Accessibility links

Өзбекстан тыңшылары Әндіжан көтерілісінен кейін Қырғызстанда белсенділігін арттырды


Тәжікстанда өткен аптада шпионаж айыбы бойынша екі Өзбекстан азаматы қамалды. Тыңшылардың біреуі Өзбекстан қауіпсіздік мекемесінен, екіншісі Өзбекстан қорғаныс министрлігінен деп ресми айтылды. Тәжікстанда соңғы алты айда осындай айып бойынша бірнеше өзбек азаматы түрмеге қамалды. Өзбекстан тыңшылары Қырғызстанда да емін-еркін жүргені анықталып отыр. Олар әсіресе Әндіжан көтерілісінен кейін белсенділігін арттырды.

Өзбек тыңшыларының тым ашық қадамдарын Ош қаласында тұратын тәуелсіз журналист Әлішер Саиповтың әңгімесінен білуге болады. Шілде айында ол Қобылжон Пәрпиевтен сұхбат алған. Қобылжон Пәрпиев Әндіжан көтерілісінің басшысы деп есептеледі. Өзбекстан үкіметі оны террорист деп айыптап, іздестіріп жатыр. Журналист Әлішер Саиповке адам құқықтарын қорғау ұйымының бір белсендісі келіп, оны Өзбестан қауіпсіздік мекемесінің офицерімен жолықтырған:

«Ол адам келді, досым екеуміз күтіп алдық. Сосын сөйлестік. Ол: Қабылжон Пәрпиевтің қайда екенін біледі екенсіз ғой. Бізге ол керек еді. Оны ұстауға көмектессеңіз он мың доллар сыйлық аласыз, деді».

Журналист Әлішер Саипов өзбек барлаушысы өзінің есімін ғана айтты дейді. Барлаушы мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Әндіжан бөлімшесінде істейтінін айтқан. Әлішер Саипов Қырғызстан оңтүстігінде өзбек тыңшылары қазір қаптап жүр дейді. Көтерілістен кейін Әндіжаннан жүздеген өзбек азаматы қашқан. Олардың көпшілігі шілде айының соңында Румынияға көшірілді. Бірақ ондаған босқын Қырғызстан оңтүстігінде әлі жан сақтап жүрсе керек. Кейбір қырғыз азаматтары өзбек тыңшылары бізге жолығып, өзбек босқындарын ұстап беруге көмек сұрады дейді. Мына бір әйелдің ұлы көтеріліс болған күні, 13 мамырда Әндіжанда болыпты. Бұл әйелдің ұлы бір күні Қырғызстан қауіпсіздік мекемесіне шақырылыпты. Барса – онда өзбек офицері отыр екен. Олар бұл әйелдің баласын бірден қорқытып, үркіткен екен:

«Ұлым шекарадан қалай өтіп, Әндіжанға неменеге барғанын олар сұраған жоқ. Олар қаза болған ереуілшілердің сүреттерін қолма-қол көрсетіп: "Бұларды танисың ба? Осылар сияқты болғын келе ме?" деп сұрақтың астына алды. Олар айыбыңды дәлелдесек – бұлардан да нашар жағдайда боласың деп қорқытты ұлымды».

Ош қаласының кейбір тұрғындары өзбек тыңшылары оңтүстік Қырғызстанда Әндіжан оқиғасынан бұрында белсенді болған дейді. "Хизбұт Тахрир" ұйымының мүшесі Дилиер Жұмабоев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында тыңшылардың тым ашық жүргені сонша, жұрт олардың аты-жөндерінде біледі дейді:

«Махаллямызда Әлім деген басшы бар. Жақында онымен мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінің адамдары сөйлесті. Олар "Хизбұт Тахрир" ұйымының мүшелері жайында сөйлесті. Қарасу қаласында мемлекеттік қауіпсіздік адамдары қаптап жүр. Бұлар – терроризмге қарсы күрес департаментінің адамдары. Олар Қырғызстанда еркін жүр».

Өзбекстанға қарағанда хизбұтшылар Қырғызстанда еркіндеу сезінеді, бейресми түрде жиындарын өткізе алады, үнпарақтарын таратады. Өзбекстанда, керісінше, қатты қудаланады, түрмеге жабылады. Өзбек тыңшылары қырғыз жерінде жүріп, хизбұтшылардың ізін кесумен, оларды Өзбекстанға заңсыз әкетумен айналысады. "Хизбұт Тахрир" ұйымының мүшесі Дилиер Жұмабоев өзбек тыңшылары соңғы жылдары тым батыл жүр, керек мәлімет үшін ақша төлейміз деп ашық айтатын болды дейді. "Азаттық" радиосының Өзбек редакциясы мәселе жайында Өзбекстан үкіметінің пікірін де білмек болды. Өзбекстанның Қырғызстандағы елшілігі ондай мәселе жоқ деп айтса, Қырғызстан прокуратурасы өзбек тыңшыларының белсенділігі жайында еш нәрсе білмейміз деп қысқа қайырды.
XS
SM
MD
LG