Accessibility links

Ресейде 1990-жылдардағы сияқты тапсырыспен кісі өлтіру қайта жалғасты


Соңғы 1-2 айдың ішінде Мәскеуде арнайы тапсырыспен 3 кісінің өмірі қиылды: Ресейдің Орталық банк төрағасының орынбасары Андрей Козлов, Чешенстандағы кісі ұрлау мен кісі азаптау қылмыстарын әшкерелеген әрі адам құқын қорғайтын журналист әйел Анна Политковская және соңғы рет Ресейдегі Орталық банктен кейінгі екінші ірі банк болып табылатын Внешторгбанктің менеджері Александр Плохин кісі қолынан қаза тапты. Міне осы үш оқиға да “тапсырыс” бойынша іске асырылған қылмыс ретінде қарастырылып отыр және үш қылмыс та Ресейдің “Жабайы Батыс кезеңі” ретінде сипатталған 1990-ыншы жылдардың басындағы тапсырыспен кісі өлтіру толқынын көзге елестетеді. Тапсырыспен кісі өлтірудің тағы да кең көрініс беруіне қандай себеп бар?

Президент В.Путиннің тұсындағы Ресей – саясаткерлерді, кәсіпкерлерді немесе қаржыгерлерді тапсырыспен өлтіру үйреншікті “құбылысқа” айналған 90-ыншы жылдардағы оның “Жабайы Батыс” кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз болып көрінген-ді. Таяудағы Ресейдің банк жүйесі мен тәуелсіз журналистикасының көрнекті өкілдерін анық тапсырыспен өлтірген қылмыстардан кейін Кремльдің күш салуымен қалыптасқан мұндай көзқарас өзгеріп салды.

Нақты да дәл мәлімет табу қиын. Бірақ, кейбір бақылаушының мәлімдеуінше, осы 3 тұлғаның жуырдағы тапсырыспен өлтірілуі, жалпы алғанда, адам құқын қорғаушы әрі Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Галина Старовойтованың кісі қолынан қаза болған 1998 жылдан бері қарай тапсырыспен кісі өлтіру толқынының басылғанын жоққа шығармайды. Ресейдің НТВ телеарнасындағы “Төтенше оқиға” бағдарламасын жүргізуші Михаил Тукмачев осылай деп мәлімдейді.

М.ТУКМАЧЕВ: “Шын мәнісіндегі тапсырыс бойынша кісі өлтіру осыдан 12-15 жыл бұрынғыдан әлдеқайда азайды. Бірақ, бұл биліктің қылмысты ауыздықтай алуымен байланысты емес шығар, жай, біздің елде ақша мен билікті өзара бөлісіп үлгерсе керек – көптеген қылмыстық топ бітімге келіп, онша көп дауласпай, өзара бейбіт тұрудың мүмкіндіктерін тапса керек”.

Алайда, белгілі бір мақсатқа жалданған кісі өлтірушілер тынбай “еңбек етіп жатқанға” ұқсайды. Ұйымдасқан қылмыс тақырыбы бойынша 2004-інші жылы Мәскеуде болып өткен конференцияда сол тұста Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының өкілі болған Валентин Степанков бүкіл Ресейде ұйымдасқан қылмыстық топтардың тек 2003-інші жылы ғана кісі өлтіру үшін 5 мың тапсырысты “орындағанын” мысалға келтірді.

Ал бақылаушылардың ортақ пікірінше, 2 банк басшысының және оған қоса журналист әйелдің өлтірілуі – тапсырыспен кісі өлтірудің бақталастарының көзін жою, ішкі жанжалдарды шешу немесе баспасөз беттеріндегі үкімет саясатына қарсы сындарды басудың ортақ “құралы” болып қала бергенін аңғартады.

А.Политковская Ресей армиясының зұлымдарын және Чешенстандағы адам құқының аяққа тапталуын әшкерелеп келді. Шетелдік бақылаушылардың көпшілігі оның қазасына жауаптыларды жоғарғы жақтан іздеу керек деп Кремльді нұсқайды. 11-інші қазан күні Брюссельде Германияның “Табиғат” партиясынан сайланған Еуропа парламентінің депутаты Даниэль Коэн-Бендиттің мәлімдегеніндей, Политковскаяның өлтірілуі Ресейдегі сөз бостандығының тағы да қыспаққа түскенін растайды. Ол 10-ыншы қазан күні Ресей президенті В.Путинмен кездескен неміс канцлері Ангела Меркельді, Еуроодақтың басқа басшыларымен және В.Путинмен бірге келесі аптада Финляндияда дастарханға отырғанында, осы мәселені көтеруге шақырды.

Д.К.-БЕНДИТ: “Жасылдар фракциясы Анна Политковскаяны екі рет шақырды. Ол Еуропа парламентінде 2 рет болды. Ол бізге Чешенстандағы ахуалды және Ресейдегі сөз бостандығының жайын сипаттап берді. Кейбіреудің айтуынша, оның өліміне жауапты адамның бірі арамызда жүрген де болар. Сіз – сондай жауаптының бірімен дастархандас болуыңыз мүмкін”.

Андерс Аслунд та осылай деп ойлайды. Швециядағы Ресей бойынша экономикалық аға сарапшы А.Аслунд Кремльдің А.Политковскаяның қазасына ғана емес, Орталық банк төрағасының орынбасары қызметінде отырып, коммерциялық банктердегі заңсыз ақшаның айналымына қарсы табанды күрес жүргізген Андрей Козловтың өліміне де “Кремльдің қатысы” бар деп кесіп айтпай, астарлап айтады.

А.АСЛУНД: “Біз бүгін Ресейде нені көріп отырмыз? – Мемлекеттік компаниялардың ішінде бұзылған зор істерді... Егер Сіз мемлекеттік компаниялардың ішіндегі заңсыз зор істерді көрсеңіз, онда Сіз келісім-шарттардың бұзылғанын да көресіз”.

А.Козловты өлтіргеннен кейін В.Путин марқұмның банктерді қадағалау міндетін атқаратын және экономикалық қылмыстармен күресетін министрлік дәрежесіндегі арнайы комитет құрып, бұрынғы еңбек министрі Геннадий Меликьянды оған басшы етіп тағайындады. “Азаттық” Радиосына телефон арқылы Киевтен берген сұхбатында Андерс Аслунд өте жұмсақ та бос мінезді Меликьянды бұл қызметке тіпті лайық емес адам деп бағалады. Сонымен қатар Аслунд В.Путинді 50-ден аса банктің лицензиясын қайтарып алған және іргетасын марқұм А.Козлов қалап кеткен қатаң инспекциялық жүйесін бұзды деп айыптады.

А.АСЛУНД: “В.Путин “біз банктерді қадағалауды күшейтуіміз керек” дейді, содан кейін ол банктердің қадағалауын жойды. Осы комитетке қос Институттың құзырын бөліп жүктеді: арам ақшаның айналымына қарсы күресу үшін басты жауапкершілікті Бас прокуратураға жүктей отырып, яғни ондай жауапкершілікті өте тиянақты Орталық банктің құзырынан ала отырып, екіншіден – банктерді қадағалау құзыры қалған Орталық банкке қадағалау үшін ең осал адамды тағайындайды”.

Дрезден қаласында А.Меркельмен бірге өткізген баспасөз-маслихатында В.Путин “А.Политковскаяны өлтіргендер жазадан құтылмайды” деп ант-су ішті. Бірақ ол, сонымен қатар, “журналист әйелді өлтірудің астарында саясат жатыр” деген болжамды жоққа шығаруға тырысып, Ресейдің саяси ахуалына деген марқұм Политковскаяның әсері тым мардымсыз болды” деп сендірмек болды. А.Аслунд Политковскаяны өлтірудің банк жүйесіндегі кісі өлтіруімен байланысы жоқтығы ғана анық деп санайды. Бірақ, деп ойын жалғастырады Аслунд, бұл өлім де дәл сондай саяси ахуалдан пайда болды.

А.АСЛУНД: “Не байланыстырады? – жоғары лауазымды тұлғалардың өздеріне бір іс істеуге мұрша бергенде ғана бір шаруа атқара алады деген жалпы ұғым... Және, әрине, Путинге Германияда қысым көрсетілмегенше, Путиннің ол жөнінде тіл қатпағаны немесе Кремльдің сыр білдірмегені өте таң қаларлық жайт болды. Міне осылайша ол бұл “жайтқа” (яғни А.Политковскаяның өлтірілуіне. САҚ) үйреншікті құбылыс ретінде ешқандай түсініктеме бермеді”.

Өткен сәрсенбі күні Еуроодақ шенеунектері 20-сыншы қазан күні Финляндияда В.Путинмен арада өтетін жоғарғы дәрежедегі бас қосудың барысында А.Политковскаяның өлтірілуі мәселесінің көтерілетінін хабарлады.
XS
SM
MD
LG