Қыркүйектің 27-сі күні Қазақстанның әр облысынан келген тіл мамандары мен компьютерлік технология мамандары бас қосып, компьютерді қазақ тілінде сөйлету мәселесін ортаға салды. Олардың ойынша, қазақ тілін компьютер тіліне айналдырмай оны шынайы мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізу мүмкін емес. Қазақстан Республикасы қорғаныс университетінің ғылыми қызметкері Жанат Аймағановтың пікірінше, мемлекеттік тіл деңгейін сақтап қалудың бірден-бір жолы – компьютерді қазақ тілінде сөйлету. «Біз барлық тілдерді құшақ жая қарсы алуымыз керек, алайда мемлекеттік тілді тиісті деңгейде сақтап қалу жағын да ойласуымыз қажет. Жаңа технологияларды қазақ тіліне бейімдеп, пайдалана білуіміз керек. Мен осы тұрғыда өз бағдарламамды 2001-ші жылы-ақ дайындап қойғанмын. Оны Білім және ғылым министрлігі біледі. Алайда, назар аударып отырған жоқ. Кезінде мен сол жоба үшін 10-ақ миллион теңге сұраған болатынмын. Сол қаржыға бағдарламаны іске асыруға болатын еді», - дейді Жанат Аймағанов.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаев «Компьютер қазақ тілінде сөйлеп жатса, ол ешқашан өлмейтін тілге айналады. Тіпті, дамыған елдердің қатарына бірақ көтеріледі. Себебі, компьютерге енгізілген нәрсе жоғалмайды. Онда теориясы, практикасы жасалынған деп есептеледі. Ал бұның қай уақытта жүзеге асатынын айту қиын, себебі тіл шексіз дамиды, оның жұмысы да шексіз», - дейді.
Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Кенжеғали Бимағанбетов тездетіп компьтерлік технологияны жаңартуымыз керек деп есептейді. «Барлық елдерге іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізіліп жатыр деп айтқанымызбен, оның барлығы ресми тілде жүріп жатыр. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде кең етек алып отыр. Сол себептен, латын қарпіне көшкеніміз дұрыс», - дейді Кенжеғали Бимағанбетов.
Тілдерді дамыту департаментінің Терминология және ономастика бөлімінің бастығы Ерлан Файзоллаұлы «Латын қарпіне көшу арқылы мемлекеттік тілдің дәрежесін арттыруға болады. Егер бағдарлама дер кезінде дайын болып, еш кедергі болмайтын болса, латын қарпіне 5-10 жылдың ішінде көшуіміз мүмкін», - дегенді айтты.
Ал техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаев «Әрине, қалай болса солай көше салуымызға да болмайды. Қазіргі 42 әріпке латынның баламасын табудың қажеті жоқ. Алдымен дыбыстар жүйесінің стандартын бекітуіміз керек. Содан кейін барып қаріп табуымыз керек. Ал егер латынға көшсек, қазіргі компьютерге өткен нәрсенің барлығы автоматты түрде латынға аударыла береді. Латын қарпіне көшу қиын емес, ең бастысы үкімет тиісті қаржы бөлуі керек. Қазір түрлі шоу бағдарламаларға жұмсалып жатқан қаржының бір-екі күндік шығынын бізге берсе, пайдалы іске жұмсар едік», - дейді Алтынбек Шәріпбаев. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тілін компьютер арқылы оқыту бағдарламасы мен іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бағдарламасы да дайын. Алайда, мемлекеттік мекемелер әзірге құлықсыздық танытуда.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
СПИД-пен күрес күні
"ВИЧ адамның мінез-құлқын сипаттамайды". Ауру – үкім емес