Тәжікстанда Youtube пен Facebook интернет қызметтері тағы бұғатталды деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік редакциясы. Тәжікстандағы интернет қолданушыларының ұйғарымынша, бұл екі желіге тек анонимайзерлер арқылы кіруге болады.
Тәжікстан интернет провайдерлері ассоциациясының жетекшісі Асомуддин Атоев интернет қызметін тарататын бірнеше провайдер Facebook пен Youtube мемлекеттік коммуникация қызметінің нұсқауымен бұғатталған деп мәлімдеді.
Мемлекеттік коммуникация қызметіндегі дереккөзі Азаттыққа Тәжікстанда Facebook пен Youtube желілерін бұғаттауға бұйрық берілгені туралы ақпаратты растады. Бірақ бұғаттауға не себеп болғаны айтылмады.
Тәжік билігі бұған дейін де елде танымал әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарын бұғаттап, сынға ұшыраған. Әлеуметтік желілерді бұғаттау немесе оларға кіруді шектеу көбінесе елде оппозициялық топтардың әлеуметтік желілерде іс-шаралар өткізуімен немесе маңызды бір саяси, я қоғамдық іс-шаралармен қатар болады.