Accessibility links

Америка бір жыл бұрын болған «Катрина» дауылын еске алуда


Бүгін Американ тарихындағы ең жойқын «Катрина» дауылының бір жылдығы аталып өтуде. Дауыл мен су тасқыны болып өткен аймақтарда қайта қалпына келтіру әрекеттері әлі де баяу өтуіне байланысты Американ Президенті Дж.Бушқа сын айтылып отыр.

Президент Буш осыдан бір жыл бұрын дауыл болған аймақта жүр. Бұл оның осы аймаққа кезек бойынша 12-ші сапары екен. Миссиссипи штатына келген ол осында жиналған жұртқа қарапайым жұрттың дауыл салдарын жою барысында қайсарлықпен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Өз сөзінде ол қайта қалпына келтіру әрекеттері аяқталған кезде, дауыл болған Миссиссипи мен Луизиана штаттары бұрынғы деңгейінен әлдеқайда жоғары болатынына сенімді екенін айтқан.

«Миссиссипи әкімі Хейли Барбор айтқанындай, мұнда қайта өрлеу кезеңі болатынына менің еш күмәнім жоқ. Бүгінгі күні штаттың әр түпкірінде қайта қалпына келтіру шаралары өтіп жатқанын көріп отырмыз. Үміт отын көрмеу мүмкін емес.... Ең ауыр жұмыс әлі де алда. Миссиссипиді қоқыс атаулыдан тазартамыз. Өз үйін қайта салуға мәжбүр адамдардың қолына үкіметтік ақша жететіндей етеміз. Мектеп пен кітапханалатрды бұрынғыдан да зәулім боп тұрғызатын боламыз», - деді Президент Буш.

Алайда, Президенттің мұндай уәделеріне сенбейтін адамдар да жеткілікті. Мәселен, Нью-Орлеан қаласының тұрғыны Майк Чейни үкімет уәде еткен қаражатты күтеден жалыққанын айтуда

«Бәріміз сұрап отырған, жоғалтқанымызды қалпына келтіруге қажет ақшамызды берсеңіздер... Ол қаражатқа мұқтаждығымызды дәлелдейтін қағаздарды толтыруға мәжбүрлемесеңіздер. Қирап жатқан жерлерді көріп отырсыздар », - дейді Нью-Орлеан қаласының бұл тұрғыны.

Таяуда өткізілген халық пікірін сұрастыру кезінде американдықтардың 56 пайызы федералды үкімет «Катрина» дауылы құрбандарына тиесілі дәрежеде көмектеспей отыр деп есептейтіндігі анықталды. Көпшілік жұрттың бұл тұрғыда жауапкершілік артқан адамы Президент Буш пен оның Республикандық партиясы болды.

Олардың бақталасы Демократиялық партия жетекшілігі «Катрина» дауылының бір жылдығы қарсаңында «Жүзеге аспаған уәде: Республикандықтардың «Катрина» дауылына жауабы» деген атаумен арнайы есеп таратты.

Өз есебін жариялаған қайырымдылық жәрдем агенттігі Оксфам болса, «Катрина» зардабын шеккендерке жәрдем көрсету барысында негізгі көмек кедей Афро-американдықтардан гөрі ақ нәсілді бай адамдарға көбірек көрсетіліп жатыр деп жазған.

Ең жоғарғы бесінші дәрежелі дауыл боп белгіленген «Катрина» дауылы 1.500 адамның өліміне себепкер болды. Дауыл салдарынан Луизиана және Миссиссипи штаттарында жүздеген мың адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Дауыл келтірген шығын 80 млрд. доллар көлеміне жеткен.

Дауыл соғып өткеннен кейін де американдықтар қапыда қалды. Нью-Орлеан қаласынан дауыл кезінде шығып кете алмаған мыңдаған тұрғын өздерін аш-жалаңаш сезінді, ресми билік оларға ешқандай көмек көрсете алмай, тұрғындардың біразы өлім аузында қалды.

Қаланың әр жерлерінде қолдарына жалау көтеріп, шатырларға шығып алып, құтқарушыларды күтіп тұрған адамдар болды. Олар тележаңалықтар тікұшағын көре салысымен «Бізді құтқарыңдар» деген жазуларды көрсетумен болған. Ал қараңғы батқан кезде оқ атыстары естіліп, ашыққан жұрт жергілікті дүкендерді тонаумен болды.

Дәрігер-күтішулері қашып кеткен Қарттар үйлерінде көмекке зәру егде адамдар өліп жатты. Дауылмен бірге келген су тасқыны жұқпалы аурулардың кең тарауына себеп болды. Өлген адамдардың денесі қаланың әр жерінде суда қалқып жүрген жағдайлар кездесті.
XS
SM
MD
LG