Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

СІМ Донбасстағы қазақстандық жайлы түсінік бермеді

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Астанадағы ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Астанадағы ғимараты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер қатарында жүрген қазақстандық Нұрлан Игеновке қатысты түсінік беруден бас тартты.

Өткен аптада интернетте Украинаның шығысындағы сепаратистердің «Новороссия TV» телеарнасы Донбасс аймағында сепаратистер сапында жүрген Қазақстан азаматы 26 жастағы Нұрлан Игенов туралы хабар таратқан. Телеарнаға сұхбатында Игенов Қазақстанның Екібастұз қаласынан екенін, қазір Украинада сепаратистер жағында өзінің бейіміне қарай әскери тілші қызметін атқаратынын, ұрыстан хабар таратып, әлеуметтік сюжеттер жасайтынын айтқан.

Азаттық Нұрлан Игеновке қатысты ақпараттың анығын білмек болып Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласқан еді. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов оған қатысты «мүлдем түсінік бере алмайтынын» айтты.

Басқа да жаңалықтар

Украина тұтқын алмасу аясында Ресейге екі қазақстандықты қайтарған деген хабар тарады

Ресей жағынан соғысқа қатысып, Украина әскері қолға түсірген соғыс тұтқындары. 2024 жылы күзде түсірілген фото.
Ресей жағынан соғысқа қатысып, Украина әскері қолға түсірген соғыс тұтқындары. 2024 жылы күзде түсірілген фото.

Киев пен Мәскеу Пасха мерекесіне орай әскери тұтқын алмасқанда Украина Ресейге қайтарған адамдар тізімінде Қазақстанның екі азаматы бар. Мұны "Украина – Орталық Азия" телеграм-арнасы хабарлады.

Ресейлік әскери тұтқындарды іздеу және отанына қайтару бағытында жұмыс істейтін "Наш выход" қоғамдық қозғалысы жариялаған тізімдегі "2005 жылы туған Егамбердиев Шерхан Джуманазарович" және "2002 жылы туған Ордабаев Ерболат Дулатович" деп жазылған екі адамның аты-жөнінің тұсында "Қазақстан"деп көрсетілген.

"Украина – Орталық Азия" телеграм-арнасы бұған дейін "Хочу жить" жобасы жариялаған қазақстандық жалдамалылар тізімінде "2000 жылы туған Эгембердиев Шерхан Джуманазарович" және "1995 жылы туған Ордабаев Ерболат Дулатович" деп жазылғанына назар аудартады. Осы екі тізімдегі адамдардың туған жылдары мен Эгембердиев/Егамбердиев сойының жазылуында айырмашылықтар бар, оның себебі әзірге белгісіз.

Қазақстан билігі Украина әскери тұтқын ретінде Ресейге екі қазақстандықты қайтарған деген хабарға байланысты әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.

Пасха мейрамына орай тұтқын алмасу аясында Украина мен Ресей әрқайсысы 246 әскери тұтқынды босатқан. Бұған қоса, Украина келісімнен тыс тағы 31 жауынгерін қайтарып алды деп хабарлады әскери тұтқындар мәселелерімен айналысатын үйлестіру штабы. Сонымен қатар "ізгі ниетті әрекет" ретінде Ресей 31 жаралы украин сарбазын еліне беріп, Украина оның орнына Ресейге 15 жаралы жауынгерді қайтарған.

Бұл – Украина мен Ресейдің тұтқын алмасуы кезінде Орталық Азия елдерінің азаматтарын әскери тұтқын ретінде қайтарған алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың шілдесінде Украина Қырғызстан азаматы Әлішер Тұрсыновты Ресейге қайтарған.

Украина әскери тұтқын ретінде Қазақстанның екі азаматын Ресейге қайтарған деген ақпарат тараған шақта Украинадағы қазақстандық дипломаттар тұтқындар мәселесі жөніндегі штаб өкілдерімен кездескені белгілі болды. "Хочу жить" жобасының хабарлауынша, бұл кездесу Қазақстан тарапының бастамасымен өткен. Алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Киевтегі елшілік бұл жөнінде әзірге ресми мәлімет таратқан жоқ.

Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның есім-сойы бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген.

Аталған тізім жарияланғаннан кейін украиналық блогер Владимир Золкин YouTube арнасында Украинада тұтқынға түскен, өздерін қазақпыз деп таныстырған үш жас жігіттен алған сұхбатты жариялады. Олардың екеуі Қазақстан азаматымыз десе, үшіншісі — Қазақстанмен шекаралас Ресей аймағында туып-өскен ұлты қазақ ресейлік екенін айтты. Алайда олардың аты-жөні аталмаған.

Осы видеосұхбат желіде жарияланғаннан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті. Министрлік елдің Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап барын еске салған. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін іс-әрекетке қатысудан аулақ болуға кеңес береді", — деп жазылған министрлік хабарламасында.

2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.

Гарвард университеті Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ-тағы Гарвард университеті
АҚШ-тағы Гарвард университеті

Гарвард университеті АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігін федералды сотқа берді. Оқу орыны Ақ үйдің университетке талаптар қойып, оны орындамаған жағдайда Гарвардты федералды гранттар мен келісімшарттардан айырамын деген әрекеті заңсыз деп мәлімдеген.

Гарвард талап-арызында соттан Ақ үйдің университетті федералдық қаржыландыруды тоқтату туралы жарлығының күшіне енуіне жол бермеуді сұраған. Университет ол жарлықты "үкіметтің өкілет аясынан шығатын заңсыз шешім" деп атаған. Оқу орыны Трамп әкімшілігі АҚШ Конституциясының бірінші түзетуі мен федералдық заңдарды бұзады деп есептейді және мемлекеттік қаржыландырудан айыру медициналық зерттеулерге, жаңа дәрі-дәрмек жасауға кесірін тигізеді деп ескерткен.

Бір аптадан астам уақыт бұрын, Трамп әкімшілігі Гарвард университетін азаматтық құқықтар туралы заңдарды бұзды және антисемитизммен күресте жеткілікті шаралар қабылдамады деп кінәлап, мемлекеттен грант ретінде бөлінген 2,2 миллиард доллар қаржыны тоқтататынын мәлімдеген. Ақ үй университеттен кадр саясатын, студент қабылдау және басқару жүйесін түбегейлі реформалауды, сондай-ақ "позитивті дискриминациядан" бас тартуын талап етіп, осы талаптар орындалмайынша қаржы берілмейді деген.

Гарвард президенті Алан Гарбер биліктің талаптарын орындаудан бас тартты. Кейінгі күндері үкімет Гарвардты тағы 1 миллиард доллар қаржыдан және университетті федералдық салық төлеуден босатылған коммерциялық емес ұйым мәртебесінен айыруы мүмкін деген ақпараттар пайда болды.

"Үкімет антисемитизмге қатысты алаңдаушылық пен тоқтатылуы мүмкін медициналық, ғылыми және басқа да зерттеулер арасында қандай да бір қисынды байланыс барын көрсете алмады. Бұл зерттеулердің басты мақсаты – америкалықтардың өмірін құтқару, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Американың инновация саласындағы көшбасшылығын нығайту", – деген Гарвард сотқа берген талап-арызында.

Ақ үй бұған жауабында университет салық төлеушілердің ақшасын бюрократиялық аппаратқа шектен тыс жалақы төлеуге жұмсап отыр деп мәлімдеген. "Мемлекеттік қаржыландыру – бұл артықшылық. Университет ол артықшылыққа ие болуға қажет ең аз деген шарттарды да орындамады", – деді Ақ үйдің өкілі.

"Президентті қорлады" деген шағым түскен журналисті Алматы полициясына шақыртқан

Журналист Тимур Нүсімбеков (оң жақта) пен адвокат Жанар Балғабаева полиция мекемесінің алдында тұр. 21 сәуір, 2025 жыл.
Журналист Тимур Нүсімбеков (оң жақта) пен адвокат Жанар Балғабаева полиция мекемесінің алдында тұр. 21 сәуір, 2025 жыл.

Алматылық журналист Тимур Нүсімбеков өзінің үстінен "Қазақстан президентін қорлады" деп арызданған Талғар қаласы тұрғынының шағымына байланысты 21 сәуір күні Медеу аудандық полиция бөлімшесінде болып шыққанын айтты. Журналистің сөзінше, 19 сәуір, сенбі күні таңертең оған полициядан хабарласып, арызбен танысу үшін полиция бөлімшесіне шақыртқан. Нүсімбеков полицияға дүйсенбі күні адвокатымен бірге баратынын айтып, полиция қызметкері оған келіскен. 21 сәуірде полиция Нүсімбеков полиция бөлімшесіне барған.

"Полиция бөлімшесінде мені және Жанарды Талғар тұрғыны Эльмираның шағымымен таныстырды. Эльмира К. мені TikTok желісінде "Sanscrete" деген лақап атпен тіркеліп, бірнеше мәрте жария түрде Қазақстан президентін қорлайтын бейәдеп сөздер айтты" деп кінәлап, жауапқа тартуды сұраған. Эльмира шағымына әлгі аккаунт иесінің балағат сөздері жазылған видеосын және 2024 жылғы 24 ақпанда Алматыдағы Тарас Шевченко ескерткішінің қасында түскен менің фотомды қоса тіркеген. Бұған қоса, суретші Қуаныш Құбы Базарғалиевтің "ҚошқарМүйізім" сериясы бойынша салған суреті басылған жейдедегі менің портретімде де қоса тіркеген", – деді Нүсімбеков.

Полиция өкілдері Тимур Нүсімбековтен түсініктеме алған. Журналист TikTok әлеуметтік желісінде мүлде аккаунты болмағанын, желіде барлық постыларын өз аты-жөнімен, ашық түрде жариялайтынын, ешқашан лақап есім қолданбағанын айтты.

Нүсімбеков өзінің үстінен арыз жазған адамды әлеуметтік желі арқылы тауып алғанын хабарлады. Журналистің сөзінше, Эльмира К. өз парақшасында жариялаған видеолар мен жазбаларда оны (Нүсімбековті - ред.) TikTok-та әртүрлі лақап атпен эфирге шығып жүр деп айыптаған.

"Бұл адам өз жазбаларында басқа да тәуелсіз журналистер мен сарапшыларға шабуыл жасап, Z-нарративтерді белсенді түрде насихаттайды: Ашаршылықты жоққа шығарады, "арнайы әскери операцияны" ақтайды, "америкалық биолабораториялар" жайлы қастандық теориясын таратады", – деді журналист.

Тимур Нүсімбеков – журналист, Adamdar/CA платформасының бас редакторы. Ол бұған дейін бірнеше рет Украинаға барып, еріктілер штабында жұмыс істеген, соғыс уақытында фотожурналистер қалай еңбек ететінін көзімен көріп, украин халқының басқыншыларға қалай төтеп бергенін зерттеген.


Зеленский: 23 сәуірде Украина, АҚШ және Еуропа келіссөз өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуір күні Лондонда Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің қатысуымен бейбіт келіссөздер өтетінін растады.

"Сәрсенбі күні өкілдеріміз Лондонда жұмыс істейтін болады. Украина, Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары – біз соғысты сөзсіз тоқтатуға және кейіннен нақты әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға ары қарай да барынша сындарлы түрде жылжуға дайынбыз. Қолдау көрсетіп отырған барлық серіктестерге алғысымды білдіремін. Соғысты сөзсіз тоқтату – бейбітшілікке апарар алғашқы қадам болуы керек. Дәл осы Пасха кезеңі Ресейдің іс-әрекеттері соғыстың созылуына себепші екенін тағы бір мәрте көрсетті", – деп жазды Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен телефонмен сөйлескеннен кейін әлеуметтік желіде жариялаған постында.

Bloomberg агенттігінің деректеріне сүйенсек, Лондондағы келіссөзге АҚШ жағынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және президент Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог қатысады. Олар Франция, Германия, Ұлыбритания және Украинаның сыртқы істер министрлері мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездеседі.

Бұған дейін The Wall Street Journal газеті осы аптада АҚШ, Украина және Еуропа елдерінің қатысуымен келіссөздер өтетінін хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Вашингтон Киевке соғысты тоқтатуға қатысты жолдаған ұсыныстардың арасында АҚШ Қырымды Ресей аумағы деп танып, Украина НАТО-ға мүше болудан бас тартады деген шарттар бар.

Алайда басылым сөйлескен дереккөздер Вашингтонның кейбір ұсынысы Ресей қойып отырған шарттарға сәйкес келмейтінін айтқан. Мәселен, АҚШ Мәскеудің Украинадағы Запорожье, Херсон, Луганск және Донецк облыстары Ресейдің заңды бақылауында болуы тиіс деген талабына келіспейді. Сонымен бірге АҚШ ұсыныстарында Ресей күштері әлгі облыстардағы басып алған аумақтардан кетсін деген шарт қойып отырған жоқ. Америкалық жоспар Украина армиясының әскер санын қысқартуды көздемейді, Батыс елдерінің Киевке әскери көмегін тоқтатуды да қарастырмайды. Еуропа әскерін Украинаға орналастыру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

The Wall Street Journal дереккөздерінің сөзінше, АҚШ ұсыныстарының бірі – Запорожье атом электр станциясы (АЭС) орналасқан аумақты бейтарап аймақ деп жариялау, АҚШ ол аймақты бақылауына алуға да кетәрі емес. ЗАЭС 2022 жылдың наурызынан бері Ресей әскерінің қолында.

Сәрсенбі күні Лондонда өтетін келіссөзде дәл осы ұсыныстар талқыланбақ. Одан кейінгі қадам – АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресейге сапармен тағы да баруы мүмкін.

Рим папасы Франциск Санта-Мария-Маджоре базиликасына жерленеді

Кеше өмірден өткен Рим папасы Франциск Ватикандағы Әулие Петр соборында емес, Рим қаласындағы Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленетін болды. Дүйсенбі күні кешке Ватикан жариялаған марқұмның өсиеті осындай.

Өсиетінде Франциск (шын есімі Хорхе Марио Бергольо) өзінің жерлеу рәсімі қарапайым жағдайда, сән-салтанатсыз өткенін қалайтынын айтып кеткен. Қабіртаста латын тілінде өзіне папа болғаннан кейін берілген есімі — Franciscus деп қана жазылсын деген тілегін айтқан.

Санта-Мария-Маджоре — Эсквилин белесінде орналасқан католик шіркеуі, төрт папалық базиликаның бірі және Ұлы базилика (Papal Major Basilica) мәртебесіне ие. Қарлы Құдай Ананың құрметіне арналған киелі орын саналады және Римнің жұрт тәуап қылып баратын жеті базиликасының қатарына кіреді.

2013 жылдың 13 наурызынан бері Рим папасы болған Франциск (ол денсаулығына байланысты тақтан түскен XVI Бенедиктті алмастырған еді) дүйсенбі, 21 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.35-те 88 жасында қайтыс болды.

Понтифик өмірінің соңғы сәтіне дейін діндарлармен байланысын үзген жоқ. Биылғы Пасха мерекесінде, 20 сәуір күні ол Ватикандағы Әулие Петр соборының балконынан жиналған қауымды діни мейраммен құттықтап, батасын берген. Пасха мерекесіне арналған дәстүрлі жоралғыда Рим папасының атынан "Қалаға және әлемге" атты үндеуді биыл архиепископ Диего Равелли оқып берген еді. Пасха құлшылығына Франциск өзі қатыспаған.

Ақпанның ортасында Рим папасы Франциск бронхит диагнозымен ауруханаға түскен. Кейін денсаулығы нашарлап, пневмония болғаны анықталған. Дәрігерлер оны бірнеше рет жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

ҰҚК өз қызметкері Астанада өлі табылғанын растады

Дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері белгісіз жағдайда қаза болған. Бұл хабарды ҰҚК растады.

"Биыл 21 сәуірде Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінің ауласынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің мәйіті табылды. Полиция органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Болған оқиғаның мән-жайы нақтылануда", – деген қысқа хабар жариялады ҰҚК баспасөз қызметі.

ҰҚК қайтыс болған қызметкері кім болғаны, марқұмды кім, қай кезде тауып алғаны жөнінде ешқандай ақпарат берген жоқ.

Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі Астанада ҰҚК-нің сыртқы барлау (Сырбар) қызметінде жоғарғы лауазым атқарған 42 жастағы ер адамның қазасы тексеріліп жатыр, ол жоғарғы қабатында өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан дүйсенбі күні таңсәріде өлі табылған деп хабарлаған.

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрінің сөмкесін мейрамханада ұры үптеп кеткен

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм
АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Вашингтондағы Capital Burger мейрамханасында ұрыдан зиян шеккен. Оқиға жексенбі, 20 сәуірде болған деп хабарлады CNN телеарнасы.

Болған жайтты дүйсенбі күні Ақ үйде Пасха мерекесіне арналған шара кезінде Ноэмнің өзі айтқан. Құқық қорғау органдары өкілдерінің сөзінше, Құпия қызмет бақылау видеокамерасындағы жазбаны қарап, медициналық бетперде таққан белгісіз ер адамның Ноэмнің сөмкесін алып, мейрамханадан шығып кеткенін анықтаған.

Қолды болған сөмкеде жүргізуші куәлігі, төлқұжат, қызмет куәлігі, пәтер кілті, дәрі-дәрмек, опа-далап, қағаз түбіршектер және 3 мыңға жуық доллар болған деп хабарлады телеарна.

Құпия қызмет бұл оқиғаны тексеруді бастаған.

Кристи Ноэм басқаратын ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл оқиға шенеунік отбасы мүшелерімен — балалары және немерелерімен бірге мейрамханада отырған кезде болған деп хабарлады. Сөмкедегі ақша мейрамханадағы кешкі асқа ақша төлеуге, мерекелік шараларға және Пасха мейрамына орай сый-сияпат алуға арналған еді деп түсіндірген.

Алматыда бұрынғы күйеуі өртеген әйелдің шағымын қараған сот шешім шығарды

Алмалы аудандық соты алдында тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.
Алмалы аудандық соты алдында тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.

Алматыдағы Алмалы аудандық соты көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты. Іс бойынша, айыпталушының салғырттығы Алматы тұрғыны Индира Тергеубаеваның өміріне қастық жасалуына жол берген. Бұл туралы Тергеубаеваның адвокаты хабарлады. Сот сондай-ақ көші-қон полициясы қызметкерлеріне екі жеке қаулы шығарды.

Судья Қайрат Иманқұлов айыптау үкімін шығарғанымен, "ескіру мерзіміне" сілтеп Әденовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты деп жазды "Настоящее время".

Әденов Ресей азаматы Әли Боприевті Қазақстаннан кетіруге міндетті болған. Боприев бұрынғы әйелі Индира Тергеубаеваның қыр соғынан қалмай мазасын алып, оған зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше мәрте айыпты деп танылған. Ақыры 2021 жылы Қазақстан жоғарғы соты оны елден депортациялау туралы қаулы шығарған. Бірақ сот қаулысы орындалмады. Бір жарым жылдан соң Боприев бұрынғы әйелі жұмыс істейтін дүкенге келіп, оған және өзіне бензин құйып өрт қойған. Боприев қаза тауып, қатты күйіп қалған Индира тірі қалған.

Индира Тергеубаева үш жылдан астам уақыт бойы осы оқиғаға жол берген құқық қорғау органы қызметкерлерін жауапқа тартуға талпынып жүр. Бастапқыда оның адвокаттары "әрекетсіздік" бойынша (Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы) іс қозғауды талап еткен. Бірақ Боприевтің қазасы мен Индираның ауыр жарақатына қарамастан, сотқа дейінгі тергеу кезінде-ақ іс жазасы жеңілдеу 371-бапқа ("салғырттық") ауыстырылған.

Тараптардың пікірталасы кезінде прокурор соттан айыпталушыға қарсы істі "ескіру мерзіміне" байланысты тоқтатуды сұраған. Заң бойынша, егер қылмыстың салдары ауыр болмаса және содан бері екі жыл өтсе, істі жабуға болады. Әденов жасады деген құқықбұзушылықтан бері екі жылдан астам уақыт өтті деді прокурор.

Көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденов соттағы соңғы сөзінде өзін кінәлі деп санамайтынын айтып, соттан "әділ шешім шығаруды" сұрады.

Сот Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ "ескіру мерзіміне" байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Сот шешіміне қанағаттанбаған Индира Тергеубаева жоғарғы тұрған сот органдарына шағым түсіретінін айтты.

Шымкентте әкім орынбасары оқ тиіп жараланды, полиция күдіктіні ұстады

Руслан Берденов
Руслан Берденов

21 сәуірде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреу оқ атқан. Жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға дүйсенбі күні сағат 20.30 шамасында қала әкімі кеңсесінің қасында болған. Шенеунікті әлдебіреу аңшы мылтығынан атқан.

Шымкент полициясы қылмысқа күдікті адамды ұстағанын, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлады. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

Жергілікті Otyrar порталының хабарлауынша, Берденовке кеуде тұсынан бірнеше бытыра оғы тиген, ішкі құрылысына зақым келіп, көп қан кеткен. Бірнеше сағатқа созылған отадан кейін дәрігерлер Берденовтің жағдайы тұрақты ауыр екенін айтқан.

Жергілікті басылымдар шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істеген деп хабарлады. Ресми органдар әзірге бұған қатысты ешқандай ақпарат берген жоқ.

40 жастағы Руслан Берденов биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін парламент мәжілісінің депутаты болған.

Қазақстан дипломаттары Украинадағы тұтқынға түскендердің координация штабымен кездесті

Қазақстанның Украинадағы уақытша сенімді өкілі Ермек Катренов пен консул Бауыржан Бегалимов Киевте тұтқынға түскендердің координация штабымен кездесді. Бұл туралы "Хочу жить" жобасы хабарлады.

Жобаның ақпараты бойынша, кездесу Қазақстан тарабының бастамасымен болған. Қазақстан сырты істер министрлігі мен Украинадағы елшілік бұл келіссөз туралы әзірге хабарламады.

"Хочу жить" жобасының жазуынша, қазақстандық дипломаттар Украина тарабына "Астана жалдамалылардың тергеу ісін қадағалап, өз азаматтарымен тиісті ақпараттық жұмыс жүргізетінін айтқан". Бұған қоса, Қазақстан тарабы елшілік Украинаның координация штабымен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.

"Хочу жить" сәуірде Ресей тарапында Украинамен соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған. Тізімде 661 адамның аты-жөні болған. 2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, олардың 78-і қаза тапқандардың қатарына енген.

Осыдан соң украиналық блогер Владимир Золкин YouTube желісіне Украина тұтқынына түскен үш қазақтың видеосын жариялаған. Екеуі Қазақстан азаматы екенін, біреу Ресейде тұратын қазақ екенін айтады. Қазақстандықтар Украинаның шығысында тұтқынға түскенін жеткізеді.

Осыдан соң Қазақстан ішкі істер министрлігі қазақстандықтар басқа елдегі соғысқа қатысса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады. Қазақстан журналистері бұған дейін Ресей әскері қатарында соғысқа қатысқан ондаған оқиға туралы жазған. Біразы "Вагнер" жеке әскерінің қатарына қосылған.

Украиналық "Хочу жить" – Ресей әскерінің сапында соғысып жүрген ресейліктер мен шетелдіктердің қауіпсіз жолмен тұтқынға түсуге көмектесетін жоба.

Рим папасы Франциск қайтыс болды

Рим папасы Франциск (1936-2025).
Рим папасы Франциск (1936-2025).

Рим папасы Франциск 88 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Ватиканға сілтеп, Reuters агенттігі хабарлады.

Ватикан "Рим папасы Франциск 21 сәуірде өзінің резиденциясында көз жұмды" деді. Франциск (шын есімі Хорхе Марио Бергольо) Рим папасы болып, 2013 жылы наурызда сайланған. Ол денсаулығына байланысты тақтан түскен XVI Бенедиктті алмастырған еді.

Ақпанның ортасында Рим папасы Франциск бронхит диагнозымен ауруханаға түскен еді. Кейін денсаулығы нашарлап, пневмония анықталған. Оны бірнеше рет жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

Кеше, 20 сәуірде Пасха мерекесінде понтифик Ватикандағы Қасиетті Петр алаңына жиналғандардың алдына шыққан.

АҚШ Еуропа мен Киевке соғысты аяқтау жоспарын ұсынған - WSJ

АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерінің Париждегі кездесуі. 17 сәуір 2025 жыл.
АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерінің Париждегі кездесуі. 17 сәуір 2025 жыл.

АҚШ Украинаның Запорожье АЭС-інің аумағын өзінің бақылауына алуды ұсынған. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп америкалық The Wall Street Journal басылымы жазды.

Ресей Запорожье АЭС-ін 2022 жылы наурызда басып алған еді.

Вашингтонның соғысты аяқтау жоспарында "АҚШ-тың Қырымды мойындау мүмкіндігі мен Украинаның НАТО-ға мүшелігін талқылаудан бас тарту" ұсынылған. АҚШ бұл құжатты 17 сәуірде Парижде Еуропа мен Украина тарабына берген.

Басылым дереккөзінің сөзінше, жоспардың кейбір тұсы Ресейдің талаптарына сай келмейді. Мәселен, АҚШ Украинаның төрт облысын – Запорожье, Херсон, Луганск, Донецк облыстарын Ресейдің жері деп мойындамайды. Бірақ құжатта "Ресей бұл аймақтардан әскерін шығаруы тиіс" деген талап жоқ.

Бұған қоса, құжатта Украина әскерін азайту керек деген ұсыныс жоқ және Украина аумағына еуропалық әскерилерді орналастыру ықтималдығы айтылған.

"Вашингтон алдағы күндері Лондонда өтетін АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерімен жиында жауап алуды көздейді. Егер тараптардың ұстанымы сай келсе, құжатты Мәскеуге бермек" деп жазды The Wall Street Journal.

Басылым дереккөзі Лондондағы жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың Таяу Шығыс бойынша өкілі Стив Уиткофф, Украина мен Ресей бойынша өкілі Кит Келлог қатысады дейді. Осыдан соң Уиткофф тағы да Мәскеуге баруы мүмкін. Ол бұған дейін екі рет Ресейге барған еді.

Ал Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Украина мен Ресей "осы аптада келісімге келеді деп үміттенетінін" жазды.

БАҚ: Трампты баж енгізуді тоқтата тұруға қаржы мен сауда министрлері көндірген

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент (сол жақта) БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп тұр. Ақ үй, Вашингтон, АҚШ, 9 сәуір, 2025 жыл.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент (сол жақта) БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп тұр. Ақ үй, Вашингтон, АҚШ, 9 сәуір, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа сауда тарифтерін енгізуді тоқтата тұру туралы шешімін елдің қаржы министрлігі мен сауда министрлігінің басшыларымен кеңескеннен кейін қабылдаған. The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сүйеніп осылай деп хабарлады.

Басылым сөйлескен адамдардың айтуынша, АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент пен сауда министрлігінің басшысы Ховард Лютник президентке тариф саясатын жұмсартуға кеңес берген. Ал Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро, керісінше, қатаңдатуды дұрыс санайды. Алайда, дереккөздердің мәліметінше, Наварро президент пен аталған екі министр арасындағы бұл әңгімеден хабарсыз болған.

Министрлермен әңгімелескеннен кейін Дональд Трамп Truth Social желісінде бірқатар тарифтерді енгізуді тоқтата тұратынын ресми түрде мәлімдеп пост жариялаған.

The Wall Street Journal жаңа баж тарифтері туралы 2 сәуірде жарияланған хабарлама қор нарығындағы құлдырауға себеп болғанын және Ақ үйде алаңдаушылық туғызғанын атап жазды.

Бессент пен Лютниктің өкілдері өз командалары америкалық жұмысшыларды қолдауға бағытталған Трамп бағдарламасын жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оған қоса, олар президентпен баж мәселесі туралы әңгіме болғаны жөніндегі ақпаратты шындыққа жанаспайды деп жоққа шығарды. Питер Наварро аты-жөні аталмаған дереккөздерді Трамп командасының ішіне іріткі салмақ болды деп айыптады.

Басылым Бессент пен Лютниктің одағы Трамптың тұсында Ақ үйдегі жағдай қаншалықты тез өзгеріп жатқанын көрсетеді деп жазды. Екеуі де сайлау мен инаугурация аралығындағы өтпелі кезеңде қаржы министрі лауазымына үміткер болған. Ақырында ол қызмет Бессентке бұйырған, үкімет тиімділігі департаментінің басшысы Илон Маск оған қарсы болған еді. Трамп Лютникті сауда министрі қызметіне тағайындаған.

  • 2 сәуірде Трамп АҚШ-тың басты сауда серіктестерінің басым көпшілігіне 5 сәуірден бастап жаңа тарифтер енгізілетінін жариялады. Мысалы, Еуроодақ елдерінен келетін импортқа тариф 20%, Ұлыбританияға – 10%, ал кейбір елдерге 40% және одан да көп шамада енгізілетін болды.
  • 9 сәуірде президент 75-тен астам елге қатысты тарифтерді енгізуді 90 күн кейінге жылжытып, Қытайға салынатын баж салығын 145%-ға дейін ұлғайтты. Ал Қытай бұған қарымта ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға 125% көлемінде жаңа импорт тарифтерін енгізетінін мәлімдеді. Еуроодақ америкалық өнімдерге 25% тариф енгізуді 90 күнге кейінге қалдырды.
  • АҚШ әкімшілігі алдағы 90 күн ішінде 90 сауда келісімін жасасуға ниетті. Бұл – 75-тен астам елге қатысты тарифтердің кейінге қалдырылуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Тоқаев Қазақстанның бірқатар елдердегі елшілерін тағайындады

Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы – Ақорда.
Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы – Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылып, оның орнына Алмас Сейтақынов тағайындалды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Сол сияқты, президент жарлығымен Сергей Александрович Викторов Қазақстанның Шри-Ланка еліндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған.

Ал Қазақстанның Швециядағы төтенше және өкілетті елшісі Олжас Мұхамедғалымұлы Сүлейменов Қазақстанның Даниядағы елшісі қызметін қоса атқаратын болды.

Өткен аптада президент Тоқаев Дархан Кәлетаевты Қазақстанның Украинадағы елшісі қызметінен босатып, оның орнына Төлежан Барлыбаевты тағайындаған. Кәлетаев 2020 жылғы 22 ақпанда Украинадағы елші болып бекітілген еді.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға сапармен келмек

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони
Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони осы аптаның аяғында Қазақстанға сапармен келмекші. Мұндай ақпаратты дүйсенбі, 21 сәуір күні Қазақстан президентінің баспасөз қызметі таратты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 сәуір күндері Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға ресми сапармен келеді. Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын талқылайды", - деп хабарлады Ақорда telegram-каналында.

Осы сапар кезінде, 27 сәуір күні Астанада "Орталық Азия – Италия" форматындағы тұңғыш саммит өтпекші.

Джорджа Мелони – Италия тарихында үкімет жетекшісі лауазымына сайланған бірінші әйел. 2022 жылдың қазан айында осы қызметке сайланғалы бері ол Қазақстанға алғаш рет келгелі отыр.

Президент Тоқаев былтыр қаңтарда Италияға ресми сапармен барып, сол елдің үкімет басшысы Мелонимен кездескен.

Италия Қазақстанның Еуроодақтағы ірі сауда әріптесі және Қазақстан экономикасының басты инвесторларының бірі саналады. Қазақстан нарығында шамамен 300 италиялық компания жұмыс істейді. Арасында Eni мұнай-газ компаниясы да бар.

Тағы

XS
SM
MD
LG