Accessibility links

Тырайып қалды...


Мұхтар Шерім, қазақ блогшысы, сатирик.
Мұхтар Шерім, қазақ блогшысы, сатирик.
Бiр күнi «Шылым шегiңiз, жаныңыз кiредi, бiрақ денсаулық сақтау министрлiгi ескертедi: жаныңыз қайтадан шығып кетедi» деген жарнамаға жымиып қарай берген едiм, көшенi қиып өтiп бара жатқан еркектi зу ете қалған «Мерседес» қағып кеттi.

Жаным ашып кеттi, бейшара көз алдымда домалап барып, күл-қоқыс салғышты құшақтап алды. Кенет көздерi алайып барып, жантая кеттi. Жаным ашып қарап тұрдым. Үстiндегi киiмi де жұпыны екен, мына қоңыр плащты он жыл киген шығар? Шалбарының тiзесiн жамап қойған, туфлиiнiң бiр өкшесi жоқ, қалпағынан ұн елеуге болады.

— Қайырлы таң!-дедiм.

Қанша дегенмен, адам ажал құшағында ғой, оған құрметпен қарау керек. Бұл менiң парасаттылығым емес пе?

— Мырза… Өмiр…,- дедi ол қиналып.

Жаным ашып кеттi. «Бейшара, - дедiм iшiмнен ойланып, - бала-шағаңды асыраймын деп басыңды тауға да тасқа да ұрдың. Ендi мiне, жан тапсырғалы жатырсың».

— Жағдайыңыз қалай? - деп сұрадым мен.

— Шүкiр, мыжылып қалдық, - деп жауап қатты ол.

— Ештеңе етпейдi, қазiр тұрып кетесiз.

— Мәссаған! - деп таңданды ол.

— Не болды?

—Менiң жүрегiм тоқтап қалды!

—Қойыңыз, жығылып өлейiн деп жатып, өтiрiк айтпаңыз, ұят болады!

— Менi қағып кеткен «Мерседес» қайда?

— Қашып кеттi.

— Құдай бар болса, аварияға ұшырағыр, - дедi ол тiстенiп.

— Қойыңыз, ұят болады. Ол да адамның баласы. Кiсiнi сонша балағаттауға бола ма? - дедiм мен.

Дегенмен, мына бейшараға жаным ашып тұр, бiр аяғы сүйретiлiп, жылжыған болады. Шамасы бауырын езiп жiберген бе деймiн, қолымен iшiн ұстай бередi. Жазым да.

— Бүгiн ауа-райы тамаша екен, - дедiм мен, тым болмаса көңiлiн көтерейiн деген оймен. Ол көзiн ашып сандырақтай бастады.

— Терезенi ашып қойыңызшы, әлемдi көргiм келедi, - дедi ол.

— Кешiрiңiз, сiз далада жан тапсырғалы жатырсыз…

Iшiмнен: «Әлемде не жұмысы бар екен, алдыменен өзiнiң әлемiн ойламай ма?» деп ойладым.

Сонан соң:

— Атыңыз кiм? - деп сұрадым.

— Немене, езiп iшейiн деп пе едiңiз? - дедi ол.

«Мынау өзi қырсық екен, - деп ойладым, - қырсыққа қырық пәле жолығады деген осы!».

— Жоға, танысып қоялық дегенiм ғой.

— Танысқанда, тайқар мiнейiн деп пе едiң? - дедi ол есiн жиып.

— Сiзге көп сөйлеуге болмайды. Сiз ажал алдында жатырсыз. Қиналып қаласыз ғой, - дедiм мен елжiреп.

— Ойпырмай, ә, сiз сияқты шенеунiктер қашан қарапайым адамға жанашыр бола қалыпты?

«Қақаңдап қалған бiреу екен,- дедiм iшiмнен ойланып,- байғұс өмiрден iшпей-жемей өтетiн болды-ау!».

Кенет алтын сырғалы келiншек жүгiрiп келдi:

— Әке! Әкетайым! - деп құшақтай алды.

— Ойбай шырағым, духиiңнен тұншығып барамын, - дедi анау қырылдап. Келiншек сөмкеден фотосурет шығарып:

— Кешiрiңiз, менiң әкеме ұқсайды екенсiз. Менi бiр жасымда, шешемдi он жетi жасында тастап кеткен екен. Қателесiппiн, - дедi. Сөйттi де, онсыз да қиналып жатқан бейшараның басын сылқ еткiзiп жерге тастай салып, жөнiне кеттi. Менiң жаным әлi ашып тұр.

— Менiң атым Мыжбан, - дедiм мен, шын ықыласыммен.

— Әйелiмнiң аты Айпарша.

— Маған әйелiңiздiң аты-жөнiнiң керегi жоқ.

— Кофе… Бiр жұтым кофе, - дедi ол қиналып. «Кофеде басың қалсын,- дедiм мен iшiмнен ойланып. Бiр жұтым су десеңшi!». Жаным ашып тұр. Жанарым жасқа шыланды. Ол үнсiз қалды. Байғұстың шыбын жаны кеудесiнен тесiп шығып кеткен тәрiздi. Кеудесiнде жан бар ма деген оймен:

— Парламент мәжiлiсiнде кейбiр депутаттар ұйықтап отырады, - дедiм. Ол көздерiн әрең ашып:

— Жиырма бiрiншi ғасырға майшаммен баратын қазақпыз ғой, - деп қамыға күрсiндi. Iшiмнен тағы да ойландым:

«Байғұс-ау, жиырма бiрiншi ғасырда не жұмысың бар? Ол ғасыр саған бұйырмаған екен».

— Қазiр жедел-жәрдем келетiн шығар, шыдаңыз,- дедiм мен, - айтпақшы, қайда тұрасыз?

— Үйде.

— Үңгiрде тұрмайтыныңыз маған мәлiм,- дедiм мен,- айтқан жерден аулақ, олай-бұлай болып кетсеңiз, хабарлауым керек.

— Немене, сүйiншi сұрап барасыз ба?

— Жоға, мен зиялы қауымнан боламын. Қаланың қай шетiнде тұрасыз?

— Әдiресiмдi бiлiп алып, тонап кететiн қарақшы шығарсыз?

— Қойыңыз, менi ренжiтiп қойдыңыз ғой. Кешiрiм сұрауыңызды өтiнемiн.

— Немене, әйелiңiздiң қойнынан шығып па едiм? Ойбай…- дедi ол қиналып. Жаным ашып кеттi. Бiрақ, мына сөз сүйегiмнен өтiп кеттi.

— Тым дөрекi екенсiз, қымбаттым,- дедiм мен,- Әдiлiн айтқанда, жарқыным-ау, менiң әйелiмнiң жып-жылы қойнында сiздiң қандай ақыңыз бар? Ұялмайсыз ба?

Тағы бiр сөздер көмейiме келiп қалған едi, жерде жатқан бейшара бауырын жазып, созыла түстi, сосын: «Рахатын-ай»,- дедi де, тырайып қалды. Жаным ашып кеттi…
XS
SM
MD
LG