Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Обама Путинмен телефон арқылы сөйлесті

АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 5 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 5 қыркүйек 2013 жыл.
Ақ үй жұма күні АҚШ президенті Барак Обаманың Ресей президенті Владимир Путинмен 90 минут телефонмен сөйлескенін хабарлады.

Ақ үй хабарламасында Обаманың "Ресей Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзды" деп мәлімдегені айтылған.

Обама "АҚШ Ресейдің Украина территориясына әскер кіргізуін" айыптады. АҚШ Ресейді Украинадағы жағдайды ушықтырмауға, әскерін Қырымдағы базасына қайтаруға, Украинаның ішкі ісіне араласпауға шақырды.

Путин Обамаға "Мәскеудің Украинадағы мүддесі мен орыстілді тұрғындарды қорғау құқығы бар" екенін ескерткен.

Барак Обама Владимир Путинге "Ресей Украинадағы этникалық азшылық құқығына алаңдаса, ондай мәселелер бейбіт түрде, ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) сияқты халықаралық ұйымдардың аясындағы келіссөздер арқылы шешілуі қажет екенін" айтқан.

Обама "Ресейдің Украина егемендігін бұзуы оның халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін" ескерткен. АҚШ Сочиде (Ресей) өтетін "Үлкен сегіздік" саммитіне қатысуға дайындық шараларын уақытша тоқтатты.

АҚШ президенті Обама "Украинаға жедел қаржылық және техникалық жәрдем беруге" бұйрық етті.

Басқа да жаңалықтар

Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 40-тан астам жолаушы болған.

Ұшақтың бөлшектері Тында қаласынан 15 шақырым жерде табылды деп жазды жедел қызметке сүйенген "Интерфакс". Ұшақ Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшқан. Тындаға жақындаған кезде онымен байланыс үзілген.

РБК-ның жазуынша, мәселе "Ангара" әуе компаниясының ұшағы жөнінде болып отыр. Baza-ның жазуынша, Ан-24 қонуға оқталып, қона алмай, екінші рет айналуға кеткенде онымен байланыс үзілген. Ұшақ бортында экипаждың 6 мүшесін қоспағанда 43 жолаушы болған, бесеуі – бала.

ТАСС-тың жазуынша, апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағы 50 жыл бұрын шығарылған, оның ұшу жарамдылық мерзімі 2036 жылға дейін ұзартылған. The Insider жазуынша, биыл қаңтарда "Ангара" әуе компаниясының бас директоры жаңа техника болмағандықтан 50 жыл бұрынғы Ан-24 және Ан-26 ұшақтарын пайдалануға рұқсат сұраған. The Insider әңгімелескен әуе сарапшылары 50 жылдық ұшақтарда апат жиі болатынын айтқан.

Reuters: Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау уақытша тоқтатылды

Ресей билігі енгізген жаңа ережелерге байланысты Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау уақытша тоқтатылды деп жазды дереккөздерге сүйенген Reuters. Жаңа ереже шетелдік мұнай танкерлеріне Қара теңіздегі негізгі порттарда тауар тиеуге тыйым салады, бұл АҚШ-тың энергетикалық алпауыттарына ішінара тиесілі консорциум тасымалдайтын Қазақстан мұнайының экспортына іс жүзінде тосқауыл қойған.

Reuters жазуынша, шетелдік кемелердің порттарға бара алмауының салдарынан әлемдік мұнай тасымалы шамамен 2% қысқаруы мүмкін. Мұндай шешім Ресейдің мұнай экспортына қысымды үдетуді көздейтін Еуроодақтың жуырдағы Мәскеуге қарсы санкциясынан кейін қабылданып отыр. Ол Қазақстан мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумына (акционерлерінің арасында Chevron мен ExxonMobil да бар) қосымша қиындық туғызып отыр.

Дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин шетел кемелерін ресейлік порттарға кіру үшін ФСБ-дан рұқсат сұрауға міндеттейтін заңға қол қойған.

Каспий құбыр консорциумы мен Ресей жағы әзірге түсініктеме бермеді. Reuters дереккөздерінің бірі порттардағы мәселе алдағы бір-екі күнде шешіліп қалар деп үміт білдірген.

Ал Қазақстан энергетика министрлігі 24 шілдеде түске қарай Қара теңіз арқылы қазақстандық мұнай экспорты тоқтатылмағанын, бірақ Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты бойынша келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Усть-Луга портындағы жағдайға қатысты көлік инфрақұрылымы нысанының қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша шаралар енгізілуіне байланысты «ҚазТрансойл» «Нева құбыр компаниясымен» келіссөз жүргізіп жатыр» деп хабарлады энергетика министрлігі.

БАҚ-тың жазуынша, тамыз айында Ресейдегі КҚК терминалынан тәулігіне 1,66 миллион баррель КҚК-Blend мұнайы экспортталады деп жоспарланған, бұл шілде айындағы жоспардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау дрон шабуылына қатысты күрделенген еді. Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына түскен дронның кесірінен мұнай айдайтын жабдық бұзылған. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Дрон шабуылын Украина мойнына алған. КҚК сол шабуыл кесірінен 18 млрд теңгедей шығын келді деп мәлімдеп, халықаралық сотқа жүгінетінін айтқан.

Ресей арнайы қызметі "теракт әзірлеу ісі" бойынша өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Краснодар өлкесінде "теракт әзірлеу ісі" бойынша өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады. Бұл жөнінде ТАСС және РИА Новости жазды.

Арнайы қызметтің хабарлауынша, ол "халықаралық террористік ұйымның тапсырмасымен" аймақтағы "мұнай өңдеу өнеркәсіп нысанында теракт жасамақ болған". ФСБ "нысан" деп мұнай өңдеу нысанының жатақханасын айтып отыр, ер адам оны өртеу үшін "Молотов коктейлін" пайдаланбақ болған деп айтылады.

Видеожазбаны ол "халықты қорқыту үшін" интернетте жариялап, бұдан кейін халықаралық террористік ұйымға қосылу үшін Ауғанстанға кетуі керек болған деді ФСБ.

Ұсталған азаматқа қатысты "террористік ұйымның ісіне араласу" және "теракт әзірлеу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оны тергеу изоляторына қамады.

2025 жылдың басынан бері ФСБ қызметкерлері "терроризмге қатысы бар" делінген Орталық Азиядан барған бірнеше адамды өлтірген. Ақпан айында Ресей арнайы қызметі "Псков вокзалын жармақ болды" деген бірнеше адам өлтірілгенін хабарлаған. Бұлар бұрын шайханада істеген Тәжікстан азаматтары Парвиз Рустамов, Джовид Джумаев және Азизжон Азамкулзаде болып шықты. Наурызда "еврейлер жиналатын орында және Мәскеу метро станцияларының бірінде өзін жармақ болған" Орталық Азиядан барған бір азамат өлтірілген.

Мәскеудегі "Крокус сити холл" концерт залындағы терактіден кейін (Ресей билігі терактіні Тәжікстанның бірнеше азаматы ұйымдастырды деп мәлімдеген) Ресей шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына қатысты саясатты күрт қатайтқан. Бұған қоса, тәртіп сақшылары «Орыс қоғамы» ұлтшыл ұйымының өкілдерімен бірлесіп, базарларда, мешіттерде, моншаларда, дәмханаларда рейд жүргізіп жатыр.

Стамбұлда Ресей-Украина келіссөзі шамамен жарты сағатқа созылды

Түркия араағайындық етуімен өткен Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі. 23 шілде, 2025 жыл.
Түркия араағайындық етуімен өткен Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі. 23 шілде, 2025 жыл.

Стамбұлда Ресей-Украина келіссөзі шамамен жарты сағатқа созылды. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, келіссөздің үшінші кезеңі – үш кездесудің арасындағы ең қысқасы болған. Екі ел делегацияларының жетекшілері Владимир Мединский мен Рүстем Умеров және Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан жалпы кездесуден бұрын бетпе-бет кездескен.

ТАСС-тың хабарлауынша, тараптар азаматтық және әскери тұлғаларды алмастыруға келіскен. Украина жағының айтынша, басты тақырыптардың бірі атысты тоқтату, тұтқын алмасу, Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің кездесуі болған.

Киев Зеленский мен Путин кездесуін тамыздың соңына қарай өткізуді ұсынды деп мәлімдеді Умеров. Оның айтуынша, кездесуге АҚШ және Түркия президенттері қатысуы мүмкін.

Мединскийдің сөзінше, Ресей Украинаға қаза болғандар мен жараланғандарды жинау үшін майданда қысқа үзіліс жарияларды ұсынған.

Мединскийдің айтуынша, Украина саяси, гуманитарлық және әскери мәселелер бойынша жұмыс тобын құруды талқылауға келіскен. Мәскеу мен Киевтің атысты тоқтату туралы талаптары жазылған меморандум туралы сұраққа жауап берген ол "тараптар байланысты жалғастыруға келісті" деп қысқа қайырды.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жер сілкінді

Қазақстандық сейсмологтар 23 шілдеде сағат 15:37-де жер сілкінісі болғанын хабарлады. Эпицентрі Алматының солтүстік-шығысынан 793 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісі Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында сезілген.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Абай облысының Көкпекті, Қалбатау ауылдарында және Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде, Қасым Қайсенов және Самар ауылдарында 4 балдық жер сілкінісі сезілген. Кейбір елді мекендерде 2-3 балл болған, арасында Семей мен Аягөз қалалары бар.

Министрліктің хабарлауынша, зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы мәлімет жоқ.

Өзбекстанда дәрігер қателесіп, науқастың сау аяғын кескен. Әйел қайтыс болды

Өзбекстанның Ферғана облысында дәрігер қателесіп, науқастың сау аяғын кескен. Сот материалдарымен танысқан Kun.uz басылымының жазуынша, оқиға былтыр қазанда болған.

Адинахон Исомитдиноваға "екінші типті қант диабетінің ауыр түрі, декомпенсация кезеңі, қант диабетінің нейроишемиялық түрі, сол аяқ ампутациясынан кейінгі жағдай, тізе буынының сынығы" деген диагноз қойылған.

Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық эндокринология медицина орталығының Ферғана бөлімінің хирургия бөлімінің меңгерушісі Әбдіманап Мадалимов отаны кездейсоқ таңдалған медицина қызметкерлері және арнайы біліктілігі жоқ студентпен жасаған.

Ота кезінде дәрігер науқастың ауыратын сол аяғының орнына сау оң аяғына ампутация жасаған. Ізінше нақты диагностика жасамай науқастың сол аяғы да кесілген.

Сау аяғынан айырылған әйел екі ауыр операцияға шыдамай бір айдан кейін қайтыс болды.

Биыл мамырда бірінші инстанциядағы сот Әбдіманап Мадалимовті "Кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оны үш жылға дәрігер қызметінен шеттетті.

Бұған қоса, жәбірленуші жақтың заңды өкіліне 27 млн 806 мың сум (2200 доллар) көлемінде – материалдық, 80 млн сум (6400 доллар) көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген.

Апелляциялық сотта Мадалимов қылмыс құрамын жоғын айтып, науқастың өліміне өзі кінәлі еместігін айтқан. Ал жәбірленуші жақ материалдық және моральдық өтемақыны көбейту туралы өтініш берген.

Апелляциялық бірінші инстанцияда шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Зеленский наразылыққа қарамастан даулы заңға қол қойды

Киевтегі наразылық акциясы. 22 шілде, 2025 жыл.
Киевтегі наразылық акциясы. 22 шілде, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский 22 шілдеде Жоғарғы рада қабылдаған заң жобасына қол қойды. Сыншылардың пікірінше, құжат іс жүзінде екі жемқорлыққа қарсы құрылым – жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) және мамандандырылған жемқорлыққа қарсы прокуратураны тәуелсіздіктерінен айырады.

Заң Виктор Янукович биліктен қуылғаннан кейін Украинаны Еуропаның жемқорлыққа қарсы күрес стандартына жақындату мақсатында құрылған екі агенттікті бас прокурорға бағындырады. Өткен аптада жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросында ірі тінту жүргізілді. Украина қауіпсіздік қызметі НАБУ-дің жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірін "мемлекетке сатқындық жасады" және "Ресеймен әріптестік орнатты" деп айыптады. Бұдан кейін Жоғарғы рада аталған агенттіктерді қайта құру туралы заң жобасын қабылдаған.

Осыдан кейін Киев пен елдің өзге қалаларында жұрт наразылық білдірді. Жүздеген адам Зеленскийді аталған заңға вето қоюға шақырды. Наразылардың сөзінше, билік жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықты жоюға мүмкіндік бермес үшін тәуелсіз агенттіктерді бақылауға алғысы келеді.

Зеленский сейсенбі кешкі мәлімдемесінде НАБУ мен САП жұмысын жалғастыра береді деді.

"Тек Ресей ықпалынсыз – одан барлығын тазарту керек" деді ол. Оның сөзінше, бас прокурор "заңға қарсы жүргендер жазасының бұлтартпастығын шынымен қамтамасыз етпек". Украинадағы соғыс басталғалы бергі елдегі ең ірі наразылыққа қатысты Зеленский түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін ЕО өкілдері мен Украинаға одақтас елдер аталған заңды сынап, "ЕО-ға қосылудан үміткер" Украинаның алған міндеттемелерін еске салып, құжатты "артқа тартатын қадам" деп бағалады. Мысалы, Киевтегі "Үлкен жетілік" елдерінің елшілері алаңдаушылық білдіріп, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ұйым өкілдері Украина билігіне аталған қадам "халықаралық әріптестер арасында, әсіресе Украинаның қорғаныс секторы мен оны ұзақ мерзімде қалпына келтіруге инвестиция құюды қарастырып отырғандар арасында Киевтің беделіне нұқсан келтіреді" деп ескертті.

Украина билігі өкілдері НАБУ мен САП қызметі конституцияға қайшы келмеуге тиіс деп мәлімдеп, олардың бірқатар қызметкерлерін Ресеймен байланыс орнатты, НАБУ алалап тергейді деп айыптады.

БАҚ: Ресей-Украина келіссөзі бүгін кешке Стамбұлда өтеді

Ресей-Украина келіссөзі. Стамбұл, 16 мамыр 2025 жыл.
Ресей-Украина келіссөзі. Стамбұл, 16 мамыр 2025 жыл.

Ресей-Украина келіссөзінің үшінші кезеңі болжам бойынша, 23 шілде кешке өтпек. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, кездесу шамамен 19.00-де басталады. Түркия президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі де осы уақытты айтты.

Дереккөзге сүйенген "Интерфакстың" хабарлауынша, келіссөз сәрсенбі кешке жоспарланған, бірақ нақты уақытын айтпады. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский де 23 шілдені айтқан, ал Мәскеу растаған жоқ, жоққа шығарған да жоқ.

Келіссөздің жаңа кезеңі жақындаған тұста Зеленский украин делегациясының құрамын өзгертті, оған бұрынғыша 12 адам емес, 14 адам кірді. Делегацияға Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жетекшісі Рүстем Умеров жетекшілік етеді. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, орыс делегациясының құрамы өзгермеген, оған Владимир Мединский жетекшілік етеді.

Бұған дейін Зеленский кездесу барысында тұтқын алмасу сияқты гуманитарлық мәселелер талқылануы тиіс деген. Украина президентінің сөзінше, украин делегациясы екі ел басшыларының кездесу мәселесін қозғамақ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні Ресей-Украина келіссөзінде екі жақтың атысты тоқтату шарттары жазылған меморандумдар талқыланбақ. Бұл меморандумдарды екі жақ маусымның басында таныстырған. Екі жақтың ұстанымында ешқандай ұқсастық жоқ десе де болады. Украина атысты ешқандай шарт қоймай тоқтатуға келіседі, ал Ресей атысты тоқтату үшін өз шарттарын алға тартады.

Қарағандыда екі жұмысшы құдықты тазалау кезінде қаза болды

Қарағандыда коммуналдық қызметтің екі жұмысшысы құбыр құдығын тазалау жұмыстары кезінде қаза болды. Бұл жөнінде "Қарағанды су" компаниясына сүйенген "Қазақпарат" хабарлады. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, 29 және 46 жастағы жұмысшылар құбырда жиналып қалатын улы газдан уланған болуы мүмкін.

Полиция жұмысшылардың қазасына байланысты еңбекті қорғау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тиісті сот-медициналық, техникалық сараптама тағайындалған, тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланды.

Коммуналды кәсіпорынның баспасөз қызметі "кәсіби міндеттерін атқару кезінде" қаза болғанын растады.

"Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Ішкі тексеріс жүріп жатыр" деп хабарлады компания өкілдері.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Жақында Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болған.

Оның алдында мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр бір жылда өндіріс орындарында 220 адам қаза болғанын хабарлаған.

Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді

"Мейкин Азия" фестивалінде өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайбергенов. Қырғызстан, Ыстықкөл, 22 шілде 2025 жыл.
"Мейкин Азия" фестивалінде өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайбергенов. Қырғызстан, Ыстықкөл, 22 шілде 2025 жыл.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді. Қырғызстан президентінің сайтындағы мәліметке қарағанда, "Қырғызстанның халық әртісі" атағы қазақстандық әншіге "Мейкин Азия" фестивалі кезінде тапсырылған.

"Фестивальдің аяғында мемлекеттік хатшы Марат Иманқұлов Қырғызстан мен Қазақстан Республикалары арасында достық пен мәдени байланысты нығайтуға үлес қосқаны үшін қазақстандық әнші, композитор Дінмұхаммед Құдайбергенге (Димаш Құдайбергенге) "Қырғызстанның халық әртісі" атағын тапсырды. Президент Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды" деп жазылған ресми хабарламада.

Kaktus-media-ның жазуынша, қазақстандық әнші марапатты "аванс" деп атап, екі халықтың достығын нығайту үшін жұмыс істеуге уәде берген.

2023 жылы қазанда Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі атағын алған еді.

"Мейкин Азия" халықаралық музыка фестивалі 20-22 шілдеде Ыстықкөлде өткен. Оған Азия мен Еуропаның 25 елінен әнші қатысқан деп айтылады. 2013 жылдан бері өтіп келе жатқан фестивальдің алғашқы бас бәйгесін Димаш Құдайбергенов ұтқан.

"Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша" іс сотқа түсті

Руслан Берденов
Руслан Берденов

«Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық бойынша» іс сотқа түсті. Бұл жөнінде «За нами уже выехали» арнасы хабарлады.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігімен («Кісі өлтіруге оқталу») айыпталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 2025 жылғы 28 шілдеде сағат 10:00-де өтеді» деп хабарлады сот сейсенбі күні.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында бір адам оқ атып, шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.

Шымкент әкімдігіне сүйенген Informburo жазуынша, күдіктінің аты-жөні Ернар Жиембаев. Ол Шымкент қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ын басқарады. Ол қамауға алынған. Осыған дейін Жиембаевтың әкесі оқиғаға өкініш білдіріп, сот пен тергеу істің анық-қанығын анықтайды деп айтқан.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Мәскеу соты журналист Юрий Дудьты сырттай қамауға алды

Юрий Дудь
Юрий Дудь

Мәскеудің Басман соты журналист Юрий Дудьды "шетел агенті туралы заң талаптарын орындамады" деген айыппен сырттай екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресей билігі Дудьты 2022 жылы сәуірде "шетел агенті" деп жариялаған. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалғаны маусымда белгілі болды. Тізімге енген адамдардан билік әлеуметтік желідегі кез келген хабарламада "шетел агенті" екенін айтып отыруды талап етеді, заңды қайталап бұзғандарға қылмыстық іс қозғалады.

38 жастағы Дудь Ресейден 2022 жылы кеткені хабарланған. Ол қылмыстық іске түсініктеме берген жоқ. Бұрынғы спорт журналисі өзінің YouTube-арнасымен танымал. Оған 10,3 миллионнан астам адам жазылған.

Ресей әскері Краматорск, Славянск пен Одессаға әуеден шабуылдады

22 шілдеге қараған түні Одессада Ресейдің әуе шабуылынан өртенген жеңіл көліктер. Украинаның төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі таратқан фото.
22 шілдеге қараған түні Одессада Ресейдің әуе шабуылынан өртенген жеңіл көліктер. Украинаның төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі таратқан фото.

22 шілдеге қараған түні Ресей күштері Украинаға 42 дронмен шабуыл жасады, деп хабарлады Украина қарулы күштерінің Әуе күштері. Ол дрондардың 26-сы атып түсірілген, тағы жетеуі "жоғалып кеткен", яғни радарлардан көрінбей қалған.

"Үш жерде тоғыз дрон түсіп, жарылған, ал әуеден атып түсірілген дрондар үш жерде құлаған", – деп айтылған хабарламада.

Донецк облысындағы Краматорск қаласында басқарылатын әуе бомбалары көпқабатты тұрғын үйді бүлдірген. Қала әкімшілігінің басшысы Александр Гончаренконың айтуынша, 10 жасар бала қаза тауып, тағы бес адам жараланған.

Славянск қаласында сейсенбі күні таңертеңгі атыс салдарынан кемінде төрт адам зардап шеккен. Қала басшысы Вадим Ляхтың айтуынша, әсіресе тұрғын үйлерге айтарлықтай залал келген.

Сумыға жасалған әуе шабуылы салдарынан бес көпқабатты үй, 18 автокөлік және сауда орталығы бүлінген. Үш адам, соның ішінде бір бала жараланған. Жалпы саны 12 адам дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлады Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі.

Одесса қаласына Ресей әскері дронмен шабуылдады. Соның салдарынан автотұрақтардың бірінде тұрған көліктер өртеніп, дүкен бүлінген, көпқабатты үйдің терезелері сынған. Бір адам зардап шеккен деген ақпарат түскен.

АҚШ қаржы министрі одақтастарды Ресейге қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізуге шақырды

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент
АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ Конгресі Ресейден энергия ресурстарын алып отырған елдерге қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізуді мақұлдаған жағдайда еуропалық одақтастарын сол санкцияларға қосылуға шақырды.

Дүйсенбі күні CNBC телеарнасына берген сұхбатында Бессент АҚШ Сенаты президент Дональд Трамптың сауда баждары саяси мақсаттарға жету құралы деген пікірін қолдағанын айтты және "үлкен ойын жайлы айтып жүрген" Еуропа елдерін, "егер АҚШ осы екінші деңгейлі баждарды енгізетін болса, соған ілесуге" үндеді.

Бұл жерде Сенат қарауына түскен заң жобасы сөз болып отыр. Онда Ресейден мұнай сатып алатын елдердің тауарларына 500 пайыздық импорт бажын енгізу қарастырылған. Алайда, Бессент сұхбат барысында 100 пайыздық баж жайлы да сөз қозғады. 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресей Украинамен 50 күн ішінде бітімге келмесе, оған қарсы "қатаң" баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Кейінірек Ақ үй бұл баждар Ресей мұнайын сатып алатын елдердің тауарларына да қолданылады деп түсіндірді.

CNBC телеарнасына берген сұхбатында АҚШ қаржы министрі Қытайдың Ресей мен Иран мұнайын сатып алуы АҚШ пен Қытай арасындағы импорт баждары туралы келіссөздердегі тақырыптардың бірі болатынын айтты. "Қытайлар, өкінішке қарай, санкция салынған Иран мен Ресей мұнайын ірі көлемде сатып алып отыр. Біз бұл мәселені талқылауды бастай аламыз", – деді Скотт Бессент.

HRW Азаттық тілшілеріне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстан билігін сынға алды

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының белгісі
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының белгісі

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 22 шілде күні жариялаған мәлімдемесінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация беруден бас тартуын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған ашық шабуылға теңеді. Халықаралық ұйым СІМ бұл шешімі елдегі баспасөз еркіндігіне нұқсан келтіретінін және Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелеріне қайшы екенін айтқан.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігі тәуелсіз дауыстарды тұншықтыру әрекеттерін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Бұл — Қазақстандағы барлық тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ескерту", – деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Азаттық радиосы – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, гендерлік зорлық-зомбылық және саяси қысым секілді маңызды тақырыптарды көтеретін тәуелсіз ақпарат көзі. Бұл тақырыптар мемлекеттік немесе мемлекеттік бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі еленбей жатады. Аккредитациядан бас тарту тәуелсіз журналистер мен блогерлерге жасалып жатқан қысым аясында болып отыр, делінген HRW мәлімдемесінде.

Азаттық журналистерін аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптаған министрлік өз шешіміне нақты дәлел келтірген жоқ, егер аккредитациядан бас тартса, себебін жазбаша түрде нақты көрсетуі тиіс, дейді құқық қорғаушы ұйым.

Human Rights Watch Қазақстан билігі Азаттық тілшілерін бұған дейін де бірнеше рет аккредиттеуден өткізбей қойғанын айтқан. Ал бұл жолғы бас тарту оқшау жағдай емес, Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа қарсы әкімшілік қысымның кең ауқымды, алаңдатарлық үрдісінің жалғасы, делінген мәлімдемеде.

Халықаралық ұйым СІМ шешімі Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын да бұзады деп көрсеткен. Аталған пакт ақпаратты іздеу, алу және тарату, сондай-ақ ешқандай кедергісіз өз пікірін білдіру құқығына кепілдік береді.

Human Rights Watch Қазақстан үкіметін бұл шешімді дереу кері қайтарып, Азаттық радиосы журналистеріне кідіріссіз аккредитация беруге шақырған.

"Тәуелсіз журналистика — қауіп емес, оны қорғау керек, шектеуге болмайды. Аккредитация журналистерді бақылау немесе үнін өшіру құралына айналмауы тиіс", – деді HRW өкілі Хью Уильямсон.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) 16 тілшісіне аккредитация бермей қойған Қазақстан сыртқы істер министрлігін әкімшілік сотқа берген. Сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан министрлік соның қарсаңында Азаттықтың тағы 9 журналисіне аккредитация бермей қойды.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.

Тағы

XS
SM
MD
LG