Accessibility links

Адрессіз алысқа хат


Леонид Брежнев.
Леонид Брежнев.

Дорогой Леонид Ильич!

«Адамның тәні өлсе де, жаны өлмейді» деген ескі сөзден хабарым барын өзіңіз шарлап өткен бүкіл дүние жүзіне білдіргім келіп, осы хатты жазуға бел байладым. Қаламымның ұшында – өзіңізсіз, тойыст, Сіздің жаныңыз. Хатымның соған, тойыст, Сіздің жаныңызға жететініне шүбәм жоқ. Оқып білуімше, адамның жаны марқұмының туған, өскен, қызмет істеген жерлеріне уақ-уақ келіп, біраз болып, өзгерісті шолып кетіп жүреді екен – сондай сапарларының бірінде оның көзіне менің хатым да түсуі мүмкін ғой. Қалай болса да, «тәуекел түбі – жел қайық...» дедім.

Сонымен, КСРО жұртын жымиып билеп жүрген жылдарыңызда тұтас совет халқы, оның ішінде өзіңіздің қазақстандықтар атағандай, Дорогой Леонид Ильич, айтпағым мынау:

Сіз дүниеден армансыз өткен сияқтысыз. Қатардағы коммунистен СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы деңгейіне жеттіңіз. Қатардағы солдаттан Кеңес Одағының Маршалы дәрежесіне жеттіңіз. Алған алтын жұлдыздарыңыз бен орден-медальдеріңіздің саны жетпістен асыпты. Бірінші Ильичтің маңында Екінші Ильич болып жатырсыз.

Е-е, Қазақстанды: «Нан болса, ән де болады!» деп пәлен жыл басқарғаныңызда өзіңіз ер-әйелінің талайын сүйген қазекеңде: «Армансыз адам болмайды» деген нақыл барын естіген шығарсыз. Ал ол сөздің бекер айтылмағанына дәлел жеткілікті. Мысалды, дорогой Леонид Ильич (Брежнев жолдас), Сіздің өміріңізден де келтіре аламын.

Мысалдың нарқы салыстырмасына қарай. Ендеше, Сізді біздің елді жалғыз өзі жиырма жыл иіріп отырған Ініңізбен қатар қоя сөйлейін. Салыстыруым тым салақтап кетпес үшін Сіздің әулетіңізде болмаған жайттарды ғана тізімге аламын. Яғни:

Сіздің қарапайым жұмысшы-шаруа болған атаңыз, әкеңіз, шешеңіз жайында «ел басқарды; шешен, ақылман болды; киелі, көріпкел болды» деп хикая, роман, баллада, дастан жазылды ма? Жоқ.

Сіздің шәкірттік, бозбалалық, жігіттік, қызметкер, басшы кездеріңіз жайында кітап, пьеса, спектакль жазылды ма, көп сериялы кинофильм түсірілді ме? Жоқ.

Сіздің тірі кезіңізде нөкерлеріңіз Сізге төрт ескерткіш орнатты ма? Жоқ.

Сіз көзіңіз тіріде «кемеңгер, дана, ойшыл, көреген, данышпан, дүние жүзін тамсандырған саяси қайраткер, көсем...» деген баға алдыңыз ба? Жоқ. «Нағыз лениншіл» дегенді ғана естідіңіз.

Сіз ғылыми еңбек жазып әуре болмай-ақ «Ғасыр ғұламасы» деген атақ ала алдыңыз ба? Жоқ.

Сіз жазғаныңыз бар, жаздырғаныңыз бар елу шақты кітап шығардыңыз ба? Жоқ. Сіздің жазғаныңыз – небары 3 кітап, бірақ қисыны келгенде қиын болмайды ғой, сол 3 кітаппен-ақ әдебиеттегі Лениндік сыйлықты алдыңыз (ал Сіздің елу шақты кітап жазған Ініңізге біздің әдеби Мемлекеттік сыйлығымыз бұйырмай-ақ қойды. Әрине, бұл – Сіз үшін де, біз үшін де өкініш. Алайда Ініңіздің бар өмірі алда, әзірше алмаған сыйлық-атақтың бәрін әлі-ақ алары сөзсіз).

Сіздің қызыңыз бен күйеу балаңыз қызметке жараған он шақты жылда миллиардер болды ма? Жоқ.

Сіз «Награда алу мен беруде рекорд жасадым!» деп, өзіңізге өзіңіз сырттай да, іштей де разы болып кеткен шығарсыз. Жо-жоқ, Ініңіз ол жағынан да Сіздің енеңізді ұрып жіберуге жақын!

Жә, дорогой Леонид Ильич, осы жерде тоқтайын. Шынымды айтсам, мен салыстырудан жалығып кеттім. Сіздің жаныңыз да тыңдаудан шаршаған болар. Мынау жарық дүниеден армансыз жан болып өте алмағаныңызға өзіңіздің де көзіңіз жетті деп білем.

Солай, дорогой Ильич!

Хат иесі – сонау жылдары Сізбен партиялас болған миллиондардың бірі Ғаббас Қабышұлы.
XS
SM
MD
LG