ЖАҢАЛЫҚТАР
Прокуратура: Тоқмади Тәтішевтің өлімі бойынша қайта сотталады

Қазақстан бас прокуратурасы банкир, 2004 жылы желтоқсанда аң аулауға шыққан кезінде қаза тапқан Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты істі қайта ашпақ. Бұл туралы шешім бизнесмен Мұратхан Тоқмадидің КТК телеарнасындағы "Оны Мурка деп атайтын" деп аталған деректі фильмінде "банкирдің өлтіргенін мойнына алуына" байланысты қабылданған. Фильмде Тоқмади Тәтішевті аңға шыққан кезінде "қасақана атып өлтіргенін". ал оған тапсырысты "банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бергенін" мәлімдейді.
Жиналған мәліметтер (куәгерлердің, күдікті Мұратхан Тоқмадидің жауаптары, сараптама қорытындысы мен басқа да материалдар) бойынша Ержан Тәтішевтің қаруды дұрыс ұстамаудан емес, басына қасақана атқан оқтан өлгенін анықтады. Осыған байланысты 25 қазанда процессуалдық прокурор Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 502 және 503 баптарына сай Жамбыл облыстық сотына М.Тоқмадиге қатысты үкімнің күшін жоюға негіз бары туралы ұйғарым және жаңа анықталған жағдаяттарға байланысты қылмыстық іс бойынша өндірісті қайта ашу туралы талап-арыз жолдады" деп хабарлады бас прокуратура.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі фильмде айтылған мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізетінін мәлімдеген. Тоқмади Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша "қылмыстық жауапкершіліктен сытылып шығу үшін тергеушіге пара бергенін" айтқан.
Басқа да жаңалықтар
Талғарда ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция күдікті ұсталғанын хабарлады

Алматы облысы Талғар ауданында белгісіз біреу ер адамды атып, кішкентай қызын ұрлап әкеткен. Полиция сенбі кешке қарай кішкентай қыз босатылып, анасына тапсырылғанын хабарлады. Ізінше күдіктінің де ұсталғаны хабарланды.
Талғар ауданындағы "кезекті бассыздық" туралы адвокат Гаухар Сарыева хабарлаған.
Адвокаттың айтуынша, бір қыз осыдан шамамен бір ай бұрын техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы күш көрсеткенін айтып, полицияға шағымданған. Жұма күні қыз баланың туыстары "өздігімен оны ұстап, полицияға жеткізген кезде" оны босатып жіберген. Ал 6 қыркүйекте ол жәбірленушінің бауырына оқ атып, кішкентай баласын ұрлап әкеткен. Адвокаттың желіде жариялаған видеосында полицейлердің оқиға орнын қоршап тастағаны көрінеді.
Адвокат видеода полицейлерге бірнеше рет шағым берілгенін, олардан реакция болмағанын айтады.
Сенбі күні кешке қарай Алматы облыстық полициясы ер адамның қазасы мен кішкентай қыздың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.
"Ер адамның қаза болуы және кішкентай баланың ұрлануына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Тергеу мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Екеуі жанжалдасып, күдікті жәбірленушінің бауырына оқ атқан, ол оқиға орнында қаза болды. Қылмыстан кейін күдікті кішкентай баланы ұрлап, жасырынған” деп жазылған хабарламада.
Артынша "арнайы жасақтың операциясы нәтижесінде кішкентай қыз босатылғаны" хабарланды. Кішкентай қыз анасына тапсырылған. Күдікті де ұсталған.
Былтыр Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасы қоғамда резонанс тудырған. Биыл жазда оның өліміне қатысты айыпталғандарға үкім жарияланды.
Қазақстан СІМ сенбі күні Мұрат Нұртілеу украиналық әріптесімен телефонмен әңгімелескенін хабарлады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 6 қыркүйекте ведомство жетекшісі Мұрат Нұртілеу украиналық әріптесі Андрей Сибигамен телефонмен әңгімелескенін хабарлады.
Астананың хабарлауынша, сұхбат барысында "тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірген".
СІМ-нің хабарлауынша, телефон әңгіме Украина жағының бастамасымен болған.
Украинаның сыртқы істер министрлігі де телефон әңгіме болғанын хабарлады. Сибига қазақстандық әріптесіне "Украинаның жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған күш-жігері туралы" айтқан. Министр сонымен бірге Астана Киевтің Орталық Азия аймағында басымдық беретін серіктестерінің бірі екенін атап өткен.
Сибига X желісінде әңгіме барысында екіжақты қатынасты кешенді жаңғырту, әріптестікті дамыту жолдары талқыланғанын жазды.
Сыртқы істер министрлігі Нұртілеудің телефон әңгімесі жайлы хабарламаны Orda сайты оның ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан шақта жариялап отыр. Онлайн-басылым 4 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрі, ҰҚК-ның тағы бірнеше жоғары лауазымды қызметкері және кәсіпкер Гаджи Гаджиев тергеліп жатқанын хабарлаған. Басылымның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қысқа уақыт ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Нұртілеу Гаджиевтің көмегімен арнайы қызмет ішінде көлеңкелі құрылым құрған. Ол Нұртілеудің мүддесі үшін аңдумен айналысқан, өздеріне жақпайтындарды қудалаған.
Ресми органдар сол күні-ақ жылдам Нұртілеудің ұсталғанын жоққа шығарды.
5 қыркүйекте сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеу Harvest Group компаниясының өкілдерімен кездесу өткізгені жөнінде хабарлама таратып, Нұртілеудің бірнеше суретін жариялаған. Ал Orda сурет бұрын түсірілгенін айтқан. Редакция өз тұжырымдарынан қазір де айнымады.
49 жастағы Мұрат Нұртілеу бұған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болған, оған дейін Қазақстан СІМ-де істеген.
Астанада жануар құқығын қорғаушыларға митинг өткізуге рұқсат бермеді

Астана қаласының ішкі саясат басқармасы белсенділерге "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулерге қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Жануарды қорғау жөніндегі Inucobo қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, басқарма "ескерту беру мерзімі бұзылғандықтан" өтінішті қабылдамаған.
Алайда белсенділердің сөзінше, олар "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" заңға сәйкес, ескерту-хатты митинг өтетін мерзімнен бес күн бұрын берген.
Парламентте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулер қаралып жатқан шақта қазақстандық жануар құқығын қорғаушылар сондағы түзетулерге қарсы петиция жариялады. Түзетулерге сәйкес, қаңғырған жануарларды ұстағаннан кейін бес күн уақыт беріледі, осы уақытта ешкім оларды алып кетпесе, оларға эвтаназия қолданылады. Қараусыз қалған жануарларға берілетін мерзім – 60 күн.
Петиция авторлары мұндай түзетулерді қабылдамауды, сонымен қатар құқық, ветеринария, экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген балама заң жобасын қарауды сұрап отыр.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданған.
Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді. Заңда қаңғыған иттің иесі бес күнде табылмаса, онда ол зарарсыздандырылып, панажайға немесе табиғатқа жіберілетіні жазылған. Заң қаңғыған иттерді егер олар айналаға қауіп төндірмесе, жоюға тыйым салады.
Заңға түзетулер енгізілетіні былтыр қаңтарда белгілі болған. Қазір депутаттар қаңғыған иттерді бес күннен кейін иесі табылмаса, эвтаназия қолдануды ұсынып отыр, панажай жоқ жерлерде үйсіз-күйсіз жүрген жануарларды өлтіруге рұқсат бермекші. Бұған қоса, түзетулер қаңғыған жануарларға екпе салдыру үшін бөлінетін бюджетті де алып тастамақшы.
Жануарлардың құқығын қорғаушылар бұл қазіргі заңда бар АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салып, еркіне жіберу – ред.) бағдарламасынан іс жүзінде бас тарту болып саналады дейді.
Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді

Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
"Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П. Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды” деп жазылған бас прокуратураның сенбі күнгі хабарламасында.
Әзірге оның ұсталғаны-ұсталмағаны белгісіз. БП хабарламасында ол жөнінде ештеңе айтылмаған.
60 жастағы Қайрат Қожамжаров Назарбаев тұсындағы ықпалды күштік құрылым өкілдерінің бірі болған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткен күні Қожамжаров сенат депутатына айналған. Оған дейін екі жыл бас прокурор қызметін атқарды. Жемқорлыққа қарсы түрлі құрылымдарға жетекшілік етті. Президенттің кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Ақмола облысын басқарған.
2023 жылдан бері мемлекеттік қызметте емес. Кейінгі кезде оның айналасындағы бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қазір жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев екі айға қамалған. Шілдеде арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.
Белсенді Айжан Мамешова үйқамаққа жіберілді

Белсенді Айжан Мамешова үйқамаққа жіберілді. Жұма күні тергеу соты оған бұлтартпас шара қолдану туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Оның сөзінше, белсенді қорғауға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған.
"Кеше (5 қыркүйекте – ред.) түнде шешім шықты. Оған 274-бар 2-бөлік 3-тармақ бойынша айып тағылып отыр. Кеше тергеушінің қамауға алу туралы шешімімен таныстым. Бұл жерде мәселе жалған ақпарат тарату жөнінде болып отырған жоқ. Сараптама бойынша, оның әрекеті "прокуратураға теріс эффект туғызады". Негізі осы сараптама бойынша істі азаматтық тәртіппен қарауы керек еді" деді адвокат сенбі күні таңертең Азаттыққа.
Осы апта ортасында белсенді Айжан Мамешова ұсталып, кейін 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған еді. Оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Бір күн бұрын Алматыда қоғам өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, Мамешованы ұстау кезінде заңсыздық болғанын хабарлап, құқық қорғау органдарынан оны ұстаған полицейлердің әрекетіне баға беруді сұраған еді.
Трамп қорғаныс министрлігінің атауын "соғыс министрлігі" деп өзгертті

АҚШ президенті Дональд Трамп қорғаныс министрлігін соғыс министрлігі деп атау туралы жарлыққа қол қойды.
Рәсім Ақ үйдегі кабинетінде өтті. Құжатқа сәйкес, қорғаныс министрі Пит Хегсет және оның командасы "соғыс министрі", "соғыс министрінің орынбасары" лауазымдарын пайдалана алады. Хегсет ведомствоның атын өзгерту – "жәй сөз емес, әскери этика" деп атады.
Америка президентінің айтуынша, әлемдегі жағдайды ескергенде Пентагонға "соғыс министрлігі" атауы дәлірек келеді.
Өзгерісті Конгресс мақұлдауы керек. Жұма, 5 қыркүйекте республикашылдар Майк Ли, Рик Скотт және Грег Стьюб тиісті заң жобасын енгізді.
Сыншылардың ойынша, мұндай бастаманың құны арзан емес, себебі құжаттар мен АҚШ-тың әлемдегі әскери нысандарындағы баннерлерді өзгертуге тура келеді.
Бес бұрышты болғаны үшін Пентагон деп те аталатын АҚШ қорғаныс министрлігінің ғимараты 1947 жылдан бері кейпін өзгерткен жоқ. Ведомство әскери-теңіз министрлігі, жаяу әскер және әскери-әуе күштері министрліктерін біріктіреді. 1789 жылдан бар жаяу әскер және әскери-әуе күштері бұрын бір ведомство – соғыс министрлігі болған.
1947-49 жылдары біріктірілген департамент ұлттық әскери ведомство деп аталған, ал 1949 жылы қорғаныс министрлігі атауына ие болған.
Журналистер соғыста қаза тапқан 128 мң ресейліктің аты-жөнін анықтады

Ресей Украинаға соғыс ашқалы майданда 128 115 солдаты қаза тапқан. Мұны ашық дереккөздердегі ақпараттар, зираттар мен көңіл айтулар арқылы ВВС-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" жобасы анықтаған.
Журналистер қаза тапқандардың көбі соғыс басталған соң өз еркімен майданға аттанғандар (29%) дейді. Одан кейінгі орында түрмеден соғысқа аттанғандар (14%) мен мобилизацияланғандар (11%).
Басылым мобилизациямен соғысқа аттанып, қаза тапқандардың үлесі көп болуы мүмкін деп санайды. Себебі көңіл айту хабарламаларында қаза тапқандардың соғысқа қалай барғаны айтыла бермейді.
Бұған қоса, журналистер Ресейдің соғыстағы адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Ал әскери сарапшылар ашық дереккөздер арқылы анықталғандар қаза тапқандардың 45-65 пайызын ғана құрайды деп топшылайды.
Ал "Медуза" мен "Медиазона" басылымдары мұрагерлік реестрді зерттеу арқылы соғыста Ресейдің 219 мыңдай солдаты қаза болды дейді. Журналистер Ресейдің адам шығыны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Мәселен 2023 жылы майданда 50 мыңдай солдат қаза тапса, 2024 жылы 93 мың әскери өлген.
Алматы әуежайында ресейлік белсенді ұсталды. Оны Ресейге депортациялауы мүмкін

Алматыдағы әуежайда 31 тамызда ресейлік белсенді Юлия Емельянова ұсталған, оны енді Ресейде экстрадициялауы мүмкін. Бұл туралы ресейлік "Антивоенный комитет России" ұйымы мен "Ковчег" құқық қорғау ұйымы хабарлады.
Ақпарат бойынша, Емельянова бір рейстен екінші рейске ауыспақ болған кезде ұсталған.
Ресейді оған 2021 жылы қыркүйекте "Ұрлық" бабымен қылмыстық іс қозғап, іздеу жариялаған. Тергеу "Емельянова таксистің телефонын ұрлады" дейді. Полиция телефонды белсендінің үйінен тәркілемеген, "ұрланған телефон" полиция бөлімшесінде болған.
2022 жылы шілдеде бұл іс Петербургтегі сотқа түскен. Бірақ Емельянова Ресейден Грузияға кетіп қалғандықтан қатыспаған еді. Құқық қорғаушылар белсендінің ісі қолдан жасалған деп санайды.
Қазір Емельянова Қазақстандағы тергеу изоляторларының бірінде отыр. Оған Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро, "Антивеонный комитет" және "Ковчег" көмектесіп жатыр.
Юлия Емельянова – Навальный штабының, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі. Ол ресейлік саяси тұтқындарға да көмек көрсетіп жүрген.
Белсенділер Айжан Мамешованы ұстаған полицейлердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады

Заңгерлер мен қоғам өкілдері құқық қорғау органдарынан "Жанұя" балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы жазған белсенді Айжан Мамешованы ұстаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. Олардың сөзінше, ұстау кезінде қылмыстық-процестік кодекс және адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенция нормалары бұзылған. Бұл жөнінде "Власть" жазды.
"Ол [Айжан Мамешова] шақырту қағазын талап еткен, бірақ бермеген. Оны күштеп сүйреген. Ол қолын көгертіп, күштеп полиция басқармасына апарды деп айтты. Адамды ұстамас бұрын Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сәйкес, куәландыру, диспансерде тексеру шаралары жүргізілуі керек, адвокаттың кіруіне жағдай жасалуы керек, туыстарына оның қайда екені жөнінде ақпарат берілуі керек" деді жұма күнгі баспасөз жиыны кезінде заңгер Серік Әбішев.
Оның сөзінше, ол қамалардың алдында баспасөз жиынына барып, "білім басқармасындағы көптеген заңсыздықтарды" айтуға оқталған. Бірақ жолшыбай полиция қызметкерлері оны ұстаған. Белсенділер Мамешованың ұсталуын оның белсенділігімен байланыстырды.
Белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов те Мамешоваға қатысты кінәсіздік презумпциясы бұзылғанын хабарлады.
"Адамның өз пікірін айтуға құқығы бар. Нақты жағдайда олар оның айтқандары "мемлекеттік органдардың оның ішінде полиция мен прокуратураның беделіне нұқсан келтіреді деп санайды" деді Нұрпейісов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Мамешованың ісі тергеу сотына берілген, сот оған бұлтартпас жаза қолдану шарасын анықтайды.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, Мамешоваға орташа дәрежедегі қылмыс бойынша айып тағылып отырғандықтан оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуы мүмкін. Мамешоваға қарсы көктемде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша (274-бап, 2-бөлік, 3-тармақ) қылмыстық іс қозғалған.
Белсенділер сонымен бірге Мамешовада қорғауға құқығы бар куәгер статусы бола тұра оны екі күнге қамағанын да айтты.
Адвокат полицейлердің әрекетіне қатысты қалалық прокуратураға шағымданатынын да айтты.
Әзірге Алматы полициясы реакция білдірген жоқ.
Осы апта ортасында белсенді Айжан Мамешова ұсталып, кейін 48 сағатқа қамалғаны белгілі болған. Ақпаратқа қарағанда, оның ұсталуы “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы сәуір айында жарияланған хабарламаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты. Сәуір айында жарияланған Facebook жазбасында Мамешова мен өзге де белсенділер “Жанұя” балалар үйіндегі заңсыздықтарды баяндаған.
Мұрат Нұртілеудің "ұсталғаны жөнінде" сыбыс тараған шақта СІМ оның суретін жариялады

5 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресми сайты мен желідегі парақшаларында вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің "Harvest Group" төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездескені жөнінде жаңалық жариялады.
Бір күн бұрын Нұртілеудің “ұсталғаны жөнінде” сыбыс тараған еді.
4 қыркүйекте Orda сайты өз дереккөздеріне сүйене отырып, вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғанын хабарлаған. Ізінше ҰҚК-ның бірқатар лауазымды тұлғалары да ұсталғанын жазып, кейбірінің аты-жөнін де атаған.
Артынша билік өкілдері кезек-кезегімен ақпаратты жоққа шығарып, “жалған ақпарат тарату” бойынша жауапкершілік көзделгенін ескерткен.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі жалған ақпаратпен күрес орталығы да бірден вице-премьер-сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны жөнінде ақпаратты терістеді. Орталық "жалған ақпаратты тарату" қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, оқиғалар туралы жаңсақ пікір қалыптастыратынын айтып ескерткен.
Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты әркім түрлі жорамал жасап, кейбірі "қандай да бір тартыстың көрінісі болуы мүмкін" немесе "Orda сайтына қарсы жасалған әрекет шығар" деген тәрізді түрлі болжам айтылды.
Ақтаудағы AZAL ұшақ апаты: қаза болған 6 қазақстандықтың бірінің туыстарына өтемақы берілген

Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы құлағаннан кейін ресейлік "АльфаСтрахование" АҚ 2025 жылдың ақпанынан бері апаттан қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге өтемақы төлей бастады деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.
Ведомствоның айтуынша, әзербайжан әуе компаниясына "ұшақтың толық сақтандыру құны – 1,003 млрд рубльді" төлеген.
"Рейстегі 62 жолаушының 46-сының жарақаты мен қазасы бойынша талаптар толығымен қанағаттандырылды: 15 ресейлік азаматтың – 7-іне; 38 әзербайжан азаматының – 35-і үшін; барлық 3 қырғыз азаматы үшін; 6 қазақстандықтың біріне [өтемақы берілген]" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, апаттан зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстарына барлығы 358,4 млн рубль төленген. Бұл процесс жалғасып жатқанын да айтты.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Биыл 4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақ қаптамасындағы шұрық тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған.
Блогер Мирболат Мырзатайұлы күдікті деп танылып, екі айға қамалды

4 қыркүйек күні Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлын екі айға қамауға санкция берді.
"Мирболат Бишуинов ауыр санаттағы қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінді. Аталған күдігі негізді, қылмыстық іс-құжаттарымен расталады. Сот күдіктінің кінәсі туралы және дәлелдемелерді бағалау туралы мәселелерді талқыламастан оқиға орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар екенін анықтады", - делінген сот қаулысында.
Мирболат Мырзатайұлына Қылмыстық кодекстің 174-бабы, бірінші бөлігі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.
Күдіктінің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде "ұлтараздықты қоздыру белгілері бар видеоны" анықтаған. Сол видео мазмұнына филологиялық сараптама жасаған.
Адвокаттың сөзінше, сараптама шілденің ортасында жасалған.
Мирболат Мырзатайұлы 2 қыркүйек күні ұсталған. Сол күні туыстары оны жоғалып кетті деп, дабыл қаққан. Он бес сағат бойы іздеп, полиция әкеткенін өздері анықтаған.
Туыстары мен жақтастары Мирболат Мырзатайұлы блогерлік қызметіне байланысты қамалды деп санайды.
Әйелінің сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы қамалар алдында Алматы облысы Талғар ауылына жер мәселесін түсіру үшін барған. Бірнеше күн бұрын журналист Facebook-тағы парақшасында "шетелдіктерге жер сату" мәселесін қозғап, жазба жариялаған еді. Дегенмен бұл жазбаның журналистің ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.
54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жүр. Бұрын мемлекеттік "Қазақстан" арнасында, КТК телеарнасында журналист қызметін атқарған. Кейінгі жылдары азаматтық белсенділер арасында жиі жүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша сыни жазбалар жариялайді. Саяси астары бар делінетін сот істерінен хабар таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығады. Қазір YouTube-та "Журналисттік зерттеулер агенттігі" деген арнаны жүргізеді.
Өзбекстан шекараны кесіп өткен екі қырғыз азаматының қаза болғанын растады

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекара әскері 15 тамызда екі қырғыз азаматы шекараны заңсыз кесіп өткеннен кейін атып өлтірілгенін растады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Ташкент облысы Бостандық ауданындағы таулы жерде болған. Кезекші қызметкерлер бөтен екі адамды көріп, оларға тоқтауды бұйырған, алайда олар талапты ескермей, жасырынуға тырысқан.
Шекара әскерінің хабарлауынша, ескерту ретінде әуеге оқ атылса да, екеуі мемлекеттік шекараға қарай жүре берген. Бұдан соң оларға оқ атылған.
"Нәтижесінде олар жарақаттанды, әскерилер алғашқы медициналық көмек көрсетсе де сол жерде көз жұмды" деп жазылған Өзбекстан шекара әскерінің хабарламасында.
Оқиға орнынан палатка, үш жылқы, азық-түлік, сонымен бірге үшінші адамның ізі табылған. Өзбек жағының айтуынша, ол Қырғызстан жағына оралып, жасырынып үлгерген.
25 тамызда Қырғызстанда Шатқал ауылының екі тұрғыны жоғалғаны хабарланған еді. Ізінше шекара аумағында қаза болғандар Қырғызстан азаматтары екені анықталды. Туыстарына сүйегі тапсырылды.
2-3 қыркүйекте Өзбекстан мен Қырғызстанның шекара ведомстволары оқиға орнына барып, тексерді. Соның нәтижесінде өзбек жағы шекара қызметкерлерінің әрекеті заңға сәйкес болғанын, олардың шекараны заңсыз бұзғанын мәлімдеді.
Бұған қоса, тараптар үшінші адамның аты-жөнін анықтап, тиісті шара қолдану жөнінде келіскен.
Тараптар шекара аудандарында тұратын тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізіп, шекараның бақылауға қиын бөліктерін күзету бойынша әріптестікті орнатуға келісті.
Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза болғандар 2200-ден асты

Ауғанстанның шығысында 31 тамызға қараған түні болған қуатты жер сілкінісінен қаза болғандар 2200 адамнан асты. Бұл жөнінде тәліптердің үкіметі хабарлады.
Соңғы мәлімет бойынша, қаза болғандар 2 217 адамға жетті, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен.
Зілзаладан Пәкістанмен шекарадағы таулы Құнар провинциясы көбірек зардап шекті. Үкіметтің ресми өкілінің орынбасары Хамдулла Фитрат X желісінде "құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр" деп жазды. Ауғанстан билігі халықаралық қауымдастықтан зардап шеккендерге көмектесуді сұрады.
Құнар провинциясы және көрші Нургал, Соккай, Ватапур, Маноги және Чапа-Дара округтарында көп үй қираған. Жергілікті аумақта жауын-шашын көп жауып, жағдайды күрделендірген. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл аумақтағы үйлер өте осал салынған – жер сілкінісіне төзбейді. Соның салдарынан адам өлімі көп тіркелген.
Қазақстан халқының саны 20,4 миллионнан асты

Биыл қаңтар мен шілде аралығында Қазақстанда халық саны 124,5 мыңға (0,61%) көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 тамызға қарай елде халық саны 20 407 844 жетті.
Бюро мәліметінше, биыл халық санының өсімі алдыңғы жылдармен салыстырғанда баяулау.
12,9 млн адамы – қалада, 7,4 млн ауылда тұрады. Халық ең көп шоғырланған аймақтарға: Алматы қаласы (2,2 млн), Түркістан облысы (2,1 млн), Астана қаласы (1,5 млн), Алматы облысы (1,5 млн), Алматы облысы (1,5 млн), Шымкент қаласы (1,2 млн), Жамбыл облысы (1,2 млн) Қарағанды (1,1 млн) облысы жатады.
Алғашқы жеті айда орташа республикалық деңгейден жоғары өсім тек бес аймақта байқалған: Астана, Шымкент, Алматы, Алматы және Маңғыстау облыстары. Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қызылорда облыстарында орташа республикалық деңгейден төмен өсім болған. Қалған аймақтарда халық санының азаюы сезіледі. Алғашқы алты айда мұндай құбылыс әсіресе Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында байқалған.
Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың табиғи азаюы байқалған: мұнда өлім көрсеткіші туу көрсеткішінен асып түсті. Қалған аймақтарда халықтың табиғи өсімі байқалды.
ПІКІРЛЕР