Accessibility links

Орта Азия елдерінде жоғарғы білім саласында парақорлық та жоғары.


Бүкіл Орта Азия мемлекеттерінде жоғары және орта білім беру саласындағы парақорлық пен жемқорлық ең бір күрделі мәселе деп айтуға болады. Демек студенттер диплом алу үшін пара сұраушыларға ақша беруге мәжбүр болса, бұдан білім жүйесі бүкіл қоғам үшін қымбатқа түседі деген қорытынды жасауға болады.

Сонымен Орта Азияның жастары жоғарғы оқу орындарына түсу үшін, түскеннен кейін әрі арай оқуын жалғастыру үшін дүркін-дүркін пара беруге мәжбүр. Алайда білім беру саласының қазіргі талапқа сай болмауы, материалдық-техникалық базасының төмендігін ескерсек, жоғарғы білім кім-кімге де тым қымбатқа түсетіндігін аңғару қиын емес.

Орта Азия мемлекеттеріндегі балам оқып білім алсын деген мақсат ұстанған әрбір ата-ана баласының дипломды маман болып шыққанына дейін АҚШ долларымен шаққанда бірнеше мың, тіпті одан да көп қаржы шағындауға тура келетіндігін айтады. Ал бірақ оқыту мен болашақ маманның тәжірибеден өтіп, шыңдалу деңгейі болса төмен, өйткені оларға тиісті көңіл бөлетін оқытушылар мен профессорлар мардымсыз жалақыларымен отбасын қалай асыраудың қамымен бастары қатып жүреді. Өзбекстандық студент Изат Нормадов білім беру жүйесінің ішкі мәселелеріне үңіледі:

-Студент ақша төлеу арқылы өз білімін жетілдіріп, жақсы маман болып шыға алмайды. Медицинадан бір мысал. Тек пара арқылы оқып диплом алып шыққан дәрігер қалайша аурудың жанын арашалап алып қала алады,-деген сауал тастайды ол.

Медицина ең бір күрделі деген қиын мамандық саласы деуге болады. Десек те білім алу парамен ғана шектелетін болса, заң қызметкерлері де өз саласында шала сауатты болып шықпай ма? Өзбек студентінің анасы жоғары білім мен мамандықты пара беріп, ақша төлеу арқылы алып шыққан мамандар көбейіп кеткен елдің келешегі қалай дамиды, оның болашағынан не күтуге болады деген ойын айтады:

-Олар білім беру саласын қайта құру ісіне ерекше көңіл бөлуі керек. Олай болмаған жағдайда тек дағдарысқа ұшыраймыз, бұл тек артқа тартатын, құлдырауға апаратын жол,-дейді.

Кейбір жергілікті университеттер парақорлық сияқты кеселдің жолын кесу шараларын жүзеге асыруға тырысып та көрді. Бірақ олар бірен-саран ғана десек те болады. Олардың қатарында Қазақстандағы экономиканы басқару және стратегиялық зерттеулер институты мен Бішкектегі Америка Орта Азия университетін атауға болады.

Негізінен алғанда жақсы оқитын жастар өздері таңдаған мамандық бойынша білімді шет елдерде алуға тырысады. Ал қомақты қаржы көздерін тапқан қалталылары болса АҚШ-та, Европада және Ресейде білім алып, диплом алып қайтып жатады. Түркменстандық бұрынғы студент, кейіннен білімін Батыс Европада жалғастыруға мәжбүр болған Бақтияр есімді азамат басынан өткен жайларды былайша баяндайды:

-Мен Түркменстанда ағылшын тілі бөліміне өтініш бердім. Бір ай оқығаннан кейін олар министрдің қызына осы департаменттен орын тауып беруі керек болды. Сөйтіп мені университет әкімшілігі басқа бір студентпен бірге орыс бөліміне ауыстырды. Мен онда екі жыл оқыған соң елден кетіп қалдым. Өйткені одан әрі оқуға ешқандай мүмкіндік болған жоқ.

Ал Фаррух деген тәжік жігіті де өзінің медициналық оқу орнындағы білім алуын жалғастырып, диплом алу үшін Ресейге кеткенін айтады.

Сондай-ақ бұл ретте айта кететін тағы бір жайт шетелдерде білім алып, мамандық иесі болып шыққан жастардың көпшілігі сол шетелдерде қалып, жақсы деген тиімді жұмыс табуға тырысады. Джордж Сорос қоры ашық қоғам университетінің аға кеңесшісі Ивета Силова жемқорлық жүйесінің қымбаттап бара жатқанын айтады. Көп жылдардан бері білім жүйесінде қалыптасқан парақорлық Орта Азия мемлекеттеріндегі жоғарғы оқу орындарының бедел-салмағына да өзіндік нұқсан келтірді деген ол, бұл ретте Түркменстанды мысалға алады:

-Ең нашар жағдай Түркменстанда деуге болады, өйткені онда парақорлық кең жайылумен қатар академиялық оқу жүйесі екі-ақ жыл болып қалған. Ал ешқандай мемлекеттің оқу орны Түркменияда екі- ақ жыл білім алған студентті әрі қарай оқуға алмайтыны түсінікті жайт. Ал Орта Азияның басқа елдерінде олардың өз дипломдарының құнсыздануы дәл мұндай төмен емес,-дейді Ивета Силова.

Сонымен тәуелсіз елдің ақыл-ойы және парасат білімінің халық игілігіне қызмет етудің орнына сыртқа кетіп жатқан келеңсіз үрдісін тоқтатып, кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды даярлау үшін не шара жасауға болады? Білім беру жүйесіндегі парақорлық пен жемқорлыққа арналған әңгімелер тізбегінің төртінші -қорытынды бөлімінде білім саласын қайта құру проблемаларына тоқталатын боламыз.
XS
SM
MD
LG