Accessibility links

Түрлі-түсті төңкеріс: “раушан” және “қызғылт-сары” төңкерістің” жылдығы келді, бірақ олардың нәтижесі әрқилы


Сәрсенбі күні Украина халқы “Бостандық күнін” тойлады. Украина “қызғылт-сары төңкерістің” 2 жылдығын атап өтті. Алайда, өткен жылға қарағанда биыл не мерекелік концерт, не мерекелік шеру немесе салтанатты шаралар ұйымдастырылмады. Украинамен салыстырғанда, Грузиядағы “раушан төңкерісінің” 3 жылдығы әлдеқайда кең әрі зор салтанатпен атап өтілмекші. “Түрлі-түсті төңкеріс” Украина мен Грузияны түрлі нәтижеге жеткізсе керек.

Осыдан 2 жыл бұрын Киевтің орталығындағы “Тәуелсіздік алаңы” асқақтаған көңіл-күйде болатын. Үстіміздегі аптада “Рейтер” агентігіне берген сұхбатында 2 жыл бұрын осы алаңға шыққандардың бірі Григорий Вахапов үмітінің ақталмағанын жасырмады.

Г.ВАХАПОВ: “Ия, бәрі де біз ойлағандай болмады. Атап айтқанда, жалпы біз бүкіл құрылым толығымен өзгереді, біздің саяси билігіміз күдікті тұлғалардан толық құтылады, арылады деп ойлаған едік. Алайда олай болмады...”

Григорий Вахапов – Украинадағы “Новый канал” телеарнасының журналисі және президент сайлауының қорытындысын бұрмалауға наразылық білдіріп, билік басына оппозиция лидері В.Ющенконы отырғызу үшін түнгі қақаған аяздан кейін “Тәуелсіздік алаңына” қайта оралған 10 мыңдаған украин азаматының бірі еді. Украинадағы “қызғылт-сары төңкеріс” бүкіл әлемнің назарын елең еткізіп, сарапшылар мен саясаткерлердің көпшілігі оны Мәскеудің “құшағынан” құтылып, Батысқа бет бұру жолындағы шешуші қадам деп бағалады.

Алайда, 2 жыл өткен соң, төңкерістің “жауызы” болған В.Янукович саясаттың өріне қайта көтерілді. Ол енді өзінің “Аймақтар” партиясы бастаған парламенттегі коалицияның қолдауымен премьер-министр болып бекітілді. Оған қарағанда В.Ющенконың жұлдызы құлағандай болды. Президент “раушан төңкерісі” кезінде өзінің жақын одақтасы болған Юлия Тимошенкомен араздасты. Оның “Біздің Украина” партиясы мен оның “батысшыл” саясаты оппозицияға шегінді.

Дегенмен де, Украина президенті өзінің осы күресінен бас тартпаған сияқты. Бірақ оның дауысында бұрынғыдай асқақтаған әуен байқалмайды.

В.ЮЩЕНКО: “Әлі де кеш емес, әлі кеш емес. Егер Сіздер ұлт кәмелетке толды және белгілі бір құндылыққа деген өзінің көзқарасын қалыптастырды деп демократиялық процесті бағаласаңыз, егер Сіздер осы фактіні байқасаңыз, онда біз соны сыйлайық та! Бірақ, бірқатар себепке байланысты, кейбіреулер барлығын дәл осы жерде және дәл қазір, осы минутта көргісі келеді. Менің ойымша, бұл – дұрыс емес”.

Украинадағы “қызғылт-сары төңкерістің” 2 жылдығы – Грузиядағы “раушан төңкерісінің” 3 жылдығы қарсаңында атап өтілді. 2003-інші жылы оппозиция белсенділері президент Эдуард Шеварнадзенің биліктен кетуін және қорытындысы “өрескел бұрмаланды” деп танылған парламент сайлауын қайта өткізуді талап етіп парламентке басып кірді.

Э.Шеварнадзенің тұсында беті Батысқа қараған саясаткерлердің жаңа ұрпағы өсіп шықты. Осы ұрпақтың өкілі Михаил Саакашвили 2004-інші жылдың қаңтарында президент болып сайланды. Украина лидеріне қарағанда М.Саакашвили өзінің “батысшыл” саясатын әлдеқайда табанды жүргізген тәрізді. Үкіметке жан-жақтан сын айтылуы және осы жылы ішкі істер министрлігінде болған келеңсіз оқиға грузин басшылығының ішкі бірлігіне күмән келтіргендей болды.

Дегенмен де, қазан айындағы жергілікті билік сайлауы М.Саакашвилидің ел ішіндегі абырой-беделінің әлі жоғары екенін байқатты. Оған қоса, Ресеймен арадағы дипломатиялық теке-тірес грузин қоғамының ішкі бірлігін нығайта түсуі де әбден мүмкін. Мәскеу өзінің осы екі елге - Грузия мен Украинаға деген ықпалын да, сөзсіз, сақтап қалды. Батыспен ынтымақтасуға асыға ұмтылған Тбилиси де, Киев те – Мәскеуді шошытып алды. Кейбір саяси сарапшы осы екі елдің алдында ұзақ та қиын жол тұр деп санайды. Украина мен Грузияға өздеріне барған сайын сақтана қарайтын және өзіне жақындатуға асықпаған Еуропа мен жақын да көрші ораласқан Ресейдің бірін таңдауға тура келеді, деп есептейді сарапшылар.

Тағы бір “түрлі-түсті төңкеріс” – Қырғызстандағы А.Ақаевтың авторитарлық билігін құлатқан 2005-інші жылдың көктеміндегі “қызғалдақ төңкерісі” болды. Оппозицияның билікке келуінен кейін де Қырғызстандағы саяси ахуал әлі бірқалыпқа келіп, нығайған жоқ. Саяси оппозицияның осы айдың басындағы жаппай наразылық митингілері конституцияға президенттің құзырын қысқартатын өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Бақылаушылардың атап көрсетуінше, “түрлі-түсті төңкерістің” ұзақ мерзімге созылатын жемістерін көре қою қиын болса да, бірден көзге түсетін жетістіктері де жоқ емес. Мысалға, 2004-інші жылдың қарашасы мен желтоқсанында күн сайын бір-бірін ауыстырып, “Тәуелсіздік алаңынан” кетпей тұрып алған мыңдаған украин азаматының күткен үміті ақталмай, көңілі түсе бастаған тұста, сол кездегі төңкерісті тағы да басынан кешуге дайын адамдар да баршылық. Оның ішінде Украинаның поп әншісі Святослав Вакарчук та бар. Оның “Океан Ельзи” тобы “қызғылт-сары төңкерісті” мадақтайтын өлең жазып орындайды.

С.ВАКАРЧУК: “Егер бүгін Сіз менен “тағы да солай істеуге дайынсың ба?” –деп сұрасаңыз, мен: “Ия, оған сөз жоқ!” –деп айтар едім. Мен тағы да көшеге шығар едім. Өйткені, біз күрескен құндылықтар – бостандықтың түрлері – шешім қабылдау бостандығы, өз елінің толыққанды азаматы болуы құқы”.
XS
SM
MD
LG