Accessibility links

Қырғызстан: Жаңа конституция демократиялық жүйенің орнауына жол ашып отыр ма, әлде Президент Бакиевке көбірек билік беріп отыр ма?


Президент Құрманбек Бакиевті билікке алып келген 2005 жылғы "Халықтық революциядан" бері Қырғызстанда саяси тұрақтылық орнамай отыр. Жексенбі күні қабылданған жаңа Қырғыз конституциясы елге сол саяси тұрақтылық алып келеді деген үміт айтылуда. Десе де көпшілікті толғандырып отырған бір сауал бар – жаңа конституция Қырғызстанда демократиялық жүйенің орнауына жол ашып отыр ма, әлде Президент Құрманбек Бакиевке елді қатаңырақ қолмен басқаруына көбірек билік беріп отыр ма?

Жаңа конституцияға байланысты жексенбі күні өткізілген ұлттық референдумнан кейін Президент Құрманбек Бакиев дереу шешімтал қадам жасап отыр. Референдум нәтижесі жарияланғанына бірнеше сағат қана өткенде Президент Бакиев ұлттық теледидар мен радиодан халыққа арнап мәлімдеме жасады.

"Мен Жоғарғы Кеңесті қазіргі шақырылымын тарату жөнінде шешім қабылдадым. Турасын айтайын, кетіп бара жатқан Жоғарғы Кеңестің тағдыры оңай болған жоқ. Сайлау өткеннен кейінгі алғашқы күндердің өзінде оның болмысы күмән астына алынды. Көпшілік көптеген заңбұзушылықтармен сайланған Парламентті таратуды талап етті. Алайда біз бұған бармадық, бұл депутаттарды халық сайлағанын, аймақтағы жұрттың оларға сенім артқанын есепке алдық," - деді Президент Бакиев.

2005 жылдың ақпан-наурыз айларындағы парламенттік сайлаулар елде жаппай шерулердің шығуына түрткі болып, бұл өз кезегінде бұрынғы Президент Асқар Ақаевтың биліктен кетуіне алып келді.

Қырғызстандағы "Сарғалдақ төңкерісі" немесе Халықтық революция" деп аталған толқулар демократияның жеңісі, Грузия мен Украинада болған түрлі-түсті төңкерістердің жалғасы ретінде қабылданған еді.

Алайда, қарапайым қырғыздардың көпшілігі заңбұзушылықтармен өтті деп есептеген сайлаулардың нәтижесінде депутат атанғандар Парламентте қалып, Президент Бакиевпен арадағы билік үшін күресін жалғастырды. Бұл тартыс өршіген сайын, реформалар кейінге ысырылып, үкіметке қарсы шерулер жалғаса берді.

Таратылып отырған Парламенттің төрағасы Марат Сұлтановтың айтуынша, Бакиев Парламентті таратудың соңғы мүмкіндігін пайдаланып отыр – жаңа конституция өз күшіне енген кезде Президенттің мұндай, Парламентті тарататындай, құқығы болмайды.

Алғашқы нәтижерлерге қарағанда, референдумға қатысқандардың 75 пайызы жаңа Қырғыз конституциясын қолдап дауыс берген.

Президент болғаннан беріде Бакиев Парламентті тарататыны туралы бірнеше рет ескертулер жасаған болатын. Жаңа конституцияның қабылдануы және жеке мандаттық сайлау жүйесін жоятын, Парламенттегі депутаттық орындардың санын өзгертетін сайлау заңының күшіне енуімен Бакиевтің Парламентті таратуына заңды негіз қалыптасқандай болып отыр.

Алайда, бұл пікірмен кей депутаттар мүлде келіспейді. Солардың бірі оппозициялық депутат Әзімбек Бекназаров.

Дүйсенбі күні Парламент өзінің соңғы отырысын өткізді. Таратылған отырған Парламенттің төрағасы Сұлтанов жаңа сайлаулардың 60 күннің ішінде ұйымдастырылуы тиіс екенін айта келе, оның пікірінше, сайлаудың желтоқсан айының 9-ы мен 16-сы аралығында өтетіндігін мәлімдеді.

Сайлау туралы жаңа заңға сай, Парламенттегі 90 депутаттың бәрі де партиялық тізім бойынша сайланбақ. Өткен аптада Президент Бакиев жаңа саяси партия – Ақ Жол Елдік партиясын құруға ат салысты, бұл партияның алдағы сайлауларда жеңіске жететініне өз үмітін білдірді.

Бұл тұрғыда оппозиция Президент Құрманбек Бакиевті Асқар Ақаев заманындағы билік жүйесін жаңа белеске көтеріп отыр деп айыптауда. Оппозицияның айтуынша, жаңа жүйеде "қалталы" Парламент Президенттің жарлықтарын сөзсіз қолдап қана отырмақ, ал оппозицияның үкімет істеріне ат салысуына барынша шектеу қойылмақ.
XS
SM
MD
LG