Accessibility links

ICJ Қазақстандағы адвокаттар қызметі туралы заң жобасына алаңдайды


International Commission of Jurists (ICJ) өкілдері баспасөз конференциясында отыр. Астана, 5 желтоқсан 2017 жыл.
International Commission of Jurists (ICJ) өкілдері баспасөз конференциясында отыр. Астана, 5 желтоқсан 2017 жыл.

Заңгерлердің халықаралық комиссиясы (International Commission of Jurists - ICJ) Астанада өткен баспасөз конференциясында Қазақстандағы "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасының біраз баптары тәуелсіз адвокаттық қызметті шектеуі мүмкін екенін және өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылуына мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді. ICJ бұл мәлімдемесін Қазақстан әділет министрі, басқа да билік өкілдерімен және адвокаттармен кездесуінен соң жасады.

ICJ делегаттарының пікірінше, атқарушы билік Қазақстан адвокаттар алқасының өзіндік жұмыс істеу тәртібіне килікпеуі тиіс, себебі ол кез-келген қоғамдастықтың тәуелсіздігіне негіз болады. Парламентке түскен жаңа заң жобасында дисциплинарлық комиссияның жаңа құрамын жасақтау ұсынылған. Бұл комиссияда адвокаттардың енді тәртібін әріптестері ғана емес, судьялар, әділет министрлігінің өкілдері де бағаламақ.

Ұйымның Еуропа бағдарламасының аға құқықтық көмекшісі Тимур Шакировтің сөзінше, қазір Қазақстандағы адвокаттық қызмет Орталық Азия аймағындағы ең күштісі саналады. Заңға өзгерістер енгізілсе, бұл жағдай кәдімгідей өзгеруі мүмкін.

- Әділет министрлігі өкілдері адвокаттық қызметке дисциплинарлық орган ретінде араласуы мүмкін. Бұл халықаралық стандарттарға сай келмейтіндіктен, мәселе туындауы ықтимал. Қазіргі сәтте Қазақстанда мұндай мәселе туындап отырған жоқ, жағдайды Қазақстандағы адвокаттардың Орталық Азияның басқа елдеріндегі адвокаттардан әлдеқайда тәуелсіз болуы қалыпты қылып тұр, - деді Тимур Шакиров.

ICJ өкілдерінің сөзінше, заң жобасындағы кейбір жайттарды мүдделі барлық тараппен талқылап алу қажет және оның маңызы үлкен.

- Бұл жайттарға клиентке қатысты ақпараттың құпиялығын, адвокаттардың барлық тараптан, оның ішінде, әрине, мемлекеттен тәуелсіздігін сақтау мәселесі жатады. Адвокаттар клиенттің мүддесін қорғайтындықтан оларға қысым жасалмауы тиіс, - дейді Гамбург адвокаттар ассоциациясының төрағасы, Германияның Федералдық адвокаттар ассоциациясы адвокаттық қызмет туралы заң комиссиясының төрағасы Отмар Кури.

Оның сөзінше, ICJ адвокаттар өздерінің қызметіне мемлекеттің араласуына мұқтаж емес және олардың тәуелсіздігін әлде бір реттеуші орган арқылы шектеудің қажеті жоқ деп біледі. Ол адвокаттар әріптестерінің өз міндетін қалай атқарып жүргенін өздері қадағалай алатынын айтады.

Биыл қазанда 500-ден астам адвокат Қазақстан премьер-министріне үндеу жолдап, "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасы әділет министрлігі дайындаған күйінде қабылданбауы тиіс екенін мәлімдеген. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында жатыр.

ОҚЫҢЫЗ: Адвокаттар жаңа жобадан "қолайсыздармен күресті" байқаған

Қолданыстағы "Адвокаттық қызмет туралы" заң 1997 жылы қабылданып, кейін оған әлденеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Үкімет бұл заңның "ескіргенін" айтады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG