Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлыбританияда референдум аяқталды

Референдумда сайлау учаскесіне дауыс беруге кіріп бара жатқан британдық. Стокпорт, Ұлыбритания, 23 маусым 2016 жыл.
Референдумда сайлау учаскесіне дауыс беруге кіріп бара жатқан британдық. Стокпорт, Ұлыбритания, 23 маусым 2016 жыл.

Ұлыбританияда елдің Еуропа Одағынан шығу мәселесін дауысқа салған референдум аяқталды. Дауыс берудің алғашқы нәтижелері жақын уақытта шығуы тиіс. Дауыс беру қарсаңында алынған сауалнама мәліметтеріне қарап референдум қорытындысы қандай болады деген сұраққа болжам жасауға болмайды, себебі 46,5 миллион сайлаушы арасындағы ЕО құрамында қалуды жақтайтындар мен оған қарсылардың ешқайсысы айқын басым түсіп тұрған жоқ.

ЕО-ны жақтайтындар мен оған қарсылардың үгіт-насихат науқаны бірнеше айға созылған. Бес мыңға жуық адам қатысқан онлайн сауалнама нәтижесінде оған қатысқандардың 48 пайызы Ұлыбританияның ЕО--дан шығуын қолдап, 52 пайызы қарсы дауыс берген. Референдум қорытындысының заңдық күші жоқ. Ұлыбритания ЕО құрамынан шығуы үшін парламент елді одақ құрамына кіргізген нормативтік құқықтық актінің күшін жоюы тиіс.

Референдумға қатысты дискуссиялар экономика, миграция және басқа да бірқатар салаларға қатысты мәселелер бойынша жүрді.

Басқа да жаңалықтар

АҚШ Еуропа Ресейден мұнай-газ сатып алуды тоқтатса, Мәскеуге санкцияны күшейтуі мүмкін

АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт
АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт

Вашингтон Ресейге санкцияны қатайту үшін Еуропа елдері Ресейден газ бен мұнай сатып алуды тоқтатуы тиіс. Бұл туралы АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт Financial Times басылымына берген сұхбатында айтты.

Ол Ресей мұнай мен газ экспортынан түсетін қаржыны әскери мақсатқа қолдануы мүмкін дейді. Райттың сөзінше, Еуропа Ресейден газ бен мұнай сатып алуды тоқтатса, бұл АҚШ-тың санкцияларды күшейтуге әсері етеді.

АҚШ энергетика министрі Еуропа ресейлік энергетика ресурстарының орнына Америкадан сұйытылған газ, бензин және басқа да өнімдерді сатып ала алады дейді.

Ал Associated Press агенттігі дереккөздеріне сілтеп, 8 қыркүйекте Еуропа одағының санкциялар бойынша өкілі Дэвид О'Салливан АҚШ-қа барып, Ресейге қысымды және жаңа санкцияларды талқылайды деп жазды.

АҚШ президенті Дональд Трамп та 4 қыркүйекте Еуропа лидерлермен онлайн-кездесуде Ресейдің мұнай-газ өнімдерін шектеу жайлы айтқан еді. Кездесуден соң Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей бейбіт келіссөзден қашқақтай берсе, АҚШ пен Еуропа бірігіп Мәскеуге қосымша санкция салатынын мәлімдеген.

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Әлиев отставкаға кететінін мәлімдеді 

Бельгия құрамасы Қазақстан қақпасына кезекті гол салған сәт. Брюссель, 7 қыркүйек 2025 жыл.
Бельгия құрамасы Қазақстан қақпасына кезекті гол салған сәт. Брюссель, 7 қыркүйек 2025 жыл.

Футболдан Қазақстан құрамасы 7 қыркүйекте Бельгиядан 0:6 есебімен жеңілген соң команданың бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кететінін мәлімдеді.

Брюссельдегі ойын 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында өткен еді. Қазақстан іріктеу жарысында бес ойын өткізіп, Уэльспен екі ойында, Солтүстік Македония мен Бельгиямен бір-бір ойында жеңілді. Тек топтағы аутсайдер Лихтенштейннен ғана басым түсті.

Әли Әлиев Бельгиямен ойында.
Әли Әлиев Бельгиямен ойында.

44 жастағы қазақстандық маман Әлиев ұлттық құрама бас бапкері болып биыл сәуірде тағайындалған. Оның келісім-шарты биылғы жылдың соңында аяқталады. ҚФФ Әлиевтің отставкасын қабылдағанына қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Алиевтің алдында ұлттық құраманы ресейлік маман Станислав Черчесов басқарған еді. Ол құраманы жаттықтырғанда команда алты ойын өткізіп, алтауында да жеңілген еді. Биыл жыл басында Черчесов те қызметінен кеткен.

Тоқаев масылдық жайлы айтып, әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында "тұрмысы төмен азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керегін" айтты. Оның сөзінше "мемлекеттің бәріне көне беретін әлеуметтік саясатынан жүзден астам жеңілдік пайда болған", бұл көмекті әперетін "жылпостардың да көбейген".

Тоқаев "әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту - елді дамытуға, мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын салуға қажет қаржыны желге шашу" деп мәлімдеді. Қазақстан басшысы мемлекет "жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отыр" деп санайды.

"Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес" деді ол.

Тоқаев "үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді" деп мәлімдеді.

Қазақстан 2000 жылдары көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соғыс ардагерлеріне әлеуметтік көмек беріп келеді. Көпбалалы отбасыларға көмекті үкімет бұрындары "демографияны жақсартуға қосқан үлес" деген.

2020 жылы ақпанда Астанадағы Көктал-1 елдімекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмды. Бұл қайғылы оқиғадан соң көпбалалы отбасылар биліктен әлеуметтік көмекті көбейтуді талап етіп, наразылыққа шыққан еді. Осыдан кейін ол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әлеуметтік жәрдемақыны көбейтуді тапсырған. Сол тапсырмадан соң үкімет атаулы әлеуметтік көмек енгізіп, көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеген. Бірақ кейін әр балаға 21 мың теңгеден беру жүйесін алып тастады. Бұл да көп балалы отбасылардың наразылығына ұшырады. Сол кезде де билік өкілдері "масылдық" жайлы айтқан еді.

Тоқаев сенатты таратып, бір палаталы парламент құруды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында бір палаталы парламент құруды ұсынды және талқылауға "бір жыл уақыт керек" деді. Бұған қоса, бір палаталы парламент құру бойынша 2027 жылы референдум өткізу жайлы айтты.

"Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын" деді ол.

Тоқаев қазіргі мәжіліс мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істей беретінін, ал сенаттың референдум нәтижесіне қарай тарайтыны я тарамайтыны белгілі болатынын айтты.

Қазақстанда қазір парламент сенат және мәжілістен құралады. Мәжіліс сайлау арқылы жасақталады. Ал сенаттағы 50 депутаттың 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама сайлайды, қалған он депутатты президент тағайындайды.

Тоқаев халыққа жолдауында жаппай цифрландыру жайлы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады және оны премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқармақ. Бұл туралы дүйсенбі, 8 қыркүйек күні Астанада парламентте халыққа жолдауын жариялаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

– Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді президент.

Ол қазіргі кезде ел экономикасында реформалар жүргізіліп, инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға ауқымды инвестиция салынып жатқанын айтты.

– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. "Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек", деді Тоқаев.

Қазақстан президентінің дәстүрлі жолдауын тыңдауға парламенттің қос палатасының депутаттары, үкімет мүшелері, қоғам өкілдері қатысып отыр.

"Сыртқы істер министрі ұсталыпты" деген хабар тарағалы бері Мұрат Нұртілеу алғаш рет жұртқа көрінді

Дүйсенбі, 8 қыркүйек күні Астанадағы парламент үйіндегі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі жолдауын жиналған қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер арасында елдің сыртқы істер министрі – премьер-министрдің орынбасары Мұрат Нұртілеу де бар, деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Ол өткен аптаның ортасында "Мұрат Нұртілеу ұсталған" деген ақпарат тарағалы бері алғаш рет көпшілік алдына шығып отыр.

Сыртқы істер министрі парламентте президент жолдауы басталмас бұрын БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере келе, әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған ақпаратты "бұл да бір сынақ" деп сипаттады. Оның сөзінше, ол өзі жайлы ақпарат тараған кезде жұмыста болған.

"Мен жұмыста болдым, жиналыстар өткіздім, өзге елдердегі әріптестеріммен сөйлестім, инвесторлармен кездестім. Бәрі әдеттегідей. Біз құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Тиісті органдар бар, қажет болса, мұнымен солар айналыссын. Мен мұны көңіліме алмаймын. Тіпті елде де болмаймын: жолдаудан кейін шетелге баруды жоспарлап отырмын" – деген министр.

Неліктен "ақпараттық шабуылға ұшырағанын" сұраған журналистерге Нұртілеу: "Аққа құдай жақ. Бұл да бір сынақ" деп жауап берген.

Өткен аптада Orda.kz басылымы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталған деп хабарлаған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сыртқы істер министрлігі және ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл хабарды жоққа шығарды. СІМ Нұртілеу инвесторлармен кездесіп, Украина сыртқы істер министрімен телефонмен сөйлесті деген ақпарат таратқанымен, Нұртілеу дүйсенбіге дейін көпшілік алдына шыққан жоқ.

Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлжан (Гүлшат) Бажкенова жексенбі күні кешке Facebook-парақшасына: "Біз редакциямен бірге зор жұмыс істедік, мен саяси зерттеу ұсындым, менде барлық дәлел бар, және бейсенбі күні не болғанын білген кезде әділеттік мүмкін екендігі мені шабыттандырды. Бірақ мен жеңілдім. Жаңа ғана маған Нұртілеу бостандықта, иә, кеше ол Украинамен сөйлесті, ал ертең парламентте болады деп айтты. Шынайы саясат күшінде. Ал біздің тақырып тәмам"" деп жазды.

АҚШ ресейліктерге визаны тек Астанада және Варшавада беретін болды

АҚШ мемлекеттік департаменті америкалық көші-қонға жатпайтын визаларды, соның ішінде турист визасын алу тәртібін қатаңдатты. Мекеме ресми сайтында жариялаған хабарламаға сәйкес, жаңа ереже дереу күшіне енді. Әлгіндей визаларды алғысы келетін үміткермен сұхбат ол тұрақты тұрып жатқан елде немесе өзі азамат болып табылатын мемлекетте ғана жүргізіледі.

Бұл талап АҚШ елшілігі жоқ немесе әдеттегі консулдық қызметті толық көлемде көрсетпейтін елдерге қолданылмайды. Ондай елдің қатарына Ресей де кіреді. АҚШ-тың Мәскеудегі дипломатиялық өкілдігінде қызметкер саны едәуір қысқарғаннан кейін консулдық операциялар барынша шектелген болатын. Осыған байланысты Ресей азаматтарына виза алу үшін тек үшінші елдердегі нақты көрсетілген америкалық елшіліктерге жүгінуге тура келеді. Олар – Қазақстан астанасы Астанадағы және Польша астанасы Варшавадағы АҚШ елшіліктері. Бұл екеуінен басқа елдердегі АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктері ресейліктерге виза бермейді.

Украина азаматтары америкалық виза алу үшін Польшадағы (Краков пен Варшавадағы) АҚШ дипломатиялық миссияларына жүгінеді, ал Беларусь азаматтарына Варшава мен Вильнюстегі елшіліктерге бару ұсынылды.

Жоспарланып қойған сұхбаттар күшінде қалады деп жазылған ресми хабарламада. Сонымен қатар гуманитарлық немесе саяси себептерге байланысты жалпы ережеден ерекше жағдайларды ескеру мүмкіндігі қарастырылған.

• Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ көші-қон саясатын айтарлықтай қатаңдатқан. Мәселен, билік ел аумағында заңсыз жүр деп саналған немесе босқын мәртебесін беруге жатпайтын адамдарды депортациялау бойынша ауқымды науқандар жүргізіп келеді. АҚШ аумағынан шығарылғандар арасында ресейліктер де бар. Америкалық ресми мекемелер әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында Ресей азаматтарына визасыз елге кіруге талпынбауды ескертіп келеді.

• 2021 жылдан бері АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің консулдық бөлімі ресейліктерге турист визасын бермейді. Алайда бұл ретте Еуроодақтың кейбір елдерінен айырмашылығы, Ресей Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін де Вашингтон АҚШ-тың өзге елдердегі елшіліктері арқылы әлгіндей виза алуды шектемей келген еді.

Жапония премьер-министрі отставкаға кететінін мәлімдеді

Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба
Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба

7 қыркүйекте Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кететінін жария етті. Бұл шешімге шілде айында Жапония парламентінің жоғарғы палатасы (кеңесшілер палатасы) сайлауында биліктегі Либерал-демократиялық партияның (ЛДП) кейінгі 70 жылда алғаш рет көпшілік орын ала алмағаны себеп болды.

Сайлаудан кейін іле-шала жасаған мәлімдемесінде Исиба қызметінде қала беретінін айтқан еді. Алайда жексенбі күні Токиода өткен баспасөз мәслихатында ол отставкаға кету жайлы шешімін АҚШ-пен сауда келіссөздерін аяқтау туралы ниетімен байланыстырды. Келісімге қол қойылғаннан кейін 68 жастағы Исиба "жаңа буынға тізгін тапсыратын кез келгенін" айтты.

Жапон басылымдары Исиба партия ішіндегі алауыздыққа жол бермеу үшін отставкаға кетуге мәжбүр болды деп жазып жатыр. Өйткені ЛДП қатарындағы бірқатар қайраткерлер халық арасында беделі төмендеген премьердің биліктен кетуін талап еткен.

Исиба үкіметті бір жылдан аз уақыт басқарды. Енді ЛДП жаңа премьер-министр болуға үміткерді таңдап, ұсынады. Ол адам партияның ішкі сайлауында анықталады. Жаңа көшбасшы сайланғанға дейін Исиба премьер-министр міндетін атқара береді.

Reuters агенттігінің жазуынша, премьер-министр лауазымына ЛДП-дан үміткер болуы ықтимал адамдардың қатарында былтыр партия ішінде болған сайлауда Исибадан жеңілген Санаэ Таикати мен қазіргі министр, бұрынғы премьер Дзюнъитиро Коидзумидің ұлы Синдзиро Коидзуми бар.

• Либерал-демократиялық партия – Жапонияның ең ірі саяси күші. Бұл партия 1955 жылы құрылғаннан бастап жиынтығы төрт жылдық үзіліспен билікте отыр. 2009 жылдан бері ЛДП "Комэйто" партиясымен бірге билік коалициясын құрып, басқарып келеді.

• Былтыр либерал-демократтар төменгі палатадағы көпшілік орыннан айырылғанымен, коалиция бойынша серіктестерінің жәрдемімен билікте қалған. Ал биыл шілдедегі сайлауда ЛДП жоғарғы палатадағы үстемдігінен айырылып қалып, сарапшылар әсіреоңшыл "Сансэйто" партиясының айтарлықтай табысқа жеткенін айтқан.

Трамп: АҚШ ХАМАС-пен кепілге алынғандарды босату жөнінде "терең келіссөз" жүргізіп жатыр

Израиль билігін Газа секторында ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды тезірек босатуға үндеген акцияға шыққан жұрт. Тель-Авив, 26 тамыз, 2025 жыл.
Израиль билігін Газа секторында ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды тезірек босатуға үндеген акцияға шыққан жұрт. Тель-Авив, 26 тамыз, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ХАМАС тобымен кепілге алынған адамдарды босату туралы "өте терең келіссөз" жүргізіп жатқанын мәлімдеді. ХАМАС тобы Израильде, АҚШ-та және Еуроодақта террористік ұйым деп танылған.

Трамптың сөзінше, АҚШ палестиналық топтан 2023 жылғы 7 қазанда тұтқындап алып кеткен барлық адамдарды дереу босатуды талап етіп отыр. АҚШ президенті кепілге алынғандар арасында тірі деп есептелген кейбір адамдар жақында қаза тапқан болуы мүмкін деді. Әйткенмен, ол нақты дерек келтірмеді.

АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф Қатардың ресми тұлғаларымен Парижде кездесіп, ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату және тұтқын алмасу мүмкіндігін талқылаған деп жазды БАҚ. Трамптың сөзінше, келіссөздерге оның күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысып жатыр. Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде Кушнер Ақ үйдің аға кеңесшісі қызметін атқарған еді.

Кепілге алынған адамдардың туыстарының форумы АҚШ президентіне табандылығы мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді. Олар билікке қоғамдық қысым жасау күшейіп жатқанын, мыңдаған адам соғысты тоқтатуды және тұтқындарды үйіне қайтаруды талап етіп, көшеге наразылық акциясына шығып жүргенін айтты.

Ал бұл кезде Израиль қоғамында үкіметтің ХАМАС-қа қатысты тактикасына байланысты дау-дамай өрши түсті. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху қатаң шарт қоюды жалғастырып отыр: Израиль билігі ХАМАС-тан кепілдегі адамдардың бәрін босатуды, Газа мен ХАМАС тобын толық қарусыздандыруды және қауіпсіздік жағдайын Израиль бақылауында ұстауды талап етеді.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) болса Газа қаласын басып алуға дайындықты жалғастырып жатыр. Израиль басылымдарының дерегінше, ЦАХАЛ ХАМАС кепілге алынғандарды басқа жерге көшіруі немесе оларды "тірі қалқан" ретінде пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді. Әскери басшылық операция бірнеше айға созылып, кепілдегі адамдардың өмірін одан сайын қатерге тігуі ықтимал екенін ескертті.

ХАМАС тобы "жан-жақты келісімге" дайын екенін мәлімдеді. ХАМАС кепілде ұстап отырған адамдардың бәрін Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарға айырбастауды және Газада "технократтар әкімшілігін" құруды ұсынды. Израиль үкіметі бұл ұсынысты "саяси айла" деп, оған келіспей отыр.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Газа секторында жихадшылар қолында 48 адам қалып отыр, олардың 26-сы қаза тапқан деп жарияланған. Израиль билігі Трамптың тірілер қатарындағы кейіреулер қаза тапқан болуы мүмкін деген сөзіне әзірге түсініктеме берген жоқ.

Трамп Ресейге қарсы санкциялардың "екінші кезеңіне" дайын екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі, 7 қыркүйек күні Ресейге қатысты санкциялардың "екінші кезеңін" бастауға дайынсыз ба деген журналистер сұрағына қысқаша "иә" деп қана жауап беріп, басқа егжей-тегжейіне тоқталмады.

Бұған дейін АҚШ президенті Мәскеу Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге келіспеген жағдайда Ресейге қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін де, оның сауда серіктестеріне кеден бажын салуды да жоққа шығармаған болатын. 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін Трамп шамамен екі апта ішінде Мәскеудің ұстанымын байқап, содан кейін шешім қабылдайтынын айтқан еді.

7 қыркүйекке қараған түні Ресей жүздеген дрон қолданып, Украинаға кезекті рет жаппай шабуыл жасады. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Шабуыл кезінде Киевтің орталығындағы үкімет ғимараты да бүлінді. Батыс елдерінің бірқатар жетекшілері мұны Ресейдің бейбіт келісімге мүдделі еместігінің тағы бір дәлелі деп бағалады. Дәл осындай пікірді АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог та айтты.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент жексенбі күні NBC News арнасына берген сұхбатында Вашингтон "Ресейге қысымды одан әрі күшейтуге дайын" екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қадам Еуроодақтағы серіктестердің ұқсас әрекеттерімен қатар жүруге тиіс.

Министрдің сөзінше, ресейлік мұнайды сатып алуды жалғастырып отырған елдерге қосымша екінші деңгейлі санкциялар мен баж енгізу Ресей экономикасын күйретуі мүмкін. "Қазір біз Украина армиясының қанша уақыт төтеп бере алатынын және Ресей экономикасының қашанға дейін шыдайтынын көрсететін жарысқа куә болып отырмыз. Егер АҚШ пен [Еуропа одағы] араласып, мұнай сатып алатын елдерге қосымша санкциялар мен баж енгізсе, Ресей экономикасы толықтай күйреп, бұл президент Путинді келіссөз үстелі басына отыруға мәжбүрлейді", – деді Бессент.

АҚШ әкімшілігі бұған дейін санкцияларды дереу қатаңдатпаудың себебін Мәскеудің келіссөздерден мүлде шығып кетуі мүмкін деген қауіппен түсіндірген еді. Ондай жағдайда соғыс белгісіз уақытқа созылуы ықтимал.

Трамп әкімшілігі Ақ үйде билікке келгеннен бері АҚШ іс жүзінде Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген жоқ. Дегенмен қолданыстағы шектеулерді де жұмсартпады. Ал Еуроодақ, Ұлыбритания және тағы басқа елдер Мәскеуге қарсы қысымды айтарлықтай күшейтті.

Украина бас қолбасшысы: Ресей Покровск түбіне көп әскерін шоғырландырды

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский Покровское майдандағы ең күрделі аумақтардың бірі ретінде қалып отыр деп мәлімдеді. Кейінгі апталарда Ресей әскері ол жаққа шамамен 350 рет шабуылдаған. Сырскийдің сөзінше, Ресей Покровское түбіне негізгі күштерін шоғырландырып, Украинаның қорғаныс шебін бұзу үшін шабуылдайтын ірі топ құрған.

Украина әскері қайта шабуылдап жатыр. Тамыз айында бес шаршы шақырымнан айырылған украин күштері 26 шаршы шақырымға бақылау орнатқан. Мұндай қарқын Добропольское бағытында да байқалады деді Сырский.

Украина әскері және америкалық соғысты зертттеу институтының мәліметінше, Ресей Донецк облысындағы Покровск, Краматорск және Славянск сияқты маңызды қалаларды басып алу үшін ірі күш жинап, тәжірибелі теңіз әскері мен күшейтілген әуе десант күштерін сонда орналастырған.

Ресей әскері сонымен бірге Покровскінің оңтүстік-батысына қарай да жылжып, Украина әскерінің 7-ші корпусының логистикасын бітеу үшін бронды техника мен мотоатқыштардың көмегімен шабуылды үдеткен.

Ресейшіл телеграм-арналар 2022 жылдан бергі ең ірі әскери дислокация болғанын растады.

Украина бас штабы Ресей әскері бронды көліктер мен артиллерияны жаппай қолданып, Донбасқа шығуға талпынуы мүмкін деп қауіптенеді.

Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін пайдалана бастады

Әзербайжан және Армения басшылары Ақ үйде қол алысып тұр.
Әзербайжан және Армения басшылары Ақ үйде қол алысып тұр.

Армения мен Әзербайжан бір-бірінің әуе кеңістігін қайта пайдалана бастады деп мәлімдеді Армения премьер-министрі Никол Пашинянның баспасөз хатшысы Назели Багдасарян 6 қыркүйекте.

Оның айтуынша, 31 тамызға қараған түні Пашинян шетелдік сапарға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да Әзербайжан арқылы ұшып өткен.

Екі ел басшылары Вашингтонда бейбітшілік декларациясына қол қойғаннан кейін Армения жағы Әзербайжанның әуе кеңістігін пайдалануды сұраған.

«Біз бұл фактіні аймақтағы коммуникацияны қалпына келтіруге, бейбітшілікті нығайтуға және өзара сенім атмосферасын құруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастырамыз», - деді Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Әзербайжан ұшақтары да Арменияның үстінен еш кедергісіз ұшады.

Екі ел Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты отыз жылға жуық уақыт бойы бір-бірінің әуе кеңістігін кесіп өтпеген.

Бейбітшілік туралы декларацияға Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев 8 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін қол қойған.

  • Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армяндар басым болған. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады. Аймақтың тәуелсіздігін Арменияның өзі де мойындаған жоқ.
  • 2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
  • 2023 жылы күзде Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.

1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және қымбатшылықты тоқтатуды талап етпек болған белсенділер митингіге рұқсат ала алмады

Орал әкімдігінің алдында плакат ұстап тұрған белсенділер. 2023 жыл.
Орал әкімдігінің алдында плакат ұстап тұрған белсенділер. 2023 жыл.

Оралда 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды және қымбатшылықты тоқтатуды талап етпек болған белсенділер митинг өткізуге рұқсат ала алмады

“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобы жариялаған әкімдіктің жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған.

Хатта сонымен бірге “ережені бұзып, алаңға өз бетінше барып, бейбіт жиын ұйымдастырғандар” 488-бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы ескерту бар. Хатқа Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі міндетін атқарушы Е.Нагимов қол қойған.

Орал белсенділері Маруа Ескендірова, Раиса Кариева, Бекболат Өтебаев және өзге де белсенділер тамыз айында да қымбатшылыққа қарсы және зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруды, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, митинг өткізгісі келген. Алайда жергілікті атқару билігі рұқсат бермеген.

“БелсенділерЭкстремистЕмес” тобының жазуынша, митинг тақырыптарының арасында ЕҚЫҰ және ЕАЭО-дан шығу туралы талап та жазылған.

Құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2025 жылдың 7 қыркүйек аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде бейбіт жиын өткізу туралы 704 өтініш қанағаттандырылмаған. 18-і биыл тіркелген.

2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.

Ресей әскері Украинаға соққы жасады. Киевте үкімет ғимаратынан өрт шықты

Киевте үкіметтің бас ғимараты орналасқан аумақтан шығып жатқан қалың түтін. 7 қыркүйек 2025 жыл.
Киевте үкіметтің бас ғимараты орналасқан аумақтан шығып жатқан қалың түтін. 7 қыркүйек 2025 жыл.

6 қыркүйектің кешінен бері Ресей Украинаны дрон және ракеталармен жаппай атқылап жатыр. Украина қарулы күштерінің айтуынша, орыс әскері сенбінің кешінен бері 800-ден астам дрон және ондаған ракета жіберген. Ресей әскері алғаш рет осыншама көп дрон жіберіп отыр деп хабарлады Украина әскері.

Жексенбі күні күндіз Украина күштері шабуылға 13 "Искандер" ракетасы қатысып жатқанын айтты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 8-де 751 әуе нысанасы " атып түсірілген немесе істен шығарылған" – 747 дрон мен төрт ракета.

"37 орынға тоғыз ракета және 56 дрон түскен" деп жазылған Украина әскерінің хабарламасында. Шабуыл жалғасып жатыр.

Украинаның Киев, Одесса, Запорожье, Кривой Рог және өзге қалалары соққыға ұшырады. Кременчугта Днепр көпірі бүлінген, Полтава облысында темір жол бұзылған.

Киевте Ресей әскерінің соққысынан әйел адам және оның екі жасар нәрестесі қаза болған. 17 адам зардап шеккен. Шабуыл нысаны көп қабатты үйлер болған деп айтылады. Үкіметтің бас ғимараты да бүлінген. Ақпарат құралдарының жазуынша, оған дрон бөлшектері құлаған болуы мүмкін.

Ресей әскері шабуылға түсініктеме бермеді.

NYT: Ауғанстанда құтқарушылар әйелдерге көмектесуден жиі бас тартқан

Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейін.
Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейін.

1 қыркүйекке қараған түні қуатты жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанда көп құтқарушы әйелдерге емес, ер адамдарға ғана көмектескен. Бұл жөнінде The New York Times жазды.

Басылымның айтуынша, Ауғанстан билігінде отырған радикалды "Талибан" қозғалысы ерлердің бөтен әйелдермен сөйлесуіне қатаң шектеу қойған. Олар бір-бірінің денесіне қол тигізе алмайды. Мұндай шектеу өзара туыс адамдарға қатысы жоқ.

Басылымның жазуынша, соның нәтижесінде құтқарушылардың басым бөлігі ерлер болғандықтан көп әйел медициналық көмек ала алмаған, кейбірі үйіндіден сол күйі шыға алмай, қаза болған. Ал ер адамдарға – көмек көрсетілген.

The New York Times атап айтқанда, Құнар провинциясының 19 жастағы тұрғынының сөзіне сүйенеді. Ол жаққа жер сілкінісінен кейін 36 сағат өткен соң тек ер адамдардан құралған құтқарушылар жасағы барған. Құтқарушылардың ешқайсысы жараланған әйелдерге көмектеспеген, тіпті жақындамаған да. Олар тек ер адамдар мен ұлдарға ғана көмек көрсеткен. Осыған ұқсас ақпаратты еріктілердің бірі де айтты. Оның сөзінше, үйінді астында қалған әйелдерге өзге әйелдер немесе сол әйелдің туысы болатын ер адамдар көмектескен.

Ауғанстанда жер сілкінісінен 2200-ден астам адам қаза болған. Олардың қаншасы әйел екені белгісіз.

Ресей биыл тәліптер билігін – "Ауғанстан ислам эмиратын" заң жүзінде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.

Биыл Халықаралық қылмыстық істер соты тәліптердің бірнеше жетекшісін "әйелдерге қатысты саясаты үшін" тұтқындауға ордер берген.

Тағы

XS
SM
MD
LG