Accessibility links

Блоггерлер мерзімді баспасөзді ығыстырып жіберуі мүмкін бе?


Жуырда Қазақстан премьер-министрі Twitter-дегі өзінің блогінде «Блоггерлер – мерзімді баспасөзді жерлеушілер» деген пікірін жариялаған болатын. Бұл тосын пікір әртүрлі көзқарастар тудырғаны рас. Қазіргідей ақпараттық дәуірде интернет технологиялар жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Ақпарат таратудың бұрынғы дәстүрлі түрлері болса бүгінгі уақыт талабына ілесе алмай келеді. Сондықтан да кәдімгі мерзімді баспасөзге қарағанда интернеттің, оның ішінде, блог жүргізушілерінің дәурені жүріп тұр. Блогті ғаламторға шығу мүмкіндігі бар кез келген адам жүргізе алады. Ол арқылы тарайтын ақпараттар халыққа газет-журналдардағы жаңалықтарға қарағанда жылдам әрі тез жететіні сөзсіз. Сонымен, блоггерлер мерзімді баспасөзді ығыстырып жібере ала ма, сіз қалай ойлайсыз?

ИӘ

Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:


– Бүгінгі сапырылысқан қоғамда адамдардың уақыт тапшылығына ұшырауына байланысты, көпшілік газеттерге жазылып немесе оларды сатып алып оқи бермейді. Сәт сайын интернеттегі ақпараттарға қанық болып отырған адам баспасөзге жүгіне бермесі анық. Оның үстіне, газет-журнал шығарудың қаржылай шығыны да мол. Бүгінде бүкіл әлем заманауи технологиялардың жетістігін жаппай игере бастады. Осы орайда Қазақстанда интернетпен жұмыс істеу үрдісі жақсы қалыптасып келеді. Әсіресе қазақ блогшілердің ақпарат кеңістігінде орныға бастауын игі нышанға балауымыз қажет. Егер де еліміздегі блоггерліктің дамуы жүйелі түрде дұрыс жолға қойылса, онда бұл үрдіс ба­ра-бара мерзімді баспасөзді ысыра берері сөзсіз.

Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры.
Қазіргі уақытта блогтің тиімділігі өзін-өзі ақтап келе жатыр. Біріншіден, әр блоггер өзі көріп-білген жаңалығын интернетке жүктей алады, сонымен қатар белгілі бір блогтерғе жазылып, тіркелгендер сол блог иесінің жазған ақпараттарымен сол сәтінде танысып отыруға мүмкіндік алады. Бұдан соң бұл ақпараттарды өз ретімен талдап, зерттеуге де болады. Жалпы, блогтің мерзімді баспасөзге қарағанда бұдан басқа да жетістіктері мен артықшылықтары көп. Оған мәтін ғана емес, дыбыс, сурет, бейнематериалдарды да орналастыра аласыз. Демек, оның ақпарат тарату жеделдігімен қатар, оны ұсыну аясы да өте кең.

Алайда елімізде осы бағытта түйіні шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Ең бастысы, ол – блоггерлердің статусының тиісті деңгейде анықталып, белгіленбей отырғандығы. Қазақстандық интернет кеңістігіндегі блогтер БАҚ қатарына жатқызылғанымен, блог иелеріне белгілі бір шараларға аккредитация қажет болған кезде немесе басқа да жағдайларда оларды ресми органдар БАҚ қатарына қоспайды. Осы бір түсініксіз дүниелер БАҚ туралы заңда дұрыс айқындалмаған. Мысалы, батыс пен АҚШ-та мерзімді басылымдардың өздері блогшілермен иық тіресе бәсекелесіп жұмыс істейді.

Сондықтан да көптеген шетелдік басылымдар кезекті шығарылымдарынан гөрі өздерінің интернет нұсқаларына аса көңіл бөліп отырады. Өкінішке қарай, Қазақстандағы басылымдардың басым көпшілігінің сайттары да жоқ. Болған күннің өзінде ол сайттар газетке шыққан материалдардың көшірмесі ғана сияқты сипатта болады. Оның өзінде де бұл сайттар уақытында жаңартылып тұрмайды. Негізі, әр басылымның сайты ағымдағы шығарылымынан дербес, жедел түрде ақпарат тарата алатындай өзінше жұмыс істеуі тиіс. Бірақ біздегі мерзімді басылымдардың ақпарат таратудағы жылдамдығы бәсең болғандықтан, көпшіліктің блогтерді оқитыны заңды құбылыс. Әлемдік ақпаратқа ілесіп отыру үшін біз интернет технологиялармен жұмыс істеуді одан әрі дамытып, оның жалпы халыққа қолжетімділігін арттыруымыз қажет.

ЖОҚ

Артур Нығмет, "Азаттық" радиосының қоғамдық байланыс қызметінің жетекшісі:


– Ақпараттық технологиялар қанша дамып кетсе де, адамзат баласы мерзімді баспасөзден үзілді-кесілді қол үзе қоймайды. Бәрібір қолға ұстап оқитын газет-журналдар­дың жөні бөлек. Әрине, қазіргі уақытта ақпарат таратудың әртүрлі заманауи формалары жетіліп келеді. Бұл ретте, қазір блоггерлердің рөлі артып келе жатқаны рас. Алайда блог­шілер қатардағы басылымдарды ысырып тастайды деуге сену қиын. Бәлкім, техно­логиясы мықты дамыған шетелдерде блогшілердің мәртебесі дәстүрлі журналистикадан артық шығар. Десек те, блог арқылы тараған ақпараттар жедел болғанымен, ол дәстүрлі БАҚ-та жарияланатын дүниелермен бәсекелесе алмайды. Блогті ашып, жүргізе алатын кез келген адам кәсіби журналистің істегенін істей алмайды.

Артур Нығмет, "Азаттық" радиосының қоғамдық байланыс қызметінің жетекшісі.
Блоггинг ақпарат таратушы құралдың бірі ретінде шетелде мықты дамыған. Ал біздегі блогшілердің ұсынып отыратын дүниелерінен ақпараттық сарын табу қиын. Қазақстандық блогшілердің басым бағыты – публицистикалық мазмұнға негізделген. Қазіргі блогтерде әр адамның ішкі ойымен бөлісуге арналған жеке күнделіктегі жазбалар деңгейіндегі дүниелерге кеңінен орын беріліп жүр. О баста блог – интернет кеңістігіндегі адамдардың бір-бірімен қажетті ақпарат алмаса отырып, бір-бірімен танысып, пікір алмасуы үшін құрылған. Қалай десек те, блог сенімді ақпарат көзі бола алмайды. Сондықтан да біздегі блогшілер шетелдегідей мерзімді баспасөзбен бәсекеге түсе қоюы екіталай. Керісінше, бұлар бір-бірін толықтырып қана отыра алады.

Әйтсе де мына бір жайтты ескермей болмас. Алдағы онжылдықтар аясында өздерінің интернет сайттарының жұмысын жандандыра алмаған басылымдар ақпараттық кеңістіктен бәсекеге төтеп бере алмауы мүмкін. Қанша дегенмен он-лайн журналистика мен медиа-кеңістіктің жаңа талаптары мерзімді баспасөзден де ширақтықты талап ететіні даусыз. Алайда қазіргі Қазақстанда жаппай интернет қолдану қалыптаса қойған жоқ. Халқымыздың көп бөлігі әлі ауылда тұрады. Ал ол жақтарға жаңа технологиялар толығымен жеткенше қаншама жылдар кетеді?! Осы тұрғыдан алғанда, біз сөз етіп отырған блогшілер бүгін де, ертең де баспасөзді ығыстырып тастай алмайды.

БЕЙТАРАП ПІКІР

Ақберен Елгезек, www.akberen.com сайтының иесі:

– Бүгінгі блоггерлер кейбір жағдайда кәсіби журналистерге бәсеке болып отырғаны рас. Әйтсе де қай заманда болсын баспасөз өмір сүре бермек. Алайда қазіргі қазақтілді мерзімді басылымдардың көбіне жеделділік жетіспей тұр. Ал блог – қажетті ақпаратты дер кезінде таратуға өте қолайлы. Бірақ блогтерде шапшаңдық басым болғанымен, онда ақпаратты кәсіби тұрғыда саралап, талдау жағы жоқтың қасы. Осы тұрғыдан қарағанда, блоггерлер болашақта мерзімді басылымдарды емес, ақпарат агенттіктерінің орнын басуы мүмкін.

Алаш Айнасы
XS
SM
MD
LG