Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Techno Trading жұмысшылары аштық жариялайтынын ескертті

Techno Trading LTD компаниясының наразы жұмысшылары аштық жариялайтындары туралы арыздарын Мұнайлы аудандық әкімдігіне әкелді. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.
Techno Trading LTD компаниясының наразы жұмысшылары аштық жариялайтындары туралы арыздарын Мұнайлы аудандық әкімдігіне әкелді. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.

Techno Trading LTD компаниясының тоғыз жұмысшысы Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық әкімдігі мен облыс әкімдігіне аштық жариялайтындарын мәлімдеп арыз тапсырды.

Бұл туралы 13 сәуірде Азаттыққа хабарлаған компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Қуан Сапарбаевтың айтуынша, жұмысшылар мекемеге Әділ Ниязов директорлық еткеннен бері кәсіпорынның экономикалық жағдайы құлдырып, жұмысшыларға қысымның көбейгеніне наразылық білдіріп отыр.

Жұмысшылардың бірі Дәулет Құрманқұловтың жазған арызында «компания директоры Әділ Ниязовтың жұмысшыларға қатысты шешіміне, тоқсандық сыйақының себепсіз берілмеуіне, жетекші мамандардың заңсыз жұмыстан босатылуына, мекеменің қысқартылған жұмыс уақытына көшуіне қарсылық білдіріп аштық жариялайтыны» баяндалған.

Жұмысшылар арыздарында аштықты 18 сәуір күні Мұнайлы ауданындағы Techno Trading LTD кеңсесі алдында жариялайтындарын көрсеткен.

Жұмысшылар бұған дейін сәуірдің 6-сы күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаевпен кездесіп, жұмыстағы әділетсіздік мен қудалауды тоқтатпаса аштық акциясын жариялайтынын ескерткен еді.

Techno Trading LTD компаниясының Маңғыстаудағы филиалы «МаңғыстауМұнайГаздың» Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнай жабдықтарын жөндеумен айналысады. Компанияға қарасты алты цехта 700-дей жұмысшы еңбек етеді.

Басқа да жаңалықтар

Астана полициясы велосипедшіні күш көрсетіп ұстауды "заңды шара"деп атады

Астана қаласының полиция қызметкерлері велосипед мінген адамды ұстап жатыр. Желіде тараған видеодан скриншот.
Астана қаласының полиция қызметкерлері велосипед мінген адамды ұстап жатыр. Желіде тараған видеодан скриншот.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция қызметкерлерінің велосипед мінген адамды қолын қайырып ұстап жатқан сәті түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді.

Желіде тараған видеода Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында полиция қызметкерлері велосипед мінген адамды күш көрсетіп ұстап, жерге жығып алып, қолын қайырып, кісен салғаны көрінеді. Полицейлер әлгі адамды полиция бөлімшесіне алып кеткен. Оқиға сол жерден ары-бері өтіп жатқан адамдардың көз алдында болған.

Велосипедшіні ұстау сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар болған жағдайды аса қауіпті кәнігі қылмыскерді ұстаумен салыстырды.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттық Азияның сауалына берген жауабында полиция патрулі қызметкерлері жаяу адамдарға арналған көпірде велосипед теуіп бара жатқан азаматты тоқтатқан деп түсіндірді. Ол көпірде велосипедпен жүруге тыйым салынған.

"Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескерту жасамақ болған. Алайда ер адам бірден агрессивті әрекет жасап, заңды талаптарды орындаудан бас тартқан. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңда көзделген шараларды қолдануға және оны тірек пунктіне жеткізуге мәжбүр болды", – деді полиция департаменті.

Баспасөз қызметі қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру тағайындалғанын хабарлады.

Песков: 30 күндік бітім болу үшін кейбір "нюанстарды" ескеру керек

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украина ұсынған 30 күндік бітім идеясын іс жүзінде жоққа шығарып, оған қоса Киевті Ресей президенті Владимир Путиннің 8-10 мамыр аралығында үш күнге атысты тоқтату туралы ұсынысына "реакция танытпағаны" үшін сынға алды.

Песковтың сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленский тағы бір рет көтерген 30 күндік бітім тек Путин бұған дейін айтқан "нюанстарды" ескерген жағдайда қана мүмкін болмақ. "Ол сұрақтарға жауап бермейінше, ондай ұзақ мерзімді бітімге бару қиын", — деді Песков.

30 күндік бітім жасау және оны ұзарту мүмкіндігі туралы ұсынысты Украина АҚШ-тың бастамасымен наурыз айының ортасында жасаған еді. Сол кезде Путин Мәскеу ол ұсыныстан бас тартпайтынын, бірақ "нюанстар" бар екенін айтқан. Олардың қатарында бақылау мен тексеруді ұйымдастыру мәселелері жайлы, сондай-ақ осы 30 күн ішінде Украинадағы мобилизация мен елге қару-жарақ жеткізуді тоқтату туралы талап айтылды. Жуырда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та бітімге келудің Мәскеу қойып отырған бір шарты – Батыс елдері Украинаға қару жеткізуді тоқтатсын деген болатын.

Дүйсенбі күні Путин Ресей әскерлерінің 8 мамыр сағат 00:00-ден 11 мамыр сағат 00:00-ге дейін (үш күнге) Совет одағы мен нацистік Германия арасындағы соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай барлық ұрыс қимылдарын тоқтататынын мәлімдеді. Зеленский Путиннің бұл әрекетін "манипуляция" деп атап, Ресей президенті ең алдымен Мәскеуде 9 мамыр күні парад өткізуді көздеп отырғанын меңзеді. Зеленский 8 мамырды күтпей-ақ әрекет ету керек деді.

"Атысты бірнеше күнге ғана емес, кейін қайтадан қантөгіс жасау үшін емес, дереу тоқтату керек. Тұрақты әрі сенімді болу үшін атысты кем дегенде 30 күн бойы толық әрі сөзсіз тоқтату қажет. Шынайы дипломатиялық күш-жігер негізін тек осылай қалауға болады", – деп мәлімдеді Зеленский дүйсенбі, 28 сәуір күні кешкі видеоүндеуінде.

Кремльдің баспасөз хатшысы Песков "манипуляциямен" Зеленскийдің өзі айналысып отыр деп мәлімдеді. Өйткені Украина президенті Путиннің үш күндік бітім туралы ұсынысына тікелей жауап бермей отыр деді ол.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс: соғыс тағы бірнеше жылға созылса, Украина жерін қайтара алмайды

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс

Егер соғыс "тағы бірнеше жылға созылатын болса", онда Украина өз жерін қайтара алмайды және соғыста жеңіске жетпейді, – деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс америкалық подкастер Чарли Керкке берген сұхбатында. Вэнс ұзаққа созылған соғыс Украинаны демографиялық күйреуге, ядролық шабуылға ұшыратып, орны толмас шығын әкелуі мүмкін екеніне сенімі кәміл екенін айтты.

"Менің ойымша, негізгі бұқаралық ақпарат құралдарында мынадай оғаш идея айтылып жүр: егер соғыс тағы бірнеше жыл жалғасса, ресейліктер титығына жетіп, украиндар өз жерін қайтарып алады және барлығы қайтадан соғысқа дейінгідей болады. Алайда біз өмір сүріп жатқан шынайы жағдай ондай емес", – деді Вэнс.

Ол мұндай соғыс тағы бірнеше жылға созылса, қоғамның күйреуіне апарып соғатынын, өйткені "екі елдің де демографиялық көрсеткіштері – сұмдық" екенін айтты.

Вэнстің пікірінше, Ақ үй Украинадағы әскери қақтығысты реттеу бойынша елеулі жетістіктерге жеткен.

"Ресейліктер мен украиндар соғысты доғарды ма? Жоқ. Бірақ біз кейінгі үш айда алдыңғы үш жылмен салыстырғанда әлдеқайда үлкен жетістіктерге жеткеніміз шүбәсіз", – деді АҚШ вице-президенті.

Бұған қоса Вэнс "кейде қысым көрсетуге, енді бірде мейірімділік танытуға, кей кезде сияпат уәде етуге, ал кейде жазалау туралы айтуға тура келеді, себебі "бұл лас қарбалас жұмыс", – деп мәлімдеді.

АҚШ вице-президенті кейде ресейліктерден де, украиндардан да көңіл қалатын жағдайлар болатынын айтты.

"Білесіз бе, келіссөздердің табиғаты сондай: сіз үнемі барып-қайтып отырасыз. Кейде қолыңды бір сілтеп, бәрін тастай салғың келеді, бірақ президент Трамп ондайға жол бермейді. Ол үнемі бізді келіссөз үстелі басына қайта отыруға, мәселені шешудің жолын табуға, тараптарды жақындастыруға мәжбүрлейді. Қазір келіссөздер дәл сол тұста тұр", – деді Вэнс.

Осыдан жүз күнге жуық уақыт бұрын АҚШ президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуды өзінің басым шаруасына айналдырған. Содан бері Трамп бірнеше рет екі тарапты атысты дереу және толық тоқтатуға үндеді. Зеленский Трамптың ұсынысына келісім бергенімен, Путин атысты доғарудың егжей-тегжейін Вашингтонмен талқылауды жалғастырған.

Сарапшылар Путин келіссөздерді әдейі созып отыр, өйткені оның әскері майдан даласында басымдыққа ие. Ал дәл қазіргі майдан шебінде тұрғанда атысты тоқтату оған Киев Ресей 2022 жылы аннексиялап алды деп мәлімдеген Укринаның төрт аймағын – Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын толық жаулап алуға мүмкіндік бермейді.

Ресей Қырғызстанға С-300 зениттік-зымыран кешенін жеткізген

Ресейдің С-300 зениттік-зымыран жүйесі
Ресейдің С-300 зениттік-зымыран жүйесі

Қырғызстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында елге Ресейден С-300 зениттік-зымыран жүйесі жеткізілуі тиіс екенін растады.

"Біз Ресеймен әуе қорғаныс жүйесі жөнінде келіссөз жүргіздік қой? Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Шамасы, ол Қырғызстанға жеткізілген де болар. Толық ақпаратты қорғаныс министрлігі береді", – деді Иманқұлов.

Бұған дейін Иманқұлов "Известия" газетіне берген сұхбатында әуе қорғаныс жүйесінің Қырғызстан аумағына жеткізілгенін, бұл техника 8 мамырда Бішкектің орталық алаңында өтетін парадта көрсетілуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Қырғызстан С-300 зениттік-зымыран кешенін алатыны туралы алғашқы мәлімет 2021 жылғы ақпанда президент Садыр Жапаров Ресейге сапармен барған кезде белгілі болған. Қырғызстан нақты қанша техника алатыны әзірге белгісіз.

С-300 зениттік-зымыран жүйесі совет өкіметі тұсында, 1979 жылы жасалған. Бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қазіргі кезде Ресей және басқа да бірнеше ел пайдаланып отыр.

Зеленский: бізге парад емес, адам өмірі қымбат

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің елдің қарулы күштеріне 8-11 мамыр аралығында Украинада атысты тоқтату туралы бұйрығына жауап қатып, Кремль билігін халықаралық қауымдастыққа үнемі манипуляция жасауға тырысады деп айыптады.

"Бізге бәрінен де адам өмірі қымбат, ол парадтардан да маңызды. Сондықтан біз – барлық өркениетті әлем сияқты – 8 мамырды күтудің титтей де себебі жоқ деп білеміз. Атысты бірнеше күнге ғана емес, кейін қайтадан қантөгіс жасау үшін емес, дереу тоқтату керек. Тұрақты әрі сенімді болу үшін атысты кем дегенде 30 күн бойы толық әрі сөзсіз тоқтату қажет. Шынайы дипломатиялық күш-жігер негізін тек осылай қалауға болады", – деп мәлімдеді Зеленский дүйсенбі, 28 сәуір күні кешкі видеоүндеуінде.

Бұған қоса ол сол күні Ресей күштері тағы да соғысқа қатысы жоқ нысанға шабуылдағанын – "Шахед" дроны Черкасск облысындағы газбен жабдықтау жүйесін нысанаға алғанын айтты.

"Әрбір жаңа күн – Мәскеуге осы соғысты аяқтауға мәжбүр ететіндей қысымды күшейту қажет екендігінің айқын дәлелі, бұл соғыс Ресейдің өзіне ғана керек. Біз, Украина халқы, бұл соғысты бір сәтке де қалаған жоқпыз және бейбітшілік орнатуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесе алатын барлық серіктестермен тезірек жұмыс істеуге әрқашан дайын екенімізді үнемі мәлімдеп келеміз. Ал Ресей мұндай күш-жігерді ылғи жоққа шығарып, халықаралық қауымдастыққа манипуляция жасап, АҚШ-ты да алдауға тырысып бағуда", – деді Зеленский.

Қазақстан Балқаш көлін сақтау бойынша негізгі жоспарды Франциямен бірлесіп әзірлемек

Балқаш көлі
Балқаш көлі

Алматы қаласында Балқаш көлінің экожүйесін сақтау бойынша негізгі жоспар әзірлеудің жол картасы таныстырылды. Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Іле-Балқаш бассейнін зерттеу жұмыстарын Францияның Даму агенттігі (AFD), Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) және жергілікті мамандар бірлесіп жүргізеді.

"Бұл құжат бассейннің су ресурстарын басқаруда табиғат, экономика және қоғам мүдделерінің тепе-теңдігіне негізделген тұтас, саларалық тәсілді қалыптастыруда маңызды кезең болады. Негізгі жоспарды әзірлеу үшін су, экология, энергетика, ауыл шаруашылығы және Іле-Балқаш өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы сынды барлық негізгі бағыт бойынша кешенді зерттеу мен талдау қажет", – деп мәлімдеді Алматыда "Балқаш көлі экожүйесін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеу" тақырыбында өтіп жатқан жиында Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз.

Жол картасында Іле-Балқаш бассейнінің жер үсті және жер асты су ресурстарының жай-күйі мен сапасын кешенді түрде зерттеу, Балқаш көлінің деңгейін бақылауға арналған цифрлық платформа құру, су нысандарын автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ басым гидротехникалық құрылыстарды дамыту шаралары қарастырылған.

Қазір француз тарапы қажетті деректер жинаумен айналысып жатыр, BRGM сарапшылары Балқаш көлі бассейніндегі ұңғымаларды, гидробекеттерді және суармалы жерлерді тексеру үшін жергілікті жерге баруды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Іле-Балқаш бассейнінің су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану шаралары әзірленді, сондай-ақ Қытаймен бірлесіп Іле өзені бассейнінің суын қорғау және тұрақты пайдалану мәселелері бойынша іс-шаралар әзірленген.

Қазақстандық гимнаст Египеттегі әлем кубогы кезеңінде екінші алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық гимнаст Милад Карими. Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті сайтындағы фото
Қазақстандық гимнаст Милад Карими. Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті сайтындағы фото

Қазақстандық гимнаст Милад Карими Египет астанасы Каирде өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде екінші рет финалда жеңіске жетіп, алтын жүлде алды. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кермедегі жаттығуларда үздік нәтиже көрсеткен Карими бағдарламасын сәтті орындап, төрешілердің шешімімен 14,466 ұпай жинаған.

Екінші орынды 14,066 ұпаймен Кипр спортшысы Мариос Георгиу алды. Швейцариялық гимнаст Ноэ Сейферт 13,866 ұпай жинап, үшінші орын иеленді.

Каирдегі әлем кубогының кезеңдік бәсекесінде қазақстандық Милад Карими осымен екінші рет алтын жүлде алып отыр. Бұған дейін ол еркін жаттығуларда үздік деп танылған болатын. Карими жалпы есепте де әлем кубогының жеңімпазы атанды.

Жалпы, Каримидің қоржынында әлем кубогында жеңіп алған алты алтын медаль бар, дейді Ұлттық олимпиада комитеті.

Канадада парламент сайлауында либералдық партия озды

Канаданың Либералдық партиясының жетекшісі Марк Карни
Канаданың Либералдық партиясының жетекшісі Марк Карни

Канадада 28 сәуірде өткен парламент сайлауының алдын ала қорытындысына сәйкес, Либералдық партия жеңіске жеткен. Партия лидері, елдің қазіргі премьер-министрі Марк Карни жаңа үкіметті басқармақ.

Бірнеше ай бұрын ғана қоғамдық пікір сауалнамаларының қорытындысы 2015 жылдан бері билікте отырған Либералдық партияның жұрт арасында беделі төмендегенін көрсеткен, партия парламент сайлауында жеңіледі деген болжам жасалған еді. Бақылаушылардың айтуынша, бұл жолғы сайлау әдеттегіден өзгеше өтті, өйткені елдегі экономикалық жағдайға қоса, көрші АҚШ-пен қарым-қатынас басты мәселе болды. АҚШ президенті Дональд Трамптың Канада АҚШ-тың 51-штатына айналуы керек деген мәлімдемелері, сондай-ақ оның канадалық импортқа баж салығын енгізуі өз кезегінде Канадада рецессия туғызуы мүмкін екендігі көптеген сайлаушылардың көңіл-күйіне әсер етті.

60 жастағы Марк Карни – экономист, бұрын Канада мен Ұлыбританияның орталық банктерін басқарған – сайлауалды кампаниясында ол өзін Трампқа қарсы тұратын саясаткер ретінде көрсетті және басты назарды АҚШ-пен қарым-қатынасқа аударды.

Ал Консервативтік партияның жетекшісі, 45 жастағы Пьер Пуаливр болса Канададағы экономикалық мәселелерге басымдық беріп, либералдардың осы кезге дейін жүргізген сәтсіз экономикалық саясатын сынға алды. Оның кейбір ұрандары Дональд Трамптың ұрандарымен үндес болды. Мұндай тактика бірнеше жыл бойы нәтиже беріп келген-ді. Жылдың басындағы қоғамдық пікір сауалнамаларының қорытындысы бойынша, консерваторлар бәсекелестерінен оқ бойы озып келе жатқан еді. Либералдық партияның беделі төмендеген жетекшісі Джастин Трюдо наурыз айында отставкаға кетті, ал сәуірге қарай Карни басшылық еткен либералдарға, консерваторларға қарағанда, жұрт көбірек қолдау білдіре бастады.

Сарапшылардың пікірінше, жеңіске жеткен либералдардың алдында Трамп әкімшілігімен қарым-қатынасты реттеу және кейінгі жылдары жұмыссыздық көбейген елдің экономикасын көтеруге қажет резервтерді анықтау сияқты күрделі міндеттер тұр.

Ақ үй: Трамп Украинада уақытша емес, тұрақты бітім орнағанын қалайды

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинада уақытша емес, тұрақты бітім орнағанын қалайды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Ресей билігінің 8-10 мамыр аралығында Украинадағы атысты тоқтату жоспарына қатысты пікір білдіргенде осылай деп мәлімдеді.

Левиттің сөзінше, Ресей мен Украина басшыларынан Трамптың "көңілі қалып отыр", алайда ол әлі де оптимистік көзқарасынан айнымай, бейбіт келісімге қол жеткізуге болады деп сенеді.

"Президент қақтығыстарды ұзақ мерзімге тоқтатуға ұмтылатынын айқын білдірген. Ең алдымен — адам өлтіруді тоқтатып, қантөгісті доғаруды көздейді", — деді Левитт.

Бұған қоса ол "президенттің Владимир Зеленскиймен жақында болған кездесуі оның бұл процеске қаншалықты мән беріп отырғанын және соған қол жеткізу үшін қаншама уақыты мен күш-жігерін жұмсауға дайын екенін көрсетті. Өйткені Трамп өзінің алғашқы мерзімінде сәті түспеген бейбітшілік орнатушы президент болғысы келеді. Қазір ол сол мақсатқа жетуге бел байлап отыр" деді.

27 сәуір күні Трамп Ресей президенті Владимир Путинді бейбітшілікті қалайтынын іспен дәлелдеп Украинадағы әскери қимылдарды тоқтатуға шақырған.

"Мен оның атқылауды тоқтатып, келісімге қол қойғанын қалаймын" деген Трамп журналистерге берген сұхбатында.

Трамптың айтуынша, Путин шынымен бейбітшілікті қалай ма, жоқ па, АҚШ президенті ол жөнінде алдағы екі апта ішінде түпкілікті қорытынды жасайтын болады.


Қырғызстанда Украинадағы соғысқа жалдамалы жинаған деген күдікке ілінгендерді тергеу изоляторынан босатқан

Қырғызстанда Ресейдің Украинаға қарсы соғысына жалдамалы адам жинау ісі бойынша қамауға алынғандар тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шешімді Бішкектегі Бірінші мамыр аудандық соты шығарған.

Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі барлық төрт күдікті үйқамаққа жіберілді деп хабарласа, Азаттыктың Қырғыз қызметі сотқа сілтеме жасай отырып, қамаудағы төртеудің тек екеуінің — Ош қаласындағы Орыс үйінің қызметкері Наталья Секерина мен ныспысы С.В.Т. деп көрсетілген тағы бір күдіктінің бұлтартпау шарасы өзгертілген деп жазды.

Бұл іс бойынша Ош қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметкері Сергей Лапушкин мен ресейлік азамат Виктор Васильев те қамауға алынған еді. Виктор Васильев өзін "саясаттанушымын" әрі "африканистпін" деп атайды, ал журналистік зерттеулер мәліметінше, оның Ресейдің әскери барлау қызметімен (ГРУ) және Евгений Пригожиннің құрылымдарымен байланысы болған.

Бұған дейін ТАСС өз дереккөздеріне сүйеніп, күдіктілерді Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев пен Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Сергей Вакуновтың кездесуінен кейін үйқамаққа шығармақ деп жазған болатын. Мұндай кездесу 25 сәуір күні шынымен өткен. Одан кейін жарияланған хабарда ресейлік "Россотрудничество" ұйымының штаттан тыс қызметкерлерінің құқық бұзу іс-әрекеті жазасыз қалмайды, алайда тергеу орындары олардың істеген қылығының заң бойынша ауырлық дәрежесін ескере отырып, ["Россотрудничество" ұйымының] штаттан тыс қызметкері болып істейтін Қырғыз Республикасының азаматтарына қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды мүмкін деп тапты" деп жазылған.

Биыл сәуір айының басында Қырғызстанда шетелге жалдамалы адам жинау ісі бойынша төрт адам ұсталғаны белгілі болды. Журналистердің мәліметінше, олардың бірі — Ош қаласындағы Орыс үйінің (ресейлік "Россотрудничество" ұйымының өкілдігі) қызметкері Наталья Секерина. Азаттықтың дерегіне сүйенсек, екіншісі — Ош қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин. Бұл іс бойынша және екі адам —ресейлік блогер Виктор Васильев пен аты-жөні жарияланбаған тағы бір адам ұсталды. "Настоящее Время" басылымының хабарлауынша, төртеуі басқа мемлекеттердің қарулы қақтығысына жіберуге жалдамалы адам жинауға қатысы бар деген күдікке ілініп, оларға Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша айып тағылған.

Бұған дейін "Досье" орталығы Виктор Васильев Ресейдің бас барлау басқармасының (ГРУ) полковнигі Денис Смоляниновтың басшылығымен Украинада жұмыс істеген және Ресеймен ынтымақтастық орнатуға бейіл белсенділерді, соның ішінде неонацистік ортадағы адамдарды жалдауға тырысқан деп хабарлаған еді. Ал The Insider өз зерттеуінде Васильевтің Африкада жұмыс істегенін, атап айтқанда, "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Африка құрлығында белсенді іс-қимыл жасаған кезеңде құрылған "Пригожин желісіне" қатысқанын жазған.

  • Қырғызстанда бұған дейін бірнеше азамат Ресейдің Украинаға қарсы соғысына жалдамалы жауынгер ретінде қатысты деген айыппен сотталған. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар айының ортасында Аскар Кубанычбек уулу ұсталып, сол жылғы мамыр айында 10 жылға бостандығынан айырылған. 2024 жылдың қаңтарында Бішкек соты оның ісін қайта қарап, жаза мерзімін жеті жылға қысқартып, үш жылға пробациялық бақылау тағайындап, оны бостандыққа шығарған. 2025 жылдың сәуір айының аяғында Аскар Кубанычбек уулы Қырғызстаннан Ресейге қашып кеткені белгілі болды.

Путин 8-11 мамырда атысты тоқтату режимін жариялады

Ресей президенті Владимир Путин Жеңіс күні шеруінде.
Ресей президенті Владимир Путин Жеңіс күні шеруінде.

Ресей президенті Владимир Путин 8 мамырдан бастап, 11 мамырға дейін атысты уақытша тоқтату режимін жариялады. Путин үш күндік режимді Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай ұсынған. Бұл туралы Кремль хабарлады.

Кремльдің хабарлауынша, Ресей әскері 8-11 мамырда барлық әскери әрекетті тоқтатады.

Мәскеу Украина тарабы да "бұл режимді сақтауы тиіс" дейді. Ал режим сақталмаса Ресей қарулы күштері тиісті жауап қатады деп мәлімдеді.

Егер үш күндік режим жүзеге асса, бұл Ресейдің Украинаға басып кірген уақытынан бергі (2022 жылдың 24 ақпаны) атыс тоқтаған ең ұзақ сәт болмақ.

Украина тарабы Путин ұсынған режимге қатысты әзірге жауап берген жоқ.

Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғысуға әскер жібергенін мойындап, Путиннен мақтау естіді

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Владивосток, Ресей, 25 сәуір, 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Владивосток, Ресей, 25 сәуір, 2019 жыл.

Ресми Пхеньян өз әскері Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқанын алғаш рет растады. Бұл туралы Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялық әскери қызметкерлер қатысқанын мәлімдегеннен кейін белгілі болды.

Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі жариялаған ақпаратта ел басшысы Ким Чен Ын "Ресей тарапын" екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттың 4-бабында көрсетілген ахуал туындағанынан "хабардар еткені" жазылған. Ол бапта агрессия болған жағдайда әскери көмек көрсету туралы айтылған. Солтүстік Корея өз сарбаздарын Ресейге жіберетінін мәлімдеген. Хабарламада Курск облысын өңірге басып кірген украин әскерінен "азат ету операциясы" сәтті аяқталғаны, ал Пхеньянда жақын арада "Солтүстік Кореяның даңқты ұлдарының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін" ескерткіш орнатылатыны және қаза тапқан жауынгерлердің қабіріне Отан мен халық атынан гүл қойылатыны" айтылған. Хабарламада Солтүстік Корея әскерінің шығындары жайлы мәлімет жоқ.

Сенбі күні Герасимов Путинге Курск облысындағы жағдай жайлы баяндап, "солтүстіккореялық сарбаздар аймақты азат ету ісінде айтарлықтай көмек көрсеткенін" мәлімдеді.

Герасимовтың бұл мәлімдемесі Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жібергенін алғаш рет ресми растау болды. Былтырғы күзден бері Оңтүстік Корея, АҚШ және басқа да Батыс елдері, сондай-ақ Украина Солтүстік Корея әскерін Ресейге Украинамен соғысуға көмекке жібергені жөнінде бірнеше рет хабарлаған болатын. Мәскеу мен Пхеньян бұл ақпаратты растамағанымен, оны тікелей жоққа да шығармаған еді.

Дүйсенбі күні Путин Курск облысында шайқасқан Солтүстік Корея армиясының әскери бөлімшелеріне алғыс білдірді. "Біз Отанымызды өз Отанындай ресейлік жауынгерлермен иық тірестіре қорғап соғысқан кореялық жауынгерлердің ерлігін, жоғары деңгейдегі арнайы дайындығын және жанкештілігін жоғары бағалаймыз", — делінген Кремльдің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. Путин Ресейде "Ресей үшін өмірін қиған кореялық қаһармандарды... ресейлік қарулас бауырларымен бірге" құрмет тұта еске алатынын мәлімдеді.

Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы бір-біріне әскери көмек көрсету туралы шартқа былтыр маусым айында Путин Пхеньянға барғанда қол қойылған. Тамыз айында украин әскері Ресейдің Курск облысында операция бастап, едәуір аумақты басып алды. Қазан айында Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы шарт ратификацияланды және сонымен бір мезгілде алдымен Солтүстік Корея Ресейге әскер жібергені, кейін олардың шайқастарға қатысқаны туралы хабарлар тарай бастады.

Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Кореяның Ресейге жіберген әскери контингентінің саны 10 мыңнан асып кетті және олар зор шығынға ұшыраған деп хабарлаған. Алайда шығын көлемі жөнінде тәуелсіз дереккөздерден анықтау мүмкін болмай отыр, Ресей де, Солтүстік Корея да ресми түрде шығын жайлы ешқандай мәлімет жарияламаған. Қаңтар айының басында украин әскері қолға түсірген солтүстіккореялық екі сарбаз Солтүстік Кореяның тұрақты армиясының жауынгерлері екенін растаған.

Солтүстік Корея әскері Украинаның Ресей басып алған аймақтарда соғысқаны жайлы мәлімет жоқ. Мәскеу мен Пхеньянның кейінгі мәлімдемелерінде тек Курск облысы, яғни халықаралық құқық бойынша Ресейге тиесілі аумақ туралы сөз болып отыр.

Хабарламаларда Курск облысындағы операция аяқталғаннан кейін Солтүстік Корея әскерінің Ресей аумағында қалары я қалмасы жөнінде нақты айтылмаған. Ал ресми Киев болса, ол өңірде шайқас әлі жалғасып жатыр деп отыр.

Трамп Путин Украинаны атқылауды қойып, келісімге қол қойғанын қалайды

АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға, Украинаның аумағына соққы жасауды доғаруға тағы да шақырды.

"Ол ауылдарды атуды тоқтатып, келісімге қол қойғанын қалаймын" деді Трамп журналистерге.

Трамп алдағы екі аптада Путин бейбітшілікті қалай ма, қаламай ма белгілі болады деп санайды. АҚШ президентінің сөзінше, Ресей бейбітшілікті қаламаса Вашингтон басқа шаралар қабылдайды.

Трамп 26 сәуірде Римде өткен Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуді "сәтті" деп бағалаған. "Зеленский бейбітшілік үшін Қырымнан бас тартуға дайын ба?" деген сұраққа Трамп "солай деп ойлаймын" деп жауап қатты.

Бұған дейін Зеленский Украина "Қырым Ресейдің жері" деп заңды түрде мойындамайтынын айтқан еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 28 сәуір – 4 мамыр арасындағы апта Украина бойынша келіссөз үшін шешуші деп атаған.

"Бейбіт келісімге жақынбыз, бірақ өте жақынбыз деп айту қиын" деді ол.

Бүгін, 28 сәуір таңертең Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Ресей сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, екі тарап 27 сәуір кешке сөйлесіп, "Украинадағы дағдарысты" талқылаған.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті бұл телефон әңгімесі жайлы ешқандай ақпарат таратқан жоқ.

Қазақстанда тағы бір жолаушы пойызына әйелдерге арналған жеке вагон қосылады

Қазақстандағы темір жол вокзалында жолаушы пойызына қарап тұрған қыз (rail-news.kz сайтындағы фото)
Қазақстандағы темір жол вокзалында жолаушы пойызына қарап тұрған қыз (rail-news.kz сайтындағы фото)

Биыл 1 маусымнан бастап №614/613 "Орал – Маңғыстау" бағытындағы жолаушы пойызына әйелдерге арналған жеке вагон қосылады. Бұл жаңалықты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы "Жолаушы тасымалы" еншілес кәсіпорнының баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша елде құрамында әйелдер вагоны бар жолаушы пойыздарының саны 12-ге жетпек, олар мыналар:

  • №77/78 "Алматы – Маңғыстау";
  • №351/352 "Алматы – Өскемен";
  • №45/46 "Павлодар – Түркістан";
  • №37/38 "Маңғыстау – Семей";
  • №47/48 "Атырау – Астана";
  • №33/34 "Ақтөбе – Алматы";
  • №4/3 "Астана – Алматы";
  • №71/72 "Астана – Шымкент";
  • №354/353 "Астана – Семей";
  • №24/23 "Ақтөбе – Алматы";
  • №25/26 "Алматы – Шымкент";
  • №614/613 "Орал – Маңғыстау".

Қазақстанда жолаушы әйелдерге арналған жеке вагондар алғаш рет 2021 жылы пайда болды. Ондай бөлек вагон енгізуге 2018 жылы қоғамда резонанс туғызған қылмыс оқиғасы – "Тұлпар-Тальго" жолаушы пойызында екі жолсеріктің 35 жастағы жолаушы әйелді купеде зорлағаны түрткі болған. 2019 жылы сот әлгі екі жолсерікті "зорлау" қылмысына айыпты деп танып, әрқайсын бес жылға бостандығынан айыруға үкім шығарған. Үкім тым жеңіл деп наразы болған қоғам белсенділері судьяның отставкаға кетуін талап еткен.

Әйелдерге арналған вагондарға жасы жетіден асқан ер жолаушының кіруіне тыйым салынады. Ондай вагонда тек әйел жолсеріктер жұмыс істейді.

Жолаушы пойызының әйелдерге арналған вагонына билетті онлайн сатып алған кезде "ЖН" (әйелдер вагоны) деген аббревиатура болуына назар аудару қажет деп еске салады "Жолаушы тасымалы" компаниясы.

Зеленский: Украина әскері Курск және Белгород облыстарында әрекет жасап жатыр

Ресейдің Суджа ауданы, наурыз, 2025 жыл.
Ресейдің Суджа ауданы, наурыз, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский украин әскері Ресейдің Курск және Белгород облыстарының "белгілі аудандарында" "белсенді қорғаныс іс-әрекетін" жалғастырып жатыр деп мәлімдеді. Бұл туралы ол 27 сәуір күні Украина қарулы күштері бас қолбасшысы Александр Сырскийдің баяндамасының қорытындысы бойынша әлеуметтік желідегі ресми парағына жазды.

Ол "кейбір бағытта күрделі күйінде қалып отырған" майдандағы жағдай Ресейді соғысты аяқтауға мәжбүрлейтін халықаралық қысым әзірге жеткіліксіз екенін көрсетеді деген.

Бұған дейін Ресей армиясы бас штабының бастығы Валерий Герасимов Ресей президенті Владимир Путинге Курск облысындағы украин әскерінің қолындағы соңғы елді мекен Горналь елді мекенін Ресей әскері бақылауға алды деп баяндаған. Ол Курск облысы "толық азат етілді" деп мәлімдеді. Былтыр тамыз айында украин әскері дендей енгелі бері ол облыста шайқастар жүріп жатқан еді. Герасимовтың баяндамасына орай Путин "Киев режимінің авантюрасы күйреді" және Украина қарулы күштері "орасан зор шығынға ұшырады" деп мәлімдеді.

Осының қарсаңында Украина қарулы күштерінің бас штабы "Курск облысының кейбір аудандарында" қорғаныс операциясы жалғасып жатқанын хабарлаған.

Майдандағы жағдайды бақылап отырған бірқатар ресейлік әскери блогерлер мен телеграм-арналардың мәлімдеуінше, Курск облысының кейбір шекаралас аумақтарында украин әскері әлі де бар. Алайда, блогерлердің барлығы дерлік бұл өңірдегі елді мекендердің бәрі Ресейдің бақылауында деп отыр. Бұл шекара маңындағы Горналь ауылында Ресей туын тіккен сәт көрсетілген видео да растайды.

Украиналық DeepState жобасы Герасимовтың Курск облысы аумағы түгелдей бақылауға алынғаны туралы мәлімдемесі шындыққа сай келмейтінін, өңірде шайқастар жалғасып жатқанын атап өткен. DeepState картасында облыстың шекаралас аудандарының бір бөлігі әлі де Украина бақылауындағы аумақ ретінде көрсетілген. Алайда украин әскерінің жағдайы онша емес деп жазды жоба.

Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) қақтығысқа қатысып жатқан екі тараптың да деректерін келтіргенімен, Ресей облыс аумағын толық қайтарып алғаны жөнінде кесімді қорытынды жасамаған. ISW картасында шекара маңындағы кейбір аумақтар тұрақты бақылаусыз аймақ ретінде белгіленген, бірақ олар Украина қарулы күштерінің бақылауындағы аумақ ретінде көрсетілмеген.

ISW мәліметінше, украин әскері 18 наурызда шабуыл бастаған Белгород облысында бірқатар позицияны әлі ұстап тұр. Герасимов Путинге баяндамасында Белгород облысындағы жағдай туралы айтқан жоқ. DeepState картасында Белгород облысының шекаралас аумақтарының бір бөлігі "сұр аймақ" ретінде, яғни тұрақты бақылаусыз аумақ деп көрсетілген. Мұндай мәртебе Украинаның Сумы облысының бір бөлігінде де бар. ISW деректері бойынша, кейінгі кезде Ресей әскері Сумы облысында төрт елді мекен мен шамамен 50 шаршы шақырым аумақты басып алған. Герасимов одан да үлкен аумақ жайлы айтып, ол жерде "қауіпсіздік аймағы" құрылып жатқанын мәлімдеді.

Украин әскері Курск облысындағы операциясын былтыр 6 тамызда бастаған еді. Олар айтарлықтай аумақты, соның ішінде Суджа ауданы орталығын басып алған болатын. Ресей әскері ол жерді қайтарып алуға жарты жылдан астам уақыт жұмсады.

Тағы

XS
SM
MD
LG