Accessibility links

Минскіде оппозиция акцияларында жүздеген адамды ұстаған


Милиция қызметкерлері наразылық акциясына қатысушыны әкетіп барады. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.
Милиция қызметкерлері наразылық акциясына қатысушыны әкетіп барады. Минск, 25 наурыз 2017 жыл.

Минскіде сенбі күні оппозициялық наразылық акцияларында милиция жүздеген адамды ұстады деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі. Бұл демонстранциялар биліктің рұқсатынсыз өткен.

Наразылық акциясы «Ерік күні» - Беларусь халық республикасы құрылғанына 99 жыл толуына орайластырылған. «Ерік күні» жыл сайын атап өтіледі, бірақ биыл бүкіл ел көлемінде акцияларға үкіметтен жұмыссыз азаматтар үшін енгізілген «арамтамақ салығын» жоюды талап ету басты назарға алынып отыр.

Билік ұсталғандар туралы мәлімет бермейтіндіктен ұсталғандардың нақты саны беймәлім. Милицияның жиырмадан астам журналисті, солардың арасында шетелдіктерді де ұстағаны ғана белгілі. «Вясна» құқық қорғау тобының кеңсесінде тінту жүргізіп, ол жерден 57 адамды ұстаған.

Минкідегі ғылым академиясы маңында адамдарды жаппай ұстаған, сондай-ақ орталыққа өте алмаған соң Калинин ескерткіші жанына жиналғандарды да ұстап әкеткен. Ұсталған белсенділерді милиция бөлімшелеріне жеткізген, оларға «рұқсат етілмеген акцияға қатысу» және «құқық органдары қызметкерлеріне қарсылық көрсету» айыптары тағылуы мүмкін.

Беларусьте жұмыссыз азаматтарды мемлекетке жыл сайын 200 еуроға жуық салық төлеуге міндеттейтін «арамтамақтық» туралы заңға қарсылық шерулері ақпан айынан бері жалғасып келеді. Содан бері жүзден астам адам ұсталған. Наразылар биліктен аталған салық түрін жоюды талап етеді.

XS
SM
MD
LG