Accessibility links

Бизнесмен Мұратхан Тоқмади үш жылға сотталды


Мұратхан Тоқмади (оң жақта) "Almaty Triathlon 2015" жарысына қатысып жатқан сәт
Мұратхан Тоқмади (оң жақта) "Almaty Triathlon 2015" жарысына қатысып жатқан сәт

Қамаудағы бизнесмен, "КазСтройСтекло" зауытының басшысы Мұратхан Тоқмадиге сот үкім шығарды. Алматы қалалық сотының бейсенбіде хабарлауынша, 10 қазан күні Алмалы аудандық соты Тоқмадиді Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы ("ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау"), 287-бабының 4-тармағы ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша айыпты деп танып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сот Тоқмадидің ісі "ашық түрде қаралғанын" айтады.

Сот мәліметі бойынша, Тоқмади сотқа дейінгі тергеуде "кінәсін мойындайтынын" білдіріп, ол туралы прокурормен процессуалдық келісім жасасқан. "Процессуалдық келісім бойынша, сотталушы тағылған айыпқа қарсы болмай, келісім жасауға ниетті екенін білдірді. Жәбірленуші оның ұйғарымымен келісті" делінген сот хабарламасында.

Келісім жасасқан соң прокурорлар мен Тоқмади өзіне тағылған баптар бойынша Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлімін ("Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау" қолданып, жиынтық жаза тағайындауды сұраған.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.

"КазСтройСтекло" зауытының басшысы, 51 жастағы Мұратхан Тоқмади 12 маусым күні таңертең "ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалады" деген күдікпен ұсталған. Алмалы аудандық соты Тоқмадиді екі ай мерзімге қамауға санкция шығарып, тамыздың басында ол тағы екі айға ұзартылған.

Ресми мәлімет бойынша, Тоқмади "2005 жылы аты-жөні анықталмаған адамдармен сөз байласып, "Семрюжком" фирмасы мен "КазСтройСтекло" құрылтайшысына күш көрсету арқылы бопса жасап, аталған кәсіпорындардағы жарғылық капиталының үлесін иеленген".

Мұратхан Тоқмадидің әйелі Жәмилә Айымбетова-Тоқмади бұған дейін күйеуіне тағылған айыпты "жалған" деп атап, Facebook-те күйеуінің атынан мәлімдеме жасаған.

Бұған дейін Алматы прокуратурасы Тоқмадидің адвокаттары Әлімжан Оралбай мен Жохар Өтебеков 29 және 31 тамызда "қылмыстық іске қатысты мәліметті жариялаған соң" қылмыстық іске қатысудан шеттетілгенін хабарлаған болатын. Өтебеков Facebook-те әріптесі Әлімжан Оралбаймен бірге Тоқмадидің ісінен шеттетілгеніне байланысты прокуратураға шағымданғанын хабарлаған.

Алматы прокуратурасы Өтебеков пен Оралбай қылмыстық істен шеттетілгеннен бері Тоқмадидің мүддесін адвокат Э.Сұлтанов қорғағанын, бірақ 7 қыркүйекте Тоқмадидің ол адвокаттан бас тартқанын хабарлаған.

"КазСтройСтекло" компаниясы Алматыдағы Республика сарайын жаңартуға, шаңғы трамплиндері кешені құрылысына қатысқан, бірнеше ірі сауда-ойын-сауық кешендері мен қонақүйлерді, "Нұрлы тау" бизнес-орталығын, бірқатар тұрғын үй кешендерін әйнекпен қаптаған. Компания 2008 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін «"ң үздік өндірістік кәсіпорын" номинациясы бойынша Қазақстан президенті сыйлығын алған. Тоқмадидің компаниясы Астанадағы EXPO көрме кешені территориясындағы "Ехро 2017 Сферасы" нысанын (Қазақстан павильоны сол жерде орналасқан) салуға да қатысқан.

XS
SM
MD
LG