Accessibility links

Жоғарғы соттан Матаевтардың жазасын жеңілдетуді сұрады


Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаев сотта тұр. Астана, 2016 жылдың тамызы.
Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаев сотта тұр. Астана, 2016 жылдың тамызы.

Астанада жаңадан құрылған "Қазақстан медиа альянсы" сотталған журналистер, әкелі-балалы Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың жазасын жұмсартуды сұрап, Жоғарғы сотқа үндеу жасады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, құрылтайға қатысқандар атынан Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиге жасалған үндеуде бір жарым жылдан аса уақыт қамауда отырған Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыруды сұрайды.

Белгілі журналист, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бір жарым жылдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Біз оның қылмыстық ісі мен тергеу барысында алынғандар негізінде шығарылған сот үкіміне баға бермей, Сейітқазы және Әсет Матаевтарды колонияға жабу жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен алмастыру мәселесін қарауыңызды сұраймыз" делінген үндеуде.

Үндеу авторлары Сейітқазы Матаевтың белгілі журналист, қоғам қайраткері екенін айтып, оның қоғамға еш қауіп төндірмейтінін жеткізеді. Олардың пікірінше, халықаралық қауымдастық назарына іліккен "Матаевтар ісі" Қазақстан беделінің нығаюына көмектеспейді.

Үндеу жолдағандар Сейітқазы Матаевтың жазасы бас бостандығын шектеу түрімен алмастырылса, Матаев "тиісті, қажетті ем-дом ала алатынын" айтады.

Қазанның 3-і күні Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

"Қазақстан Медиа Альянсының" құрамына Қазақстанның БАҚ, PR басшылары, белгілі журналистер мен блогерлер, медиабизнес, жарнама және баспасөз саласының өкілдері кіреді.

XS
SM
MD
LG