Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Назарбаев: ЕҚЫҰ бақылаушыларын шақырмауымыз мүмкін

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні "Қазақстан болашақта ЕҚЫҰ бақылаушыларын сайлауларға қатыстырмауы мүмкін" деп мәлімдеді. Бұл туралы "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі хабарлады.

Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялармен кездескен Назарбаев: "Ұйымның бақылаушылар миссиясы біржақты жұмыс істейді және оны сайлау кезінде бір елдің екінші елге қысым жасау құралына айналдыруға тырысатынын байқап жүрміз. Егер бұлай бола берсе, онда ұйым бақылаушыларын сайлауларға қатыстырмаймыз" деген.

Назарбаевтың айтуынша, бақылаушылар "сайлауға дейін басқа, сайлаудан соң бір басқа сөйлейді".

"Біз олардың өз пікірлерін сайлауға дейін даярлап қоятынын жақсы білеміз. Бұл ЕҚЫҰ сияқты өзара сенімге құрылған ұйымның беделін түсіреді" дейді президент.

Сөз соңында ол Қазақстанның ұйымға берген ұсыныстары әлі жүзеге аспай жатқанын да айтты.

Басқа да жаңалықтар

Жыл басынан бері мыңнан астам қазақ қандас мәртебесін алды

Халыққа қызмет көрсету орталығы. Ақтөбе, 28 қыркүйек, 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығы. Ақтөбе, 28 қыркүйек, 2022 жыл.

2025 жылы 1070 қазақ тарихи отанына келіп, қандас мәртебесін алды. Бұл ақпаратты 24 ақпанда Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Министрліктің мәліметінше, қандастардың жартысынан көбі (51,9 пайыз) – Қытайдан, 37,5 пайызы – Өзбекстаннан, 7,1 пайызы – Түркіменстаннан, 1,8 пайызы – Ресейден және 1,7 пайызы өзге елдерден келген.

– Олар елдің түрлі өңіріне қоныстанды, қандастарды қоныстандыру бойынша еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар – Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары, – деп хабарлады министрлік.

2025 жылғы 1 ақпандағы дерек бойынша, шеттен келген қандастардың 60,2 пайызы еңбекке жарамды жаста, 32,9 пайызы – кәмелетке толмаған, 6,8 пайызы – зейнет жасындағы кісілер.

Министрлік мәліметіне сәйкес, 1991 жылдан бері 1 млн 149 мыңнан астам қазақ Қазақстанға оралған.

Бұған дейін Қытай қазақтары үшін Қазақстанда тұрақты тұруға берілетін "С1" визасын алу тәртібі жеңілдегені хабарланған. Бұл туралы Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ауыт Мұқибек жазған еді.

Қоғам белсендісінің хатына жауап берген көші-қон қызметі комитеті "С1" визасын алу жеңілдегенін және жыл басынан бері Қазақстан аумағына Қытайдан визасыз режиммен келген ұлты қазақ 95 адамға осы санаттағы виза берілгенін хабарлаған. С1 – шетелде тұратын ұлты қазақ азаматтарға Қазақстанда тұрақты тұру үшін берілетін виза. Ашық деректерге сәйкес, визаның бұл түрін Қазақстанның шетелдегі өкілдігі бір жыл мерзімге дейін береді, ал оны кейін ішкі істер министрлігі тағы бір жылға ұзарта алады.

Қазақстан "қандас куәлігін" беру шартын неге қиындатты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

2023 жылы қарашада Қытай Гаага конвенциясына қосылғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген Қытай азаматтарының құжаттарын реттеу тәртібі өзгерген еді. Қазақстан азаматтық алғысы келген қандастардан апостиль талап еткен. Үкімет Гаага конвенциясына қосылған елдерге қойылатын талап пен тәртіп ортақ, оны орындау керек деп айтқан. Апостиль қойдыру үшін қандастарға қайтадан Қытайға баруға тура келді.

Шымкент полициясы журналист Мөлдір Нұрманның үстінен іс қозғады

Шымкентте полиция кеңсесінің алдында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
Шымкентте полиция кеңсесінің алдында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

Журналист, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Түркістан облысындағы филиалының жетекшісі Мөлдір Нұрман "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінді. Қалалық полиция департаменті оны тергеп, босатқан.

Азаттық сауалына мессенджерде жауап берген Мөлдір Нұрманның айтуынша, оның телефонын полиция тәркілеген. Ол бұл іске 6 қаңтарда Facebook-парақшасында су мәселесі туралы жариялаған материалы себеп болғанын айтты. Журналист онда Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты су арнасы туралы ақпаратты бөліскен. Мөлдір Нұрман қылмыстық іс "осы журналистік зерттеуіне" байланысты қозғалды деп есептейді.

Полиция Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" деген 274-бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу амалдарына сай, сот психология-филология сараптамасы тағайындалған. "Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деді полиция.

Мөлдір Нұрман "Қылмыстық іс қозғалған кезде және үйіңізді тінту кезінде заңда көрсетілгендей процедуралық құқығыңыз толық сақталды ма? Шымкент әкімдігіне қарайтын су арнасы туралы әлеуметтік желіде жариялаған материалдағы қай сөзіңіз "жалған ақпарат" деп танылған? Сіздің үстіңізден полицияға кім шағым түсірген?" деген Азаттық сұрағына "Қазір ешнәрсе айта алмаймын. Тапсырыс берген кім, сол сұрақ қызық. Суға бола саяси лауазымды тұлғаның телефонын тергеп, сандалтып жатыр" деп жауап берді.

Мөлдір Нұрман ЖСДП-ның Түркістан облысындағы филиалының жетекшісі екенін партия өкілдері растады. ЖСДП өкілі Мақсұт Бейбітұлы қылмыстық іске байланысты қойылған сауалға "бұл оның жеке мәселесі, партияға қатысы жоқ" деп жауап берді.

Мөлдір Нұрман "Қазақстан-Шымкент" телеарнасы (қазіргі "Оңтүстік"), "Қазақстан-Тараз" телеарнасы, "Қазақстан" ұлттық телеарнасында жұмыс істеген.

Еуроодақ Ресейге қарсы 16-санкция пакетін қабылдады, ішінде Қазақстан да аталады

Еуроодақ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кая Каллас (ортада).
Еуроодақ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кая Каллас (ортада).

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай Еуроодақ елдерінің сыртқы саясат мекемелері басшылары Брюссельдегі кездесуде Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады. Бұл туралы дипломаттарға сүйеніп, халықаралық агенттіктер хабарлады. Санкция тізімі ресми түрде 24 ақпан кешке жарияланбақ.

Өткен аптада Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдаған. Ақпаратқа қарағанда, Венгрия бірқатар адам мен ұсынылған шараны тізімнен алып тастауға қол жеткізіп, санкция пакетін бұғаттамаған.

Халықаралық ақпарат агенттіктері бұған дейін жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады, бұдан бөлек, Ресейдің мұнай экспортына шектеу күшейеді деп хабарлаған.

Бұған қоса, Ресейдің "тасадағы флоты" деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылған. "Қара тізімге" 13 банк қосылмақшы, оларды SWIFT-тен ажыратады.

Еуроодақ Ресейге ойын консолдерін экспорттауға тыйым салмақ, оларды майданда дрон басқаруға пайдалануы мүмкін деп айтылды.

Бұған дейін ТАСС, "Лента.ру" және басқа да бірқатар мемлекеттік немесе Кремльді қолдайтын бұқаралық ақпарат құралы, соның ішінде Ресей қорғаныс министрлігінің "Звезда" телеарнасы, Қырым аннекcияланғаннан кейін сонда істейтін кремльшіл NewsFront сайты, бұдан бөлек, EADaily порталы санкцияға ілігеді деп хабарланған. AFP мәліметінше, ресейлік 8 бұқаралық ақпарат құралына санкция салынады. Еуроодақ мұны Украинадағы соғыс кезінде одақтың ақпарат қауіпсіздігіне қатер төндіретін Ресей пропагандасымен күрес деп түсіндірді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады, арасында Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия мен Өзбекстандағы компаниялар бар.

24 ақпанда Австралия мен Жаңа Зеландия Мәскеу мен оның одақтастарына жаңа санкциялар салды.

Ұлыбритания да жаңа санкция пакетін жариялайды деп отыр. Ақпаратқа қарағанда, Лондон жоғары лауазымды шенеуніктерге де, ірі ресейлік кәсіпкерлерге де санкция салмақ.

"Бұл шара Ресей халқының есебінен байыған, заңсыз және негізсіз соғысты қаржыландырған олигархтар алдындағы есіктерді жабады", – деді Ұлыбританияның сыртқы саясат департаментінің басшысы Дэвид Лэмми. Ұлыбританияның жаңа санкциясына нақты кім ілігетіні әлі хабарланған жоқ.

АҚШ та бұған дейін Ресейдің басқыншылық соғысына байланысты санкциялар жариялаған. Дональд Трамп әкімшілігі тезірек бейбітшілік орнатуға баса назар аударып отыр, олар Ресейге қатысты риториканы айтарлықтай өзгертті, оның ішінде Ресейді агрессия жасады деген айыптаудан бас тартты. АҚШ жаңа санкция пакетін дайындап жатқанын хабарламады. Бұған дейін президент Трамп та, оның әкімшілігінің өкілдері де Ресей бейбіт келіссөзге бармаса, санкцияны күшейтетінін жоққа шығармаған.

Алматыда Украинаны қолдап пикетке шыққан Ресей азаматын полиция алып кетті

Ресей азаматы Тимофей Морозов Алматыдағы Республика алаңында Украинаны қолдап пикет өткізді. 24 ақпан 2025 жыл.
Ресей азаматы Тимофей Морозов Алматыдағы Республика алаңында Украинаны қолдап пикет өткізді. 24 ақпан 2025 жыл.

24 ақпанда Алматыдағы Республика алаңына Ресей азаматы Тимофей Морозов Украинаны қолдап жалғыз адам пикетіне шықты, жарты сағатқа жуық уақыттан соң оны полиция алып кетті.

Морозовтың қолында "Украина жеңеді. Ресей азат ел болады" деген жазуы бар плакат болды. "Украина үшін әділ бейбітшілікті талап етемін", – деді ол Азаттыққа.

25 жастағы Морозовтың сөзінше, ол Қазақстанға былтыр келген. Айтуынша, университетті аяқтаған соң Ресейден кетуді шешкен. "Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ пикетке шыққаным үшін қудалау қаупі бар екенін білемін", – деді ол.

Морозов "пикет өткізу туралы әкімдікке хабарламадым, ешқандай рұқсат алған жоқпын" деді.

20 минуттан соң алаңға полицейлер келіп, Морозовтан пикетті тоқтатуды талап етті. Бастапқыда полиция оған ескерту жасап, босатқан. Кейін оны қайта тоқтатып, құжатын тексеріп, алаң маңынан алып кетті. Полицейлер Морозовты қай басқармаға алып баратыны туралы сұраққа жауап бермеді.

24 ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына үш жыл толды. Осы датаға орай әлемнің көптеген қаласында акциялар өтіп жатыр.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер бойынша басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы ақпандағы дерек бойынша, үш жыл ішінде Украинада 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 29 мыңнан астам адам жараланған. Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында кемі 2400 бала бар. 12,7 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады

Қазақстанда ұлттық қордан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын бақылайтын комиссия жұмысын қайта бастады. Бұл туралы 24 ақпанда Жоғары аудиторлық палата ресми сайтында хабарлады.

Комиссия 2014 жылы құрылғаннан бастап Ұлттық банк қарамағында істеген. 2020 жылдан бері оның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болып өзгерген.

Палатаның ақпаратынша, комиссияның қызметі жаңа форматта және құрамда жалғасады. 21 ақпанда аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комиссия отырысын өткізген.

Смайылов "ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауға тиіс" деп мәлімдеген деді палатаның баспасөз қызметі.

Палатаның хабарлауынша, ұлттық қордан ел экономикасына жеңілдетілген шарт бойынша бөлінген қаржы тексерілмек, бұдан бөлек, қор қаржысын басым бағыттарға қайта бөлуге немесе оларды қайтаруға ұсыныстар беріледі.

Былтыр Халықаралық валюта қоры Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға тым көп арқа сүйейді деген мәлімдеме жасаған. Ұлттық қордан ақша ала беру тәуекелдерді арттырып, экономикаға соққы болып тиюі мүмкін, Халықаралық валюта қоры Астанаға "дискрециялық шығынды азайту үшін" тәуелсіз қазыналық кеңес құруды ұсынған.

Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының жетекшісі Николя Бланше мемлекеттің жобаларын қаржыландыру үшін бұрын да Ұлттық қордың резервтері жұмсалатын, бірақ қазір ол бұрынғыдан көп көлемде шығындалып жатыр деп айтқан.

Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейге жаңа санкциялар салды

Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский.
Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский.

Австралия мен Жаңа Зеландия Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай Мәскеу мен оның одақтастарына жаңа санкциялар салды.

Австралия билігі "қара тізімге" Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Анна Цивилеваны, Павел Фрадковты, Виктор Горемыкинды және Андрей Булыганы қосты. Бұдан бөлек, Ресей мемлекеттік кеңесінің хатшысы Алексей Дюмин мен Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский санкцияға ілікті.

Жалпы Ресейдің 70 азаматы мен 79 мекемесіне, соның ішінде "Россотрудничество", Ресей ұлттық гвардиясы ("Росгвардия") мен бірқатар әскери кәсіпорынға жеке санкция салынды.

Бұған қоса, жаңарған "қара тізімде" Беларусь әскери-өнеркәсіп комитеті мен Солтүстік Корея қарулы күштеріндегі жоғары лауазымды тұлғалары да бар.

Жаңа Зеландия Ресейдің 52 азаматы мен мекемесіне санкция салды.

21 ақпанда жаңарған тізімде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың анасы, Ахмат Қадыров атындағы қордың басшысы Аймани Қадырова, ресейлік стратегиялық авиацияның бірнеше ұшқышы, газ өндіретін "Новатэк" компаниясы, "Вектор" деп аталатын әскери кәсіпорын мен тағы басқалары бар.

Жаңа Зеландияның "қара тізіміне" Солтүстік Кореяның әскери саладағы бірнеше шенеунігі енген, бұған Украинадағы соғысқа байланысты Солтүстік Корея әскерін Ресейге тартқаны себеп болған.

Биыл ақпанда Әзербайжан билігі Мәскеуге Ресейдің "Россотрудничество" агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберген. Әзербайжан СІМ "Бакудегі "Орыс үйі" заңды тұлға ретінде тіркелмеген" деді. Молдова билігінің де шешіміне сәйкес, ел ішіндегі Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ("Орыс үйі") жабылатын болды. Бұған Ресей дрондарының Молдова аумағына түсуі себеп болған.

"Орыс үйі" – "Россотрудничество" федералды агенттігіне қарайды. Ол – Ресей сыртқы істер министрлігіне бағынышты орган. Ұйым шетелдегі ресейліктермен жұмыс істейді, өзінің сайтында "Ресейдің әлемдегі гуманитарлық ықпалын күшейту" және "қазіргі Ресей туралы шетелде объективті идеяның таралуына" ықпал етуді мақсат етеміз деп жазған.

Сарапшылар бұл ұйымды шетелдегі Кремль идеясын жүргізетін "жұмсақ күшке" жатқызады. Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірген соң Еуроодақ "Россотрудничество" ұйымына санкция салған.

БАҚ: Рязань мұнай өңдеу зауытына бір жылда үшінші рет дрон шабуылдады

Рязань мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл салдары. 26 қаңтар, 2025 жыл.
Рязань мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл салдары. 26 қаңтар, 2025 жыл.

Ресейдегі Рязань мұнай өңдеу зауытына бір жылда үшінші рет дрон шабуылдаған. Ресейлік telegram-арналар кәсіпорын аумағында өрт болып жатқаны көрінетін видеолар жариялады.

Мұнай өңдеу зауытындағы өрт туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Зардап шеккендер туралы дерек берген жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі дрон шабуылына тойтарыс бергені туралы жаңа ақпаратында Рязань облысын да атаған, ол жақта екі дронды атып түсіргенін айтты.

Ресей Орлов облысында – 16 дронды, Брянск облысында – үш дронды, аннекcияланған Қырымда бір дронды атып түсіргенін хабарлады.

Бұған дейін Рязань зауытына 24 қаңтарда және 26 қаңтарда шабуыл жасалғаны хабарланған. Бірінші жолы мұнай өңдеу зауытының өзі шабуылға ұшыраған, ол Ново-Рязань жылу электр орталығы маңында орналасқан.

26 қаңтардағы екінші шабуылды Украина қарулы күштерінің бас штабы растап, нысанаға алынған кәсіпорын Ресей армиясына қажет дизель және реактивті отын өндіреді деп мәлімдеген, зауыт аумағында жарылыс және өрт болғанын хабарлаған.

ASTRA басылымының есебінше, Украина қарулы күштері бір жылда Ресейдегі 27 отын-энергетика нысанына шабуыл жасаған. Көбіне дрон ұшырған, зымыран да қолданған. Рязань мұнай өңдеу зауыты мен Воронеж облысындағы мұнай базасы бірнеше рет шабуылға ұшырады.

Рязань мұнай өңдеу зауыты 1960 жылы пайдалануға берілген, қазір ол "Роснефть" бақылауында.

Германиядағы парламент сайлауында "Христиан-демократия одағы" мен "Христиан-социалистер одағы" озды

Германиядағы парламент сайлауының (Бундестаг) алдын ала ресми мәліметіне сәйкес, Фридрих Мерц бастаған "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" (ХДО/ХСО) блогы өзгелерден озған. Оңшыл, популист "Германия үшін балама" (AfD) партиясы өз тарихында бұрын-соңды болмаған дауыс жинап, екінші орынға шыққан. Германияның қазіргі канцлері Олаф Шольцтың солшыл-центрист Социал-демократиялық партиясы үшінші орынға табан тіреді, бұл – партия тарихындағы нашар нәтиже болды деп жазды BBC.

Германияның федералды сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, Мерц бастаған оңшыл-центрист ХДО/ХСО блогы 28,6 пайыз дауыс жиған.

Бұған дейін әлеуметтанушылар сайлауда ХДО/ХСО блогы жеңіске жетеді деп болжаған еді, кейін экзитполдар оны растады. Ал Мерц болса, 23 ақпан кешке "Христиан-демократия одағы" және "Христиан-социалистер одағы" жеңді деп мәлімдеді.

"Бүгін кешке [жеңісті] тойлап, ертеңнен бастап жұмыс істеп бастаймыз", – деді Мерц жексенбі күні Берлинде жақтастарының алдында сөйлеген кезде.

Орталық сайлау комиссиясының есебінше, Алис Вайдель басқаратын "Германия үшін балама" партиясын сайлаушылардың 20,8 пайызы қолдап дауыс берген. Бұл – "Германия үшін балама" тарихындағы ең жақсы нәтиже. Сайлау қорытындысына сәйкес, бұл партия ел парламенті – Бундестагтағы депутаттарының санын екі есе арттыра алады.

Олаф Шольц бастаған социал-демократтар бұл жолғы сайлауда өз тарихындағы ең нашар нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Оларды дауыс бергендердің 16,4 пайызы қолдаған. Шольц сайлауда жеңілгенін мойындап, партия үшін оның нәтижесі "ащы" болғанын айтты.

"Жасылдар" партиясын сайлаушылардың 11,6 пайызы, солшыл партияны – 8,8 пайызы жақтап дауыс берген.

Алдын ала мәліметке сәйкес, солшыл-националист "Сара Вагенкнехт одағы" және еркін демократтардың оңшыл-либерал партиясы 5 пайыз межені еңсере алмаған.

Германиядағы парламент сайлауына тіркеуде тұрған сайлаушылардың 84 пайызы қатысып дауыс берген. Бұл – 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Еуропа елдерінде Украинадағы соғыстың үш жылдығына орай демонстрациялар өтті

Прагадағы Украинаны қолдау акциясы. Чехия, 23 ақпан, 2025 жыл.
Прагадағы Украинаны қолдау акциясы. Чехия, 23 ақпан, 2025 жыл.

Еуропа елдерінде Ресейдің Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанына үш жыл толуына орай демонстрациялар өтті. Оған қатысқандар Ресей агрессиясына қарсы күресіп жатқан Украинаға қолдау білдірді.

23 ақпанда Брюссельде бейбіт демонстрация өтті деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Олена Абрамович. Бірнеше мың демонстрант Украинаның әнұранын шырқап, "Ресей жауап беруі керек!", "Жасасын Украина!", "Еуропаға – бейбітшілік, Украинаға – жеңіс!" деп ұрандатты.

Демонстрация кезінде әуе дабылын қосты, Украина тұрғындары сирена дауысын Ресей шабуыл жасаған сайын естиді.

23 ақпанда Чехия астанасы Прага қаласында да Украинаны қолдау шеруі өтті. Мыңдаған адам қала орталығындағы алаңға жиналды. Чехия президенті Петр Павел де жиналғандар алдында сөз сөйледі, ол Ресей Украина жеріне басып кіріп, агрессорға айналды және халықаралық құқықты бұзды деп мәлімдеді.

Кейінгі бірнеше күнде Киевті қолдау акциясы әлемнің жүздеген қаласында өтті.

Трампты Путин мақтап, Еуропа лидерлері cөкті
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:19 0:00

Зеленский: Киев табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюға дайын емес

Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 23 ақпан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 23 ақпан, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Киев табиғи ресурстар туралы АҚШ ұсынған келісімге қол қоюға дайын емес деп айтты. Ол келісім шартын әділетсіз деп атап, Вашингтонның бұған дейін Украинаға берген ақысыз көмегін қарыз деп танудан бас тартты.

23 ақпандағы баспасөз мәслихатында Зеленский ресурстар туралы келіссөз Киев ұсынған "Украинаның жеңіс жоспарындағы" пайдалы қазбаларды бірге өндіру туралы ұсыныстан басталған деді.

"Сіз өндіретін боласыз, біз бөлісеміз, бірақ біз үшін әділдікті қалпына келтіруге бәрін істеңіздер. Мына соғысты аяқтаңыздар, Путинді мәжбүр етіңіздер, – деді Зеленский Киевтің ұсынысы туралы. – Онда тежейтін қару, әуе қорғаныс жүйесі және тағы басқалары болды. Бұл кешенді ұсыныс болған еді, бізге қауіпсіздік кепілі қажет, оның ішінде әскер мен әуе қорғанысын күшейту керек, Украина аспанын жүз пайыз қорғай алуы керек".

Зеленскийдің сөзіне қарағанда, АҚШ-пен ресурстарды теңдей бөлу ұсынылған.

"Бұған қол қоймаймыз дедім. Алда не күтіп тұрғанын білмей, теңдей бөле алмаймыз. Тіпті басып алынған нәрсенің бәрін бөлісейік, біз сізге қалпына келтіруге көмектесеміз, бөлісейік деген сұрақ туындаса, бұл тақырыптық талқылау болар еді".

Зеленскийдің сөзінше, Вашингтонның екінші жоспары Киевтің 500 миллиард доллар қарызбын деп мойындағанын көздейді. Оның айтуынша, Киев Вашингтоннан тек 100 миллиард доллардың көмегін алған. Зеленский оны Вашингтонға қайтару керек деп санамайды, өйткені "олар қайтарымсыз деп берілген" деді.

Украина президентінің сөзінше, Киевке алдағы уақытта берілетін көмекті пайызсыз қайтару мүмкін болмаса, оны төлеуге дайын. Алайда бұл екі еселенген соманы қайтару деген сөз емес деді ол. "Бірақ менің сұрағым бар. Логикалық. Ол сұраққа маған ешкім жауап бере алмай отыр. АҚШ Израильге, Қатарға, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне қару сатқанда, олардан 100 пайыз табыс таба ма?", – деді ол.

"Бәрі жақсы, мен президент Трамппен сөйлескім келеді… Украиндердің 10 ұрпағы төлейтін [келісімге] қол қоймаймын", – деді Зеленский.

Зеленскийдің сөзінше, оны диктатор деп атаған АҚШ президенті Дональд Трампқа реніші жоқ. Ол егер еліне бейбітшілік әкелетін немесе Украинаны НАТО мүшесіне айналдыратын болса, онда қазіргі атқарып отырған Украина президенті лауазымынан кетуге дайын екенін мәлімдеді.

Астанадан Ақтауға ұшқан ұшақта жолаушының сөмкесі өртенген

23 ақпанда күндіз Астана-Ақтау бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуекомпаниясының ұшағында (FS 7375 рейсі) үстіңгі жүк бөлікте тұрған жолаушының рюкзагы өртенген. Бұл жөнінде әуе компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

FlyArystan мәліметінше, бортсеріктер өртті жылдам өшірген.

"Ұшақ бортында 182 жолаушы болған. Ұшақ ұшып шыққан орынға қайта оралған, штатты жағдайда қонған. Оқиғаның жай-жапсары толық анықталғаннан кейін қосмыша ақпарат беріледі" деп хабарлады әуекомпанияның баспасөз қызметі.

Рейс Астана уақыты бойынша 17:10-ға ауыстырылған. Жолаушылардың барлығына билеттерді тегін ауыстыру немесе қайтару мүмкіндігі берілген.

Bloomberg: Украина пайдалы қазба бойынша келісімнің шарттарын қабылдамады

Украина және АҚШ басшылары Владимир Зеленский және Дональд Трамп, 27 қыркүйек, 2024 жыл.
Украина және АҚШ басшылары Владимир Зеленский және Дональд Трамп, 27 қыркүйек, 2024 жыл.

Украина АҚШ ұсынған 500 миллиард долларлық бірлескен қор құруды қарастыратын пайдалы қазба өндіру жөніндегі жаңа келісімнің шарттарын қабылдамады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, осы қор Ресей басқыншылығы басталғалы бергі АҚШ-тың Украинаға берген қаржылай көмегін өтеуі керек. Дегенмен де Украина жағының айтуынша, Американың іс жүзінде берген көмегі жоғарыда айтылған сомадан бес есе аз яғни, 90 млрд доллардан астам қаражат.

Агенттік дереккөзінің сөзінше, Украинаның келіспеуінің тағы бір негізгі себебі - АҚШ Украинаға болашақ әскери және қаржылай көмекке қатысты ешқандай кепілдік бермеген.

Дереккөзге сүйенген Radio NV жазуынша, Украина АҚШ-қа өзінің ұсыныстарын - мысалы, қор мөлшерін 100 млрд долларға дейін азайту қажеттігін айтқан. Украина шенеуніктері ұсынысты АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогқа берген.

Бұған дейін The New York Times Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алғанын, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылғанын жазған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді.

Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.

  • Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
  • Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.

Ауруханада жатқан Рим папасы Францисктің жағдайы ауыр екені айтылды

Демікпеге шалдыққан Рим папасы Франциск 14 ақпаннан бері ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалады. Ол есін біледі, бірақ қиналып жатыр деді Ватиканның баспасөз қызметі.

Понтификтің тыныс алуына көмектесу үшін дәрігерлер оны жоғары ағынды оттегі аппаратына қосқан. Науқасқа қан да құйылған.

Кардинал Джанфранко Равазидің айтуынша, егер Франциск денсаулығына байланысты қызметін орындай алмаса, ол тақтан бас тартуға мәжбүр болады.

88 жастағы Франциск өкпе инфекциясымен ақпан ортасында Римдегі Джемелли клиникасына жатқызылған. Компьютерлік томография одан екіжақты пневмонияны анықтаған. Кейінгі күндері оның денсаулығы нашарлаған.

  • Рим папасы Франциск (туғанда қойған аты Хорхе Марио Бергольо) католик шіркеуінің басы болып 2013 жылы сайланған. 88 жастағы Франциск тарихтағы ең үлкен папалардың бірі. Жас кезінде оның өкпесінің бір бөлігін алып тастаған, сондықтан тыныс ауруларына тез шалдығады.

Ресей Киев, Сумы облысы мен Кривой Рогты атқылады. Бір адам қаза болды

Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Киевке дронмен жаппай шабуыл жасады. Бірнеше үй бүлініп, кейбір жерден өрт шықты деп хабарлады қала мэрі Виталий Кличко.

Кривой Рог қаласы ракета шабуылына ұшыраған. Бір адам қаза болды, төрт адам жараланды.

Бұған қоса, Сумы облысында атқылаудың салдарынан төрт адам зардап шеккен. Жеке үйлер қираған.

Одесса облысында дрон шабуылының салдарынан бір жеке үй өртенген. Үш адам зардап шеккен. Оқиға орнында құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.

Ресей Украинаны күн сайын-дерлік атқылап келеді. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарды ғана атқылайтынын айтады. Бейбіт азаматтардың қаза болуы және азаматтық инфрақұрылымның қирауына қатысты Мәскеу түсініктеме бермейді.

Францияның шығысында полицейлерге пышақпен шабуыл жасалды

Францияның солтүстік-шығысындағы Мюлуз қаласында 22 ақпан күндіз шабуыл салдарынан бір адам қаза болып, екі полицей ауыр жарақат алған. Тағы үш полицей жеңіл жарақаттанды деп жазды AFP.

Күдікті қамауға алынған. Тергеу болжамынша, 37 жастағы ер адам терроризм бойынша күдіктілер тізімінде болған. Бірқатар дереккөзге сүйенсек, ол Алжирде туылған. Осыған дейін оны үйқамаққа жіберіп, Франциядан шығару туралы шешім болған.

Ақпаратқа қарағанда, шабуылдаушы "Аллаху Әкбар" деп айқайлап, бастапқыда муниципалды полиция қызметкеріне тап берген. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам полицейге көмектеспек болып жүгіріп келген кезде күдіктінің қолынан ауыр жарақаттанып, сол жерде жан тапсырған. Ол Португалия азаматы болып шыққан.

Франция президенті Эммануэль Макрон оқиғаны "діни теракт" деп атап, бұған шүбә болмасын деді.

Оқиға қаланың жұрт көп жүретін аумағында – Конго демократиялық республикасын қолдау демонстрациясы кезінде болған. Полиция осы акцияға байланысты айналаны бақылаған.

AFP дереккөзі: Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазба бойынша келісімге қол қоюға дайын емес

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазбаны игеру бойынша келісімге қол қоюға дайын емес деп жазды сенбі күні Украина билігіндегі дереккөздерге сүйенген France-Presse агенттігі.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майкл Уолтц жұма күні Зеленский "жақын арада келісімге қол қояды" деп мәлімдеген еді. Дональд Трамптың өзі сенбі күні Мэрилендте консерваторлардың жиынында АҚШ "келісімге қол қоюға жақындады" деп айтқан. Ол АҚШ миллиардтаған доллар әскери көмекті қайтарғысы келетінін қайталаған. Вашингтон сирек металл түрлерін, мұнай немесе "алуға болатын нәрсенің бәрін алғысы" келеді деді Трамп. Бір мезгілде ол келісімді Украинадағы соғысты тоқтатуға талпыныс қадамдарының бірі деп атады.

"Украина президенті жобаны қазіргі қалпында қабылдауға дайын емес. Біз әлі де өзгерістер енгізуге тырысамыз" деді жағдайдан хабары бар дереккөз AFP агенттігіне.

The New York Times басылымының жазуынша, Украина АҚШ-тан келісімнің жаңа нұсқасын алған, бірақ ондағы бірқатар шарттар алдыңғы нұсқасына қарағанда қатайтылған. Жаңа келісім Украинадан табиғи ресурс (мұнай, газ, порт және өзге инфрақұрылымнан түскен кіріс) кірісінің жартысынан бас тартуды талап етеді. Мұндай талаптар алдыңғы нұсқада да болған.

Жаңа құжат жобасына сәйкес, Украина шикізаттан түскен кірісті АҚШ-қа тиесілі қорға жіберіп отыруға тиіс болады, Украина ол жаққа 500 млрд доллар қаражат жиналғанға дейін ақша құюы керек. АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтен дәл осындай соманы талап етіп отыр.

The New York Times басылымының жазуынша, келісімнің жаңа нұсқасында Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру бойынша нақты міндеттеме жазылмаған. Жобада АҚШ Украинаға экономикалық тұрғыда дамуына көмектесу үшін ұзақмерзімді қаржылай көмек бермек деп жазылған.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент сенбі күні Financial Times басылымындағы мақаласында Вашингтон мен Киев арасындағы экономикалық әріптестік екі елге бірдей пайдалы деді.

  • Қаңтар айында қызметіне кіріскеннен бері Дональд Трамп сыртқы саясатқа қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертіп, Кремльге қарай дипломатиялық қадамдар жасап, Украинадан Джо Байден бастаған бұрынғы АҚШ әкімшілігінен алған әскери көмектің орнын толтыру мақсатында табиғи ресурс, соның ішінде сирек кездесетін металдарды беруді талап етті.
  • Украина Трампты соғыс қимылдарына қолдау көрсетуге көндіру үшін табиғи ресурстарды игеру бойынша АҚШ-пен әріптестік орнатуға келіскен. Президент Владимир Зеленский де Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп отыр, алайда әзірге келісімге бұл шарт әлі енгізілмеген.
  • АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер екі ел басшыларының барған сайын қатқыл мәлімдемелері тұсында жүріп жатыр. Жақында Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атаған. Ол сонымен бірге Украинадағы бейбіт келіссөздерге Зеленскийдің қатысуы аса маңызды емес деп мәлімдеген. Зеленский Трамптың «жалған ақпарат кеңістігінде» өмір сүріп жатқанын айтқан. Жағдайға Киев пен Еуропа елдері алаңдап отыр.

AP баспасөз жиынына кіргізбегені үшін Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

Америкалық Associated Press жаңалықтар агенттігі президент қатысатын шараға кіргізбегені үшін Дональд Трамп әкімшілігіндегі үш шенеуніктің үстінен сотқа арыз түсірді. Агенттік тілшісі өзін жиындарға кіргізуді, шенеуніктердің әрекетін баспасөз еркіндігін бұзу деп тануды және келтірілген шығынды өтеуді талап етті.

Ақпан айында Ақ үй AP журналистеріне президент қатысатын ірі шараларға қатысуға тыйым салған. Президенттің кабинеті, ұшағы, Трамптың Флоридадағы жеке резиденциясына әдетте журналистер кіргізілетін. Бұған AP агенттігінің хабарламаларында Мексика шығанағының жаңа атауын пайдаланудан бас тартуы түрткі болған. Қаңтарда Трамп Мексика шығанағын Америкалық шығанақ деп атау туралы жарлық шығарған еді. Агенттік журналистерге шығанақтың тарихи атауын пайдалануға, бірақ Вашингтонның да ұстанымын ескеруге кеңес берген.

"АҚШ-тағы баспасөз және барлық азамат үкіметтің қудалауынан қорықпай сөз орамын таңдауға құқылы», - делінген AP сайтында жарияланған шағымда. — Конституция үкіметке сөз бостандығын бақылауға мүмкіндік бермейді. Мұндай бақылауға жол беру және оны бұзғаны үшін жазалауға рұқсат беру әрбір америкалықтың бостандығына қауіп төндіреді".

Шағым Вашингтондағы аймақтық сотқа түсірілді. AP мәселе кеңейтілген сот алқасында қаралсын деп отыр. Трамп әкімшілігі шағымды "ақылға қонымсыз" жайт деп бағалаған.

Ақ үйдің коммуникация жөніндегі директоры Стивен Чунг АР журналистерін "идеологияға ұшыраған" тілшілер деп атаған.

Чунг әкімшіліктің сотта жеңетінін айтты. 20 ақпанда президент Трамп республикалық губернаторлармен кездесуде сотта жеңілуі мүмкін екенін айтқан, бірақ бұл «маңызды емес» деді.

Reuters: АҚШ Украинаға Starlink-ті өшіреміз деп сес көрсеткен

АҚШ Украинамен табиғи ресурстар бойынша келісімді талқылаған кезде елде Starlink спутниктік интернетін өшіру мәселесін де қозғаған. Бұл жөнінде келіссөз процесінен хабардар үш дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Мәселе Украина аумағынан Starlink-ке қосылуды өшіру жөнінде болып отыр ма, әлде АҚШ-тың Starlink қызметін төлеуден бас тартуы жөнінде болып отыр ма, белгісіз. Bloomberg агенттігінің жазуынша, ай сайын Пентагон Starlink пен Украина арасындағы келісімшарт үшін 2,3 млн доллар қаражат төлейді.

Reuters-дің жазуынша, Зеленский Ақ үй ұсынған келісімге қол қоюдан бас тартқаннан кейін АҚШ Starlink-ті өшіреміз деп сес көрсеткен.

Украинаның Вашингтондағы елшілігі, Ақ үй, АҚШ қорғаны министрлігі, SpaceX компаниясы Reuters-тің сұрақтарына жауап бермеді.

АҚШ Украинаға ұсынған және Зеленский қол қоймаған алдын ала келісім жобасын британдық The Telegraph газеті қайта жариялады. Басылымның мәліметінше, келісім тек пайдалы қазбалар ғана емес, сонымен қатар мұнай мен газ ресурстарын, порттар мен Украинаның басқа да инфрақұрылымдарын қамтиды. Ол сонымен бірге болашақта қандай салалар мәміле нысанасы болуы мүмкін деген сұрақты да ашық қалдырады. Болашақта ресурстарды монетизациялау үшін АҚШ Украинаның ресурстарды өндіруден түсетін қазіргі кірісінің 50% және «үшінші тарапқа берілген барлық жаңа лицензиялар» құнының 50% алуды жоспарлап отыр. Яғни, АҚШ пайдасына қарай «осындай табысқа салық» енгізіледі. The Wall Street Journal мәліметінше, екі жақ келісімге бүгін қол қоюы мүмкін.

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулдегі Төрт құрлық чемпионатында алтын иеленді

Михаил Шайдоров.
Михаил Шайдоров.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол қысқа және негізгі бағдарламасын таза орындап, 285,10 ұпай жинады.

20 жастағы спортшы негізгі бағдарламасында қиын элементтердің бірі үш аксель+төрт сальхов секірді. Бұл элемент қазір басқа мәнерлеп сырғанаушылардың бағдарламасында жоқ.

Сеулдегі жарыстың күміс медалі Джунхван Чха (Оңтүстік Корея, 265.02 ұпай), қоланы америкалық Джимми Ма (245.01 ұпай) алды.

2015 жылы Денис Тен осы жарыста чемпион болған еді. Араға он жыл салып, Қазақстан Төрт құрлық чемпионатында алтын иеленді.

Төрт құрлық чемпионатында Азия, Оңтүстік Америка, Австралия және Африка мәнерлеп сырғанаушылары қатысады. Бірақ негізгі бәсеке Азия мен Америка, Канада спортшылары арасында болады.

Трамптың арнайы уәкілі Зеленскийді "соғысушы елдің ержүрек көшбасшысы" деп атады

Владимир Зеленский және Кит Келлог, Киев, 20 ақпан
Владимир Зеленский және Кит Келлог, Киев, 20 ақпан

АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог Украина басшысы Владимир Зеленскийді "соғысушы елдің ержүрек көшбасшысы" деп атады. Ол бұл ойын X желісінде жазды.

Бұл 20 ақпанда Киевте Зеленскиймен кездескен Келлогтің жиын жөнінде алғашқы түсініктемесі деп хабарлады "РБК-Украина".

Келлогтің сөзінше, ол Киевтке Украина билігі өкілдерімен "ұзақ әрі мазмұнды" кездесу өткізген.

"Соғысушы елдің жауынгер және батыл көшбасшысы, президент Владимир Зеленскиймен және оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі талантты командасымен жан-жақты әрі оң пікірталас" [өткіздік] деп жазды Келлог.

Бейсенбі күні кездесу қорытындысы бойынша ортақ баспасөз жиыны өтуі тиіс болған, алайда ол Америка жағының өтінішімен өтпей қалған.

"Америка дауысы" сайтының хабарлауынша, Келлог Киевке сапардың басты мақсаты "украин жағын тыңдау" деп атап өткен.

Украина президентінің сөзінше, Келлогпен кездесу барысында соғыстағы ахуал, украин тұтқындарын қайтару және Украина қауіпсіздігіне кепілдік берудің халықаралық тиімді тетігін табу мәселелері талқыланған.

Кит Келлогтің сапары АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина мен Украина басшысына қатысты қатқыл мәлімдемелер жасап жатқан шақта өтіп жатыр. Трамп жуырда Зеленскийді "диктатор" деп атаған. "Қазір Украина президентін қолдаушылар саны 4 пайыздан аспайды" деген Трамптың сөзіне реакция білдірген Зеленский Трамп "жалған ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр" деді.

  • Украина ақпарат құралдары Трамптың Зеленскийдің рейтингісі жөнінде айтқан сөзінен кейін Киев институтының сауалнама қорытындысын келтірген. Оған сәйкес, биылғы ақпанның бірінші жартысындағы жағдай бойынша украиналықтардың 57 пайызы Зеленскийге сенеді. Ал кейінгі айларда рейтинг артқан. Дегенмен AP агенттігі соғыс жағдайында украиналық әлеуметтік сауалнамалардың мәліметтерін сенімді деп атауға болмайтынын атап өткен.

АҚШ-тан мигранттардың бір бөлігі Коста-Рикаға депортацияланды. Арасында қазақстандықтар да бар

АҚШ-тан депортацияланған мигранттарды автобусқа отырғызып жатқан сәті. Коста-Рика, 20 ақпан 2025 жыл.
АҚШ-тан депортацияланған мигранттарды автобусқа отырғызып жатқан сәті. Коста-Рика, 20 ақпан 2025 жыл.

Коста-Рика билігі АҚШ-тан депортацияланған мигранттардың бір бөлігін қабылдады, арасында қазақстандықтар да бар деп жазды жұма күні Reuters агенттігі. Бұған дейін Коста-Рика билігі түрлі елдерден келген 200 шақты азаматты уақытша орналастыру жөнінде Вашингтонмен келісімге келген. Алғашқы лекпен келгендердің арасында Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Иордания, Қазақстан және Гана азаматтары бар.

Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың көші-қон саясатын қатаңдату бағытында өзге елдермен әріптестік орната отырып, мигранттарды өз елдеріне күштеп қайтару операциясының бір бөлігі.

АҚШ-тан депортацияланғандардың соңғы тобы Сан-Диего (Калифорния штаты) қаласынан ұшақпен Коста-Рика астанасы Сан-Хосеге жеткізілген, ол жақтан олар Панамамен шекарадағы көші-қон орталығына автобуспен жөнелтілген.

Коста-Риканың қауіпсіздік вице-министрі Омер Бадилла келген мигранттар елде бір ай тұра алатынын айтты. Осы уақыт аралығында билік оларды елдеріне өз еркілерімен қайтаруға көмектеседі. Вице-министрдің сөзінше, көбі өз елдеріне қайтқысы келеді. Ал барғысы келгендердің жағдайы жеке қаралмақ.

Осы апта ортасында Коста-Рика билігі АҚШ-тан депортацияланған 200 мигрантты өз елдерінде орналастыруға келіскенін хабарлаған.

АҚШ-та заңсыз мигранттарды ұстау және депортациялау бойынша ірі рейдтер Трамп Ақ үйге келген аптаның соңында, яғни 26 қаңтарда басталған еді. Көші-қон және кеден полициясының (ICE) мәліметінше, алғашқы екі күнде елде 2 мыңнан астам адам ұсталған.

Трамп: Зеленскийдің келіссөзге қатысуы аса маңызды емес

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 21 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресеймен соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге қатысуы аса маңызды емес деп санайтынын жеткізді.

"Шынымды айтсам, оның жиындарға қатысуы маңызды емес деп ойлаймын" деді Трамп Fox News Radio-ға берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Зеленский Ресей басқыншылығы басталғалы бері үш жыл бойы кездесулер өткізіп келеді және әлі күнге дейін соғысты тоқтата алған жоқ. "Осы күнге дейін ол келіссөздерді жақсы жүргізген жоқ" деді Трамп.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ақ үйдің бұл мәлімдемесі ол Ресеймен Украинамен бірге немесе бөлек те, байланыс орнатуға ниетті екенін көрсетеді.

Жұма күні ақпарат құралдары Дональд Трамптың Ақ үйде губернаторлармен жиында жасаған мәлімдемесінен де үзінді келтірді. Трамп соғысты бітіруге бағытталған келіссөзге қатыспақшы украин басшыларының қолында "ешқандай да карта жоқ" деп мәлімдеді.

"Президент Путинмен келіссөзіміз жақсы болды, Украинамен келіссөзіміз аса жақсы бола қойған жоқ. Олардың қолында ешқандай карта жоқ, бірақ олар қатаң ойнайды. Алайда біз мұның жалғасқанына жол бере алмаймыз" деді ол.

Reuters агенттігі Трамптың "келіссөз үстеліндегі карталар" туралы сөзіне сүйене отырып, АҚШ президенті Киевті Вашингтонның қаржылық қолдауына айырбас ретінде Украинада өндірілетін пайдалы қазбалардан түсетін кірістер туралы негізгі келісімге қол қоюға итермелеп отыр деп болжайды.

Трамптың Зеленский мен оның айналасындағыларға қатысты қатаң мәлімдемелері кейінгі күндері Вашингтон мен Киев арасында қарым-қатынас біраз ушыққан шақта жасалып отыр. Бұған дейін Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атаған, ал украин басшысы АҚШ президенті "жалған ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатыр" деп реакция білдірген.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц жұма күні Зеленский Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған іс-шаралар аясында АҚШ-пен пайдалы қазбаларды игеру туралы келісімге қол қояды деп мәлімдеді.

Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк BBC ақпарат агенттігіне Украина сирек металды игеру ісінде АҚШ-тың инвестициясына ашық, алайда Киевке аталған келісімнен экономикалық пайда түсуі керек және қауіпсіздікке кепілдік алуы керек деді. Подоляктің сөзінше, Украинаны Вашингтонның "біртүрлі" және "рационалды емес" мәлімдемелері таңғалдырған.

  • Украина билігі мен Еуропа жетекшілері Дональд Трамп Украинадағы үш жылға созылған соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға уәде беріп, Мәскеумен байланыс орната бастағаннан кейін келіссөздер процесінен тыс қалуымыз мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
  • 18 ақпанда Эр-Риядта Ресей мен АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерінің келіссөзі өтті. Ресей Украинаға басып кіргелі бері осындай ауқымды кездесу алғаш рет өтіп отыр. Украина мен Еуропа елдерінің өкілдері кездесуге шақырылған жоқ. Эр-Риядтағы келіссөздің нәтижесі туралы айтқан АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ЕО мен Украина келіссөзден аулақтатылмайды деді. Оның сөзінше, барлық тарап бірқатар шарттарынан бас тартуға дайын болуы керек.
  • Кейінірек президент Трамп "Ресейдің өз аумағына басып кіруіне Украинаның өзі жауапты болуы мүмкін" деген сарында мәлімдеме жасады. «Украинаның келіссөзге қатыспағанына ренжігенін естідім. Олардың орны үш жыл бос болып тұрды және оған дейін ұзақ уақыт та болды. Мұның бәрін өте оңай шешуге болатын еді. «Тіпті жартылай тәжірибелі келіссөз жүргізушінің өзі менің ойымша, көп жерден айырылмай және адам өмірін қимай ақ мұны көп жыл бұрын жасай алған болар еді», - деді Трамп.

Сот Feminita белсендісі Жанар Секербаеваға да айыппұл салды

Feminita-ның негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева
Feminita-ның негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева

Алматының әкімшілік соты Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаеваға да 393 мың теңге көлемінде (100 АЕК, қазіргі бағаммен 783 доллар) айыппұл салды.

Сот Секербаеваға "Тіркелмеген бiрлестiк қызметіне жетекшілік ету" бабы бойынша айып таққан. Бұл туралы белсендінің онлайн-сот отырысына қатысқан Азаттық Азия тілшісі хабарлады.

Полиция инспекторы Данияр Әзікенов сот кезінде мониторинг барысында Instagram-нан видео көргенін, соның негізінде әділет департаментіне сұрау салып, Feminita ұйымының тіркелмегенін анықтағанын айтқан. Бұл тұрғыда сот Feminita бастамасының өзге белсендісі, осы апта басында айыппұл салынған Гүлзада Сержанның сотына ұқсас болып шықты.

Полиция инспекторы сот кезінде аталған ұйым "әйелдердің құқығын қорғаймын деп шын мәнінде дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттайды... ұйымның әрекеті қоғамда тұрақсыздықтың алғышартын тудырады" деді.

Секербаева өзіне тағылған айыпқа келіспейді. Белсендінің сөзінше, ол еш жерде қандай да бір қоғамдық бірлестік басшысы деп көрсетілмеген.

Оның сөзінше, ЛГБТ өкілдері де қоғам мүшесі және кез келген азамат сияқты олардың да конституциялық құқықтары бар, салық төлейді, қоршаған ортаны таза сақтауға үлес қосып жатыр. Ол инспекторды олар "мемлекетке нұқсан келтіреді" деп айтпауға шақырды.

Секербаева бұдан бөлек, сотқа дейін сот материалдарымен танысып үлгермегенін де айтты.

Бұған дейін әкімшілік сот Feminita-ның негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержанды "тіркелмеген бiрлестiк қызметіне жетекшілік етті" деп айыптап, 393 мың теңге айыппұл салған еді. Ол да жұма күнгі сотта өзін қандай да бір қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде көрсетпейтінін айтты.

13-14 ақпанда "Қазақстандық ата-аналар одағы" ұйымының бұрынғы төрайымы Бағила Балтабаева Feminita ұйымдастырған шараға полиция шақырып, шараны өткізуге кедергі келтірген. Осыдан кейін Feminita ұйымының өкілдері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева ұсталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ертесінде Feminita-ның шараларына өзге де белсенділер кедергі келтірген. Ізінше Сержан мен Секербаеваға "тіркелмеген ұйымға жетекшілік ету" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.

Ал Feminita-ның шарасына кедергі келтіргендерді жауапқа тартылғаны-тартылмағаны жөнінде ақпарат жоқ.

Feminita өкілдері Алматы қалалық әділет департаментіне аталған ұйымды тіркеу туралы талай рет өтініш бергенмен өтініштері орындалмаған. Феминистік топ сот арқылы департаменттің әрекеттің даулауға тырысқан, алайда сот ешқандай заңбұзушылық таппаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің Feminita-ны тіркемей отырғандығын сынаған.

Жазушы Дулат Исабеков қайтыс болды

Жазушы Дулат Исабеков
Жазушы Дулат Исабеков

Жазушы, драматург Дулат Исабеков 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын» деп жазды Facebook-тегі парақшасында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов.

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы әр жылдары Қазақ ССР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.

Дулат Исабеков – қазақ оқырманына кеңінен таныс шығармалардың авторы. Жазушының «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» және басқа да кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрген.

Дулат Исабековтің шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген. Ол – түрлі сахналарда қойылып жүрген ондаған пьеса авторы.

Дулат Исабеков шығармалары ағылшын, француз, неміс, орыс және басқа да тілдерге аударылып, пьесалары түрлі елдерде қойылған. 2014

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дулат Исабековтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

«Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды. <…> Қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенеміз. Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз» деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Қырғызстанда премьера болатын күні қазақстандық "Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттан алынды

Қырғызстандағы "Синематика" кинотеатрлар желісі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың "Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттан алынғанын хабарлады. Компания мұндай шешімге не түрткі болғанын түсіндірмеді.

Фильмнің жабық көрсетілімі 19 ақпанда өткен. Ал 20 ақпанда әлеуметтік желілерде фильмнің командасы мен Руслан Қамшының бірге жүрген видеосы тарады.

Руслан – қылмыс әлеміне танымал Қамшы Көлбаевтың ұлы, Көлбаев 2023 жылғы күзде Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің арнайы операциясы кезінде қаза болған.

Бұл оқиғаның фильмді прокаттан алып тастауға қатысы бар-жоғы ресми түрде айтылмады.

"Рэкетир 3" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Саят Исембаев видео жариялап, "Руслан Қамшының фильмге қатысы жоқ, ол жабық көрсетілімге басқалар сияқты шақырылды" деп мәлімдеді. Актер Қырғызстан билігін фильмді көрсетуге рұқсат беруге үндеді, Исембаевтың пікірінше, қырғыз халқы бұл фильмнің шыққанын күткен.

"Рэкетир: Жаңа кезең" фильмі прокаттық төлқұжатты ақпан айының басында алған. Фильмнің премьерасы Қырғызстанда 20 ақпанда өтуі тиіс болған. Қазақстанда аталған фильмнің премьерасы 13 ақпанда өтті. Ақпарат құралдарының жазуынша, алғашқы үш күнде кинокартина рекордтық 657 млн теңге ($1,3 млн) жинаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG