Accessibility links

Американың шетелдегі беделін жақсартумен айналысқан ресми өкіл қызметінен кететін болды


Кезінде теледидар хабаршысы боп жұмыс істеген Кэрен Хьюз соңғы бірнеше жыл бойы Американ Президенті Джордж Буштың ең сенімді адамдарының бірі боп келді. Буштың алғашқы Президенттік қызметі кезінде ол Ақ Үйдің сыртқы байланыс бойынша директоры болды. Бұдан кейін өзінің туған Техас штатына қайтып оралған Кэрен Хьюзды осыдан екі жыл бұрын Президент Буш Вашингтонға кері шақырып, оған халықтық дипломатияны дамыту тапсырмасын жүктеді. Кэрен Хьюзға жүктелген негізгі тапсырма Американың жалпы әлемдегі, оның ішінде әсіресе мұсылман елдеріндегі беделін жақсарту болды. Ал сәрсенбі күні Кэрен Хьюз өзінің жыл соңына дейін қызметтен кететінін хабарлады.

Өзіне жүктелген халықтық дипломатия мәселесіне келгенде Кэрен Хьюз мақсат – Американың жетістіктерін әсірелеу арқылы елдің шеттегі беделін арттыру емес, сондағы жұртқа бар нәрсені барындай көрсетіп, олардың бұл тұрғыда өздерінің тұжырым жасауына мүмкіндік беру деп келді.

Былтыр маусымда Азаттық радиосының Прагадағы Бас пәтерінде қонақ болып кеткен Кэрен Хьюз сол кезде былай деген еді:

"Мен халықтың өз пікірін өздері қалыптастырғанын қалар едім. Меніңше, бұл біз бетпе-бет келіп отырған экстремисттердің тәсілінен мүлде басқа. Эктремисттер әлемге деген көзқарастың қатып-семіп қалған, өте шектеулі болуын қалайды. Олар негізінен "біздің айтқанымызды растайсың, әйтпегенде сенікі дұрыс емес" дегенді айтады. Біз болсақ, халықтың өз пікірін өздері қалыптастырғанын қалаймыз. Бұл, әсіресе жастар үшін, өте маңызды нәрсе. Жас адамдар қай нәрсені болсын өздері танып-біліп, тұжырымды содан кейін өздері жасағанды қалайды. Олар әр нәрсені тексеріп, зерттеп көргісі келеді. Олар түрлі ақпар мен мәліметті естігісі келеді".

Вашингтоннан таратылатын түрлі мәлімет Кэрен Хьюздың кеңсесінен бастау алады. Бұл мәлімет кері айналып, шоғырланатын жер де осы Кэрен Хьюздың кеңсесі. Бұдан төрт ай бұрынғы осындай бір мәлімет Американың шеттегі беделі жөнінде 47 мемлекетте өткізілген сауалнама нәтижесі болатын. Бұл сауалнама барысында Американың шеттегі беделі айтарлықтай емес екені болған.

Сауалнаманы Вашингтонда орналасқан Пью Зерттеулер орталығы өткізген еді. Орталық директоры Кэррол Доэрти сол кезде Азаттық радиосына берген сұхбатында сауалнамаға қатысқан жұрт Американ демократиясына ешқандай қарсылығы жоқ екенін, алайда ресми Вашингтонның оны тарату амалдарымен келіспейтіндіктерін айтқан еді:

"Айтылған негізгі мәселе ол Американың демократияны тарату жолында біржақты ғана әрекет етіп, бұл мәселеде жеке мемлекеттердің мүдделері мен қажеттіліктерін мүлде ескермеуі болды. Ендігі бір мәселе Американың демократияны таратудағы мүддесі жөнінде болды. Сауалнама өткізілген елдердегі жұрттың көпшілігі Америка демократияны демократия үшін емес, тек өз мүддесіне сай жерлерде ғана таратып отыр дегенді айтқан".

Кэрен Хьюздың кеңсесі бұл тұжырымдарды мойындады. Хьюздың кеңесшісі Рина Пэдерсон бұл тұрғыда Азаттық радиосына сол кезде берген сұхбатында халықтық дипломатия жемісті болуы үшін жылдар қажет деген еді.

Сәрсенбі күнгі мәлімдемесі барысында Кэрен Хьюз да осыған ұқсас пікірін білдірді.

Американың шет елдердегі, оның ішінде мұсылман әлеміндегі беделін арттыру тұрғысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбесе де, Кэрен Хьюз өз қызметі барысында Американ үкіметін әртүрлі елдердің мәдени ерекшеліктерін ескеруге үйреткені анық. Мұндай пікірді Вашингтондағы Джорджтаун Университетінде Ислам тарихы бойынша дәріс оқитын профессор, әрі осы оқу орнындағы Мұсылман-христиан түсіністігі орталығының директоры Джон Волл айтып отыр.

"Кэрен Хьюз және Мемлекеттік департамент Американ саясаты алдына қойған мақсаттарды мұсылман әлемінде әйгілеу тұрғысында айтарлықтай шаруаларды тындырып үлгерді. Алайда, Американ саясатының көпшілік жақтырмайтын тұстарына келгенде, Кэрен Хьюздың әрекеттері дереу Американың беделін көтеріп тастайды, бұған дейінгі жағдай өзгертеді деп ойламау керек", - дейді Джон Волл.
XS
SM
MD
LG