Accessibility links

Иранды экономикалық тәсілдер арқылы ядролық бағдарламадан бас тартуға көндіруге бола ма?


Американың Иранды өз ядролық бағдарламасынан бас тартуға көндіру мақсатына келгенде Иранға қарсы қысым ретінде қолданылуы мүмкін үш түрлі тәсіл бар – саяси, экономикалық және әскери. Әзірге бұның алғашқы екеуі қолданып келді. Саяси қысым тұрғысында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі қатарынан екі міндетті резолюция қабылдады. Алайда оның айтарлықтай әсері болмады. Иранға экономикалық тұрғыдан қысым жасау мәселесінде нәтиже қандай? АҚШ Қаржы Министрлігіндегі жоғары дәрежелі қызметкер Стюарт Лэвэйдың айтуынша, бұл тәсілдің нәтижесі енді көрініс бере бастады.

Иранды өз ядролық бағдарламасынан бас тартуға көндіру мәселесіне келгенде Америка әскери күш қолдану мүмкіндігін де теріске шығармайтындығын мәлімдеп келеді. Алайда, Стюарт Лэвэйдың жұмысы Иранды бұған басқа тәсілдер арқылы көндіру тұрғысында.

АҚШ Қаржы Министрлігінде терроризм және қаржылық барлау мәселелері бойынша Министрдің орынбасары боп табылатын Стюарт Лэвэй бұл мақсатқа экономикалық қысым арқылы қол жеткізуге болады деп есептейді.

Қазанның 16-сында «Азаттық» радиосының Вашингтондағы бөлімшесінде журналистер мен саяси талдаушыларға арнап баспасөз мәслихатын өткізген ол АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарымен тізе қоса Иранды өз ядролық бағдарламасынан бас тартуға көндіру тұрғысында қандай шараларды қолға алғанын айтып берді.

Мәлім болғанындай, Иран өз ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсаттарды көздейді дегенімен, Америка бұл бағдарламаның астарында атомдық қару жасау жоспары бар деп есептеп отыр.

Стюарт Лэвэйдың сөзінше, бүгінгі таңда Америка экономикалық қысым тұрғысында кезінде Латын Америкасындағы заңсыз есірткі тасымалына қарсы күрес пен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қарсы науқан кезінде жинақтаған тәжірибесін пайдаланып отыр.

Бұл тәсілдің негізі – Еуропадағы үкіметтер мен компанияларды Иранның әлемдік қаржы жүйесін терроризмді қолдау мен өз ядролық бағдарламасын дамытуға қалай пайдаланып отырғанынан хабардар етіп отыру, - дейдіАҚШ Қаржы Министрлігінде терроризм және қаржылық барлау мәселелері бойынша Министрдің орынбасары Стюарт Лэвэй.

Мақсат – мұндай мәліметті алған компаниялардың Иранмен арадағы қаржылық байланыстарын тоқтатуы, сол арқылы Иранды қаржы жағынан оқшауландырып, ядролық бағдарламаны дамытуға қажет ақшаны шектеу, - дейді Лэвэй.

Кез келген компанияның Иранмен қаржылық әріптестіктен бас тартуы Иранның яролық бағдарламасын шектеудегі кезекті әрекет болады, - дейді АҚШ Қаржы Министрінің орынбасары.

«Азаттық» радиосының Вашингтондағы бөлімшесінде журналистер мен саяси талдаушыларға арнап өткізген баспасөз мәслихатында Стюарт Лэвэй өзіне бұған дейін талай рет экономикалық қысым арқылы Иранды өз ядролық бағдарламасынан бас тартуға расында да көндіруге бола ма деген сауалдардың қойылғанын айта келе, бірталай компанияның Американ үкіметінен алған мәліметтерден кейін Иранмен іскерлік байланыс құрудан бас тартқанын растай алатынын айтты.

"Мен ол компаниялардың атын атамайын, бірақ олардың кейбірі әлемдегі ең ірі қаржы ұйымдарының қатарында, және олардың Иранмен бизнес жасаудан бас тартқанын растай аламын. Алғашында олар Иранмен доллар арқылы қаржы есептеспейтінін айтып, кейінірек ешқандай валютада Иранмен бизнес жасағысы келмейтінін айтқан", – дейді АҚШ Қаржы Министрінің орынбасары.

Өз сөзінде Лэвэй саяси және экономикалық қысым қатар жасалған жағдайда Ирандағы ықпалды күштер ел билігінің мемлекетті халықаралық оқшаулануға алып бара жатқанын түсінетін болады деді.

Көпшілікті толғандырған бір сауал – бұл экономикалық қысым тәсілдері өз жемісін бергенге дейін Америка күтіп отыра ала ма деген тұрғыда болды. Бұл сауалға АҚШ Қаржы Министрінің терроризм және қаржылық барлау мәселелері бойынша орынбасары Стюарт Лэвэй қандай да бір кесімді мерзім жөнінде хабары жоқ екенін, алайда бұл мүмкіндікке жетерліктеу уақыт берілгендігіне сенетінін айтты.
XS
SM
MD
LG