Бұл жобаға украиналық әскерилерге жәрдемдесіп жүрген түрлі қоғамдық ұйымдардардың 13 еріктісі қатысты. Олар егер Шығыс Украинадағы соғыс болмағанда өз өмірлерінде қандай өзгерістер болуы мүмкін екені жайлы ойларымен бөлісті. Азаттықтың Қырым редакциясы әзірлеген фотогалерея.
"Бұл соғыс болмағанда..." Украиналық еріктілер өз өмірлері туралы

1
«Егер соғыс болмағанда, мен отбасымдағы қызық-қуаныштар мен сүйікті театрымдағы премьералардың ешбірін жібермес едім, ал достарым маған еш қиындықсыз телефон шалып, сөйлесер едік», – дейді «Инициатива Е+» еріктісі Оскана Сивак.

2
«Егер соғыс болмағанда, саяхаттап, ендігі 80-ге жуық елді аралап шығар едім, қазірге дейін ондай елдер саны 60-қа жақындап қалды. Сондай-ақ, бірнеше қызықты бизнес-жобаны жүзеге асырып, РПГ-7 және АГС әскери қаруларынан атуды үйренбей-ақ қойған болар едім», – дейді «Халық тылы» еріктісі Роман Синицын.

3
«Егер соғыс болмағанда, мен халқымыз туралы, Украина 19-ғасырда Ресей патшалығының езгісінде болған кездегі діни сенім-көзқарас құқығының жағдайы жайлы кітап жазар едім», – дейді «Пласт» еріктісі Роман Орищенко.

4
«Егер соғыс болмағанда, футболист болуды қалар едім», – дейді «Халық армиясы» еріктісі Константин Ходаковский.

5
«Егер соғыс болмағанда, Түркияға оқуға аттанып, сол елдің мұрағатында сақталған Украина жайлы деректерді зерттеген болар едім», – дейді «Украинский милитарный портал» еріктісі Екатерина Николаенко.

6
«Егер соғыс болмағанда, өз жекеменшік мейрамханамды қайта жөндеуге қаржы табар едім. Сонымен бірге, дүниенің төрт бұрышын шарлап шығар едім», – дейді «Майданға көмектес» еріктісі Богдан Масляк.

7
«Егер соғыс болмағанда, кәсіпорынды дамытып, жетекші қызметтердің бірін атқарар едім. Өзімнің үлкен отбасыма тәтті тағамдар әзірлеп, жүзім өсірумен шұғылданар едім», – дейді «Help-Army» еріктісі Татьяна Бедняк.

8
«Егер соғыс болмағанда, осы волонтерлік қызметпен шұғылданып, әлеуметтік жобаларды іске асырар едім», – дейді «Террорға қарсы операция сарбаздарына арналған кездесу қайырымдылық аукционы» еріктісі Ксения Дронь.

9
«Егер соғыс болмағанда, өз жеке бизнесім мен отбасыма көп көңіл бөлер едім, сосын диссертациямды аяқтаған болар едім», – дейді «Combat-ua» еріктісі Игорь Федирко.

10
«Егер соғыс болмағанда, мен өткен күзде пәтерімді жалға тапсырып, өзім әлемді аралап саяхатқа шығар едім. Сол сияқты, мен соғысқа дейін IT-қауіпсіздігі бойынша Қазақстан, Қытай және Араб әмірліктерімен іскерлік байланыстар орнатқым келген», – дейді «Тірі оралшы» еріктісі Виталий Дейнега.

11
«Егер соғыс болмағанда, мен қаңғыбас жануарларға қамқорлық жасаумен айналысқан болар едім, Германиядағы магистратураға оқуға түсуге дайындалар едім, сондай-ақ табиғатты суретке түсіруге көбірек көңіл бөлер едім», – дейді «Армия SOS» еріктісі Алина Михайлова.

12
«Егер соғыс болмағанда, мен балаларға өз шығармашылығын дамытуға жәрдемдесетін елдегі ең үлкен жобаны қолға алар едім», – дейді «Халық жобасы» еріктісі Давид Арахамия.

13
«Егер соғыс болмағанда, шынымды айтсам, ұл-қызымды өсіріп, еңбек етіп, бұл былықтың ешқайсысын білмей-ақ, жай ғана қарапайым адам ретінде өмір сүрер едім», – дейді «Крылья Феникса» еріктісі Александр Ермошин.