ЖАҢАЛЫҚТАР
Трамп: NBC News құпия деректерді қалай алғаны тексерілсін

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп NBC News телеарнасының хабарында баяндалған деректер бойынша парламенттік тексеру жүргізуге шақырды. Әңгіме АҚШ-тағы президенттік сайлауға ықпал ету мақсатымен жасалған кибершабуылға ресейлік хакерлердің қатысы туралы АҚШ барлауының жария болған баяндамасындағы бұған дейін құпия саналған деректер жөнінде болып отыр.
Трамп бұл туралы мәлімдемесін қаңтардың 6-сы күні, аталаған баяндама мазмұнын талқылау үшін АҚШ арнайы қызметтері басшыларымен өзі алдын ала жоспарлаған кездесуден бірнеше сағат бұрын жасаған.
"Аса құпия ақпарат мен әлі онымен таныспас бұрын NBC телеарнасында қалай пайда болғанын тексеруді өкілдер палатасы мен сенат комитеттері жетекшілерінен сұраймын" деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісінде.
Конгрестегі демократтар мен республикашылар жетекшілері әзірше Трампқа жауап берген жоқ. Бұған дейін Конгресс мүшелерінің көпшілігі америкалық саяси ұйымдардың серверлерінен электронды хат-хабарларды Ресей үкіметінің қолдауына сүйенген хакерлер ұрлағаны туралы АҚШ барлау қызметінің жасаған тұжырымын қолдаған болатын. Трамп мұндай тұжырым өз көңіліне қонбайтыны туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.
Жұма күні АҚШ-та былтыр қарашада болған президент сайлауының нәтижелерін ресми бекіту рәсімі өтті. Сол сайлаудан жеңіске жеткен Дональд Трамп қаңтардың 20-сы күні АҚШ президенті ретінде ант бергеннен кейін қызметіне ресми түрде кіріспек.
Басқа да жаңалықтар
Иран портындағы жарылыстан қаза болғандар 25 адамға жетті. 1100-ден астамы жараланды

Иранның оңтүстігіндегі Шахид-Раджаи портында болған жарылыстан қаза болғандар 25 адамға жетті, 1139 адам жараланды деп жазды IRNA агенттігі. Порт орналасқан Хормозган провинциясында үш күндік қаралы күн жарияланды.
Қуатты жарылыс сенбі күні болған, сол аумақтағы аудандар мен кейбір өнеркәсіп кәсіпорындары зардап шеккен. Иранның ақпарат құралдарының жазуынша, жарылыстың нәтижесінде бірнеше шақырым жердегі ғимараттардың терезелері шағылған.
Дағдарыс жағдайын басқару бойынша ұйым өкілі Хоссейн Зафаридің сөзінше, жарылысқа контейнерлерде химикаттардың дұрыс сақталмауы себеп болған. Алайда иран үкіметінің өкілі жарылысқа химиялық заттар себеп болғанмен әзірге нақты себебін анықтау мүмкін болмай тұр деп айтқан.
Бұған дейін порттың кеден өкілдері жүкшілерді осы аумақтан эвакуациялайтынын және жарылыс болған контейнер аумағында "қауіпті жүк пен химикаттар" болғанын айтқан.
Жексенбі күні Tasnim агенттігі портта жанып жатқан контейнерлерден кадрлар жариялады.
- Стратегиялық Ормуз бұғазына жақын орналасқан Шахид-Раджаи порты Ирандағы ең ірі контейнерлер тораптарының бірі және елге келетін жүк контейнерлерінің көбін реттейді.
Трамп Римде Зеленскиймен кездесіп, ізінше Путинді сынады

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамп Римде қысқа кездесу өткізді. Олар Италияға Рим папасы Францискімен қоштасу рәсіміне барған еді. Келіссөз әулие Петр соборында болды. Бұл жөнінде Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров хабарлады.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак кездесуден бір сурет жариялап "конструктивті" деп жазып қойған. Екі басшы 28 ақпанда Ақ үйде дауласқаннан кейін алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр. Сол кезде Киев пен Вашингтон сирек металл туралы келісімге қол қоюды жоспарлаған, алайда бұл болған жоқ.
Ақ үйдің өкілі Стивен Чунг келіссөздің өнімді өткенін айтқанмен жай-жапсарына тоқталған жоқ.
Бастапқыда екі басшы азалы жиын өткеннен кейін тағы бір рет кездесу өткізетіні хабарланған, кейін Зеленскийдің кеңсесі "басшылардың тығыз кестесіне байланысты" кездесу өтпейтінін айтты.
Зеленский келіссөзді "тарихи деп атау мүмкіндігіне лайық" әңгіме деп атады. Украина президенті азаматтарды қорғау және атысты тұтас тоқтату мәселесі талқыланғанын атап өтті. Ол Трампқа алғыс айтқан.
Бұған дейін Трамп Украина мен Ресей арасында бейбітшілік келісіміне жақын арада қол қойылатындығына сенімді екенін мәлімдеген. Жуырда оның арнайы уәкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен кездескен.
Зеленскиймен келіссөзден кейін Трамп Ресей президентін тағы сынады. Truth Social желісінде ол өзі жөнінде Ресейге тиімді саясат жүргізіп отыр деп жазған The New York Times мақаласына шүйлікті.
Трамп жазбасының соңында "Путиннің соңғы күндері бейбіт аудандар, қалалар мен ауылдарды зымыранмен атқылауына еш негіз жоқ еді. Бұл бәлкім, ол соғысты аяқтағысы келмей, әншейін мені алдаусыратқысы келе ме деген ойға жетелейді. Мүмкін, онымен басқаша сөйлесу керек шығар? "Банктік шаралар" немесе "жанама санкция" енгізу арқылы. Тым көп адам өліп жатыр" деп жазды Трамп.
Кейінгі күндері Трамп осымен Путинді сынап екінші жазба жариялап отыр. 24 сәуірде Ресей әскерінің Киевке жаппай соққысынан кейін АҚШ президенті Ресей басшысын атысты тоқтатуға шақырған.
Ал Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Уиткоффпен кездесу кезінде Путин Украинамен ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдегенін айтты. Песковтің сөзінше Путин мұны "талай айтқан".
Журналист прокуратурадан Тоқаевтың сөзіне реакция білдірген белсендінің жазбасын тексеруді сұрады

Журналист Айбар Олжаев бас прокуратурадан тараздық белсенді Жанна Папинаның президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен кейін жариялаған жазбасында ұлтаралық алауыздық қоздыру белгілері бар-жоғын тексеруді сұрады. Бұл мәселеге бірінші болып ҚазТАГ агенттігі назар аударды.
"ҚР бас прокуратурасына Қылмыстық кодексі 174 бабы бойынша алдын-ала тергеу жұмыстарын өткізу бойынша арыз берілді" деп жазды Айбар Олжаев сенбі күні Threads желісінде.
Скриншотқа қарағанда арыз тіркелген.
Бұған дейін Папина Facebook-тағы парақшасында "нацики, идите, поплачьте в степи" (нацистер, барып далада жылап алыңыздар...) деп пост жариялаған еді. Ол өзінің жазбасына Тоқаевтың "ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды" деген сөзінен үзінді келтіріп, президенттің суретін де жариялап қойған.
"Біз заң мен құқықтық тәртіп қағидасы үстемдік ететін ел мен қоғам құрып жатырмыз. Еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіруге бағытталған кез келген арандатушылық қазір ерекше қауіпті. Мұндай арандатушылықтармен бүкіл қоғам болып күресу керек" деп жазды Айбар Олжаев. Оның жазбасынан ҚазТАГ үзінді келтіреді.
24 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды, тілді ту еткен арандатушылар бар» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ол қоғамды жікшілдікке апаратын кез келген арандату әрекеті жазаланатынын айтқан. Тоқаев "шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар" туралы да айтқан.
Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс тоқтамады

Үндістан мен Пәкістан әскері Джамму мен Кашмирдегі бақылау шекара сызығында атысып жатқанына екі күн болды деп жазды Reuters агенттігі.
Үндістан әскерінің хабарлауынша, сарбаздар пәкістандық әскердің жарым түнде атқан оғына жауап берген. Зардап шеккендер жөнінде ақпарат хабарланбады.
22 сәуірде Үндістан бақылауындағы Кашмирдің бір бөлігінде туристерге қарулы шабуыл жасалғаннан кейін Үндістан мен Пәкістан арасы күрт ушыққан. Жауапкершілікті аса танымал емес сепаратистік топ мойнына алды. Үндістан теракт ретінде сипаттаған шабуылдан 26 адам қаза болған. Шабуылдаушы үш адамның екеуінде Пәкістан азаматтығы бары айтылды.
Қарулы шабуылдың ертесінде Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген барлық визаның күшін жойған. Бұған қоса, Үндістан Пәкістанмен жалғыз шекара өткелін жауып, Үнді өзенінің су ресурсын пайдалану туралы келісімді үзді. Бұл келісім 1960 жылы жасалған және Үндістан мен Пәкістан өзара соғысып жатқанына қарамастан күшінде қалған еді.
Пәкістан билігі бейсенбі күні Үндістан азаматтарының визаларының күшін жойды. Одан бөлек, бейсенбі күні үнді әуе компанияларына әуе кеңістігін жауып, Үндістанмен кез келген сауда қарым-қатынасын тоқтатынын мәлімдеді. Бұған қоса, бірқатар үнді дипломаттары елден шығарылмақ.
- Үнді түбегінде британ билігі аяқталған соң Пәкістан мен Үндістан екіге жарылған 1947 жылдан бері екі мемлекет Кашмир аймағы үшін таласып келеді. Екі ел де оны өз жері деп санайды. Кашмирдің үнділік бөлігіндегі сепаратистік топтар аталған аумақ Пәкістан бақылауында болуы керек деп санайды.
"Важные истории": ЦРУ төрағасы орынбасарының 21 жастағы ұлы Украинадағы соғыста қаза болды. Ол Ресей әскері жағында болған

АҚШ барлау басқармасы (ЦРУ) төрағасының орынбасарының 21 жастағы ұлы Майкл Глосс Украинадағы соғыста қаза болды, ол Ресей жағында соғысқан деп жазды "Важные истории".
Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа Глосс 2023 жылы күзде қол қойған. Зерттеушілердің сөзінше, ол туралы мәлімет бірыңғай медициналық ақпараттық-сараптамалық жүйеде пайда болған. Оның мекенжайы ретінде Мәскеудің Яблочков көшесіндегі әскери пункт көрсетілген.
Келісімшартқа қол қойғаннан кейін екі аптада Глосс Мәскеу түбіндегі "Авангард" жаттықтыру орталығында әскери дайындықтан өткен. Кейін оны Рязандағы 41450 әскери бөліміне қарасты 137-полкқа ауыстырған. Зерттеушілердің сөзінше, соғысқа Майкл Глосс 2023 жылы желтоқсанда кеткен.
"Егер қателеспесем, оны дайындықтан кейін штурмдық отрядқа жіберді" деді оны жақсы білетін ресейлік. Ол да рязандық 137-полкта әскери қызметте болған.
Глосс телеграм желісіне соңғы рет 2024 жылы 14 наурызда кірген. Екі аптадан соң 137-полк Украинаның Донецк облысындағы украин бекіністеріне шабуылдаған. Некрологқа қарағанда, ол 2024 жылы 4 сәуірде қаза болған. Онда оның неден қайтыс болғаны жазылмаған, тек "әлемді аралап, саяхатқа кеткенге дейін" ол "қысқа әрі жарқын өмір сүрді" деп жазылған.
Глосс чаттардың бірінде әскерге Ресей азаматтығын алу үшін барғанын жазған. Ресей азаматтығы оған өмірлік мақсатына жету үшін – "экологиялық ластану мен сонымен байланысты ауру, өлім-жітіммен күрес үшін" қажет болған.
Майкл Глосс — ЦРУ директорының цифрлық инновациялар жөніндегі орынбасары Джулиан Галлина Глосс пен Ирак соғысының ардагері Ларри Глосстың ұлы. Ларри Глосс АҚШ пен НАТО елдерінің әскеріне қауіпсіз программалық жабдықтау жасаумен айналысады. Майкл еркін өнер College of the Atlantic колледжінде оқып, климат бойынша наразылықтарға және түсікке тыйым салу митингтеріне қатысқан. 2023 жылы ол колледжді аяқтамай әлемді саяхаттауға кеткен. Атап айтқанда, Түркияға барып, жер сілкінісінен кейін үйінділерді тазартуға көмектескен. 2023 жылы тамызда ол чаттардың бірінде Владикавказда екенін жазған.
Украинадағы соғыста қаза болған 105 мыңға жуық ресейлік әскери қызметкердің аты-жөні анықталды

Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері осы күнге дейін кемінде 105 мыңға жуық ресейлік әскери қызметкер қаза болған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазонаның еріктілермен бірігіп жүргізген зерттеуінде айтылады.
Зерттеушілер ашық дереккөздер мен әлеуметтік желідегі жазбалар, ресми некрологтар мен биліктің хабарламаларына сүйене отырып, соғыста қаза болған 104 763 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Бес мыңға жуығы – офицерлер. Адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал.
11 сәуірден бері BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазона жариялаған қаза болғандардың саны 2800-ге ұлғайған.
Бұған дейін қаралған және қазір қаралып жатқан мұрагерлік істердің саны және соңғы үш жылдағы ерлер арасындағы артық өлім-жітім туралы деректерге негізделген есептеулерге сүйенген "Медиазона" Ресей армиясының Украинадағы соғыстағы шығыны қазір кемінде 165 мың адам деп түйіндейді.
Әдеттегідей еріктілер арасында адам шығыны (шамамен 26 мың адам немесе қаза болғандардың жалпы санының төрттен бірі) көп. Екінші орында түрме тұтқындары (16,5 мың немесе қаза болғандардың шамамен 16 пайыз) тұр. Үшінші орында – мобилизацияланғандар (12 мың немесе 11,5%)
"Медиазона" өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің бір тәуліктен астам уақытқа созылған "пасхалық бітім" жариялағанын еске салды. Украина сәйкесінше атысты тоқтататынын айтқан. Бірақ көп ұзамай тараптар бір-бірін атысты тоқтату туралы режимді бұзды деп айыптаған. Некрологтардың кешігіп жариялануына байланысты зерттеушілер әзірге бітім кезіндегі қаза болғандар санын анықтай алмады.
Ушаков: Путин және Уиткофф Ресей мен Украинаның тіке келіссөзін талқылады

Ресей президенті Владимира Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың кездесуі кезінде Мәскеу мен Киев арасында тіке келіссөзді қалпына келтіру мәселесі сөз болды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге осылай деп мәлімдеді.
Ушаковтың сөзінше, Кремльдегі кездесу шамамен үш сағатқа созылған және келіссөз АҚШ пен Ресейді "тек Украина ғана емес", сонымен бірге "өзге де халықаралық мәселе бойынша ұстанымдарын жақындатуға мүмкіндік берген".
Ушаковтың сөзінше, Мәскеу мен Вашингтон арасындағы диалог одан әрі қарай түрлі деңгейде жалғасын таппақ.
Америка жағы Путин мен Уиткофф келіссөзіне түсініктеме бермеді.
Соңғы 2.5 ай ішінде Уиткофф Ресейге осымен төртінші рет барып отыр. Ол Мәскеуге екі рет - 11 ақпан және 13 наурызда барған, 11 сәуірде Санкт-Петербургте болды.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін оның әкімшілігі атысты тезірек аяқтап, Мәскеу мен Киевпен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында Мәскеу келісімге дайын деп мәлімдеген, бірақ кейбір пунктілер "нақты реттеуді" талап етеді деп айтқан, бірақ жай-жапсарын айтпаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Украинаға Қырым мен аннексияланған төрт аймақтан бас тарту және НАТО-ға мүшеліктен қол үзу сияқты талап қойған Ресей қазіргі майдан сызығында соғысты тоқтатуға келісуі мүмкін.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада Лондондағы кездесуден кейін соғысты аяқтау бойынша жаңа құжат әзірленіп, ол Трампқа берілгендігін айтты. Зеленскийдің сөзінше, бейбіт келісім әсіресе территориялық тұтастық мәселесінде Украина Конституциясына қайшы болмауы керек.
Бұған дейін Трамп Қырымды Ресей жері деп танудан үзілді-кесілді бас тартқан Зеленскийді бейбітшілік келіссөзіне кедергі келтірді деп айыптаған. АҚШ соғысты реттеу бойынша жоспарының жай-жапсарын айтқан жоқ, алайда CNN мәліметінше, Еуроодақ өкілдері Украинаны территориясының біраз бөлігін Ресейге беруге мәжбүрлеуі мүмкін екендігіне алаңдап отыр.
Мәскеу түбінде көлік жарылды. Ресейлік генерал қаза болғаны хабарланды

Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында 25 сәуір таңертең көлік жарылды. Бұл жөнінде Baza және өзге де телеграм-арналары хабарлады. Кемінде бір адам қаза болғаны белгілі. Телеграм-арналардың жазуынша, Ресей қарулы күштерінің генералы Ярослав Москалик опат болған.
Ресей тергеу комитеті генерал Москаликтің қазасын растады. Ведомство хабарламасында ол Ресей қарулы күштерінің бас жедел басқармасы төрағасының орынбасары болғаны жазылған. Оның генерал-лейтенант атағы болған.
Комитет өкілдері Балашихадағы көліктің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, құрылғының қуаттылығы тротил эквивалентімен алғанда 300 грамнан астам жарылғыш зат болған. Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әдетте мұндай істерді терактіге балайды.
Көліктің жарылған сәті видеоға түсіп қалған.
Дереккөзге сүйенген Baza көліктің жанынан бір ер адам өтіп жатқан кезде жарылыс болғанын жазды. Ол қаза болған.
Генерал Москаликтің аты-жөні 2021 жылы ТАСС агенттігінің хабарламаларында аталған.
Журналист Олег Кашиннің айтуынша, 2015 жылы Москалик Ресей мен Украина арасында норман форматындағы келіссөздерге қатысқан. Ол 2019 жылы Владимир Зеленский қатысқан осы форматтағы ең соңғы келіссөзге де қатысқан. Москалик сонымен бірге 2018 жылы Сирияның сол кездегі президенті Башар Асадпен келіссөздерге де араласқан. Оның Украинадағы соғысқа қатысқаны-қатыспағаны белгісіз.
ЧТД телеграм-арнасының жазуынша, генерал Москалик ресми түрде Мәскеуде тіркелгенмен жарылыс болған Балашихадағы Нестеров гүлзарында тұрған.
Кей ақпаратқа қарағанда, көлік ішінде тағы бір адам болған, ол да қаза болған. Бұл ақпарат әзірге расталмады.
2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде өз үйінің подъезінде жарылыстың салдарынан Ресей қарулы күштерінің радиация, химия және биологиялық қорғау әскерінің бастығы генерал Игорь Кириллов мерт болған еді. Украина арнайы қызметіндегі дереккөздер сол кезде бұл олардың операциясы екенін мәлімдеген. Украина жағы генерал Москаликтің ықтимал қазасына қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ресейлік БАҚ Қырғызстанда "тұрғындарды соғысқа тарту ісі" аясында саяси технолог ұсталғанын хабарлады

Қырғызстанда "жалдамалыларды соғысқа тарту ісі" аясында Виктор Васильев ұсталды деп хабарлады ресейлік БАҚ. Зерттеушілердің сөзінше, Васильевтің телеграм-арнасы "ЧВК Вагнердің" негізін қалаған Евгений Пригожиннің "арналар желісінің" бір бөлігі болған. Васильевтің өзі Ресей әскери барлау қызметіне қатысы болуы мүмкін.
Қырғызстанда "жалдамыларды соғысқа тарту ісі" бойынша төрт адам ұсталған. Азаттықтың Қырғыз қызметі екеуінің аты-жөнін анықтаған еді – Оштағы "Орыс үйі" бөлімшесінің қызметкері Наталья Секерина және Ош мэриясының баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин. Қалған екеуінің аты-жөні белгісіз болып келген. Тек аты-жөндерінің бастапқы әріптері ғана белгілі болған: C.В.Т және В.В.А.
Дегенмен дереккөздерге сүйенген EADaily басылымы ұсталған үшінші адам – "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасының авторы Виктор Васильев екенін жазды. "Комсомольская правда" газетінің тілшісі Эдвард Чесноков та Васильевтің ұсталғанын хабарлады. Ол Васильевті "африканист" және "саясаттанушы" деп атады. Regnum-ның жазуынша, ол агенттіктің шолаушысы болған.
Қырғызстан билігі Васильевтің ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Виктор Александрович Васильевтің аты-жөні "Досье" жобасының бірнеше зерттеулерінде аталады. 2018 жылға дейін оның тегі Луковенко болған. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі "Русский вердикт" белсендісі болған. 2011 жылы "Орыс маршы" өткен күні 58 жастағы шетел азаматын өлтіргені үшін қатаң режимдегі түрмеге кесілген. Бес жылдан соң Луковенко шартты түрде босап шығады.
The Insider мәліметінше, түрмеден босап шыққан Васильев–Луковенко Африкада "пайда болады", 2019 жылдан бері "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасын жүргізе бастаған. Журналистердің сөзінше, бұл арна Пригожин бірнеше жыл бойы құрған "арналар желісінің" бір бөлігі болған.
Васильев-Луковенко сонымен бірге Ресей қарулы күштеріне қарасты бас барлау басқармасы жетекшілік еткен "Русско-украинская радикальная инициатива" жобасының негізін қалаған. Осы жоба аясында бірнеше "украиншыл арналар" құрылған. Олардың ең ірілері – iній және iнша країна. Алғашқысы "халыққа қару-жарақ тарақаннан кейін бейбіт украин азаматтарының өлімі" туралы жаңалық тартып, жерді қорғауды, Украина қарулы күштерін сынаған. "Осының барлығы украиндардың моральдық рухын сындыру үшін жасалған" деп жазды "Досье".
Шыңжаң бойынша сарапшы өзін Қазақстанға кіргізбей қойғанын хабарлады

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы түркітілді мұсылмандардың қудалануын зерттеп жүрген даниялық сарапшы Рун Стинберг өзін Қазақстан аумағына кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Оқиға осы айда бұдан сәл ертерек болған.
Стинберг бұған дейін Қазақстанда талай рет болып, Шыңжаңдағы қуғын туралы деректі фильмі үшін Алматыда Қытайда тұрған қазақтардан сұхбат алған еді.
Алайда 12 сәуірде кешке ол Қордайдағы "Ақ жол" өткізу пунктінен Қазақстан жаққа қарай өте алмаған.
"Қырғыз жағының өткізу пунктінен ойдағыдай өттім. Қазақстан жағына жеткенде менің төлқұжатымды тартып алып, өзімді суретке түсірді. Олар әдеттегідей штамп қояды деп ойлаған едім. Мен бұл жерден талай рет өткенмін және соңғы рет қаңтарда болған едім. Бірақ шекарашылар экранға қарады да, әріптесімен сөйлесті де, маған кіруге тыйым салынғанын айтты. Себебін сұрап едім, басқа ақпарат жоқ деді. Бұл менің Қытай бойынша жүргізген зерттеулеріммен байланысты деп ойлаймын" деді Рун Стинберг Азат Еуропа/Азаттық радиосына.
25 сәуірде Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабекова "бұл бойынша ақпарат жоқ, ресми сауал жолдаңыз" деп қысқа қайырды.
Стинберг Чехияның Оломоуц қаласындағы Палацк университетіне қатысты бар зерттеуші. Кейінгі жылы ол Орталық Азиядағы Америка университетінде сабақ беріп, ғылыми зерттеулермен айналысқан. Ол – Еуропаның бірнеше университеті қатысатын халықаралық Remote Ethnography of Xinjiang Uyghur Autonomous Region (Шыңжаң ұйғыр автономия өлкесінің қашықтағы этнографиясы) зерттеу жобасы жетекшілерінің бірі. Жобаның сайтындағы мәліметке қарағанда, ол "жергілікті аумақтағы дала жұмыстарына жүгінбей-ақ, қолда бар дереккөздерге сүйене отырып, аймақтағы соңғы онжылдықтағы жағдай мен оқиғаларды зерттеу үшін қашықтағы этнография әдістерін" пайдаланады.
Стинбергтің сөзінше, ол шамамен 1,5 жыл бұрын Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап еткен наразылардың акциясын түсірген кезде құжаттарын полиция тексерген.
2021 жылы қыркүйекте Қазақстан Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген өзге зерттеуші, "Шыңжаң құрандары" (Xinjiang Victims) дерекқорының үйлестірушісі Джин Бунинді елге кіргізбеген еді.
"Мәскеудегі алаңда өзбекше жазу пайда болса, ойланамыз" Өзбек депутаты Лавровтың ескертуіне жауап берді

Өзбекстан парламентінің депутаты Одилжон Тожиев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың тіл туралы ескертпесіне жауап берді.
Сәуірдің 22-23-і күндері Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштердің біріне "орысша жазу қажеттігін" мәлімдеген еді. Оның бұл сөзі қызу талқыланды.
"Шет тілін жасанды түрде таңу сүйіспеншілік емес, қарама-қайшы көзқарас тудырады. Оның үстіне күштеп құрметтете алмайсың, ол өзінен-өзі келеді. Егер Мәскеудің бас алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, бәлкім, сол кезде ойланып көрерміз" деді өзбек депутаты Одилжон Тожиев.
Самарқанда "Азалы ана" мемориалында "Сен әрқашан менің жүрегімдесің" деген сөз өзбек және ағылшын тілдерінде (You are always in our heart, my dear) жазылған.
Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров сол мемориалда неге орысша жазу жоқ екенін сұраған. Оның сөзінен Азаттықтың Өзбек қызметі мысал келтіреді.
"Ағылшындар мұнда қалай келген? Қараймын, ағылшынша жазу", – деді Лавров экскурсия жетекшісіне қайырылып.
"Мұнда барлық тілде жазылған. Туризм қаласы" деді экскурсия жетекшісі.
"Орысшасын көріп тұрған жоқпын" деді Лавров.
Лавровтың жанында тұрған Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов әңгімеге араласқан жоқ.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Лавровтың "Азалы ана" монументіндегі "наразылығына" қатысты түсініктеме берген жоқ деп жазды басылым.
Өзбекстанда тіл мәселесі ара-тұра көтеріліп тұрады. Өзбекстан Конституциясы өзбек тілін мемлекеттік тіл деп таниды, бірақ орыс тіліне ешқандай мәртебе бермейді. Бірақ Өзбекстан Конституциясы орыс тілінің дамуы мен еркін қолданылуына кепілдік береді.
Бұған дейін өзбек тілін қорғаған ректор Кремльдің "қаһарына ілінген". Шерзодхон Қудратқожа ақпарат құралына берген сұхбатында мемлекеттік тілді білмейтін өзбектер туралы айтқан кезде Карл Маркстың сөзінен үзінді келтіріп, өзі тұратын елдің тілін білмеген адам не оккупант немесе ақымақ деп айтқан еді.
Өзбекстан парламенті төрағасының орынбасары, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров орыс тілін білім беруде, теледидарда және басқа да салаларда қолдану мәселесін қайта қарауды ұсынған. Мұндай мәлімдемелерді ресейлік БАҚ сынаған.
Самарқандағы келіссөз нәтижесінде Өзбекстан және Ресей сыртқы істер министрлері бірқатар мәлімдеме жасаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, өз мәлімдемесінде Лавров Мәскеу "Мәскеу Еуроодақтың Орталық Азияда үстем жағдайға жету талпыныстарына қарсы екенін" жеткізген.
Ресеймен өзін алшақ ұстауға тырысқан Ислам Каримовқа қарағанда Шавкат Мирзиев билікке келгеннен кейін Мәскеуге жақындау бойынша бірқатар қадам жасаған. Ол Ташкентте "Жеңіс саябағын" ашып, советтік символикаларды қайтарған.
БҰҰ: Беларусьте 2020 жылдан бері ондаған билік сыншысын күштеп психиатрия емханасына жатқызған

Беларусьте 2020 жылдан бері кемінде 33 адамды билікпен келіспегені үшін күштеп психиатрия емханасына жатқызған. Бұл жөнінде БҰҰ Адам құқығы сарапшыларының үндеуіне сүйенген Настоящее время жазды.
Үндеу авторларының мәліметінше, 33 адамның 8-і босатылған. Кемінде 25 адаммен байланыс мүлде үзілген. Қазіргі кезде олардың тағдыры белгісіз.
Сарапшылар Беларусь билігін оларды дереу адвокатпен және тиімді құқықтық тетіктермен қамтамасыз етуге шақырды. Осылайша оларға бостандықты айыру туралы шешімді даулауға мүмкіндік беруге үндеді.
Үндеуде психдиспансерде күштеп емдеу адамдыққа жатпайтыны немесе адамның ар-намысын қорғаумен пара-пар екені жазылған. Бұған қоса, мұндай емдеу адамның пікір еркіндігіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді, себебі дәрі-дәрмек пен электр разрядтары адамның ақыл-ой қабілетін әлсіретуі ықтимал.
Беларусьте 2020 жылғы президент сайлауының нәтижесі авторитар басшы Александр Лукашенкоға қарсы наразылықты өршіткен. Билік наразылықты жаппай күштеп басып-жаншыды, нәтижесінде мыңдаған адам түрмеге қамалды. Қудалау әлі күнге дейін жүріп жатыр. "Весна" құқық қорғау орталығының мәліметінше, 2020 жылдан бері наразылыққа қатыстаны үшін кемінде 3277 адам сотталған.
Тоқаев жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді айыптады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді "арандатумен айналысады" деп айыптады.
"Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті" деді Тоқаев.
Олар осылайша "шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр" деді.
"Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн" деп бір тоқтады.
Ол жақында “шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері” де әшкереленгенін айтты, бірақ нақты ұйымның атын айтпады.
Тоқаев сонымен бірге "күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар" туралы да айтты.
"Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ" деді ол.
Ол бейсенбі күні сөзінің басында Қазақстан халқы ассамблеясын “этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз институт” деп атап, 1995 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын атап өтті.
Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Оның мақсаты – "этностар арасындағы келісімді әрі қарай нығайту" деп айтылады. Бірақ кейбір сарапшылар аталған институт сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың "өкілетін ұзартуды заңдастыру үшін" керек болды деп санайды.
Журналист Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды

64 жасына қараған шағында журналист, қоғам белсендісі Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды. Бұл жөнінде жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек желідегі парақшасында хабарлады.
"Тәуелсіздік пен демократияның құндылықтары үшін арыстандай алысып, қарпысып-шарпысып жүріп, Алтынбек бәріміздің досымыз, алғадай курстың серкесі Серғазы Мұхтарбек те дүниеден озды" деп жазды ол.
Серғазы Мұхтарбек 1961 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол елдегі республикалық "Қазақстан" газетінің бас редакторы болған.
Замандастары оны елдегі тәуелсіз журналистика мен оппозициялық газет шығару ісіне сүбелі үлес қосқан қайраткер ретінде сипаттайды. Оның жеке құрылтайшылығымен шыққан "Қазақстан" газеті кезінде елдегі қоғамдық-саяси мәселелерді қозғаған таралымы мол басылым болған.
Серғазы Мұхтарбеков көзі тірісінде елдегі маңызды саяси оқиғаларға пікір-көзқарастарын мейлінше ашық білдіріп, қатысқан. Мысалы, ол былтыр АЭС бойынша референдум қарсаңында атом станциясы құрылысына қарсы шыққан белсенділердің ұсталғанын сынаған.
Ресей Башар Асадты Сирияға беруден бас тартқан

Ресей Дамаскінің Башар Асадты беру туралы ұсынысын қабылдамады деп мәлімдеді Сирияның уақытша президенті Ахмед әш-Шараа The New York Times басылымына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, мұндай ұсыныс Ресей билігіне қаңтар айында берілген. Мәскеудің ұсынысты кері қаққанына қарамастан Сирия әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты үзбеуге бейіл деп жазды басылым.
"Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның қаруы тұтас ресейлік. Сирия ұзақ жылдардан бері пайдаланып келе жатқан азық-түлік және энергия тасымалдау бойынша көп келісім бар. Сирияның осы мүдделерін ескеруіміз керек" деп басылым әш-Шарааның сөзінен үзінді келтіреді.
Сирияны ұзақ уақыт билеп-төстеген Башар Асадтың режимі былтыр желтоқсанда құлағаннан кейін, елде билік басына "Хайят Тахрир әш-Шам" тобы келді. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден баспана алды.
ПІКІРЛЕР