасында, әсіресе Херсон және Донецк облыстарында адам шығыны көп болып отыр, бұл ең алдымен, қысқа қашықтыққа дронмен жасалған шабуылдардың салдары.
- Жараланғандардың басым көпшілігі (98%) Украина бақылауындағы аумақтарда тіркелген. Елдің 16 аймағында бейбіт тұрғындар арасында адам шығыны болған.
- Маусым айында энергетика инфрақұрылымы нысандарына жасалған шабуылдар: Украина бақылауындағы аумақтарда кемінде 13 шабуыл, ал Ресей Федерациясы басып алған аумақтарда 7 шабуыл тіркелген. Херсон облысында маусымның 11-і мен 27-і күндері энергетика нысандарына жасалған шабуылдар салдарынан үлкен аумақта электр қуатын өшіруге және жоспарлы ажырату кестесін енгізуге мәжбүр болған.
Арменияда теракт дайындады деген күдікпен 7 адам ұсталды

Армения полициясы "теракт дайындады" деген күдікпен елдегі ресейшіл оппозициялық партиямен байланысы бар жеті адамды ұстаған. Олардың үйлерінде тінту жүргізілген.
Reuters агенттігінің жазуынша, ұсталған адамдар – "Дашнакцутюн" деген атауымен де белгілі Армян революциялық федерациясы (АРФ) партиясының мүшелері. Бұл партия Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян басқаратын ресейшіл "Армения альянсы" атты парламенттік коалицияға кірген.
Арменияның Тергеу комитеті жеті адамның ұсталғанын, олардың біреуіне "теракт дайындау" бабы бойынша айып тағылғанын хабарлады. Билік орындары ұсталған адамдардың аты-жөнін жарияламады. АРФ мәліметіне сүйенсек, бірқатар депутаттың үйінде тінту жүргізіліп, бір депутат және тағы бір депутаттың ұлы қамауға алынған.
Оппозиция бұл оқиғаны саяси астары бар қудалау деп атап, биліктің әрекетін айыптады.
Арменияда күдіктілерді ұстау елдің премьер-министрі Никол Пашинян Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен уақытқа тұспа-тұс келді. Ол кездесу екі ел арасындағы қақтығысты тоқтатуды мақсат еткен бейбіт келісімнің егжей-тегжейін талқылауға арналды.
2018 жылы Арменияда жаппай наразылықтардан кейін билікке келген Никол Пашинян басқаратын үкімет Батыспен жақындасу бағытын ұстанып, Арменияның көп уақыттан бергі дәстүрлі одақтасы – Ресейден алыстай бастаған.
Кейінгі апталарда Арменияда қазіргі үкіметке қарсы оппозициялық күштер мен билікті сынап жүргендерге қысым күшейген. Оппозиция өкілдерімен қатар қоғамда беделді қайраткерлер де қудалауға түсті, олардың арасында Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт (Вазген Галстанян) та бар. Құқық қорғау органдары "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды" деген күдікпен ұстаған олар өздеріне тағылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
АҚШ-та ФБР мен ЦРУ-дың бұрынғы басшыларына қарсы тергеу басталды

АҚШ-та Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы директоры Джон Бреннан мен Федералдық тергеу бюросының (ФБР) бұрынғы басшысы Джеймс Комиге қатысты тергеу басталды. Олар 2016 жылғы АҚШ президентін сайлауға Ресейдің араласуы туралы іс аясында заң бұзған деген күдікке қалып отыр. АҚШ Әділет министрлігі тергеу басталғанын растады, бірақ егжей-тегжейін жарияламады, деп жазды The Washington Post.
Fox News дереккөздерінің айтуынша, ЦРУ-дың қазіргі директоры Джон Рэтклифф ФБР-ге Бреннан Конгреске жалған куәлік еткен болуы мүмкін екеніне дәлел материалдарды тапсырған. Комиге қатысты да тергеу жүріп жатыр, бірақ оның мазмұны да құпия. Дереккөздердің мәліметінше, ФБР олардың әрекеттерін астыртын сөз байласу болуы ықтимал деген күдікпен қарастырып отыр.
The Washington Post газеті Рэтклифф Бреннанның Ресей президенті Владимир Путин 2016 жылғы сайлауда президенттікке кандидат Дональд Трампқа бәсекелесі Хиллари Клинтоннан озуына көмектесуге тырысты деген тұжырымдарын сынға алған ЦРУ-дың ішкі есебін жариялаған деп жазды.
Бреннан мен Комиге нақты қандай айыптар тағылуы мүмкін екені әзірге белгісіз. The New York Times газеті тергеу нақты айыптауларға ұласа ма, жоқ па, ол жағы да әзірге анық болмай отырғанын жазды.
Комиге жақын дереккөздің айтуынша, Комидің өзі тергеушілермен байланысқа шықпаған. Ал оның адвокаты пікір білдіруден бас тартты. Бреннан да, Коми де журналистердің сауалдарына жауап берген жоқ. ФБР мен ЦРУ да бұл мәселеге келгенде тіс жармай отыр.
Президент Трамп 9 шілде күні журналистерге тергеу туралы тек бұқаралық ақпарат құралдарынан білгенін айтты. Ол Бреннан мен Комиді "өте арам адамдар" деп атап, "олар осы үшін сазайын тартуы мүмкін" деп мәлімдеді.
- Бұған дейін арнайы прокурор Роберт Мюллер Ресей 2016 жылғы сайлауға араласқан, бірақ Трамп штабымен сөз байласу болмаған деген тұжырым жасаған. Ресей айыптаулардың бәрін жоққа шығарған. Ал Трамп бұл тергеуді "мыстан аулау" деп атаған.
- 2018 жылы АҚШ билігі Санкт-Петербургтен шыққан кәсіпкер Евгений Пригожин мен оған тиесілі "тролль фабрикасының" 12 қызметкерін Трампты қолдау мақсатында АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлау науқанына араласты деп айыптаған. 2023 жылы Пригожин ол "тролль фабрикасын" өзі құрғанын растады, алайда оған дейін оның өкілдері Пригожиннің "тролль фабрикасымен" байланысы барын жоққа шығарған еді.
Әзербайжан президенті мен Армения премьер-министрі Әбу-Дабиде кездесті

10 шілде күні Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуі өтті.
Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі "сындарлы өткен кездесуде екі ел арасындағы бейбіт күн тәртібіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды" деп хабарлады. Онда тараптар негізгі назарды мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесіне аударғаны, екі елдің басшылары осы бағытта қол жеткізілген прогресті оң бағалап, тиісті мемлекеттік комиссияларға бұл жұмысты жалғастыруды тапсырғаны айтылған.
Бұған қоса, Зангезур дәлізін ашу және дамыту, екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою және басқа да маңызды мәселелер талқыланған.
Арменияның сыртқы істер министрлігі де шекараны делимитациялау саласында ілгерілеу барын атап өтіп, сенімді нығайту мен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мақсатында келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін растады.
"Тараптар арасындағы екіжақты келіссөздер – қалыпқа келтіру процесіне қатысты барлық мәселелерді талқылаудың ең тиімді форматы, және де осы негізге сүйеніп, нәтижеге жетуді көздеген мұндай диалогты жалғастыру туралы шешім қабылданды", – делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
- Әлиев пен Пашинян бұған дейін 2025 жылы мамырда Тиранада өткен Еуропалық саяси одақ саммитінде кездескен еді. Наурыз айында тараптар бейбіт келісім мәтіні бойынша уағдаластыққа келді, алайда бірқатар пікір қайшылығына, соның ішінде аумақ мәселелері мен Қарабақ жанжалын реттеумен айналысатын ЕҚЫҰ-ның Минск тобының рөліне байланысты келіспеушіліктер болуына байланысты әлі ол келісімге ресми түрде қол қойған жоқ.
- Халықаралық құқық бойынша Қарабақ – Әзербайжанның бөлігі саналады. Бірақ аймақтың басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы өзін-өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасы» билігінің бақылауында болды. 2020 жылы күзде болған 44 күндік соғыста Баку аймақтың бір бөлігін өз бақылауына қайтарып алған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан Қарабақта әскери операция жүргізіп, нәтижесінде халықаралық қауымдастық мойындамаған армян республикасының дәурені аяқталды.
- Шамамен 120 мың адам, негізінен армян ұлтының өкілдері, Әзербайжан билігі қуғын-сүргін жасайды деген қауіппен үй-жайын тастап, үдере көшіп кетті. Баку армян тұрғындарды Қарабақта қалуға және Әзербайжан азаматтығын қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, Әзербайжан билігі Қарабақта қалуды ұйғарған армяндардың барлық құқықтары сақталады деп кепілдік беретінін мәлімдеді.
Зеленский Украинаның қорғаныс саласына инвестиция құюға үндеді

10 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский саясаткерлер мен бизнес өкілдерін Украинаның қорғаныс саласына белсендірек инвестиция салуға үндеді. Ол Римде Украинаны қалпына келтіру мәселесі бойынша екі күндік конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде Ресей тарапынан шабуылдар күшейіп жатқан шақта ресурстар тапшылығына жол беруге болмайды деп мәлімдеді.
"Ең әуелі, ресейлік дрондар мен зымырандарды тоқтату қажет. Ол үшін дрон мен зымыранды жоя алатын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қажет. Жылдам әрі ауқымды инвестициялар керек", – деді Зеленский.
"Барлық серіктестерімізге: қолдауды ұлғайтыңыздар деп үндеу тастаймын. Ресей шабуылдарды күшейтіп жатқан шақта біз қаржыландыру тапшылығына жол бере алмаймыз", – деді Украина президенті.
Италияның премьер-министрі Джорджа Мелонидің бастамасымен ұйымдастырылған конференцияға жүздеген кәсіпкер мен жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысты. Екі күндік жиында Украинаны ұзақ мерзімді қалпына келтіру мәселелеріне қоса, төртінші жылға жалғасып отырған соғыс жағдайындағы елдің қазіргі қажеттіліктері де талқыға түсті.
Конференцияда канцлер Фридрих Мерц Германия АҚШ-тан Patriot әуе қорғаныс кешендерін сатып алып, оларды кейін Украинаға беруге дайын деп мәлімдеді.
Рим конференциясы Ресей Киевке кезекті рет жаппай шабуыл жасағаны жайлы хабарлар тараған кезде өтіп жатыр. Бұл – кейінгі екі күндегі екінші шабуыл. Бұл шабуылдар Ресей президенті Владимир Путиннің бейбітшілікке ұмсынбайтынын, керісінше, жағдайды әдейі ушықтырып отырғанын дәлелдейді, деген Зеленский.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне Джули Стафт ұсынылды

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына кәсіби дипломат Джули Стафтты ұсынып, оның кандидатурасы бекітуге Сенатқа жолдаған. Мұндай ақпарат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
АҚШ-тың кәсіби дипломаты, аға дипломатиялық қызмет мүшесі Джули М. Стафт Огайо штатынан шыққан. Мемлекеттік департаменттің ресми сайтында жарияланған өмірбаянында Стафттың Кейс Вестерн Резерв университеті мен Дьюк университетін тәмамдағаны, орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгергені жазылған.
Джули Стафт 2025 жылдың қаңтар айынан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бюро құрамындағы аға қызметкері болып істеген. Оған дейін Мемлекеттік департаменттің Консулдық істер бюросында қызмет атқарған.
Стафт АҚШ-тың Молдова, Джибути, Ресей, Эфиопия және Польшадағы дипломатиялық миссияларында жұмыс істеген. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде аға директор қызметін атқарып, COVID-19 пандемиясы кезінде америкалық азаматтарды қорғауға бағытталған шараларды үйлестірген.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм зейнетке шығуына байланысты биыл қаңтарда отставкаға кеткеннен бері елші орны тұрған еді.
Тоқаев Трамптың Қазақстан тауарларына баж салығын салу жайлы хатына жауап жолдады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірген, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ондаған еліне, соның ішінде Қазақстанға да хат жолдап, келесі айдан бастап жаңа тариф саясаты күшіне енетінін айтқан. Ол хатта 1 тамыздан бастап АҚШ-қа Қазақстаннан баратын барлық тауарларға 25% көлемінде тариф енгізілетіні айтылған. "Бұл бөлек секторлық тарифтерден тыс. Егер қандай да бір тауарлар басқа ел арқылы жеткізіліп, бұл тарифтен айналып өтуге тырысса, оларға да жоғары тариф салынады", – деп жазған АҚШ президенті.
Хатта Трамп Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті деп жазған. Бұл тізімге Орталық Азиядан жалғыз Қазақстан енген.
Трамптың хатынан соң Қазақстан сауда және интеграция министрлігі елден АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің басым бөлігіне, мәселен, мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты шикізаттарға жаңа тариф салынбайды деп мәлімдеді. Министрлік дерегінше, шешім күшіне енген жағдайда АҚШ-қа экспорттың 4,5-5 пайызына ғана қосымша баж төленеді.
"Қазақстан үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстанның мақсаты – нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды", – деді Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова Азаттыққа.
"Мемлекетке опасыздық жасаған". Ресей соты Қазақстан тумасын 17 жылға бостандығынан айырды

Мәскеудегі 2-Батыс округтік әскери соты Қазақстан тумасы Пётр Горбуновты "мемлекеттік опасыздық жасағаны үшін айыпты" деп, 17 жылға бостандығынан айырды.
Мұны Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) баспасөз қызметінен алған ақпаратқа сүйеніп ТАСС хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы Ресейде террористік ұйым деп танылған құрылым өкілдерімен байланыс орнатқан. Ақпаратта ол қандай ұйым, қашан тыйым салынғаны айтылмаған. ФСБ мәліметінше, "Горбунов орманнан жарылғыш зат жасырылған қойманы тауып, оны үйінде сақтап, кейін Белгород облысында терактілер ұйымдастыру үшін басқа адамдарға бермек болған".
Горбуновтың қашан ұсталғаны да белгісіз. "Росфинмониторинг" қызметі оны "экстремистер мен террористер тізіміне" биыл ақпан айында енгізген.
Бұл іске қатысты өзге ешқандай ақпарат жоқ. Горбунов өзіне тағылған айыпты мойындады ма, жоқ па, ол да белгісіз.
Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын "Первый отдел" жобасының дерегінше, Ресейде 1997 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта "мемлекетке опасыздық" және "тыңшылық" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істер саны күрт өскен.
Мұндай істердің шамамен 80 пайызы 2022 жылдан кейінгі кезеңге қатыстық қозғалған. 1997 жылдан бері мемлекетке опасыздық пен тыңшылық айыптары бойынша 170 адам сотталған. Ал 2022 жылдан бастап айыпталғандар саны 792-ге жетсе, осы кезең ішінде 536 адам сотталған.
ПІКІРЛЕР