Accessibility links

 
Құқық қорғаушылар: «Боқаевты тәртіптік жазаға тарту заңсыз»

Құқық қорғаушылар: «Боқаевты тәртіптік жазаға тарту заңсыз»


Құқық қорғаушылар Бақыт Түменова (сол жақта), Евгений Жовтис және Макс Боқаевтың адвокаты Айман Омарова баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 6 ақпан 2018 жыл.
Құқық қорғаушылар Бақыт Түменова (сол жақта), Евгений Жовтис және Макс Боқаевтың адвокаты Айман Омарова баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 6 ақпан 2018 жыл.

6 ақпан күні Алматы қаласындағы адам құқығы бойынша бюро кеңсесінде белсенді Макс Боқаевтың денсаулығына және оның тәртіптік жазаға тартылуына байланысты баспасөз жиыны өтті.

Санаулы ақпарат құралдары қатысқан жиында сөйлеген құқық қорғаушылар Макс Боқаевты «денсаулығының жарамсыздығына қарамастан далада жаттығу жасауға мәжбүрлеу де заңсыз» деп санайды. Макс Боқаевтың адвокаты Айман Омарованың айтуынша, суық далада жаттығу жасаудан бас тартқаны үшін Макс Боқаев бес рет тәртіптік жазаға тартылып, алты ай қатаң режимде ұстау жазасына кесілген. Бұл жаза бойынша Боқаев туыстарына телефон соғу, жеделхат жіберу, өздігінен адвокат шақыру мүмкіндігінен айырылған. Айман Омарованың сөзінше, Макс Боқаев денсаулығына байланысты далаға шықпай жаттығуды сұраған.

Адам құқығы бойынша халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің сөзінше, «Қазақстандағы түрме жүйесі әскери режимге ұқсас. Қылмыстық жазаға тартылған тұтқындарды денсаулығы жарамды жастардан құралған әскермен салыстыруға болмайды».

«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова «Макс Боқаевтың денсаулығына байланысты медициналық құжаттармен танысып шыққанын, бірнеше дерті бар Макс Боқаевты емдеу қажеттігін» айтты.

Құқық қорғаушылар Макс Боқаевты тұрғылықты жері Атырау өңіріндегі абақтыдан Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлға ауыстырып, түрлі қысым көрсетуінің саяси астары бар деп санайды және «тәртіптік жазаға тарту арқылы кейін шартты жазамен мерзімінен бұрын босау мүмкіндігінен айыруды көздеуі мүмкін» деп есептейді.

Таяуда Астанадағы Алматы аудандық соты Макс Боқаевтың анасы Рахила Қожасова мен туысы Жанаргүл Боқаеваның Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Боқаевты жазасын өтеуге Солтүстік Қазақстан облысындағы 164\3 мекемесіне жіберу туралы бұйрығының заңдылығын анықтауды талап еткен. Алайда сот олардың талап арызын қанағаттандырмаған.

Судья Дәурен Байменов шығарған шешімде «Боқаев жазасын өтегеннен бері бірнеше рет құқық бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Оған «үшінші дәрежедегі теріс тәртіп көрсетті» деген баға берілген» деп көрсетілген.

Макс Боқаев 2016 жылы сәуірде жер реформасына қатысты Атырауда өткен сан мыңдаған адам қатысқан ірі жер митингісінен соң бес жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG