ЖАҢАЛЫҚТАР
Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды

Ескерткіштің ашылу салтанатына билік өкілдері, өнер және мәдениет өкілдері қатысты. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов бар.
Ахметжан Есімов ескерткішті Қазақстанның суретшілер, сәулетшілер, дизайнерлер мен қала құрылысшылары одақтары тұңғыш президент туралы Конституциялық заңның 9-бабына сәйкес өз қаржыларына орнатқанын айтты.
25 қазан күні бұл одақтар Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қазақстан" атты монументалды ескерткіштер композициясын тұрғызуды ұсынған болатын.
Ескерткіш қола, гранит және мәрмәрдан жасалған.
Басқа да жаңалықтар
Алматының іргесіндегі тауда хабар-ошарсыз кеткен студент жігіт өлі табылды

11 шілде күні таңертеңгі сағат 7:30 кезінде Алматы маңындағы таудан Нұрислам Ақылбек өлі табылған. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай қызметінің арнайы іздеу тобы, құтқарушылар, полиция, шекара қызметі өкілдері, еріктілер бірнеше күннен бері оны іздеп, тау шатқалдарын түгел шарлап шыққан еді.
Алматы қаласы бойынша ТЖД 18 жастағы студенттің сүйегі теңіз деңгейінен үш мың метр биік жерден, дронның көмегімен табылған деп хабарлады.
Туыстарының айтуынша, жас жігіт 2 шілде күні тауға баратынын айтып, содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Ол жоғалып кеткені туралы хабар полицияға 6 шілде күні түскен.
Марқұмның қазасының мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Зеленский Украинаның АҚШ-тағы елшісін ауыстыру ниетін барын растады

Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның АҚШ-тағы дипломатиялық миссиясының басшысын ауыстыру ниеті барын растап, қазіргі қорғаныс министрі Рустем Умеров елшілікті басқара алады деп мәлімдеді.
Зеленский мұны 10 шілде күні Рим қаласында Украинаға қолдау көрсетуге арналған конференция кезінде журналистермен болған әңгіме барысында айтқан.
Зеленский Украинаның Вашингтондағы елшісі Оксана Маркароваға атқарған қызметі үшін риза екенін, оның болашақтағы мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктерін өзімен талқылағанын айтқан. Маркарованың Украинада жұмысын жалғастырғанын қалайтынын білдірген Зеленскийдің бұл мәселеде "түпкілікті шешім қабылдау – Маркарованың өз еркінде" дегенін "РБК-Украина" агенттігі хабарлады.
Бұған қоса Зеленский, егер АҚШ-тағы Украина елшісі қызметіне қазіргі қорғаныс министрі Рустем Умеров тағайындалатын болса, бұл "Украина үкіметінде елеулі ауыс-түйіске" алып келетінін айтқан. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда елдің бүкіл бюджетін "соғыс" жұтып жатқандықтан Қорғаныс министрлігінің рөлі аса маңызды екенін айтқан. "Сол себепті бұл қызметтегі адам мықты әрі ең маңызды мәселелермен таныс болуы керек. Ол дегеніміз – Украина қарулы күштерін нығайту, ең әуелі қару-жарақ деген сөз. Сол себепті ойымда жүрген идеялардың бірі – Украинаның қорғаныс министрін ұсыну болатын", – деді Зеленский жаңа елші кім болатыны жайлы айтқан кезде.
Бұған дейін, осы аптаның басында Bloomberg агенттігі дереккөзге сүйеніп, Рустем Умеровпен қатар, Украинаның Вашингтондағы елшісі қызметіне ұсынылуы мүмкін адамдар арасында премьер-министр Денис Шмыгаль, вице-премьер Ольга Стефанишина және энергетика министрі Герман Галущенко бар деп хабарлаған. Агенттік дерегінше, Зеленский елші ауыстыру мәселесін АҚШ президентімен талқылаған.
Ресей билігі кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады

Ресейдің ішкі істер министрлігі Лондонда тұрып жатқан ресейлік кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады. Чичваркиннің деректері ІІМ-нің іздеу базасында пайда болғанын "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Чичваркинге нақты қандай айып тағылып отырғаны белгісіз, деп жазды "Медиазона". 2025 жылы наурызда Мәскеу қаласының прокуратурасы Чичваркиннің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін тергеу органдарына материалдар жолдағанын хабарлаған. Бұл іс Чичваркин "шетел агенті" ретінде заңда көрсетілген міндеттерін орындамағаны үшін қозғалмақ.
Евгений Чичваркин – Ресейде "Евросеть" деген атаумен танылған ұялы байланыс салондары желісінің тең құрылтайшысы және бұрынғы меншік иесі болған. Ол 2008 жылдың желтоқсан айынан бері Ұлыбританияда тұрып жатыр және қазір сол елде мейрамхана бизнесімен айналысады.
2022 жылы Ресейдің Әділет министрлігі Чичваркинді "шетел агенті" деп таныды. Министрлік Чичваркин саяси қызметпен айналысады және соған Украинадан қаржы алады деп мәлімдеген.
Биыл наурызда берген бір сұхбатында Чичваркин: "Украинаға қарсы соғыс болмағанда Путиннің режимі құлап қалған болар еді, енді соғысты тоқтату қиынға түседі, себебі Ресей билігі оны ұлттық идеяға айналдырып алды", – деп мәлімдеген.
АҚШ Украинадағы дағдарысты реттеудің "жол картасын" көргісі келеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 10 шілде күні Куала-Лумпурдағы АСЕАН қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумы аясында екіжақты кездесу өткізді.
Ақпарат агенттіктері кездесу 50 минутқа созылған деп хабарлады. Онда Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Иран мен Сирия төңірегіндегі жағдай, АҚШ пен Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын қалпына келтіру мәселелері талқыланған. Ресей жағы сонымен қатар екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін де қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Куала-Лумпурдағы кездесуде Лавров пен Рубио "қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге, Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты қалпына келтіруге, сондай-ақ екі ел халықтарының еркін байланысына жәрдемдесуге өзара ниетті екендерін растады" деп хабарлады.
Кездесу барысында Рубио Ресейдің Украинадағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен шешу мәселесінде икемділік танытпай отырғанына көңілі толмайтынын айтқан, деп жазды Reuters. Рубионың сөзінше, АҚШ бұл қақтығысты тоқтатудың "жол картасын" көргісі келеді. АҚШ НАТО-дағы одақтастарын өздеріндегі Patriot әуе қорғаныс жүйелерінің бір бөлігін Украинаға беруге көндіруге үміт артып отыр, деп мәлімдеген Рубио. Ол Лавровпен әңгімесін "ашық әрі маңызды" деп атады.
Бұған қоса Рубио өзіне Лавров Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде бұған дейін айтылмаған Ресейдің жаңа ұсыныстары жайлы әңгімелегенін хабарлады.
"Бұл жаңа әрі бұрынғыдан өзгеше болады деген ойдамын... Мұны бейбітшілікті қамтамасыз ететін шешім деп айта алмас едім, бірақ бұл – біз президентке жеткізетін тұжырымдама", – деп мәлімдеген Рубио. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы ол ұсыныстардың нақты мазмұны жайлы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Рубио мен Лавровтың келіссөзі Ресей Киевке кезекті рет ауқымды шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағаттан соң өтті. Шабуыл салдарынан кемінде екі адам қаза тапқан. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты жалғастырып отырған Ресейдің іс-әрекетін сөгіп, президент Владимир Путинді қатты сынға алған. Трамп Киевке берілетін әскери көмекті арттыру жоспары барын мәлімдеген.
Рубио мен Лавров мұның алдында биыл ақпанда Сауд Арабиясында кездескен, олар тұрақты түрде телефонмен байланысып тұрады. Малайзиядан кейін Лавров Ресей әскери ынтымақтастығын нығайтып жатқан Солтүстік Кореяға бармақ.
БҰҰ: Украинада маусым айында 232 бейбіт тұрғын қаза тапты

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бақылау миссиясы Украинада маусым айында бейбіт тұрғындар арасында болған адам шығыны мен зардап шеккендер жайлы шолуын жариялады. Бұл деректерге сәйкес, аталған айда Украинада кемінде 232 бейбіт тұрғын қаза тауып, 1343 адам жараланған.
Маусым айында 1575 бейбіт тұрғын қаза тапқан не жараланған, бұл 2022 жылғы сәуірден бері бір айда тіркелген ең көп көрсеткіш. Бір ай ішінде мұншама көп адам шығыны бұған дейін бір жылдай бұрын болған еді.
БҰҰ шолуында биыл маусым айында украин қалаларындағы тұрғын аудандарға зымырандар және дрондармен қашықтан жасалған шабуылдар азаматтық шығындардың негізгі себебі болғаны айтылған – барлық қаза тапқандардың 53% солар. Бұған қоса маусым айында Ресей күштері Украина аумағын нысанаға алып жіберген зымырандар мен ұшқышсыз жарылғыш құрылғылар саны 2024 жылдың маусымымен салыстырғанда он еседен артық көбейгені атап көрсетілген.
- Алдыңғы шепке жақын орналасқан аймақтарда тұратын бейбіт халық арасында, әсіресе Херсон және Донецк облыстарында адам шығыны көп болып отыр, бұл ең алдымен, қысқа қашықтыққа дронмен жасалған шабуылдардың салдары.
- Жараланғандардың басым көпшілігі (98%) Украина бақылауындағы аумақтарда тіркелген. Елдің 16 аймағында бейбіт тұрғындар арасында адам шығыны болған.
- Маусым айында энергетика инфрақұрылымы нысандарына жасалған шабуылдар: Украина бақылауындағы аумақтарда кемінде 13 шабуыл, ал Ресей Федерациясы басып алған аумақтарда 7 шабуыл тіркелген. Херсон облысында маусымның 11-і мен 27-і күндері энергетика нысандарына жасалған шабуылдар салдарынан үлкен аумақта электр қуатын өшіруге және жоспарлы ажырату кестесін енгізуге мәжбүр болған.
Арменияда теракт дайындады деген күдікпен 7 адам ұсталды

Армения полициясы "теракт дайындады" деген күдікпен елдегі ресейшіл оппозициялық партиямен байланысы бар жеті адамды ұстаған. Олардың үйлерінде тінту жүргізілген.
Reuters агенттігінің жазуынша, ұсталған адамдар – "Дашнакцутюн" деген атауымен де белгілі Армян революциялық федерациясы (АРФ) партиясының мүшелері. Бұл партия Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян басқаратын ресейшіл "Армения альянсы" атты парламенттік коалицияға кірген.
Арменияның Тергеу комитеті жеті адамның ұсталғанын, олардың біреуіне "теракт дайындау" бабы бойынша айып тағылғанын хабарлады. Билік орындары ұсталған адамдардың аты-жөнін жарияламады. АРФ мәліметіне сүйенсек, бірқатар депутаттың үйінде тінту жүргізіліп, бір депутат және тағы бір депутаттың ұлы қамауға алынған.
Оппозиция бұл оқиғаны саяси астары бар қудалау деп атап, биліктің әрекетін айыптады.
Арменияда күдіктілерді ұстау елдің премьер-министрі Никол Пашинян Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен уақытқа тұспа-тұс келді. Ол кездесу екі ел арасындағы қақтығысты тоқтатуды мақсат еткен бейбіт келісімнің егжей-тегжейін талқылауға арналды.
2018 жылы Арменияда жаппай наразылықтардан кейін билікке келген Никол Пашинян басқаратын үкімет Батыспен жақындасу бағытын ұстанып, Арменияның көп уақыттан бергі дәстүрлі одақтасы – Ресейден алыстай бастаған.
Кейінгі апталарда Арменияда қазіргі үкіметке қарсы оппозициялық күштер мен билікті сынап жүргендерге қысым күшейген. Оппозиция өкілдерімен қатар қоғамда беделді қайраткерлер де қудалауға түсті, олардың арасында Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт (Вазген Галстанян) та бар. Құқық қорғау органдары "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды" деген күдікпен ұстаған олар өздеріне тағылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
АҚШ-та ФБР мен ЦРУ-дың бұрынғы басшыларына қарсы тергеу басталды

АҚШ-та Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы директоры Джон Бреннан мен Федералдық тергеу бюросының (ФБР) бұрынғы басшысы Джеймс Комиге қатысты тергеу басталды. Олар 2016 жылғы АҚШ президентін сайлауға Ресейдің араласуы туралы іс аясында заң бұзған деген күдікке қалып отыр. АҚШ Әділет министрлігі тергеу басталғанын растады, бірақ егжей-тегжейін жарияламады, деп жазды The Washington Post.
Fox News дереккөздерінің айтуынша, ЦРУ-дың қазіргі директоры Джон Рэтклифф ФБР-ге Бреннан Конгреске жалған куәлік еткен болуы мүмкін екеніне дәлел материалдарды тапсырған. Комиге қатысты да тергеу жүріп жатыр, бірақ оның мазмұны да құпия. Дереккөздердің мәліметінше, ФБР олардың әрекеттерін астыртын сөз байласу болуы ықтимал деген күдікпен қарастырып отыр.
The Washington Post газеті Рэтклифф Бреннанның Ресей президенті Владимир Путин 2016 жылғы сайлауда президенттікке кандидат Дональд Трампқа бәсекелесі Хиллари Клинтоннан озуына көмектесуге тырысты деген тұжырымдарын сынға алған ЦРУ-дың ішкі есебін жариялаған деп жазды.
Бреннан мен Комиге нақты қандай айыптар тағылуы мүмкін екені әзірге белгісіз. The New York Times газеті тергеу нақты айыптауларға ұласа ма, жоқ па, ол жағы да әзірге анық болмай отырғанын жазды.
Комиге жақын дереккөздің айтуынша, Комидің өзі тергеушілермен байланысқа шықпаған. Ал оның адвокаты пікір білдіруден бас тартты. Бреннан да, Коми де журналистердің сауалдарына жауап берген жоқ. ФБР мен ЦРУ да бұл мәселеге келгенде тіс жармай отыр.
Президент Трамп 9 шілде күні журналистерге тергеу туралы тек бұқаралық ақпарат құралдарынан білгенін айтты. Ол Бреннан мен Комиді "өте арам адамдар" деп атап, "олар осы үшін сазайын тартуы мүмкін" деп мәлімдеді.
- Бұған дейін арнайы прокурор Роберт Мюллер Ресей 2016 жылғы сайлауға араласқан, бірақ Трамп штабымен сөз байласу болмаған деген тұжырым жасаған. Ресей айыптаулардың бәрін жоққа шығарған. Ал Трамп бұл тергеуді "мыстан аулау" деп атаған.
- 2018 жылы АҚШ билігі Санкт-Петербургтен шыққан кәсіпкер Евгений Пригожин мен оған тиесілі "тролль фабрикасының" 12 қызметкерін Трампты қолдау мақсатында АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлау науқанына араласты деп айыптаған. 2023 жылы Пригожин ол "тролль фабрикасын" өзі құрғанын растады, алайда оған дейін оның өкілдері Пригожиннің "тролль фабрикасымен" байланысы барын жоққа шығарған еді.
Әзербайжан президенті мен Армения премьер-министрі Әбу-Дабиде кездесті

10 шілде күні Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуі өтті.
Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі "сындарлы өткен кездесуде екі ел арасындағы бейбіт күн тәртібіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды" деп хабарлады. Онда тараптар негізгі назарды мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесіне аударғаны, екі елдің басшылары осы бағытта қол жеткізілген прогресті оң бағалап, тиісті мемлекеттік комиссияларға бұл жұмысты жалғастыруды тапсырғаны айтылған.
Бұған қоса, Зангезур дәлізін ашу және дамыту, екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою және басқа да маңызды мәселелер талқыланған.
Арменияның сыртқы істер министрлігі де шекараны делимитациялау саласында ілгерілеу барын атап өтіп, сенімді нығайту мен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мақсатында келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін растады.
"Тараптар арасындағы екіжақты келіссөздер – қалыпқа келтіру процесіне қатысты барлық мәселелерді талқылаудың ең тиімді форматы, және де осы негізге сүйеніп, нәтижеге жетуді көздеген мұндай диалогты жалғастыру туралы шешім қабылданды", – делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
- Әлиев пен Пашинян бұған дейін 2025 жылы мамырда Тиранада өткен Еуропалық саяси одақ саммитінде кездескен еді. Наурыз айында тараптар бейбіт келісім мәтіні бойынша уағдаластыққа келді, алайда бірқатар пікір қайшылығына, соның ішінде аумақ мәселелері мен Қарабақ жанжалын реттеумен айналысатын ЕҚЫҰ-ның Минск тобының рөліне байланысты келіспеушіліктер болуына байланысты әлі ол келісімге ресми түрде қол қойған жоқ.
- Халықаралық құқық бойынша Қарабақ – Әзербайжанның бөлігі саналады. Бірақ аймақтың басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы өзін-өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасы» билігінің бақылауында болды. 2020 жылы күзде болған 44 күндік соғыста Баку аймақтың бір бөлігін өз бақылауына қайтарып алған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан Қарабақта әскери операция жүргізіп, нәтижесінде халықаралық қауымдастық мойындамаған армян республикасының дәурені аяқталды.
- Шамамен 120 мың адам, негізінен армян ұлтының өкілдері, Әзербайжан билігі қуғын-сүргін жасайды деген қауіппен үй-жайын тастап, үдере көшіп кетті. Баку армян тұрғындарды Қарабақта қалуға және Әзербайжан азаматтығын қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, Әзербайжан билігі Қарабақта қалуды ұйғарған армяндардың барлық құқықтары сақталады деп кепілдік беретінін мәлімдеді.
Зеленский Украинаның қорғаныс саласына инвестиция құюға үндеді

10 шілде күні Украина президенті Владимир Зеленский саясаткерлер мен бизнес өкілдерін Украинаның қорғаныс саласына белсендірек инвестиция салуға үндеді. Ол Римде Украинаны қалпына келтіру мәселесі бойынша екі күндік конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде Ресей тарапынан шабуылдар күшейіп жатқан шақта ресурстар тапшылығына жол беруге болмайды деп мәлімдеді.
"Ең әуелі, ресейлік дрондар мен зымырандарды тоқтату қажет. Ол үшін дрон мен зымыранды жоя алатын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қажет. Жылдам әрі ауқымды инвестициялар керек", – деді Зеленский.
"Барлық серіктестерімізге: қолдауды ұлғайтыңыздар деп үндеу тастаймын. Ресей шабуылдарды күшейтіп жатқан шақта біз қаржыландыру тапшылығына жол бере алмаймыз", – деді Украина президенті.
Италияның премьер-министрі Джорджа Мелонидің бастамасымен ұйымдастырылған конференцияға жүздеген кәсіпкер мен жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысты. Екі күндік жиында Украинаны ұзақ мерзімді қалпына келтіру мәселелеріне қоса, төртінші жылға жалғасып отырған соғыс жағдайындағы елдің қазіргі қажеттіліктері де талқыға түсті.
Конференцияда канцлер Фридрих Мерц Германия АҚШ-тан Patriot әуе қорғаныс кешендерін сатып алып, оларды кейін Украинаға беруге дайын деп мәлімдеді.
Рим конференциясы Ресей Киевке кезекті рет жаппай шабуыл жасағаны жайлы хабарлар тараған кезде өтіп жатыр. Бұл – кейінгі екі күндегі екінші шабуыл. Бұл шабуылдар Ресей президенті Владимир Путиннің бейбітшілікке ұмсынбайтынын, керісінше, жағдайды әдейі ушықтырып отырғанын дәлелдейді, деген Зеленский.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне Джули Стафт ұсынылды

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына кәсіби дипломат Джули Стафтты ұсынып, оның кандидатурасы бекітуге Сенатқа жолдаған. Мұндай ақпарат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
АҚШ-тың кәсіби дипломаты, аға дипломатиялық қызмет мүшесі Джули М. Стафт Огайо штатынан шыққан. Мемлекеттік департаменттің ресми сайтында жарияланған өмірбаянында Стафттың Кейс Вестерн Резерв университеті мен Дьюк университетін тәмамдағаны, орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгергені жазылған.
Джули Стафт 2025 жылдың қаңтар айынан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бюро құрамындағы аға қызметкері болып істеген. Оған дейін Мемлекеттік департаменттің Консулдық істер бюросында қызмет атқарған.
Стафт АҚШ-тың Молдова, Джибути, Ресей, Эфиопия және Польшадағы дипломатиялық миссияларында жұмыс істеген. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде аға директор қызметін атқарып, COVID-19 пандемиясы кезінде америкалық азаматтарды қорғауға бағытталған шараларды үйлестірген.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм зейнетке шығуына байланысты биыл қаңтарда отставкаға кеткеннен бері елші орны тұрған еді.
Тоқаев Трамптың Қазақстан тауарларына баж салығын салу жайлы хатына жауап жолдады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірген, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ондаған еліне, соның ішінде Қазақстанға да хат жолдап, келесі айдан бастап жаңа тариф саясаты күшіне енетінін айтқан. Ол хатта 1 тамыздан бастап АҚШ-қа Қазақстаннан баратын барлық тауарларға 25% көлемінде тариф енгізілетіні айтылған. "Бұл бөлек секторлық тарифтерден тыс. Егер қандай да бір тауарлар басқа ел арқылы жеткізіліп, бұл тарифтен айналып өтуге тырысса, оларға да жоғары тариф салынады", – деп жазған АҚШ президенті.
Хатта Трамп Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті деп жазған. Бұл тізімге Орталық Азиядан жалғыз Қазақстан енген.
Трамптың хатынан соң Қазақстан сауда және интеграция министрлігі елден АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің басым бөлігіне, мәселен, мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты шикізаттарға жаңа тариф салынбайды деп мәлімдеді. Министрлік дерегінше, шешім күшіне енген жағдайда АҚШ-қа экспорттың 4,5-5 пайызына ғана қосымша баж төленеді.
"Қазақстан үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстанның мақсаты – нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды", – деді Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова Азаттыққа.
"Мемлекетке опасыздық жасаған". Ресей соты Қазақстан тумасын 17 жылға бостандығынан айырды

Мәскеудегі 2-Батыс округтік әскери соты Қазақстан тумасы Пётр Горбуновты "мемлекеттік опасыздық жасағаны үшін айыпты" деп, 17 жылға бостандығынан айырды.
Мұны Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) баспасөз қызметінен алған ақпаратқа сүйеніп ТАСС хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы Ресейде террористік ұйым деп танылған құрылым өкілдерімен байланыс орнатқан. Ақпаратта ол қандай ұйым, қашан тыйым салынғаны айтылмаған. ФСБ мәліметінше, "Горбунов орманнан жарылғыш зат жасырылған қойманы тауып, оны үйінде сақтап, кейін Белгород облысында терактілер ұйымдастыру үшін басқа адамдарға бермек болған".
Горбуновтың қашан ұсталғаны да белгісіз. "Росфинмониторинг" қызметі оны "экстремистер мен террористер тізіміне" биыл ақпан айында енгізген.
Бұл іске қатысты өзге ешқандай ақпарат жоқ. Горбунов өзіне тағылған айыпты мойындады ма, жоқ па, ол да белгісіз.
Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын "Первый отдел" жобасының дерегінше, Ресейде 1997 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта "мемлекетке опасыздық" және "тыңшылық" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істер саны күрт өскен.
Мұндай істердің шамамен 80 пайызы 2022 жылдан кейінгі кезеңге қатыстық қозғалған. 1997 жылдан бері мемлекетке опасыздық пен тыңшылық айыптары бойынша 170 адам сотталған. Ал 2022 жылдан бастап айыпталғандар саны 792-ге жетсе, осы кезең ішінде 536 адам сотталған.
"Басылымды тартып алмақшы". Orda.kz иесі әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова қысым көріп жатқанын мәлімдеді

Қазақстандағы Orda.kz басылымының негізін қалаған әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова 9 шілде күні кешке YouTube-тегі ORDA News арнасынан жасаған видеомәлімдемесінде иелігіндегі медианы билікпен байланысы бар ықпалды адамдар рейдерлік әдіспен тартып алғалы жатқанын айтты.
Бажкенова әлдекімдер басылымды Мақсат Ғаниев есімді адамға толық беруді көздеп отыр дейді. Ол бұл адам осы басылым құрылтайшыларының бірі екенін, алайда өзі оны жеке танымайтынын, ешқашан көрмегенін айтты. Оның сөзінше 2020 жылы жақын құрбысымен бірлесіп құрған Orda.kz басылымы бастапқы жылы сол құрбысының қаржысымен жұмысын бастаған (Бажкенова қазір АҚШ-та сот процесіне дайындық жүріп жатуына байланысты құрбысының аты-жөнін атай алмайтынын айтты). Кейін әлгі құрбысының ұсынысы бойынша, компания үлескері ретінде Мақсат Ғаниев есімді адамды тіркеткен.
Бажкенова өзіне бұған дейін де, мысалы, қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтан сұхбат алған тұста, журналист Михаил Козачковтың ісі, суицид жасады делінетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің қазасы, Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов жайлы тақырыпты қозғаған кездері қысым жасалғанын мәлімдеді. Кейде қысым жасаушылардың талабына көніп, олардың айтқанын істегенін де мойындаған.
"Әблязовпен сұхбаттан кейін ойға келмейтін сұмдықтар басталды. Жарнама берушілер бізден бас тартып, коммерциялық серіктестеріміз өздеріне президент әкімшілігінен қысым жасап жатқанын ашық айтты. Ақыры сол сұхбатты [желіден] алып тастауға мәжбүр болдым. Сол жолы бізді [сайтымызды әлдекімдер] бұзып кіріп, роликті жойып жіберген-мыс деп айтқанымды мойындауға мәжбүрмін. Өзіміз құрған нәрсені сақтап қалу үшін осындай мәмілеге бардым", – деді Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенова.
Қазақстанның Конституциясына сәйкес, елде цензураға тыйым салынады. Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистердің ақпаратты еркін алу, тарату құқығы бұзылған жағдайда оларға араша түсетінін жиі айтады. Алайда Бажкенованың сөзі бойынша құзырлы органдар әлі жария мәлімдеме жасамады.
Журналист екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдағанын, бірақ оның тұсында өздеріне қысым күшейгенін айтады. Азаттық Бажкенова айтып отырған цензура фактілерін растайсыздар ма деп Қазақстан президент әкімшілігіне ресми сауалдар жіберді.
Бажкенова Orda.kz редакциясы "Сана" орталығы деп аталатын квазимемлекеттік құрылым құрамына енуден бас тартқан соң басылымның басына бұлт үйірілгенін айтып берді. Ол "Сана" орталығын Қазақстан президенті әкімшілігі бақылауындағы құрылым деп атады. Журналист отбасы мүшелеріне де қысым жасалғанын айтты.
Гүлнәр Бажкенова өзі негізін құрған басылымның тағдырына байланысты 2023 жылдың басында қиын таңдау жасауға тура келгенін айтты.
"Не Orda жабылады, немесе құжаттарға қол қойып, үлесімнің көп бөлігін өзім ешқашан көрмеген адамға бересің деген талап қойылды. Осыдан кейін қысым болмайды, тіпті "қорғанышың" болады деп уәде еткен. Жан-дүнием күйзеліп, діңкем таусылған мен Orda-ны сақтап қалу үшін құжаттарға қол қойдым. Көпшілік қазір мұны түсінбейтін әрекет деп айтар, бірақ мен батыр болып өлгенше, батыр болып өмір сүрген дұрыс деп ұйғардым", – деді Orda.kz бас редакторы. Айтуынша, үлесін Ғаниевке беретіні туралы өзі қол қойған келісімшарттың көшірмесі қолына тимепті.
Азаттық ашық дереккөздерде "OrdaMedia.kz" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үлесі бар, "Квартал Секьюрити" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы деп көрсетілген Мақсат Ғаниевке телефон шалды. Оның сұрауымен, редакция сұрақтарды жазбаша жолдады, Ғаниев мырза жауап беруге уәде етті.
Азаттық Orda басылымының бас редакторы айтқан жайттардың ақ-қарасын анықтау үшін Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінен де комментарий алуға тырысып жатыр.
Трамп Украинаға Patriot жүйесін беру мәселесін "қарап көру керегін" айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Wall Street Journal газеті Ақ үй Украинаға Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін беру мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазған ақпаратқа байланысты түсініктеме берді.
– Олар (украиналықтар) мұны қалайды және сұрады да. Білесіз бе, мұндай жүйелер шынымен өте сирек, өйткені Украинаға бұған дейін де көптеген жүйелер жіберілді, бірақ олар қатты қалап отыр, олардың сұрағанын білемін. Мұны әлі қарап көруіміз керек, бұл өте қымбат тұрады, – деп мәлімдеді Трамп журналистердің сұрақтарына берген жауабында.
"Украинаға қару жеткізуді тоқтату жөнінде бұйрықты кім бергені анықталды ма?" деген сауалға АҚШ президенті "ол туралы ойланбағанын" айтып жауап қатты.
– Өйткені біз қазір Украина мен оқ-дәрілерге назар аударып отырмыз. Бірақ бұл мәселеге терең үңілген жоқпын, – деді Дональд Трамп.
Оның сөзінше, егер ондай шешім өз әкімшілігінің ішінде қабылданса, ол "бұл жайында хабардар болар" еді.
– Шынтуайтына келсек, бұйрықты өзім берген болар едім. Бірақ мен әлі олай істеген жоқпын, – деп нақтылады АҚШ президенті.
Сейсенбі күні Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне және Украинаға шабуылдар жалғасып жатқанына көңілі толмайтынын айтып, Украинаға қосымша қару-жарақ жеткізуді бұйырғанын растады.
Оған дейін, 1 шілде күні АҚШ Украинаға кейбір оқ-дәрілер, соның ішінде Patriot жүйелеріне арналған зымырандар жеткізуді уақытша тоқтатқаны мәлім болған.
CNN телеарнасының хабарлауынша, мұндай шешімді қорғаныс министрі Пит Хегсет Ақ үймен кеңеспей қабылдаған. Кейін Пентагон мен Мемлекеттік департамент Украинаға қару-жарақ жеткізу толық тоқтатылмаған деп мәлімдеді.
Сәрсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлог Украинаға америкалық қару-жарақ жеткізу мәселесін талқылаған. Мұндай ақпарат Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.
"Тараптар Украина мен АҚШ лидерлерінің жақында болған телефон әңгімесінің нәтижелерін талқылады. Атап айтқанда, Ресейдің украин қалаларына жасаған жаппай шабуылдарына байланысты Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейту басым мәселелердің бірі ретінде көтерілді, – деп жазылған әлгі ақпаратта, – Украина президенті АҚШ тарапынан әскери көмекті қайта бастауға берілген белгілердің маңыздылығын атап айтты. Кездесу барысында Украина қорғаныс күштерін нығайту, америкалық қаруды сатып алу перспективалары, сондай-ақ украин-америкалық қорғаныс өндірісі, соның ішінде дрон өндірісі мен оларды Украинада жасап шығару жөніндегі бірлескен жобалар талқыланды".
Эстония шетке сатылатын ресейлік мұнайдың баррелінің бағасы 45 доллардан аспасын дейді

Еуропа одағы Ресейге қарсы салатын 18-санкциялар пакетінде шетке сатылатын ресейлік мұнайдың бағасы бір барреліне 60 доллар деп белгіленген қазіргі шекті межені 45 доллар етіп төмендету қарастырылмаса, онда Эстония Еуропа одағының бұл шешіміне вето қоюы мүмкін. Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна осылай деп мәлімдеді.
Бұған дейін Еуропалық комиссия Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті аясында ресейлік мұнайдың баға шегін 45 долларға дейін түсіруді ұсынған. Алайда 8 шілде күні Delfi басылымы хабарлағандай, экономикасы кеме қатынасына қатты тәуелді Жерорта теңізі елдері, әсіресе Мальта, бұл талапты пакеттен алып тастауды жөн санайды. Ондайды қаламайтын Эстония санкциялар пакетін қабылдауға вето қоюға дайын екенін білдіріп отыр. Еуропа одағының сыртқы саясат саласындағы барлық шешімдері одаққа мүше мемлекеттер бірауыздан келіскен жағдайда ғана қабылданады.
Министр Цахкна Цахкна Эстонияның бұл ұстанымын Еуропа одағының ірі державалары да қолдайды деп үміттенетінін айтты.
Эстонияның сыртқы істер министрі Ресей шетке сатып отырған мұнай бағасының шекті деңгейі 60 доллар болып белгіленіп, кейінгі екі жыл бойы өзгермей тұрғанын және оны төмендету бастамасы Батыс елдерінің қолдауына ие болмағандықтан іске аспағанын еске салды. Алайда қазір ресейлік мұнайға қойылатын шекті бағаны одан әрі төмендетуге G7 елдері де дайын екенінің белгілері байқалып отыр.
ПІКІРЛЕР