Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Освенцим лагерінің соңғы тұтқыны қайтыс болды

Освенцим концлагері. Польша. (Көрнекі сурет).
Освенцим концлагері. Польша. (Көрнекі сурет).
Польшаның Дебно қаласында Освенцим концлагерінің соңғы тұтқыны, 108 жастағы Антонио Добровольский қайтыс болды. Оны жерлеу рәсімі сәрсенбі күні Дебно қаласында өтті.

Добровольский концлагерге 1942 жылы түскен. "Освенцим" мұражайындағы құжаттарға қарағанда, оны лагерьге нацистік басқыншылық кезінде тыйым салынған поляк тілін оқытқаны үшін жіберген.

Соғыстан кейін Добровольский Дебно қаласына келіп, қайтадан мектепте поляк тілін оқыта бастады.

Освенцим лагерінде соғыс жылдары бір миллионнан астам тұтқын қаза тапты. Олардың көпшілігі - еврейлер.

Басқа да жаңалықтар

Мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

9 сәуірде мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 76 депутат құжатты қолдады, жеті депутат қарсы болды. Тоғыз адам қалыс қалды, бір депутат дауыс берген жоқ.

Жаңа кодексте қосымша құн салығы көлемін 16%-ға дейін арттыру, оның межесін 40 млн теңге көлемінде бекіту қарастырылған. Депутаттар бұл өзгерістерді мақұлдады.

“Біріншіден, қосымша құн салығы 16 процент болады. Екіншіден, қосымша құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 млн теңге деген ортақ байлам болды. Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер үкімет те, парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын" деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Ресми ақпаратқа қарағанда, жаңа жобада 1,3 трлн теңгеден асатын 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Салық саны мен өзге де міндетті төлемдерді қысқарту қарастырылған. Медицина саласында қосымша құн салығы тек ақылы қызметтерге салыну ұсынылып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосымша құн салығын төлеуден босатылуы мүмкін. Жоба қабылданса, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болмақ. Корпоративтік табыс салығы банк секторы және ойын бизнесі үшін 25% болуы мүмкін.

Бұған қоса, "байлық салығы да" салынбақ. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асқан мүлікке салық көлемін арттыру ұсынылып отыр.

"Құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен әуе кемелеріне акциз енгізу жоспарланып отыр" деді Серік Жұманғарин.

Екінші оқылымда тағы да өзгерістер ұсынылуы мүмкін деп айтылады.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.

Жұрт әлеуметтік желіде үкіметтің бастамасын сынға алған. Сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары деп, бұл мәселені зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырған.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.

Қытай өз азаматтарын Украинадағы соғысқа жібермегенін мәлімдеді

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь

Қытай өз азаматтарын Украинадағы соғысқа жібермегенін мәлімдеді. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзяньнің сөзінен үзіндіні ресейлік ТАСС агенттігі жариялады.

“Қытай үкіметі әрдайым өз азаматтарынан [Украинадағы] қарулы қақтығыс аймақтарына бармауды, кез келген түрде араласпауды, кез келген тараптың әскери операцияларына қатыспауды талап етіп келеді” деді ол.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның қарулы күштері “Ресей жағында соғысқан Қытайдың екі азаматын тұтқынға түсіргенін” мәлімдеген. Оның сөзінше, Ресей жағында соғысып жүрген Қытай азаматтары бұдан да көбірек болуы мүмкін.

Осыған дейін Украина Солтүстік Корея солдаттарын тұтқынға түсірген еді.

Тұтқынға түскен ҚХР азаматтарын Украинаның Қауіпсіздік қызметі тергейді.

Ресей Қазақстан арқылы барған жүздеген тәжік азаматын шекарадан өткізбей тұр

Жүздеген тәжік азаматының Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы "Сагарчин" бекетінен өте алмай тұрғанына аптадан асты. Орынбор облысы, Ресей, 8 сәуір, 2025 жыл.
Жүздеген тәжік азаматының Ресейдің Қазақстанмен шекарасындағы "Сагарчин" бекетінен өте алмай тұрғанына аптадан асты. Орынбор облысы, Ресей, 8 сәуір, 2025 жыл.

Ресейдің Орынбор облысындағы Қазақстанмен шекарадағы "Сагарчин" өткізу-бақылау бекетінде 500-ден астам Тәжікстан азаматының Ресейге өте алмай тұрғанына аптадан асқан. Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) дерегінше, Ресей шекарашылары еш себебін түсіндірместен оларды кіргізбей қойған. Адамдар көлікте қонуға мәжбүр, арасында әйелдер мен балалар да бар, ал билік болса оларға жәрдем танытуға асығар емес деп хабарлады Озоди радиосы.

Айтуларынша, Ресейде тұрып жатқан бұл адамдардың көбі сол елде болу мерзімін ұзарту үшін Қазақстан аумағына уақытша өтіпті. Бұл – Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге барған мыңдаған еңбек мигрантының әр 90 күн сайын жасайтын әрекеті. Ресей заңы оларға 90 күннен аспайтын мерзімге ғана визасыз жүріп-тұруына рұқсат етеді. Алайда бұл жолы олар Қазақстанға шығып кетіп, кейін Ресейге қайта оралмақ болған кезде Ресейдің шекара қызметі кіргізбей қойған, себебін түсіндірмеген.

"Кейбір жігіттер мұндай бір аптадан бері тұр. 200 көлік өте алмай тұр. Өзбекстандықтар өтті, қырғызстандықтар да өтті, себебі олардың елшіліктерінің өкілдері көмекке келді. Ал бізден ешкім жоқ", – деді 8 сәуірде Озоди тілшісі сөйлескен, аты-жөнін атамауды өтінген тәжік мигрант.

Қырғызстан тарапының өкілдері өз азаматтарына әлгіндей шектеуді Ресей жағы минералды тыңайтқыштар контрабандасы әшкере болуына байланысты шекарадағы бақылауды уақытша күшейткен деп түсіндірген. Алайда тәжік мигранттар ондай ресми ақпарат алмағанын айтып, алда не болатынын, әлі қанша күтуге тура келетінін біле алмай әрі-сәрі күйде отыр.

Тәжікстанның дипломаттарымен байланыс орнату да мүмкін болмай отыр. Озоди тілшілері Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігіне бірнеше мәрте телефон соққанымен ешкім жауап бермеді.

Шекарада бөгеліп тұрған адамдардың кейбірі Тәжікстаннан Ресейге жеке көлігімен жолға шыққан, ал енді біреулері Ресейде визасыз жүру мерзімін ұзарту үшін Қазақстанға уақытша шығып, содан кейін Ресейге кері оралмақшы болған кезде шекарадан өте алмай қалған.

Жұманғарин: Қосымша құн салығы – 16%, ҚҚС межесі – 40 млн болады

Үкімет қосымша құн салығы бойынша межені бұрын ұсынылған 15 миллион теңгенің орнына 40 миллион теңге деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде сәрсенбі күні ұлттық экономика министрі Сері Жұманғарин мәлімдеді.

15 млн теңгелік межеге кәсіпкерлер мен парламенттегі екі партия өкілдері қарсы шыққан.

“Бірінші, қосымша құн салығы 16 процент болады. Екінші, қосымша құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 млн теңге деген ортақ байлам болды. Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер үкімет те, парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын" деді ол.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді ұсынған.

Жұрт әлеуметтік желіде үкіметтің бастамасын сынға алған. Сарапшылар салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары деп, бұл мәселені зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырған.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.


Қазақстанның Украинадағы елшілігі төрт қазақстандықтың сүйегін елге жеткізуге көмектескен

Қазақстанның Киевтегі елшілігінің ғимараты. Сурет соғысқа дейін түсірілген.
Қазақстанның Киевтегі елшілігінің ғимараты. Сурет соғысқа дейін түсірілген.

Ресей Украинаға соғыс бастағалы бері Қазақстанның Киевтегі елшілігі төрт қазақстандықтың сүйегін елге жеткізуге көмектескен. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Власть" сайтына берген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген. Марқұмдардың қалай қаза болғаны белгісіз. Министрліктің айтуынша, олар соғысқа қатыспаған.

"2022 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстанның Украинадағы елшілігі соғысқа қатысы жоқ төрт қазақстандықтың сүйегін тасымалдау үшін қажет құжаттарды дайындауға көмектесті" деп жазған министрлік жауабында.

Басылым сонымен бірге Қазақстанның ішкі істер министрлігі "Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жүр" делінген 661 қазақстандық туралы мәліметке қатысты жауап бермегенін жазды.

Жуырда Украина қорғаныс министрлігіне қарасты "Хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") орталығы Украинада Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтар делінген 600-ден астам адамның аты-жөнін жариялаған еді. Орталықтың мәліметінше, 2022 жылдан бері Украинадағы соғысқа 661 Қазақстан азаматы қатысқан, кемінде 78-і қаза тапқан. Аталған орталық мәліметті Ресей әскеріндегі аты-жөні аталмаған тұлғалардан алғанын айтқан.

Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха өткен аптада журналистерге "әуелі бұл мәліметтің рас-өтірігін тексеру керек" деген болатын.

АҚШ Украинадағы соғысқа Қытай азаматтарының қатысып жатқаны туралы ақпаратқа алаңдайды

Тэмми Брюс
Тэмми Брюс

Қытайға қарсы тұру – президент Трамптың сыртқы саясатындағы басымдықтарының бірі.

АҚШ Украинадағы соғыста Қытай азаматтарының Ресей жағында соғысып жатқаны туралы ақпаратқа алаңдайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс.

"Қытай сарбаздарының тұтқынға алынғаны алаңдатады. Қытай – Украинаға қарсы соғыста Ресейді демеп отырған басты мемлекет. Қытай Ресейге соғысты жалғастыру үшін қажет қос мақсаттағы тауарлардың 80 пайызға жуығын жеткізеді" деді АҚШ мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.

Ол қытайлық навигация құралдарын, жартылай өткізгіштер мен ұшақ бөлшектерін мысалға келтірді.

"Осы екі ядролық держава арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуы халықаралық тұрақсыздықты тереңдете түседі" деді Тэмми Брюс.

Сарапшылардың айтуынша, Киев Қытай азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны туралы мәліметті алғаш рет айтып отыр. Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатқан ресми Пекин Ресейге көмектесіп отырғанын мойындамайды.

Зеленский: Украина әскері Қытайдың екі азаматын тұтқынға түсірді

Украина әскері Ресей жағында соғысып жүрген Қытайдың екі азаматын тұтқынға түсіргенін мәлімдеді. Бұл жөніне Украина президенті Владимир Зеленский өз телеграм-арнасында жазды.

Оның айтуынша, Қытайдың екі азаматы Украина аумағы - Донецк облысында тұтқынға түскен. Олардың құжаттары, банк карталары бар, жеке мәліметтері белгілі деп жазды Зеленский. Соғысып жүрген қытайлық бұдан да көп болуы мүмкін деген ақпарат бар.

"Украина сыртқы істер министріне тез арада Пекинмен хабарласып, Қытай бұған қалай жауап беретінін сұрауды тапсырдым" деп жазды Зеленский.

Соғыс жағдайында бұл ақпаратты растауға не терістеуге мүмкіндік жоқ. Әзірге бұл бойынша Ресей мен Қытайдан реакция болған жоқ.

Осыған дейін Украина Солтүстік Корея солдаттарын тұтқынға түсірген еді.

Тұтқынға түскен ҚХР азаматтарын Украинаның Қауіпсіздік қызметі тергейді.

"Украинадағы тұтқын қазақтар" видеосынан соң Қазақстан ІІМ шетелде соғысқа қатысқандар жауапқа тартылатынын ескертті

Ресей армиясының шабуылынан кейінгі көрініс. қираған үйПоследствия Украинаның Донецк облысындағы Доброполье қаласы, 8 наурыз, 2025 жыл.
Ресей армиясының шабуылынан кейінгі көрініс. қираған үйПоследствия Украинаның Донецк облысындағы Доброполье қаласы, 8 наурыз, 2025 жыл.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелде соғыс қимылдарына қатысқан ел азаматтары заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. ІІМ елдің Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап барын еске салған. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін іс-әрекетке қатысудан аулақ болуға кеңес береді", — деп жазылған министрлік хабарламасында.

ІІМ бұл ескертуді украиналық блогер Владимир Золкиннің Украинадағы соғыс барысында тұтқындалған, өздерін "қазақпыз" деп атаған үш жас жігітпен сұхбатының видеосы желіде жарияланғаннан кейін жасады. Золкин сұхбаттасқан адамдардың екеуі өздерін Қазақстан азаматымыз деп, ал үшінші адам Ресейдің Қазақстанмен шектесетін облысының тумасымын, ұлтым қазақ деп таныстырған. Үш жігіттің де аты-жөні жарияланбады.

Желіде жарияланған видеода сөйлеген қазақстандықтардың бірі Ресей азаматтығы алу үшін әскери келісімшартқа қол қойғанын, бірақ оған Ресей төлқұжаты берілмегенін айтты. Ол Украинаның Луганск облысында тұтқынға түскен. Екінші қазақстандық жігіттің сөзінше, ол Донецк облысындағы Торецк қаласы үшін болған шайқас кезінде тұтқынға түсіпті.

Бұған дейін украиналық "Өмір сүргім келеді" ("Хочу жить") жобасы Украинада Ресей жағында соғысқан немесе шайқасып жатқан Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған еді. Тізімде 661 адамның аты-жөні аталған. Жоба деректері бойынша, 2024 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, ол тізімдегі 78 адам қаза тапқан деп есептеледі.

Қазақстан билігі 2022 жылы Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығын ашық түрде айыптаған жоқ, бірақ елдің заңдары бойынша, шетелдегі соғысқа қатысу заңсыз әрекетке жатады.

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Ресей қарулы күштері қатарына немесе атышулы "Вагнер" жалдамалы әскер тобына қосылып, Украинадағы соғысқа аттанған қазақстандықтар туралы біршама материал жариялаған.

Трамп Қытайға қарсы баж салығын тағы 50 пайызға көтерем деді, Пекин "соңына дейін күресетінін" айтты

Пекин АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайдан әкелінетін импорт тауарларға қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу саясатына қарсы "соңына дейін күресуге" бел байлап отыр деп хабарлады Reuters агенттігі.

Содан бір күн бұрын Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Қытайдан әкелінетін импорт тауарларына салынатын 54 пайыздық баж салығы тағы 50 пайызға артуы мүмкін екенін мәлімдеген. АҚШ президенті мұндай шараны Пекин америкалық импортқа 34 пайыздық баж салығын енгізетін болса қабылдаймын деген. Кейін Трамп ондай ниеті барын Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында растады.

Егер ол сөзі іске асатын болса, АҚШ-тың Қытайдан әкелінетін импорт тауарларға салатын баж салығы 104 пайызға жетпек: оның 20 пайызын Трамп наурыз айында, ал оған қосымша тағы 34 пайызын өткен аптада енгізген.

"АҚШ Қытайға қарсы баж салығын көтерем деп, қате үстіне қате жасап жатыр, бұл АҚШ-тың бопсашыл сиқын тағы да көрсетті. Егер АҚШ өз дегенінен қайтпайтын болса, Қытай соңына дейін күреседі", – деп мәлімдеді Қытайдың сауда министрлігі.

Бұған қоса Еуропа одағы АҚШ-тан әкелінетін бірқатар тауарға 25 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр, деп жазды Bloomberg. Басылымның хабарлауынша, Еурокомиссия құжаттарында баж салығы мөлшерін арттыру ұсынылған ондаған тауар түрі аталған. Бұған дейін Reuters агенттігі Еуроодақ АҚШ-тан алатын ет, дақылдар, шарап, ағаш, киім-кешек, сағыз, әжетхана қағазы және басқа да тауарларға көтеріңкі баж салығын енгізуді жоспарлап отыр деп хабарлаған еді.

Bloomberg мәліметі бойынша, кейбір тауарға 25 пайыздық баж салығы 15 сәуірден бастап енгізу көзделген, бірақ негізгі қарымта шаралар мамыр айының ортасында күшіне енбекші.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2 сәуірде Американың сауда серіктестерінің басым көпшілігіне қарсы баж салықтары енгізілетінін жариялаған. Атап айтқанда, Еуроодақ елдерінен АҚШ-қа әкелінетін импорт тауарларға 20 пайыздық баж салығы енгізілді. Ұлыбританиядан алынатын тауарларға 10 пайыздық баж салығы енгізіледі деп айтылды, ал кейбір елдерден әкелінетін тауарларға 40 пайызға дейін баж салығы салынады.

Еуроодақ билігі АҚШ-пен баж салығына байланысты келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ АҚШ-қа өнеркәсіп тауарларынан екіжақты баж салығын алып тастауды ұсынғанын, бірақ "ол ұсынысқа тиісті жауап алынбағанын" айтты.


Трамп АҚШ әскери бюджетінің көлемі 1 трлн долларға жуық болады деген

АҚШ армиясының M1 Abrams әскери танкі. Көрнекі сурет.
АҚШ армиясының M1 Abrams әскери танкі. Көрнекі сурет.

Дональд Трамп өз әкімшілігі мақұлдаған "АҚШ тарихындағы ең ірі" әскери бюджет көлемі шамамен 1 триллион доллар болатынын айтқан. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады. 2026 жылға арналған ресми әскери бюджет көлемі қанша болатыны әлі жарияланған жоқ, қазір АҚШ-тың қорғаныс бюджеті 850 миллиард долларға тең.

"Біз ақшаны қатты үнемдеп жатырмыз, бірақ армиямызды жасақтауымыз керек және күшті болуымыз керек, өйткені қазір айналамызда жаман күш көп", – деді Трамп.

Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ қорғаныс министрлігі америкалық салық төлеушінің әр долларын "қару-жараққа және жауынгерлік дайындыққа" "ақылмен" жұмсауға ниетті екенін жазды. Ол Трамп "америкалық қарулы күштерді тез арада қалпына келтіреді" деп уәде етті.

Мұндай көлемдегі шығындарды Конгресс мақұлдай ма, жоқ па, ол жағы әзірше белгісіз. Қос палатада да Трампты қолдайтындар аздаған басымдыққа ие, сондықтан дауысқа салған кезде тіпті 1-2 дауыстың өзі маңызды.

2025 жылдың қаңтарында АҚШ-тың сол кездегі қорғаныс министрі Ллойд Остин үкіметке 2026 қаржы жылы қорғанысқа арналған шығын көлемін 926,5 миллиард доллар, 2027 қаржы жылы - 972,8 миллиард доллар, ал 2028 қаржы жылы - 1 триллион доллардан астам сомаға ұлғайту жөнінде кеңес берген. Бірақ ол сомаға АҚШ-тың Украина мен Израильге берген әскери көмек шығындары кірмейді.

Зеленский араға екі жыл салып Киевтің Қазақстандағы жаңа елшісін тағайындады

Қазақстан мен Украина тулары
Қазақстан мен Украина тулары

Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Виктор Майко тағайындалды. Украина президенті Владимир Зеленский тиісті жарлыққа 7 сәуірде қол қойған.

65 жастағы Виктор Майко бұрын Киевтің Түрікменстандағы елшісі, әр жылдары Украина сыртқы істер министрінің кеңесшісі, сыртқы істер министрінің орынбасары болған, сондай-ақ Украина елшісі ретінде Ауғанстанда қызмет еткен.

Майкоға дейін Украинаның Қазақстандағы елшісі болып істеген Петр Врублевский дипломатиялық дау-дамайға қалғаннан кейін, осыдан екі жарым жыл бұрын Киев оны кері шақырып алған. Содан бері Астанадағы елші қызметі бос тұрған еді.

2022 жылдың тамыз айында қазақстандық блогер Диас Кузаировтың арнасында елші Врублевскийдің сұхбатынан үзінді жарияланған. Соғыс басталғаннан кейін Украина азаматтарының ресейліктерге көзқарасы туралы сұраған блогерге елші: "қазір неғұрлым көп орыстың көзін құртсақ, балаларымыз соғұрлым аз жоятын болады" деп жауап берген. Дипломат жауабында тек соғысып жүрген Ресей сарбаздарын меңзеді ме, болмаса Ресейдің кез келген азаматы туралы айтты ма, ол жағын нақты түсіндірмеген.

Оның бұл сөзіне реакция білдірген Ресей Астанадан Врублевскийді елден кетіруді талап етті. Осы жайтқа байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі тіпті Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақыртты.

Одан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина елшісі Петр Врублевскийді шақыртып, оған наразылық білдіргенін мәлімдеп, "Врублевский кешірім сұрады" деген ақпарат таратты.

“Мұндай іс-әрекет мемлекеттер арасындағы достық мәмілеге кедергісін тигізбеуі тиіс", - деген Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

2022 жылғы 8 қыркүйекте ресейлік БАҚ Врублевский Қазақстаннан биліктің талабымен кетті деп хабарлады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сол кезде Врублевскийдің елден шығарылуына қатысты талап қойылмағанын, оның демалыста екенін мәлімдеген еді. Сол жылы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатқан.

2023 жылы мамырда Киев Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Сергей Гайдайдың кандидатурасын ұсынған, бірақ Астана оны бекітпеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оның "себебін түсіндірмей-ақ бас тартуға хақымыз бар" деген.

Еуроодақ АҚШ-пен импорт тарифі бойынша келіссөз жүргізуді жөн санайды

Еуропа одағы елдерінің сауда министрлері 7 сәуірде Люксембургте өткен кездесу барысында, Еуроодақ АҚШ-пен президент Дональд Трамп енгізген баж салығын жою жөніндегі келіссөзге басымдық бергені дұрыс деп ұйғарды. Бұған қоса Еуроодақ баж салығын көтерген АҚШ-қа қарымта шараларының бірінші пакетін де әзірлеп жатыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Жақында АҚШ Еуропа одағына мүше 27 мемлекеттен өзі алатын болат, алюминий және автомобильдерге – 25%, басқа да көптеген тауар түрлеріне 20% баж салығын енгізген. Бұл баж салығы президент Трамптың "АҚШ экспортын шектеп отыр" деп санайтын елдерге қарсы бағытталған саясаты аясында енгізілді.

Люксембургте өткен кездесуге қатысқан өкілдердің көпшілігі Еуроодақтың негізгі мақсаты – Вашингтонмен арада толық көлемді сауда соғысын тұтатпай, мәселені мәміле жолымен шешу үшін келіссөздер бастаған жөн деген пікір білдірген.

"Біз сабыр сақтауымыз керек және шиеленісті азайтуға әрекет қылуымыз қажет. Егер бірден тайталасқа барсақ арты неге апарып соғатынын нарықтардың жағдайы көрсетіп отыр. Бірақ біз америкалықтарды келіссөзге көндіру үшін қажет болған жағдайда қарымта шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек", – деп мәлімдеді Нидерландының сауда министрі Ренет Клевер.

Осы аптада Еуропа одағы АҚШ-қа қарымта шаралардың бірінші пакетін бекітеді деп жоспарланған. Оған сәйкес, АҚШ-тан әкелінетін тауарларға 28 миллиард доллар көлемінде салық енгізу көзделген. Reuters мәліметі бойынша, ол тізімде тіс тазалайтын жіптен бастап алмасқа дейін тауардың небір түрі бар. Еурокомиссия осы тауарларға 25% мөлшерінде баж салығын енгізуді ұсынып отыр. Еурокомиссия ұсынған тізімнен виски, бурбон және сүт өнімдері алынып тасталды, бірақ тауық еті мен жұмыртқаны қосқан.

Бұл шаралар АҚШ-тың сырттан келетін болат пен алюминийге салған баж салығына қарымта болмақ. Еуроодақ АҚШ үкіметінің шетелден әкелінетін автомобильдер мен басқа да тауарларға баж салығын енгізуіне қарымта шаралар пакетін де әзірлеп жатыр. "Екінші кезектегі" баж салығы енгізілетін болса, оларды желтоқсан айында ала бастауы мүмкін.

2024 жылы АҚШ-тан Еуропа одағына құны 334 миллиард еуро болатын тауарларды экспортқа шығарып, Еуроодақтан 532 миллиард еуроның тауарларын алған.

Украина Кривой Рогқа жасалған шабуылға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды

Ресей зымыраны түскен Украинаның Кривой Рог қаласындағы балалар қаза тапқан ойын алаңында жылап отырған ер адам.
Ресей зымыраны түскен Украинаның Кривой Рог қаласындағы балалар қаза тапқан ойын алаңында жылап отырған ер адам.

Ресей күштері Кривой Рог қаласына жасаған шабуылдан кейін Украина БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Жұма күні жасалған шабуыл салдарынан 20 адам қаза тауып (оның тоғызы – бала), ондаған адам жараланған.

"Өткен аптада Ресейдің Кривой Рогқа баллистикалық зымыранмен жасаған шабуылы тоғыз баланың өмірін қиды — бұл 2022 жылдан бері бір сәтте ең көп украин баласы қаза тапқан оқиға. Ресей кәдуілгі тұрғын аудандағы балалардың ойын алаңына, құрбан саны неғұрлым көп болсын деген мақсатпен кассеталық қару қолданып шабуылдады. Украина Ресейдің қылмыстарына әлем назарын аудару үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тұрақты кеңесінің арнаулы отырысын шұғыл шақыруды ұсынды", – деп жазды Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша, екі отырыс та сейсенбі, 8 сәуір күні өтеді.

"Біз [Ресейді] батыл айыптауға және табанды іс-әрекеттер жасауға шақырамыз. Ресей украин балалары мен бейбіт халықты қыруды доғарып, АҚШ-тың атысты толық тыю туралы ұсынысын Украина сияқты қабылдап, соғысты тоқтатуы керек", – деп жазды Сибига.

Ресей шабуылының құрбандарын 9 сәуірге дейін аза тұтып жатқан Кривой Рог қаласында дүйсенбі, 7 сәуір күні бес адамды – төрт бала мен бір әйелді жерлеу рәсімі өтті.

Шабуылдан жараланған 30-дан астам адам ауруханада емделіп жатыр. Ресей шабуыл нысанасы – "әскери командирлер мен Батыс нұсқаушыларының қатысуымен жиын өткен мейрамхана" болды деп мәлімдеген. Мұны дүйсенбіде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты. Ол Ресей әскері Украинада "әлеуметтік нысандарға" шабуыл жасамайды деді.

Ресей зымыраны түскен жерге жақын тұста мейрамхана орналасқан. Ресейшіл блогерлер ол мейрамханада украин әскери басшылығы жиын өткізген болуы мүмкін деп жазды. "Настоящее Время" арнасы ресейлік зымыран түскен сәт көрінетін видео жариялады. Ол видеода мейрамхананың ішінде де, сыртында да әскери адамдар көрінбейді. Бұл видеоларды France24 арнасы да жарялаған. Онда мейрамхананың ішкі жағы көрсетілген, бірақ әскери қызметкерлер жоқ.

Кривой Рогқа жойқын шабуыл. АҚШ пен Украинаның жаңа келіссөз
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:11 0:00

Путин Facebook пен Instagram-да жарнама жариялауға тыйым салатын жарлық шығарды

Ресей президенті Владимир Путин 7 сәуірде қол қойған жарлыққа сәйкес, Ресейде тыйым салынған ұйымдармен байланысты ресурстарда жарнама орналастыруды шектейтін заң өзгертулері күшіне енді. Оның мәтіні нормативтік актілер порталында жарияланды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

Бұған дейін Ресей мемлекеттік думасы мақұлдаған заң жобасына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап Ресейде қызметіне тыйым салынған ұйымдармен, яғни экстремистік, террористік немесе "қалаусыз" деп танылған ұйымдармен байланысты ресурстарға жарнама беруге тыйым салынады. Бұл тыйым сонымен қатар қазіргі кезде Ресей аумағында еркін ашылмайтын, шектеуге ұшыраған интернет-ресурстарға да қатысты.

Мысалы, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жарнама жариялауға да шектеу қойылады. Бұл әлеуметтік желілердің иесі Meta корпорациясы Ресейде 2022 жылдың наурыз айында экстремистік ұйым деп танылған. Себебі, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін осы желіде қолданушылар Ресей әскери қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасап, оларға қарсы зорлық-зомбылыққа шақырған деп негіздеген тыйым салу туралы өз шешімін Ресей билігі. Сондықтан Ресейде Facebook пен Instagram желілеріне тыйым салынып, бұғатталған. Бұлардан басқа да кейбір әлеуметтік желілер бұғатталды, бірақ олардың иелері экстремистік деп танылған жоқ.

Ресейлік блогерлер әсіресе Instagram әлеуметтік желісінде, билік тыйым салғаннан кейін де жарнамалық постыларды жиі жариялап жүр.

Ресей билігі интернетте жарнама жариялау ережелерін барған сайын қатаңдатып келеді. Жақында күшіне енген блогерлер реестрі туралы заң бойынша, 10 мыңнан астам қолданушы жазылған және реестрде тіркелмеген пабликтер мен Telegram-арналарда жарнама жариялауға тыйым салынған.

Трамп АҚШ Иранмен "тікелей келіссөз" жүргізетінін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. Ақ үй, Вашингтон, 7 сәуір, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. Ақ үй, Вашингтон, 7 сәуір, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 сәуірде Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдады. Ол президент қызметіне кіріскелі бері Нетаньяхумен Ақ үйде осымен екінші рет кездесті. Израиль премьер-министрі Трамп Ақ үйде қабылдаған алғашқы шетелдік саясаткер болды.

Нетаньяхумен кездескеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп екі елдің басшылары "тамаша талқылау" өткізгенін айтты. Кездесуде Иран мәселесі мен халықаралық сауда жайлы сөз болған.

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Тегеранмен "тікелей келіссөз" жүргізетін болады деді Трамп. Оның сөзінше, сенбі күні басталатын келіссөз жоғары деңгейде өтпекші.

Иран ядролық қаруға ие болмауы тиіс деп мәлімдеді Трамп. Ол Иранмен қатынаста күш қолдануға емес, "мәміле жасауға" басымдық беретінін айтты. Бұған дейін Иран үкіметі АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартатынын, бірақ араағайындар арқылы келіссөзге дайын екенін мәлімдеген еді. Трамп келіссөздің нақты мазмұны туралы ештеңе айтпады.

Тағы

XS
SM
MD
LG