ЖАҢАЛЫҚТАР
Бас прокуратура БАӘ-де ұсталғандар туралы айтты

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары бас прокуратураның бірінші орынбасары Иоганн Меркельге сілтеме жасай отырып, БАӘ-де ұсталған азаматтар жайлы "өлім жазасына кесілуі не елге қайтарылуы ықтимал" деген ақпарат таратқан.
Бас прокуратураның түсіндіруінше, Иоганн Меркель жергілікті арнаға берген сұхбатында 29 қазанда ұсталған қазақстандықтар туралы емес, "Қазақстанда қылмыс жасап, сол үшін Интерпол арқылы іздестіріліп жатқан БАӘ-дегі қазақстандықтардың экстрадициясы" туралы айтқан.
"Меркель түсініктеме берген жағдайдың БАӘ билік орындары 29 қазанда ұстаған Қазақстанның өзге азаматтарына ешқандай байланысы жоқ" дейді бас прокуратура.
Биыл қазан айының соңында Дубайда он шақты (бас прокуратура дерегінше, 12 адам) қазақстандықты БАӘ полициясы ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Ол елдегі Қазақстан азаматтары ұсталғанын Оралда тұратын туыстары да растаған. Дубай полициясы Азаттыққа "олар туралы әзірше ешқандай мәлімет бере алмайтынын" айтқан.
Басқа да жаңалықтар
Тоқаев Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысын ауыстырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қарулы күштерінің әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Руслан Қоңыровты қызметінен босатып, оның орнына Асқар Ізбасовты тағайындады. Бұл туралы 15 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің тағы бір шешімімен Бақытбек Сыдықов Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Биыл 8 маусымда Тоқаев Қазақстанның қорғаныс министрі етіп Дәурен Қосановты тағайындаған. Қосанов оған дейін қорғаныс министрінің орынбасары – әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы қызметін атқарған еді.
Ресей полициясы жазушы Дмитрий Быковқа іздеу жариялады

Ресейдің ішкі істер министрлігі ресейлік жазушы әрі публицист Дмитрий Быковқа іздеу жариялады. Бұл дерек "Медиазона" басылымының назарына түскен.
Іздеу базасында полиция адамдарды қандай іс бойынша іздестіріп жатқаны көрсетілмейді. Әзірге белгілісі – Ресейде Быковтың үстінен "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратқаны" және "шетелдік агенттер" тізіміне алынғандарға қойылған талаптарды бұзғаны үшін қылмыстық істер қозғалған.
57 жастағы Дмитрий Быков – қазіргі заманғы ең танымал ресейлік жазушылар мен ақындардың бірі. Оның шығармалары бірқатар беделді әдеби сыйлықтар алған. Быков Ресей оппозициясы үйлестіру кеңесінің мүшесі болған және Ресей билігіне сыни көзқарасымен танымал.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жазушы АҚШ-қа кетіп қалды, қазір ол Корнелл университетінде дәріс береді.
Axios: АҚШ Украинаға миллиардтаған доллардың қару-жарағын беруі мүмкін

Дүйсенбі, 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға беріледі деп жариялаған америкалық қару-жарақтың "алғашқы легі" аясында АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарына жалпы құны 10 миллиард долларға жетеғабыл қару сатылуы мүмкін. Мұны Axios басылымы өз дереккөзіне сүйеніп жазды.
Украинаға жеткізілетін қару-жараққа қаржыны АҚШ-тың одақтастары төлейтінін мәлімдеген Трамп сөзінде "миллиардтаған доллар" жайлы айтқан. Егжей-тегжейі әлі ресми жарияланбаған жоспарда еуропалық одақтастар АҚШ-тан қару сатып алып, оны Украинаға беру қарастырылады деп айтылып отыр.
Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінен басқа, президент Трамп та, дүйсенбі күні ол Ақ үйде қабылдаған НАТО бас хатшысы Марк Рютте де Украинаға нақты қандай қару-жарақ жеткізілетіні туралы ашып айтпады. Алайда Axios пен басқа да бірқатар БАҚ-тың дереккөздеріне сүйенсек, әңгіме зымыран қару-жарағы мен артиллериялық оқ-дәрілер туралы болып отыр. Қай зымыран түрлері жөнінде сөз болып отырғаны нақты айтылмағанымен, Axios олардың арасында Мәскеуге соққы жасауға мүмкіндік беретін алыс қашықтықтағы зымырандар болуы мүмкін екенін жазады.
Трамп бұған дейін Украинаға қорғаныс қарулары берілетінін мәлімдеген еді, алайда дүйсенбі күні ол қандай қару-жарақ берілетінін нақтыламады.
"Бұл Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелерін де, зымырандарды да, оқ-дәрілерді де көп көлемде алуға мүмкіндік береді", – деді Трамп.
НАТО бас хатшысы да Украина "шынымен де әскери техниканың ауқымды көлеміне, соның ішінде әуе қорғанысы құралдарына, зымырандарға және оқ-дәрілерге" қол жеткізе алатынын айтты. Оның сөзінше, келісімді іске асыруға Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Канада қатысады.
Дүйсенбі күні Киевте Украина президенті Владимир Зеленский мен Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог қару-жарақ жеткізу мүмкіндіктерін талқылады. Зеленский сол күні кешке жариялаған үндеуінде Украина қандай қару түрлерін алудан үмітті екенін айтқан жоқ, тек Patriot жүйелерін ғана сөз арасында атап өтті. Бұл ретте ол АҚШ-ты ғана емес, оған қоса Германия мен Норвегияны да атады. Бұған дейін БАҚ АҚШ одақтастарын өзінде бар Patriot жүйелерін Украинаға беруге көндіруге тырысуы мүмкін деген ақпарат жариялаған.
Украинаға қару жеткізу туралы мәлімдемеден бөлек, дүйсенбі күні президент Трамп Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келуге 50 күн уақыт беретінін, егер осы мерзім аяқталғанға дейін мәмілеге келе алмаса, онда Ресейге және одан энергия түрлерін тасымалдайтын елдерге аса ірі көлемде кедендік баж енгізілетінін ескертті. АҚШ президенті Ресейдің әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, әйткенмен бейбіт келісім жасалатындығынан үміт үзбегенін білдірді.
Қазақстан билігі Азаттықтың тағы 9 қызметкерін аккредиттемей қойды

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының тағы тоғыз тілшісін аккредиттеуден бас тартты. Бұл жөнінде Азаттықтың поштасына сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хат келді.
"Мұндай шешім қабылдауға [Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қазақстандағы] өкілдігінің Қазақстан Республикасы заңнамасын, нақты айтқанда, "Масс-медиа туралы" заңның 30-бабының 4-тармағын жүйелі түрде бұзуы себеп болды" делінген.
Яғни, министрлік Азаттық қызметкерлері тиісті аккредиттеусіз жұмыс істеді деп отыр. Азаттық Қазақстан заңы талаптарын орындай отырып, аккредиттеу туралы өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын, яғни уақтылы берген. Бірақ министрлік нақты себебін айтпастан, өтінішті қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқан.
Азаттық жұма күні 7 тілшісіне аккредитация беруден бас тартқаны үшін Қазақстанның
сыртқы істер министрлігін сотқа берген. Енді министрлік аккредиттеуден бас
тартқан қызметкер саны 16-ға жетті. Олардың арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің, "Азаттық Азия" орыстілді редакциясының және "Настоящее время" телеарнасының тілшілері, редакторлары мен операторлары және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы да бар.
Сотта Азаттық мүддесін "Медиа қолдау", "Құқықтық медиаорталық" және Tokayeva&Partners адвокат кеңсесі қорғамақ.
"Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова министрлік өтінішті қарауды себепсіз ұзарту арқылы журналистердің құқықтары шектелетін жағдайды қолдан жасады деп отыр.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігіне бұл шешіміне алаңдаушылық білдірді.
"Біз Қазақстан үкіметінің Азат Еуропа/Азаттық радиосының 16 журналисін аккредиттеуден бас тартқанына қатты алаңдап отырмыз. Бұл әрекет біздің қызметкерлеріміздің өз елінде еркін жұмыс істеу құқығын тікелей бұзатындықтан, сотқа шағым түсірдік. Журналистеріміз қоғамдық мүддеге қызмет ететін тәуелсіз, фактілерге негізделген ақпарат таратады" деді ол.
Ресей билігі жазушы Борис Акунинді сырттай 14 жылға соттады

Мәскеудің екінші Батыс округтік әскери соты жазушы Борис Акунинді (шын аты-жөні — Григорий Чхартишвили) сырттай 14 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот оны терроризмге жәрдемдесу, терроризмді ақтау және "шетел агенті" ретінде заңда белгіленген міндеттерін орындамау баптары бойынша айыпты деп таныды. Бұған қоса сот жазушыға 400 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеп, жазасын өтегеннен кейін 4 жыл бойы интернет-сайттарды басқаруға тыйым салды.
Сот үкіміне сәйкес, Акунин жазаның алғашқы төрт жылын түрмеде, ал қалған 10 жылын — қатаң режимдегі колонияда өтеуге тиіс.
Прокурор соттан Акунинге 18 жыл түрме жазасын сұраған.
Прокуратура Борис Акунин 2025 жылғы 11 қаңтар мен 24 сәуір аралығында Telegram-арнасында "шетел агенті қызметіне" қатысты екенін көрсетпестен кемінде 33 материал жариялап, заң бұзды деген.
Акунинге "терроризмді ақтау" айыбы 2024 жылғы 18 ақпанда жазушының Telegram-арнасында жариялаған жазбасына байланысты тағылған. Ол постында Акунин: "Қазір мен революцияны қолдаймын, өйткені диктатурадан басқа жолмен құтылу мүмкін емес. Сайлау жоқ және болмайды да, режим қарсыластарын өлтіреді немесе түрмеде шірітеді. Иә, революция — бұл жарылыс. Бірақ тарихта жарылыстан өзге жолмен тазартуға келмейтін қопарылыстар болады" деп жазған еді.
Жазушыны "террористік қызметке жәрдемдесу" деген айыптауға айғақ ретінде Акуниннің Вован және Лексус есімді пранкерлермен телефон әңгімесі аталды. Олар өздерін Украина президенті Владимир Зеленский мен мәдениет министрі Александр Ткаченкомыз деп атап, жазушымен сөйлескен. Сол әңгімеде Акунин жеңіске "шайқас алаңында емес, тек ақыл мен жүректе жетуге болады" деп, Ресей мен Украина мәдениет қайраткерлерін бірігуге шақырған. Бұған қоса ол ресейлік әскери қызметкерлерді тұтқынға беріліп, Украина жағына шығуға белсендірек үгіттеуді ұсынған.
Қазіргі кезде Борис Акунин Францияда тұрып жатыр. Ол өзіне қарсы қозғалған іс бойынша Ресейдегі сот процесіне қатыспайтынын, оны мойындамайтынын және "арзан қойылым" деп есептейтінін мәлімдеген. Ресей билігі оған қорғаушы етіп тағайындаған адвокат сотта жазушының кінәсіз екенін айтқан.
Зеленский Юлия Свириденкога Украина үкіметін басқаруды ұсынды

Украина президенті Владимир Зеленский премьер-министрдің бірінші орынбасары Юлия Свириденкога елдің министрлер кабинетін басқаруды ұсынды. Мұны дүйсенбі күні Свириденкоамен кездескеннен кейін Зеленскийдің өзі мәлімдеді.
"Біз Украина экономикасының әлеуетін нығайтатын нақты шараларды, халықты қолдау бағдарламаларын кеңейтуді және қару-жарақтың отандық өндірісін ауқымды түрде ұлғайтуды талқыладық. Осы мақсатта біз Украинада атқарушы билік жүйесін трансформациялауды бастаймыз. Мен Юлия Свириденкога Украина үкіметінің басшысы болуды және оның жұмысын түбегейлі жаңартуды ұсындым. Жаңа үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын жақын арада ұсынуын күтемін", — деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
Юлия Свириденко — Украина премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі экономика министрі. Ол АҚШ-пен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен инвестициялық қор құру туралы келіссөздер жүргізген. Қор жаңа пайдалы қазбаларды өндіруге берілетін лицензиялардан түскен табыстар есебінен қаржыландырылып, Украина мен АҚШ тарапынан тең негізде басқарылмақ. Қор құру туралы келісімге Свириденко қол қойған.
14 шілде күні кешке жариялаған үндеуінде Владимир Зеленский елдің қазіргі премьер-министрі Денис Шмыгальдің кандидатурасын Украина қорғаныс министрі қызметіне ұсынатынын хабарлады. Президенттің айтуынша, ең жоғары деңгейдегі ресурстарды, күш-жігер мен жауапкершілікті талап ететін қорғаныс саласына қазіргі жағдайда аса зор тәжірибеге ие Шмыгаль лайықты жетекші болмақ.
Украина үкіметіндегі ауыс-түйіс жасалатыны туралы хабарлар бірнеше күн бұрын пайда болған. БАҚ дереккөздері қазіргі премьер-министр Денис Шмыгаль қорғаныс министрі қызметіндегі Рустем Умеровтың орнына баруы мүмкін, ал Умеров АҚШ-тағы Украина елшісі болмақ деп айтқан.
"РБК Украина" басылымы кейбір министрліктерді біріктіру және үкіметтегі өкілеттіктерді қайта бөлу жоспарланып отыр деп жазған. Үкіметтегі ауыс-түйісті президентті жақтайтындар басым дауысқа ие Жоғарғы Рада бекітуге тиіс.
Трамп Ресейге Украинамен "мәмілеге" келуге 50 күн уақыт берді

Дүйсенбі, 14 шілде күні Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездескенде АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресей 50 күн ішінде Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келісімге келмесе, онда Мәскеуге және оның сауда серіктестеріне қарсы "өте қатаң" кедендік баж салығы енгізілетін болады деп мәлімдеді.
Трамп баж салығының мөлшері 100 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта Сенатта Ресейден энергия ресурстарын сатып алатын оның сауда серіктестеріне 500% мөлшерінде баж салығын енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
АҚШ президенті келісімге қол жеткізіледі деп үміттенетінін айтты. Трамп сауданы соғысты тоқтатудың тиімді құралы деп атады.
Бұған қоса, АҚШ президенті Вашингтон мен оның серіктестері НАТО құрамындағы еуропалық елдер есебінен Украинаға қару-жарақ жеткізу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Оның сөзінше, Украинаға АҚШ қаруын жеткізуді НАТО үйлестіретін болады.
"Біз қару шығарамыз, бірақ ол үшін біз емес, олар — Еуропа елдері төлейді", — деді Трамп.
Рюттемен кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында президент Трамп қару-жарақ жақын уақытта жеткізілетін болады және "қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға тікелей" жіберіледі деді. Ол миллиардтаған доллардың қаруы жеткізілетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Украинаға қосымша Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін берілетінін және олар "өте тез" жеткізілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйелердің саны 17-ге дейін жетуі мүмкін. Ашық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Украинаға кемінде 7 Patriot жүйесі жеткізілген.
Рютте Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелері ғана емес, басқа да қару түрлерін жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. Бұған дейін БАҚ Украинаға алыс қашықтағы нысаналарға жететін зымырандар беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр деп жазған еді.
Бұған қоса Рютте егер Ресей президенті Владимир Путиннің орнында болсам, бейбіт келіссөзге тез келісер едім, деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетіне көңілі толмайтынын тағы да қайталады. Ол осыдан екі ай бұрын бейбіт келісімге қол қойылады деп үміттенгенін айтты. Трамптың сөзінше, Вашингтон бірнеше рет "бейбіт келісім жақын қалды" деген сенім болған, бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша болып шыққан.
Трамп Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлескенде "жылы-жұмсақ әңгіме" айтып, бірақ содан кейін "Киевке зымырандар ұша бастайтынын" тағы да қайталады. Оның сөзінше, бос әңгіменің уақыты аяқталып, нақты әрекеттер басталуға тиіс. Сонымен бірге Трамп Путин "адал келісім" дегеннің не екенін түсінеді және АҚШ президентін алдай алмайды деп ойлайтынын, түптің түбінде бейбіт келісім жасалады деп есептейтінін айтты.
Дүйсенбі күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін Telegram желісінде жазды. Ол екеуара болған әңгімені "өте жақсы" деп сипаттап, Трампқа "Украинаны қолдауға" және тұрақты әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын болғаны үшін алғысын айтты. Зеленский Трамп екеуі "Ресей шабуылдарынан халықты жақсырақ қорғауға және біздің позицияларымызды нығайтуға қажетті әдістер мен шешімдерді" талқылағанын жазды.
Ақ үй бұл әңгіме жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.
Биыл сәуір айында Украина ешқандай алдын ала шартсыз атысты тоқтату туралы келісімге келуге дайын екенін мәлімдеген еді, бірақ Ресей билігі іс жүзінде ол ұсынысты кері қағып, соғыс қимылдарын тоқтатпай-ақ келіссөз жүргізуді ұсынған.
Түркияның Стамбұл қаласында екі кезеңмен өткен келіссөз нәтижесінде Украина мен Ресей тұтқындар мен қаза тапқандарды алмасу бойынша келісімге қол жеткізгенімен, атысты тоқтату туралы келісім жасалған жоқ. Келіссөздердің жаңа кезеңі қашан өтетіні, тіпті өте ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. НАТО бас хатшысы Рютте президент Трамппен кездесуде Ресей келіссөздерге жоғары деңгейдегі делегация жібермей, оның орнына "Ресей тарихын 1250 жылдан бастап тарқатып жүрген әлдебір тарихшыны" жұмсағанын айтты. Ол Ресей президентінің көмекшісі, тарих жөнінде бірқатар кітап пен мектеп оқулықтарының авторы Владимир Мединскийді меңзеп отыр.
Бұған дейін Мәскеу атысты тоқтатып, бейбіт келісімге келу үшін бірнеше шарт қойған. Олардың арасында Ресей талап етіп отырған Украинаның төрт облысынан украин әскері шығарылсын деген талап та бар.
Трамптың кейінгі жасаған мәлімдемесіне Мәскеу әзірге ресми жауап қатқан жоқ.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас Трамптың Ресейге қатысты қатаң ұстанымын "өте оң қадам" деп бағалады, алайда соғысты аяқтауға берілген 50 күн уақыт "өте ұзақ" екенін, Ресейдің іс-әрекеті салдарынан күнде бейбіт тұрғындар қаза тауып жатқанын айтты.
Зеленский Киевте АҚШ президентінің арнайы өкілі Келлогпен кездесті

Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбі, 14 шілде күні АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогпен кездесті. Келлог сол күні таңертең пойызбен Киевке барған. Зеленский онымен кездесуді "өнімді болды" деп сипаттады.
"Біз бейбітшілікке жету жолын және оған бірге жақындау үшін нақты не істей алатынымызды талқыладық. Бұл – Украина үшін әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту, Еуропамен бірлесіп қорғаныс қаруын өндіру және сатып алу. Сосын, әрине, бұл – Ресейге және оған көмектесіп отырғандарға қарсы санкциялар. Біз АҚШ-тың көшбасшылығына үміт артамыз, себебі Мәскеудің орынсыз амбицияларын күшпен тоқтатпасақ, ол өз бетімен тоқтамайтыны анық", – деп жазды Украина президенті әлеуметтік желіде.
Кит Келлог Киевте аптаның аяғына дейін болмақ.
Reuters агенттігінің жазуынша, Зеленский мен Келлогтың кездесуі аяқталғаннан кейін көп ұзамай Украина астанасында әуе дабылы жарияланған.
Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған. Келлог Киевке Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта барып отыр.
"Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.
Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байденнің тұсында мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.
Құқық қорғау органдарында бұрын лауазымды қызмет атқарған Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдіктіге айналды

Бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі сияқты жоғары лауазымдар атқарған Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылды. Мұндай ақпаратты Бас прокуратураның хабарына сүйеніп, Tengrinews.kz сайты хабарлады.
"2025 жылғы 4 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігінің 1-ші және 2-тармақтарына сәйкес ("Азаптау") көзделген қылмысты жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И.-ні күдікті деп таныды", – деген Бас прокуратураның жазғанын келтірген басылым.
Прокуратура қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып, қосымша дәлелдер жинақталып жатқанын, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін жазған. Кексельден бөлек бұл істе тағы кімдер күдікті ретінде тартылғаны, кім жәбірленуші деп танылғаны және басқа да жайттар әзірге белгісіз, ресми органдар оның егжей-тегжейін айтқан жоқ.
Олеся Кексель биыл 3 шілде күні ұсталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Татубаев тәрізді азаптау бабы бойынша қозғалған істе күдікті деп танылыпты-мыс деген хабар өткен аптада әлеуметтік желіде тараған. Алайда ол кезде ресми орындардан мұны растайтын ақпарат болған жоқ.
14 шілде күні ҚазТАГ ақпарат агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Талғат Татубаев азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында екі айға қамауға алынды, деп хабарлады.
Талғат Татубаев пен Олеся Кексель бір іске қатысты күдікті санала ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Бірақ бұл екеуі бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюрода бірге лауазымды қызмет істеген. Кексельдің өзі я заңды өкілдері бұл жайтқа қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Олеся Кексельдің есімі бұған дейін де, 2019 жылы бір шулы істе аталған. Кексель мен Бас прокуратураның тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісінің қозғалуына бір кәсіпкердің арызы түрткі болған. Шағым иесі осы азаматтар тергеу кезінде заңға қайшы әдістерді қолданғанын айтқан. Бірақ әуелі Бас прокуратура, кейін сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та Кексельге байланысты іс "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан тоқтады" деп хабарлаған.
Олеся Кексель 2018-2019 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Кейін Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарған.
Кексель Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Киевке барды

14 шілде күні таңертең АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украинаға барды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак хабарлады. Ол Келлогты Киевтің орталық теміржол вокзалында өзі қарсы алған.
"Қорғаныс, қауіпсіздікті нығайту, қару-жарақпен қамту, санкциялар, халқымызды қорғау, Украина мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты арттыру – біз талқылайтын тақырып өте көп", – деп жазды Ермак Келлогпен кездесуінің видеосымен қоса жариялаған хабарламасында.
Бұған қоса Ермак "Ресей атысты тоқтатуға ниетті емес" екенін тағы да қайталап айтып, "бейбітшілікке күштеп көндіру – АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымы, біз бұл тәсілді қолдаймыз" деген.
Кит Келлог өткен аптада Римде Украинаны қалпына келтіру жөніндегі конференцияға барған кезде Киевке ұзақ мерзімді сапар шегуді жоспарлап отырғанын жариялаған.
"Біз дүйсенбі күні Киевке барамыз. Апта бойы сонда боламыз", – деген еді сол жолы Келлог.
9 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский Римде Кит Келлогпен кездескен. Зеленскийдің айтуынша, кездесуде Украинаға АҚШ қаруын жеткізу және Ресейге қарсы санкциялар мәселесі талқыланған.
Батыс басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде билікке екінші рет келгелі бері алғаш рет Украинаға әскери көмек пакетін мақұлдамақшы деп хабарлап жатқан шақта Келлог Киевке сапармен барып отыр. "Президенттік шұғыл көмек бастамасы" (Presidential Drawdown Authority) бағдарламасы аясында көрсетілетін бұл көмекті АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауын күтпей-ақ, өзі шешім қабылдап, бере алады.
Осы кезге дейін Украина АҚШ-тан бұрынғы президент Джо Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған бағдарламалар бойынша бөлінген әскери көмекті алып келген болатын.
Трамп Украинаға Patriot кешендері жеткізіледі деп жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешендері жеткізілетінін жариялады. Оның сөзінше, бұл кешендерге Еуропа одағы ақша төлемек. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі таратты.
Трамп Patriot зенит-зымыран кешендері Украинаға өзін-өзі қорғауға қажет деп мәлімдеген.
"Путиннің сөзі жақсы, бірақ сосын кешке бәрін бомбылайды", – деген ол Вашингтон маңындағы әскери базаға барған кезде журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Алайда, ол Украинаға нақты неше кешен жіберілетінін айтпады.
Өткен аптада Трамп дүйсенбіде, яғни бүгін Украинадағы соғысқа байланысты "маңызды мәлімдеме" жасайтынын айтқан еді. Axios агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Киевке жаңа, ауқымды қару-жарақ жеткізуді жарияламақ. Оның ішінде алыс қашықтағы нысаналарды атуға арналған зымырандар да бар.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, жаңа әскери көмек пакеті аясында Киевке Ресейдің ішкі өңірлеріне, соның ішінде Мәскеуге дейін жете алатын зымырандар да беріліп қалуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты әзірге ешкім ресми түрде растаған жоқ.
- 14 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 136 дронмен шабуыл жасады деп хабарлады Украина армиясы, олардың 28-і көздеген нысанаға жеткен. Дрондарға қоса, Ресей күштері бұл шабуылда бірнеше зымыран қолданған.
Франция қорғаныс бюджетін Ресейден төнген қауіпке байланысты ұлғайтпақ

Франция президенті Эммануэль Макрон Бастилияны алу күні қарсаңында француз әскери қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде елдің қорғаныс бюджеті айтарлықтай ұлғаятынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, Еуропа Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі уақыттағы ең ауыр қауіппен бетпе-бет келіп отыр, ал құрлықтағы бостандық "қазіргі қабылданып жатқан шешімдерге бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді" жағдайда.
"Біз тарихи бетбұрыс кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Империалистік саясат, аумақтарды аннексиялау, "күш кімде болса – соныкі заң" деген ұстаным – осының бәрі күн тәртібіне қайта оралды", – деді Макрон жексенбі, 13 шілде күні сөйлеген сөзінде Ресейдің әрекеттерін меңзеп.
Ол Франция "еркін әрі өз тағдырының иесі болып қалуы тиіс" екенін атап айтты.
Президенттің жоспарына сәйкес, 2026 жылы қорғаныс бюджеті 3,5 миллиард еуроға, ал 2027 жылы тағы 3 миллиард еуроға ұлғаймақ. 2030 жылға қарай бұл саладағы жылдық шығындар 67 миллиард еуроға жетпек – бұл 2017 жылғымен салыстырғанда екі есе көп.
Макрон билікке келген сәттен бастап Францияның қорғаныс бюджеті айтарлықтай өсті – 2017 жылы 32,2 миллиард еуро болса, қазір 50,5 миллиард еуроға жеткен.
Франция қорғаныс штабының басшысы генерал Тьерри Бюркар Ресейді "Еуропаға төнген ұзақмерзімді қауіп" деп атап, қазіргі кезде Франция Мәскеу үшін "Еуропа құрлығындағы басты қарсылас" саналады деп мәлімдеді. Бұған қоса ол киберқатерлер, жалған ақпарат тарату және террористік шабуыл болу ықтималдығы арта түскенін айтты.
Қорғаныс шығындарының айтарлықтай ұлғаюы Францияның бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталған күш-жігеріне кедергі болуы мүмкін. Қазірдің өзінде мемлекеттік қарызды өтеуге жыл сайын 62 миллиард еуро жұмсалады. Соған қарамастан, премьер-министр Франсуа Байру қорғаныс бюджетін "қасиетті бап" деп атап, оны қысқартуға болмайды деп мәлімдеді.
Макрон қосымша қаржыландыру мемлекеттік қарызды көбейту есебінен жүргізілмейтінін айтты. Оның орнына үкімет бюджет ішіндегі ресурстарды қайта бөлуді көздеп отыр. Қорғаныс министрі Себастьян Лекорню Франция жасанды жады, кванттық зерттеулер, радиоэлектрондық күрес құралдары сынды "серпінді технологиялар" саласында өзге елдерден қалып қоймауы керек екенін атап өтті. Ал негізгі басымдықтар қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, оқ-дәрі өндіру және ғарыштық әлеуетті дамыту бар.
Геосаяси тұрақсыздық барған сайын ұлғайып бара жатқан жағдайда Елисей сарайы жастарды "азаматтық жұмылдыру" бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Яғни жастарға ерікті негізде жұмылып, "ұлт игілігіне қызмет ету" ұсынылады.
Перизат Қайрат ісі жайлы процесте судья БАҚ өкілдерінің жұмысына ішінара шектеу қойды

Қаржы жымқыру және алаяқтық баптары бойынша айып тағылған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша сот процесі кезінде айыпталушыларды, олардың адвокатын фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей трансляция жүргізуге тыйым салынады. Дүйсенбі, 14 шілде күні осы істі қарайтын Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотының судьясы Сабыржан Кәрімов осылай деп ұйғарды.
Судья Кәрімов айыпталушылардың сот тергеуі барысында олардың берген жауабын, түсіндірмелерін тыңдағанда, оған қоса айғақ-дәлелдерді зерттеу кезінде БАҚ-ты қатыстырмауды сұрап берген арызын қанағаттандырғанын хабарлады. Өйткені жеке басқа қатысты мәліметтер қаралған кезде құпиялығын сақтауды заң талап етеді деп түсіндірді судья өз шешімін.
Сондықтан БАҚ өкілдері – журналистер мен операторлар процесс барысын сот ғимаратындағы баспасөз орталығынан монитордан көретін болады.
Дүйсенбі күні Перизат Қайраттың ісі бойынша негізі сот процесі басталғанда мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина айыптау актісін оқыды.
"Перизат Қайрат "Біз біргеміз" акциясының халық арасында кеңінен қолдау тапқанын біле отырып, азаматтар мен заңды тұлғалардың қайырымдылыққа деп аударған қаражатты алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен иемденуді көздеген қылмыстық ниетпен әрекет етті. Қайрат Перизаттың қылмыстық жоспары – халық арасында танымал болған "Біз біргеміз" ұранын пайдаланып, осы атаумен қоғамдық бірлестік құру болған", – деді прокурор.
Оның сөзінше, Перизат Қайрат қоғамдық бірлестіктің банктегі шоттарын өзі мен анасы – Ғайни Алашбаеваның атына ашып, "азаматтардың көмекке мұқтаж адамдарға қайырымдылыққа деп берген қаражатын жеке бас пайдасына жаратуды мақсат еткен" және "қылмыстық жолмен алынған табысты туыстары мен сенімді адамдардың көмегімен заңдастырып, ақшаның шығу тегін жасырған".
Дүйсенбідегі сот процесі кезінде Перизат Қайрат өзіне тағылған ақша жымқыру және алаяқтық айыптарын прокурорлардың қиялынан туған деп атап, мойындамайтынын мәлімдеді. Ол соттан әуелі Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорының құрылтайшыларынан жауап алуды талап етіп, бұрын биліктегі NurOtan (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің аты-жөнін атаған.
"Айыптау актісінің бірінші абзацынан бастап мені анаммен бірге қор құрды, құрылтайшылардың қолын қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл қор партия жанында, Байбектің басшылығымен құрылған. Құрылтайшылардың бәрі – партияның қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлері. Сондықтан бұл мәселенің басын ашу үшін Бауыржан Байбектің өзінен жауап алынуы керек", – деген Перизат Қайрат.
Айыпталушы Ғайни Алашбаева да қызының сөзін қолдап, қорға өзінің еш қатысы жоғын айтты.
Осы іс бойынша 9 шілде күні өткен алдын ала сот тыңдауында Перизат Қайрат өзі қамауда отырған тергеу абақтысы қызметкерлері "күш көрсетті" деген мәлімдеген еді. Оның сөзінше, "мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, денесіне жарақат түсірген".
Қайраттың бұл мәлімдемесі прокуратураға жолданып, Астана қаласының полиция департаменті Қайраттың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды және тиісті сараптама тағайындалды деп хабарлады.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, тергеу аясында қамау мекемесінің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған.
"Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша, П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр", – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті 10 шілде күні.
Перизат Қайрат былтыр қараша айында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, күдікті Астанадағы төрт элиталық тұрғын үй кешенінен пәтерлер, сондай-ақ Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval маркалы автокөліктер мен қымбат бұйымдар сатып алған. Кейін оған қосымша, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Перизат Қайрат тергеу кезеңінде екі айға қамауға алынып, кейін оның мүлкі бұғатталды.
Айыпталушылар тарапы олардың тағылып отырған айыппен келісетіні не келіспейтіні жайлы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Перизат Қайрат ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуге кірісті. Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.
Еуроодақ АҚШ-пен сауда келісімі бойынша мәмілеге келуден үмітті

13 шілде күні Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы АҚШ-тың болат пен алюминийге жаңадан кедендік баж салығын салғанына жауап шаралар енгізуге асықпай, АҚШ-пен 1 тамызға дейін сауда келісіміне қол жеткізуге үміттенетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше ай бойы жүргізілген күрделі сауда келіссөздерін тығырыққа тіреді. Ол егер 1 тамызға дейін келісімге қол жеткізілмесе, Еуроодақтан АҚШ-қа келетін тауарларға 30 пайыз баж салығы салынатынын айтты.
"АҚШ бізге келіссөз нәтиже бермеген жағдайда күшіне енетін шаралар туралы хат жолдады. Сондықтан біз де өз тарапымыздан жауап шараларды уақытша тоқтату мерзімін тамыз айының басына дейін ұзартамыз", – деді фон дер Ляйен журналистерге. Бұған қоса ол Еуроодақ қарымта тарифтер енгізуге дайындықты жалғастыратынын айтты.
Еуропа одағы бұған дейін АҚШ-тың жаңа тарифтеріне жауап шараларын енгізуді кідірте тұру мерзімі сейсенбіге қараған түні аяқталуға тиіс болған. Брюссель АҚШ-тың биыл металдарға енгізген баж алымына жауап ретінде шамамен 21 миллиард еуроға (24 миллиард долларға жуық) бағаланатын америкалық тауарларға тарифтер енгізуге дайындалған. Бірақ сәуір айында бұл шараларды енгізуді уақытша тоқтата тұрып, кең көлемді сауда келісіміне қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұйғарған еді.
Дүйсенбі күні Еуропа одағына мүше елдердің сауда министрлері Брюссельде жиналып, АҚШ-тың әрекетіне жауапты талқылайды және Вашингтонға қатысты қаншалықты берік ұстаным қажет екенін анықтайды.
Германияның қаржы министрі Ларс Клинґбайль жексенбі күні "АҚШ-пен әлі де байыпты әрі шешімге келетіндей келіссөздер қажет" екенін айтып, егер олар сәтсіз аяқталса, онда Еуроодақ "Еуропадағы жұмыс орындары мен бизнесті қорғау үшін батыл шаралар қабылдауға мәжбүр болатынын" ескертті.
"Біз келісімге ашықпыз, бірақ не болса соған келісе салмаймыз", – деді ол Süddeutsche Zeitung газетіне берген сұхбатында.
Франция президенті Эммануэль Макрон сенбі күні Еурокомиссияны "Еуропаның мүдделерін батыл қорғауға" шақырған.
Бұған дейін АҚШ Еуроодақтан баратын тауарларға тарифті 9 шілдеде 10-нан 30 пайызға дейін көтеруді деп жоспарлаған еді, алайда Трамп бұл шешімді 1 тамызға дейін шегере тұруды ұйғарған. Сенбі күні жариялаған хатында ол мұның себебін АҚШ пен Еуроодақ арасындағы саудада теңгерім болмай отыр деп түсіндірді.
Ресей мен Қытай сыртқы істер министрлері Пекинде кездесті

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Пекинде Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөз жүргізді. Лавровтың бұл сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сыртқы істер министрлерінің Қытайда өтіп жатқан кездесуіне орайластырылған.
"Тараптар АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастарды және Украина дағдарысын саяси-дипломатиялық жолмен реттеу болашағын талқылады", – деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрлігі.
Қытай мен Ресей 2022 жылдың ақпанында – Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық жасардан бірнеше күн бұрын – президент Владимир Путин Пекинге барған кезде "шектеусіз серіктестік" туралы мәлімдеме жасаған болатын.
Қытай ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қатысты бейтарап ұстанымда екенін мәлімдеп, Украина аумағының тұтастығына құрметпен қарайтынын айтып келеді. Сонымен бірге Қытай Ресейдің қауіпсіздік мәселелері де ескерусіз қалмауы керек дейді.
Алайда, Азат Еуропа / Азаттық радиосына аты-жөнін жарияламай сұхбат беруге келіскен Еуроодақ шенеуніктерінің сөзінше, 2 шілде күні Брюссельде өткен келіссөздер кезінде Ван И Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Калласқа Қытай Ресейдің бұл соғыста жеңілуіне жол бере алмайтынын айтқан. Оның себебі – Ресейдің жеңілісі АҚШ-қа Қытайға көбірек назар аударуға мүмкіндік береді.
Калласпен әңгіме барысында Ван И ҚытайРесейге әскери немесе қаржылай қолдау көрсетіп отыр деген айыптауларды жоққа шығарған. Каллас болса Пекинді Украинадағы атысты тоқтату жөніндегі бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.
ПІКІРЛЕР