Accessibility links

Қырғыз кәсіпкерлері шекарадағы жағдайды реттеуге шақырды


Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекетіндегі кезек. 2017 жылдың 18 қазанында түсірілген сурет.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Жол" бекетіндегі кезек. 2017 жылдың 18 қазанында түсірілген сурет.

Қырғызстанның бинзес ассоциациялары мен ұйымдары қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға байланысты қырғыз премьер-министрі Сапар Исаковқа, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевқа, Еуразия экономикалық комиссиясының төрағасы Тигран Саркисянға хат жолдады.

Қырғызстандағы Бизнес ассоциацияларының ұлттық альянсы, Ұлттық кәсіпкерлер клубы, Саудақызметкерлерінің кәсіподағы, Шағын ГЭС-тер одағы, Ауыр жүк тасымалдаушылар одағы мен Базар және қызмет көрсету салаларының ассоциациясы жолдаған хатта екі ел шекарасындағы ахуал Қырғызстан мен басқа да мемлекеттердің бизнесмендеріне соққы жасағаны айтылып, тараптарды мәселені Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) талаптарына сай шешуге шақырған. Хатта Қазақстанның "ЕАЭО ережелерін бұзып, шекарада тексеруді күшейткені айтылған. Кәсіпкерлер Тигран Саркисянді мәселені жөнге салуға және болашақта мұндай жағдайдың қайталануының алдын алу үшін ЕАЭО ережелеріне сай Қазақстанның тиісті органдарының ісіне құқықтық баға беруге шақырған.

Қырғыз кәсіпкерлері Тимур Құлыбаевқа үндеуінде "Қазақстан бизнесмендерін күш біріктіруге, оның ішінде екі ел үкіметтерімен мемлекет - жеке меншік сектор форматында туындаған шиеленісті бәсеңсіту, шекарадан өткізу тәртібін бұрынғы қалпына келтіруде бірлесе жұмыс істеуге" шақырған.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Тексерудің күшейтілуінен ең алдымен тез бұзылатын азық-түлік таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері зардап шегіп жатыр.

18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері жағдай әлі өзгермегенін, Қазақстан жағының тексеру мен өткізуді кідіртіп, бұрынғыдай шекарада тәуліктеп кезек күтіп жатқанын айтады. Ресми Астана шекарадағы тексеру Қырғызстан арқылы өтетін контрабанданың алдын алу деп түсіндіреді.

26 қазанда министр Артем Новиков Қазақстан шекара мәселесін реттеу жөніндегі жол картасына қол қоюдан бас тартқанын мәлімдеген.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, 30 қазанда Қазақстанмен шекарадағы "Ақ-Тілек" бекетінде 500-ге жуық жүк көлігі кезекте тұрған.

XS
SM
MD
LG