Accessibility links

Тоқмадидің әйелі күйеуіне тағылған айыпты "жалған" деп атады


Мұратхан Тоқмади (сол жақта) Almaty Triathlon жарысы жеңімпаздарын марапаттау кезінде.
Мұратхан Тоқмади (сол жақта) Almaty Triathlon жарысы жеңімпаздарын марапаттау кезінде.

"КазСтройСтекло" зауытының иесі, өткен аптада қамалған Мұратхан Тоқмадидің әйелі Жәмилә Айымбетова-Тоқмади Facebook-те күйеуінің атынан мәлімдеме жасады. Журналист әрі баспагер Жәмилә Айымбетова-Тоқмади БАҚ-та күйеуінің атына айтылып жатқан "қылмыстық топ құрды, бұрынғы жоғары шенді адамдармен байланысы бар" деген айыптаулардың" жала жабу" екенін жазды. Ол Мұратхан Тоқмадидің БТА Банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевты танымайтынын және сөйлеспегенін айтады.

"Ол ешқашан тапсырыспен кісі өлтірткен емес немесе басқа да ауыр қылмыс жасамаған. Бұл жалғандықты дәлелдейтін ешқандай факт жоқ. Ол қашан да тек бизнесімен айналысқан. Оны қандай да бір саяси процестерге таңу орынсыз" деп жазды Жәмилә Айымбетова-Тоқмади күйеуі туралы.

Әйелінің ұйғарымынша, 12 мусымда болған тінту кезінде оқиға орнында қандай да бір БАҚ өкілдері болмаған. Бірақ сол күні қазақстандық телеарналардың кешкілік жаңалықтарында тінту кезінде түсірілген кадрлар көрсетіліп, журналистер "дәйексіз ақпараттар бере бастаған".

Мұратхан Тоқмади 12 маусымда Алматыда күш құрылымдары жүргізген "арнайы операцияда" ұсталып, кейін сот санкциясымен екі айға қамалған. Тоқмади Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("ірі көлемдегі мүлікті иелену мақсатымен бопсалау") күдікке ілінген.

"КазСтройСтекло" компаниясы Алматыдағы Республика сарайын жаңартуға, шаңғы трамплиндері кешені құрылысына қатысқан, бірнеше ірі сауда-ойын-сауық кешендері мен қонақүйлерді, "Нұрлы тау" бизнес-орталығын, бірқатар тұрғын үй кешендерін әйнекпен қаптаған. Компания 2008 жылы сапа саласындағы жетістіктері үшін «Ең үздік өндірістік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан президенті сыйлығын алған. Тоқмадидің компаниясы Астанадағы EXPO көрме кешені территориясындағы "Ехро 2017 Сферасы" нысанын (Қазақстан павильоны сол жерде орналасқан) салуға да қатысқан.

XS
SM
MD
LG