ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстандық Данэлия Тулешова - "Голос Діти" жеңімпазы

Қазақстандық Данэлия Тулешова украиналық "Голос. Діти" телевизиялық конкурсының жеңімпазы атанды. Ол финалда ағылшын тіліндегі Spectrum әнін, ал супер финалда украиналық "Океан Эльзы" тобының "Не твоя вiйна" әнін орындады. Жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталды.
Он бір жасар Тулешова "көрмей тыңдау кезеңінде" ағылшын тіліндегі "Stone cold" әнін орындаған. Оның орындауына үш әділқазы да бұрылып, Тулешова украиналық әнші Дмитрий Монатиктің (MONATIK) таңдаған.
Данэлия Тулешованың орындауын интернетте миллиондаған адам көрген.
"Голос Діти" - әлемдік The Voice of Kids жобасының украиналық нұсқасы. Бұл тележоба Голландия, АҚШ, Англия, Ресей бастаған жүздеген елде ұйымдастырылады. Қазақстандағы нұсқасы тек 2016 жылы өткен.
Басқа да жаңалықтар
Британия Ресей мұнайын таситын "тасадағы флоттың" 135 кемесіне қарсы санкция енгізді

21 шілде күні Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізгенін жария етті. Британ сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің айтуынша, бұл санкциялар "Ресейді Украинаға қарсы соғысты қаржыландыруға пайдаланып жүрген мұнайдан түсетін маңызды кірістен айыруды" көздейді.
Санкция тізіміне, Ұлыбритания билігінің мәліметі бойынша, Ресей мұнай мен мұнай өнімдерін тасуға пайдаланатын "тасадағы флотқа" кіретін 135 танкер енгізілді. Лондонның деректеріне сүйенсек, бұл танкерлер 2024 жылдың басынан бері құны 24 миллиард доллар болатын ресейлік мұнайды тасымалдаған.
Сондай-ақ Ресей мұнайын тасымалдауға қатысы бар екі компанияға да санкция салынды. Олардың бірі – Litasco Middle East, ол ресейлік ЛУКОЙЛ мұнай компаниясының Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан шетелдік бөлімшесі деп көрсетілген. Екіншісі – Intershipping Services компаниясы, ол да БАӘ-де тіркелген. Ресей мұнайын Габон мен Комор аралдары туларын көтерген кемелермен тасымалдауға осы компанияның қатысы бар деген болжам айтылып отыр.
Өткен аптада Ұлыбритания Ресейдің Бас барлау басқармасының (ГРУ) офицері деп айтылатын 18 адамды санкция тізіміне енгізіп, сонымен бірге Еуропа одағының ресейлік мұнайға белгіленген баға шегін төмендету туралы шешіміне де қосылды. Еуроодақтың өткен аптада жариялаған 18-санкция пакетіне "тасадағы флоттың" 105 кемесі және ондаған заңды әрі жеке тұлғалар да енгізілді.
Зеленский Ресей-Украина келіссөзінің жаңа кезеңі осы аптада өтетінін айтты

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің жаңа кезеңі Стамбұл қаласында 23–24 шілде күндері өтуі ықтимал. Мұндай ақпаратты түркиялық Independent Türkçe басылымы дипломаттар арасындағы дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
21 шілде күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Украина мен Ресей өкілдерінің Түркиядағы кездесуі 23 шілдеге жоспарланып отыр деп мәлімдеді. Ол мұны келіссөзге Украина атынан қатысатын топтың жетекшісі Рүстем Умеровқа сілтеп айтқан.
"Ертең бұл жөнінде толығырақ мәлімет беріледі", – деді Зеленский.
Ал ресейлік ТАСС агенттігі өз дереккөзіне сүйеніп, кездесу 24 шілдеге белгіленген деп жазды. Сонымен бірге, "делегациялар Стамбұлға 23 шілдеде ұшып баруы мүмкін" екені де айтылды.
Түрік басылымы алдағы келіссөздер техникалық сипатта өтпек және онда тек шектеулі мәселелер талқыланады деп жазды. Олардың қатарына "гуманитарлық көмек көрсету, тұтқын алмасу, азаматтық инфрақұрылым қауіпсіздігі және шекара маңындағы аудандарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету" сияқты тақырыптар кіруі мүмкін.
19 шілде күні президент Зеленский Украина делегациясының басшысы Рүстем Умеров арқылы Ресей жағына жаңа келіссөз кезеңін өткізу туралы ұсыныс жолдағанын мәлімдеген. Зеленский "келіссөздер қарқынын арттыру қажет" және "атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін барлық қажетті шаралар жасалуға тиіс" деп есептейді. Дүйсенбі күні ол Украина делегациясы Ресей өкілдермен алдағы кездесуде тұтқын алмасу, Ресейге әкетілген украиналық балаларды қайтару, сондай-ақ соғысты аяқтау мақсатында жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық мәселелерін көтеретінін айтты.
Биыл Украина мен Ресей делегациялары әуелі Эр-Риядта, кейін Стамбұлда бірнеше рет кездесіп, келіссөз өткізген. Ол келіссөздердің ең айқын нәтижесі – екі тарап әскери тұтқын алмасу, бір-біріне қаза тапқан сарбаздарының сүйегін қайтару туралы уағдаласқан.
Бұдан бөлек, түркиялық Independent Türkçe басылымы осы аптада жұма күні Стамбұлда Иран мен Ұлыбритания, Франция және Германия арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз өтетінін жазған.
Прагадағы концертте әнші Патти Смит Азаттық радиосына қолдау білдірді

Америкалық әнші Патти Смит Чехия астанасы Прага қаласындағы концертте Азаттық радиосына қолдау білдірді. Бұл туралы "Настоящее Время" арнасы хабарлады.
Патти Смит People Have the Power ("Адамдарда қуат-күш бар") әнін шырқар алдында сәл кідіріс жасап, осы әнді Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті Стив Капус пен барша қызметкерлеріне арнайтынын айтты. Медиакорпорацияның бас штаб-пәтері Прага қаласында орналасқан.
Әнші АЕ/АР мен өзге де "қоғамдық институттардың" жұмысына жоғары баға беріп, "әлемнің әр түкпірінде тұратын адамдарға маңызды ақпарат" жеткізіп отырған ролін ерекше атап өтті.
Бұған қоса Смит Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі Азаттық радиосын қаржыландыруды тоқтатуға тырысып жатқанына байланысты қынжылыс білдірді.
"Біз күресті жалғастыруымыз керек, бір-бірімізге көмектесуге тиіспіз", – деді Патти Смит.
- АЕ/АР медиакорпорациясына АҚШ Конгресі бөлген мақсатты гранттар АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме – Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) арқылы беріледі. Биыл көктемде президент Дональд Трамп әкімшілігі тағайындаған USAGM басшылығы Конгресс Азаттық радиосының жұмыс істеуіне деп бөлген қаржыны медиакорпорацияға аударуды тыйған. Шілде айында сот USAGM-ді АЕ/АР медиакорпорациясына биылға деп бөлінген қаржыны түгелдей аударуға міндеттеді.
Жиырмадан астам ел Газадағы соғысты дереу тоқтату туралы үндеу жасады

Дүйсенбі, 21 шілде күні Ұлыбритания мен тағы жиырмадан астам ел Газа секторындағы соғысты дереу тоқтату жөнінде үндеу жасады.
"Біз қақтығысып жатқан тараптарды және халықаралық қауымдастықты осы қорқынышты жанжалды тоқтату үшін бірлесіп әрекет етуге шақырамыз. Бұл үшін жедел, еш шартсыз және тұрақты түрде атысты тоқтату қажет… Біз бір ғана қарапайым әрі шұғыл мақсатпен біріктік: Газадағы соғыс дереу тоқтатылуы тиіс", – деп айтылған Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Аустралия, Канада, Дания және Батыстың басқа да бірқатар елдерінің сыртқы істер министрлері Лондонда бірлесіп қабылдаған коммюникеде.
Коммюникеде Израиль үкіметінің Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін қолданып отырған үлгісі "қауіпті, тұрақсыздыққа алып келетін және Газа халқын адами қадір-қасиетінен жұрдай қылады" деп сипатталған.
"Біз атысты дереу тоқтату мен израильдіктерге, палестиналықтарға және бүкіл аймаққа бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің саяси жолына қолдау көрсету мақсатында қосымша әрекеттер жасауға дайынбыз", – деп мәлімдеген Reuters агенттігі келтірген коммюнике авторлары.
Қытайдан миллиардтаған теңгенің контрабанда тауарын тасыған компанияның ісі бойынша үкім шыққан

Алматыда Қытайдан тұтыну тауарларын контрабандалық жолмен Қазақстанға енгізген және аса ірі көлемдегі тауарлардың жалған құжаттарын жасаған деген айыптармен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Мұны осы қылмыстық істі тергеп-тексерумен айналысқан Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті хабарлады.
Тергеу барысында уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие Group of the Companies TDA жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытайдан Қазақстанға тұтыну тауарлары тиелген 100-ден астам контейнерді контрабандалық жолмен заңсыз әкелгені анықталды дейді ҚМА департаменті.
Бұдан бөлек, компания өз бақылауындағы 10 серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Соның салдарынан мемлекет қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС) және кеден бажы түрінде 10 миллиард теңге залал шеккен деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге өндіріп алынған.
Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 миллиард теңгенің тауарларына, күдіктілерге тиесілі құны 300 миллион теңге болатын мүлікке (жер телімдері, автокөліктер және т.б.) шектеу салынған.
Бұған қоса, Group of the Companies TDA компаниясымен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.
Алматы қаласы Алмалы аудандық соты айыпты деп танылған тұлғаларға 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасын кесіп, мүліктерін тәркіледі, дейді Қаржы мониторингі агенттігі департаменті, алайда ақпаратында сотталғандар кім, неше адам екенін нақты көрсетпеген. Тек бір адамға халықаралық іздеу жарияланған деп жазған.
2022 жылы мамырда Қазақстан бас прокуратурасы Group Of The Companies Tda компаниясының тауарларды рәсімдеу кезінде заңсыздықтар жасағаны анықталғанын хабарлаған. Ол кезде Азаттық ашық дереккөздерден анықтаған құжаттарда бұл көлік компаниясының құрылтайшыларының бірі ретінде Әнипа Әбішқызы Назарбаева деген, аты-жөні мен жеке деректері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасыныкімен бірдей адам көрсетілген еді. Электронды үкімет базасындағы құжатта Group Of The Companies Tda серіктестігінің тағы бір құрылтайшысы Әли Жанболатұлы Қылышпаев әрі осы компанияның директоры деп жазылған-ды.
Жапониядағы сайлау биліктегі коалицияны әлсіретті

Жапонияда жексенбі, 20 шілде күні өткен сайлаудың нәтижесі билік басындағы Либерал-демократиялық партия (ЛДП) мен оның коалиция бойынша серіктестері парламенттің жоғарғы палатасындағы (Кеңесшілер палатасы) басымдығынан айырылып қалғанын көрсетті.
Өңірлер және префектуралардағы сайлау комиссиялары жариялаған алдын ала мәліметтерге сәйкес, либерал-демократтар мен олардың одақтастарына – "Комэйто" партиясы – сайлау нәтижесінде жоғарғы палатадағы 124 орынның тек 49-ы ғана тиюі мүмкін. Ал жоғарғы палатада басымдығын сақтап қалу үшін кемінде 50 орын иеленуі қажет. Айта кетейік, осы жолы Кеңесшілер палатасы мүшелерінің жартысы қайта сайланды.
Былтыр қазан айында өткен кезектен тыс сайлау қорытындысына коалиция төменгі палатада да көпшілік дауыстан айырылған еді – бұл кейінгі 15 жыл ішінде алғаш рет болып отырған жағдай. Дегенмен, ЛДП жетекшісі Сигэру Исиба сол кезде премьер-министр қызметінде қалған.
Жоғарғы палатадағы қазіргі сайлаудың нәтижесі үкіметтің өзіне тікелей қауіп төндірмейді, алайда сарапшылардың айтуынша, бұл премьер-министрдің саяси ұстанымын әлсіретеді. Соған қарамастан, Исиба премьер-министр қызметінен кетуге ниеті жоғын аңғартты. Алайда, ЛДП-ның кейбір мүшелері ол сайлауда қатарынан екінші рет жеңіліп қалғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс деп мәлімдеді.
- Либерал-демократиялық партия – Жапониядағы ең ірі саяси күш. Ол 1955 жылы құрылған сәтінен бастап (жиынтығы 4 жылға жуық аз ғана үзілістермен) үкімет тізгінін ұстап отыр. ЛДП мен "Комэйто" билік коалициясына 2009 жылы енген.
Путин Мәскеуде аятолла Хаменейдің кеңесшісімен кездесті

Жексенбі, 20 шілде күні Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің бас кеңесшісі Әли Лариджанимен Иранның ядролық бағдарламасына байланысты мәселелер бойынша келіссөз жүргізген, деп хабарлады ресейлік басылымдар.
Бұл кездесу болатыны жайлы алдын ала ресми ақпарат айтылған жоқ.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Лариджани Ресей басшылығына "Таяу Шығыста шиеленісіп бара жатқан жағдай мен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалға қатысты ойларды жеткізген". Путин болса "Ресейдің аймақтағы жағдайды тұрақтандыру және Иранның ядролық мәселесін саяси жолмен реттеу жөніндегі көпшілікке белгілі ұстанымын қуаттады", – деді Песков.
Мәскеу Иран режимімен достық сипаттағы қарым-қатынас ұстанып отыр. Алайда маусым айында АҚШ Израильдің Иранға қарсы ауқымды әскери операциясына қосылғаннан кейін де, Ресей Тегеранға нақты әрі кесімді қолдау білдірмеген.
Израиль ол шабуылдардың мақсаты — Иранның ядролық қару жасау және өндіру бағытында ілгерілеуін тоқтату, сондай-ақ Таяу Шығыс аймағындағы ираншыл қарулы топтардың белсенділігін басу деп мәлімдеген. Ал АҚШ Израильдің операциясын қолдап, Иран тарапынан "өмір сүруге төнетін қауіп-қатерге" тосқауыл қою қажет деген.
Германиядағы дипломатиялық дереккөз сүйенген AFP агенттігі күндері Ұлыбритания, Франция және Германия Иранмен оның ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр деп жазды. Сондай-ақ Иранның Tasnim ақпарат агенттігі аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп, Тегеран үш еуропалық елмен келіссөздер өткізуге келісім берді деп хабарлады.
Өткен аптада Кремль америкалық Axios басылымы аты-жөні көрсетілмеген дереккөздерге сүйеніп жариялаған ақпаратты жоққа шығарды. Ол ақпаратта Путин Иранды АҚШ-пен мәмілеге келуге, яғни Иран аумағында уран байытудан бас тартуды көздейтін келісімді қабылдауға "ынталандырды" деп айтылған еді. Иран ресми мәлімдемелерінде ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын, ал атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі "заңды құқықтарын" табанды түрде қорғайтынын үнемі айтып келеді.
Атырауда балалар уланған жекеменшік бассейннің басшысы үйқамаққа алынды

Атырау қаласының тергеу соты балалар жаппай уланып қалған Palma жекеменшік бассейнінің басшысын үйқамаққа алу туралы қаулы шығарды, деп жазды жергілікті басылымдар.
13 шілде күні Атыраудағы тұрғындар көп баратын акваорталықтағы бассейнде адамдар денсаулығы күрт нашарлап, әлденеден уланып қалған. Куәгерлердің айтуынша, бассейн бөлмесінде кенеттен хлор иісі қатты сезіліп, су лайланып кеткен. Балалар жөтеліп, құсып, есінен тана бастаған. Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын көтеріп, сыртқа алып шыққан. Оқиға орнына дереу дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметі барған.
Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген 13 бала мен 2 ересек адам су құрамындағы мөлшерден көп хлордан уланған болуы мүмкін деп болжам айтқан. Медициналық көмек алған 10 баланың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оларды үйіне жіберген. 3 бала жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін олардың да беті бері қараған.
Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға құрамында хлор бар заттарды мөлшерден тыс қолдану себеп болған. Бассейн иелері су тазарту жүйесінде ақау болғанын мойындаған. Төтенше оқиғадан кейін нысан жабылып, ТЖД мен прокуратура тексеріс жүргізуді бастады.
Тергеу ісі аяқталғанға дейін акваорталық басшысы үйқамақта болады.
Трамп Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ауған босқындарына көмектесуге уәде етті

Жексенбі, 20 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қашуға мәжбүр болған ауған босқындарына көмектеспек ниеті барын мәлімдеді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көптеген елінде лаңкестік ұйым деп танылған.
БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде шыққан тегі ауған америкалық әскери қызметшілердің туыстары, ата-анасымен қауышатын күнді күтіп жүрген балалар, осы кезге дейін АҚШ қабылдаған адамдардың туыстары, сондай-ақ АҚШ әскері Ауғанстанда 20 жыл болған кезде америкалық үкіметпен әріптестік орнатқан ондаған мың ауған азаматы бар.
"Мен оларды құтқаруға тырысамын және бұған дереу кірісемін", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Ол постында Just the News жаңалықтар порталындағы мақалаға сілтеме салды. Онда БАӘ билігі кейбір ауған босқындарын "Талибанға" бермекші-мыс деп айтылған. Алайда әзірге бұл ақпаратты растайтындай ресми дерек жоқ деп жазды Reuters агенттігі. АҚШ Мемлекеттік департаменті де бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.
БАӘ – АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы басты әріптестерінің бірі. 2021 жылы "Талибан" қозғалысы Кабулдағы билікті толық қолына алғаннан кейін, БАӘ ол Ауғанстаннан шұғыл эвакуацияланған бірнеше мың ауған азаматын уақытша қабылдауға келіскен. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігінің мәліметінше, содан бері шамамен 200 мың ауған азаматы АҚШ-қа қоныс аударған. 2022 жылы Канада АҚШ-тың өтінішін орындап БАӘ-дегі босқындар лагерлерінде қалған шамамен бір мың ауғанды қабылдауға келісті. Қазіргі кезде БАӘ аумағында нақты неше ауған босқыны қалғаны белгісіз.
Кейінгі кезде кейбір мемлекеттер ауған босқындарын депортациялауға белсендірек кірісе бастады. БҰҰ деректеріне сүйенсек, кейінгі жеті ай ішінде Иран мен Пәкістаннан Ауғанстанға екі миллионға жуық босқын қайтарылған. Ал өткен жұма күні Германия көші-қон саясатын қатаңдату аясында 81 ауған азаматын елден шығарды. Еуропа одағының өзге елдері де ауған босқындарына баспана беру ережелерін қайта қарап, шектеулер енгізуді ұсынып отыр.
АҚШ-тың өз ішінде демократтар Трамп әкімшілігінен ауған азаматтары үшін уақытша қорғау статусын (TPS) қайта қалпына келтіруді талап етіп отыр. Олар Ауғанстандағы қазіргі билік кезінде әсіресе әйелдер мен балалар қорғансыз қалып отыр дейді.
Тоқаев Вьетнам басшылығына көп адам қаза болғанына байланысты көңіл айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Ламға көп адамның қаза болуына байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдаған.
Тоқаев Вьетнамда болған "Вифа" тайфуны салдарынан су айдынында аударылған яхтада болған көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ достас Вьетнам халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан жарақат алғандардың тез арада сауығып, аман-есен отбасыларына оралуына тілектестігімді білдіремін", – деген жеделхатта Қазақстан президенті.
Жексенбі күні Вьетнамның солтүстігіндегі Халонг мүйісінде қатты дауыл кезінде туристер мінген яхта аударылып, кемінде 34 адам қаза болды. 11 адам құтқарылып, 8 адам хабар-ошарсыз кетті. Қаза болғандар арасында кемінде 8 бала бар. Яхтада барлығы 48 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.
Ақпарат құралдары туристердің көбі ел астанасы Ханойдан, арасында шамамен 20 бала болған деп хабарлады.
Халонг мүйісі – Вьетнамда адам көп баратын табиғи орындардың бірі, жыл сайын оған миллиондаған адам саяхаттап барады.
Мәскеу маңындағы ауданға дронмен шабуыл жасалды. Әуежайлар жабылды

20 шілдеге қараған түні Мәскеудің солтүстік-батысындағы Зеленоград ауданына украин дрондары шабуылдады. Ақпаратқа қарағанда, дрон құлаған жерлерде екі көлік өртенген, көп қабатты тұрғын үй бүлінген.
Зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин әуе қорғаныс жүйесі түнде Мәскеуге бағыт алған 16 дронды атып түсіргенін хабарлады. Тағы бесеуі 19 шілде кешке құлатылған. 20 шілдеде таңертең дрондарды жою жалғасып жатқанын айтты.
Мәскеудегі Шереметьево, Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайларында сенбі кешке және жексенбіге қараған түні ұшақтарды қабылдау мен ұшыруға шектеу қойылды. Әуежайлар бірнеше сағатқа жабылып, таңға қарай шектеулер алынды.
"Аэрофлоттың" хабарлауынша, шектеуге байланысты Шереметьево әуежайында компания "кестені түзеуге мәжбүр болған". "Победа" әуе компаниясы да соған ұқсас хабар таратты. Росавиация мәліметінше, өткен тәулікте запастағы аэродромдарға 134 ұшақ жіберілген.
Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 20 шілдеге қараған түні Ресей күштері елдің түрлі аймағында 93 украиналық дронды атып түсірген. Украина әскері әзірге түсініктеме бермеді.
Жуырда дрондардың шабуылынан Ростов облысындағы темір жолда байланыс желісі бүлінген. Соның салдарынан сенбі кешке 75-тен астам жолаушылар пойызы кешіккен.
Вьетнамда туристер отырған қайық аударылып, 30-дан астам адам қаза болды

Вьетнамның солтүстігінде Халонг мүйісінде туристер мінген қайық аударылып, кемінде 34 адам қаза болды. 11 адам құтқарылған, 8 адам із-түзсіз жоғалған. Қаза болғандар арасында кемінде 8 бала бар. Қайықта барлығы 48 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған.
Ақпаратқа қарағанда, қайықтың аударылуына қатты жел түрткі болған. Іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ақпарат құралдарының жазуынша, қайықтағы туристердің көбі ел астанасы Ханойдан. Онда шамамен 20 бала болғаны айтылады.
Халонг мүйісі – Вьетнамда адам көп баратын табиғи орындардың бірі, жыл сайын оған миллиондаған адам саяхаттап барады.
"ҚазАзот" кәсіпорнындағы апаттан кейін 4 адам ауруханаға түсті

18 шілдеде Ақтауда "ҚазАзот" кәсіпорнындағы апаттан кейін 4 адам ауруханаға түсті. Екеуі – реанимацияда, екеуі травматология бөлімінде жатыр. Зардап шеккендер күйіп қалған.
"Зардап шеккендерге көмектесу үшін Қазақстан Республикасының бас реаниматологы мен күйік медицинасының жетекші мамандарын тарттық. Жұмысшылардың жағдайы тұрақты, оларға тиісті көмек беріліп жатыр" деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігі.
Аймақтық еңбек инспекциясының мәліметінше, кәсіпорында отпен жұмыс тиісті рұқсат ету құжаттарынсыз жүргізілген.
"Еңбекті қорғау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кәсіпорын иесі апатты "ерекше ауыр оқиға" деп атап, зардап шеккен қызметкерлерге көмектесуге уәде берді.
"ҚазАзот" компаниясы 2005 жылы Ақтауда құрылған. Кәсіпорын аммиактық селитра, аммиак пен азот қышқылын өндіреді. Компанияның мажоритарлық акционері – Бахаридин Аблазимов. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 295 млн доллар деп бағалайды.
Әлиев Украинаға Ресейдің жерді басып алуына "көнбеуге" кеңес берді

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Украинаға Ресейдің украин жерін басып алуына «көнбеуге» кеңес берді. Шуша қаласында өткен медиа форумда украиналық журналист Дмитрий Гордонның сұрағына жауап берген Әлиев осылай деді.
Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдайды мысалға келтірді. Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аудандарды Баку шамамен 30 жыл бойы бақылауынан шығарып алған. Ақыры 2023 жылы Әзербайжан қарумен Таулы Қарабақты қайтарды. Ондағы армяндар іс жүзінде аумақтан кетті.
"Келіссөз жүрген жылдары, мен оған 2003 жылдың соңынан бастап қатыстым, 17 жыл бойы көптеген ұсыныс түсті, көптеген кездесу болды. Көбі шынайы жағдайға көну қажеттігін айтты. Бұдан соң өзіміз жаңа шындықты қалыптастырып, сіздер соған көнесіздер деп шештік. Солай да болды" деді Әлиев.
Әзербайжан Украинаның территориялық тұтастығын ресми түрде қолдайды.
Бұған дейін Баку Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ресей оккупациялап алған украин жері мен Қарабақты параллель келтірген. Оның сөзінше, Әзербайжан сияқты Украина да болашақта оккупацияланған аумақты күштеп қайтаруы мүмкін. Баку Қарабақты даулы аймақ деп атағаны үшін наразы болған.
Шушадағы форум кезінде Әлиев сонымен бірге былтыр желтоқсанда AZAL әуе компаниясы ұшағы апатына байланысты халықаралық сотқа шағым түсіру үшін құжаттар әзірленіп жатқанын айтты. Әзербайжан билігінің пікірінше, ұшақ Грозныйға қонбақ болған кезде ресейлік әуе қорғаныс жүйесі оны украин дронына балап атқан. Ұшақ Қазақстандағы батысындағы Ақтау қаласында апатқа ұшырады.
"Не болғанын білеміз және оны дәлелдей аламыз. Ресейлік ресми тұлғалар да одан хабардар екенін білеміз. Мұндай жағдайда кез келген көрші істейтін нәрсені неге олар істемейді? Мәселе сонда" деді ол.
Оның сөзінше, 7 айда Бакуге Ресей жағынан бұл бойынша ешқандай тұшымды жауап түспеген. Әзербайжан Ресейден кінәні мойындап, ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына өтемақы төлеуді талап етіп отыр деді Әлиев.
Ресей билігі әзірге, тергеу жалғасып жатқанын алға тартып, ұшақ апатының себебін ресми түрде мәлімдеген жоқ. Ресей президенті Владимир Путин оқиға үшін кешірім сұраған. Бірақ Мәскеу кінәні ресми түрде мойындамады.
Ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу қатынасы айтарлықтай суыды.
Лос-Анжелесте Санта-Моника бульварында көлік жұртты қағып өтті

Сенбіге қараған түні Шығыс Голливудта Лос-Анжелесте автомобиль жұртты қағып өтті. Кемінде 28 адам зардап шекті.
Бұл жөнінде Лос-Анжелес өрт қауіпсіздігі басқармасына (LAFD) сүйенген CNN жазды.
Оқиға түнгі сағат 2-лерде Вест-Санта-Моника бульварында – концерт өтетін жергілікті аумаққа жақын жерде болған. LAFD мәліметінше, ауруханаға өте ауыр жағдайда үш адам жеткізілген, алты адамның жағдайы - ауыр, тағы 19 адам орташа және жеңіл дәрежедегі жарақат алған.
Оқиға орнынан түсірілген видеода зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатқаны көрінеді. Бірнеше адам зембілмен әкетілген. Полиция аумақты қоршап тастады. Жедел қызметтің жүзден астам қызметкері оқиға орнында жұмыс істер жатыр. Олар зардап шеккендердің жағдайын тексеріп, ауруханаға жеткізуге көмектесіп жатыр.
Жүргізушінің аты-жөні және оқиғаның жай-жапсары айтылмайды. Тергеу жүріп жатыр.
ПІКІРЛЕР